26 және 27 қаңтар күндері «Астана» баскетбол клубы өз алаңында «Атырау Барыстарымен» Ұлттық лига аясындағы жауапты ойындарын өткізеді. Бірінші ойын, астана уақытымен, 19:30-да, ал екінші матч 17:00-де басталады.
! НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР — Барлық жанкүйерлерден Өз алаңымызда өтетін матчтарға кіру Ережелерімен мұқият танысып шығуларын өтінеміз.
«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіби баскетбол клубы, Атырау қаласынан. 2003 жылы құрылған.
Жетістіктері:
Алдағы екі матч біздің команда мен «Барыстар» арасындағы, Ұлттық лиганың биылғы маусымындағы, екінші өзара кездесулер болады. Дарко Руссоның шәкірттері жасыл-ақ жейделілермен маусым басында, осыдан тұп-тура 4 ай бұрын, Атырауда додаға түскен болатын. Оның екеуінде де астана баскетболшылары жеңіске жеткен. Содан кейін Атырау командасы 12 ойын өткізіп, соның біреуінде ғана жеңіліске ұшырады. Олар төрт рет “Каспий” жігіттерін күйрете жеңді, Қостанайдың «Тобылымен» өткен тартысты ойындарда да төрт мәрте жеңіске жетті, ал “Ақтөбе” командасымен өткен төрт ойынның үшеуінде басым түсіп, біреуінде ұтылып қалды. Осылай, Атырау ұжымы турнир кестесінде екінші орынды иемденіп тұр. Өзінен кейінгі командалардан жеті жеңісі артық, яғни олардан құйрық үзіп кетті. Алайда, бірінші орындағы “Астанамен” де арасы – алшақ, үш жеңісі кем. Естеріңізге сала кетейік, біздің команда дәл қазір жүз пайыздық нәтижемен, яғни 14 ойында 14 рет жеңіске жетіп, жеке-дара көш бастап келеді.
Команда құрамындағы өзгерістер: Маусым басынан бергі уақытта “Атырау Барыстары” құрамына екі ойыншы қосылды. Қазан айында атыраулықтар құрамын Беларусь қорғаушысы Андрей Рогозенко толықтырды. Ол бұған дейін Беларустің “Цмоки Минск” командасында өнер көрсеткен. Екінші жаңа ойыншылары – америкалық қорғаушы Донте Ламонт МакГилл. Іс жүзінде, Донте Атырау командасының үр жаңа ойыншысы емес, ол “Барыстар” сапында 2019/2020 маусымының соңы мен 2020/2021 маусымының басында ойнаған. Сонымен қатар, өз карьерасында NBA Жетілу лигасындағы “Делавер 87ерс” клубы сапында, содан кейін Польша чемпионатындағы “БМ Слам Стал” командасы құрамында ойнаған. Бұл екеуіне қоса, “Барыстардың” бапкерлері екі рет фарм-команда сапындағы ойыншыларына мүмкіндік беріп көрді.
Команда көшбасшылары: Донте Ламонт МакГилл әзірше, “Барыстар” сапында төрт ойын ғана өткізді. Әйтсе де, сенім үдесінен шығып келеді. Тағы бір америкалық ойыншы, яғни Джордан Уатсон да команданың көшбасшысы болып саналады. Қазақстандық Владимир Ивановтың және Беларусь жігіттері Андрей Рогозенко мен Денис Викентьевтің де көрсеткіштері – өте жоғары. Сонымен қатар, Рустам Өтеген мен Роман Марчукті де бөле-жара атап өтуге болады.
Матчтар астанадағы “Сарыарқа” велотрегі аренасында өтеді. Сәрсенбі күнгі бірінші ойын, астана уақытымен 19:30-да, ал бейсенбідегі екінші матч 17:00-де басталады. Екі ойынның да онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.
Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Астана» баскетбол клубының Ұлттық лигадағы басты бәсекелесімен, яғни «Атырау Барыстарымен», өз алаңында өтіп жатқан қос матчының біріншісі елорда командасының ірі жеңісімен аяқталды. Дарко Руссо бұл ойында америкалық ойыншыларынан Энтони Хики мен Скайлар Спенсерді таңдады. Ал матчты бастауды Энтони Хики, Марк Тихоненко, Дмитрий Гаврилов, Максим Марчук және Руслан Айтқалиға сеніп тапсырды.
Ойынға ортада қосылған допты қонақтар іліп әкеткендерімен, есеп бірден ашылмады. Тек бірінші минут түгесілуге айналғанда, Максим Марчук қонақтар шығыршығының кілтін тапты. Алайда, қонақтар бірден жауап қатып, іле-шала тіпті алға да шығып кетті. Бірақ бұдан кейін олар біраз уақыт доп сала алмай, сергелдеңге түсті. Ал біздің жігіттер болса, ширақтық танытып, ең бастысы, нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Марк Тихоненко екі рет алыстан нысананы дәл көздеді, Руслан Айтқали да бір мәрте үш ұпайлық доп салды. Бұдан кейін Энтони Хики орта қашықтықтан екі шабуылымызды сәтті аяқтады. Ал кезеңнің ортасына қарай Николай Бажин еншілеген екі ұпай мен айып добынан кейін “Астана” 15 ұпай айырмасымен алға озды. Бірінші онминуттықтың қалған уақытын Атырау ұжымы, бастапқы бес минутпен салыстырғанда, әлдеқайда нәтижелі өткізді. Бірақ олардың әрбір сәтті шабуылына біздің жігіттер лайықты түрде жауап беріп отырды. Руслан Айтқали алыстан тағы да үш ұпай олжалап, Энтони Хики де “энд уан” орындап, бір шабуылда үш ұпаймен аяқтады. Николай Бажин екі рет айып сызығынан мергендік танытты, ал кезең соңында Хики екі шабуылды түйіндеп, есеп айырмасын жиырма ұпайға жуықтатты – 30:11. Нәтижелі және өте олжалы бірінші кезеңді сүреңсіздеу екінші кезең алмастырды. Әрі оны қонақтар әлдеқайда ширақ бастады. Бірақ одан кейін Айтқали үш ұпайлық соққысымен және Тихоненко мен Хики екі ұпайларымен олардың аптығын басқан болды. Соның арқасында біздің басымдығымыз жиырма ұпайға жетті. Кезең ортасында қонақтар көсіле сілтеп, біздің ойыншылардың нәтижесіз іркілістерін пайдаланды. Әрі есеп айырмасын да аздап қысқартты. Дарко Русоға тіпті тайм-аут алуға тура келді. Бұдан кейін Скайлар Спенсер осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Әйтсе де, матчтың бірінші жартысының соңында біздің команда ұпай қорын қарқынды түрде молайта алмады – Хики үш, Спенсер екі, ал Тихоненко бір ұпай ғана еншіледі. Дегенмен, бұл есеп айырмасындағы алшақ басымдығымызды уысымыздан шығармауға жетті – 45:29, бірақ бұл кезеңде біз ұтылып қалдық.
Матчтың екінші жартысы біздің команда үшін өте сәтті басталды. Астана ойыншылары қонақтарына төрт минуттан артық уақыт бойы доп салуға мүмкіндік бермей, өздері есеп айырмасын +25 ұпайға дейін ұлғайтты. Бұл серпілісте доп салғандар Энтони Хики, Скайлар Спенсер жәнеи Руслан Айтқали болды. Үшінші кезеңнің бел отасына қарай қонақтар матчтың екінші жартысындағы алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Әйтсе де, кезеңнің бел ортасында Спенсер мен Хики көсіле шауып, екеуі 5 ұпай еншіледі. Ал үшінші кезеңнің қалған төрт минутында тек Энтони ғана алыстан доп салды. Ал “Атырау Барыстары” өз жағдайларын біршама түзеп алды. Десек те, соңғы кезең қарсаңында 20 ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 62:42. “Астана” бұл ойында жеңіске жетерліктей басымдыққа ие болды деуге де болады. Өйткені, осындай азулы командаға қарсы ойында атыраулықтар соңғы он минутта жиырма ұпай есеп айырмасының есесін қайтарады дегенге сену қиын еді. Құйындай орап соққан Энтони Хики төртінші кезеңнің басында «Астана» қоржынына жеті ұпай қосып, қонақтардың нәтижелі шабуылдарына тойтарыс берді. Николай Бажин мен Марк Тихоненко тағы бес ұпай еншілеп, “Астана” қонақтардың көмескі үміттерінің тұтануына да мүмкіндік бермеді. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда елордалықтар 24 ұпай айырмасымен алда тұрды. Энтони Хики болса, айылын жимай, айып сызығынан екі рет мергендік танытты. Руслан Айтқали біздің басымдығымызды отыз ұпайға мейілінше тақай түсті. Ал Бажин мүлтіксіз орындаған екі айып соққысынан соң, ақыры бұл меже де алынды. Қонақтар екі рет оны қысқартты, бірақ Айтқали отыз ұпай басымдығымызды қайта орнатып, бүгінгі ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 88:57.
Ең көп ұпай еншілегендер:
Салдары: “Астана” турнир кестесінде екінші орынды иемденіп тұрған “Атырау Барыстарынан” тағы бір жеңіске ұзай түсті.
Келесі матч: “Атырау Барыстарымен” өтетін өзара екінші матч ертең, яғни 27 қаңтар күні, тағы да Нұр-Сұлтандағы “ Сарыарқа ” велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 17:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.
Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.