«Астана» «Атырау Барыстарымен» өтіп жатқан екінші кездесулерін жеңіспен бастады

27.01.2022, 10:00    Оқылғаны: 283
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының Ұлттық лигадағы басты бәсекелесімен, яғни «Атырау Барыстарымен», өз алаңында өтіп жатқан қос матчының біріншісі елорда командасының ірі жеңісімен аяқталды. ​Дарко Руссо бұл ойында америкалық ойыншыларынан Энтони Хики мен Скайлар Спенсерді таңдады. Ал матчты бастауды Энтони Хики, Марк Тихоненко, Дмитрий Гаврилов, Максим Марчук және Руслан Айтқалиға сеніп тапсырды.

Ойынға ортада қосылған допты қонақтар іліп әкеткендерімен, есеп бірден ашылмады. Тек бірінші минут түгесілуге айналғанда, Максим Марчук қонақтар шығыршығының кілтін тапты. Алайда, қонақтар бірден жауап қатып, іле-шала тіпті алға да шығып кетті. Бірақ бұдан кейін олар біраз уақыт доп сала алмай, сергелдеңге түсті. Ал біздің жігіттер болса, ширақтық танытып, ең бастысы, нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Марк Тихоненко екі рет алыстан нысананы дәл көздеді, Руслан Айтқали да бір мәрте үш ұпайлық доп салды. Бұдан кейін Энтони Хики орта қашықтықтан екі шабуылымызды сәтті аяқтады. Ал кезеңнің ортасына қарай Николай Бажин еншілеген екі ұпай мен айып добынан кейін “Астана” 15 ұпай айырмасымен алға озды. Бірінші онминуттықтың қалған уақытын Атырау ұжымы, бастапқы бес минутпен салыстырғанда, әлдеқайда нәтижелі өткізді. Бірақ олардың әрбір сәтті шабуылына біздің жігіттер лайықты түрде жауап беріп отырды. Руслан Айтқали алыстан тағы да үш ұпай олжалап, Энтони Хики де “энд уан” орындап, бір шабуылда үш ұпаймен аяқтады. Николай Бажин екі рет айып сызығынан мергендік танытты, ал кезең соңында Хики екі шабуылды түйіндеп, есеп айырмасын жиырма ұпайға жуықтатты – 30:11. Нәтижелі және өте олжалы бірінші кезеңді сүреңсіздеу екінші кезең алмастырды. Әрі оны қонақтар әлдеқайда ширақ бастады. Бірақ одан кейін Айтқали үш ұпайлық соққысымен және Тихоненко мен Хики екі ұпайларымен олардың аптығын басқан болды. Соның арқасында біздің басымдығымыз жиырма ұпайға жетті. Кезең ортасында қонақтар көсіле сілтеп, біздің ойыншылардың нәтижесіз іркілістерін пайдаланды. Әрі есеп айырмасын да аздап қысқартты. Дарко Русоға тіпті тайм-аут алуға тура келді. Бұдан кейін Скайлар Спенсер осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Әйтсе де, матчтың бірінші жартысының соңында біздің команда ұпай қорын қарқынды түрде молайта алмады – Хики үш, Спенсер екі, ал Тихоненко бір ұпай ғана еншіледі. Дегенмен, бұл есеп айырмасындағы алшақ басымдығымызды уысымыздан шығармауға жетті – 45:29, бірақ бұл кезеңде біз ұтылып қалдық.

Скайлар Спенсер

Матчтың екінші жартысы біздің команда үшін өте сәтті басталды. Астана ойыншылары қонақтарына төрт минуттан артық уақыт бойы доп салуға мүмкіндік бермей, өздері есеп айырмасын +25 ұпайға дейін ұлғайтты. Бұл серпілісте доп салғандар Энтони Хики, Скайлар Спенсер жәнеи Руслан Айтқали болды. Үшінші кезеңнің бел отасына қарай қонақтар матчтың екінші жартысындағы алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Әйтсе де, кезеңнің бел ортасында Спенсер мен Хики көсіле шауып, екеуі 5 ұпай еншіледі. Ал үшінші кезеңнің қалған төрт минутында тек Энтони ғана алыстан доп салды. Ал “Атырау Барыстары” өз жағдайларын біршама түзеп алды. Десек те, соңғы кезең қарсаңында 20 ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 62:42. “Астана” бұл ойында жеңіске жетерліктей басымдыққа ие болды деуге де болады. Өйткені, осындай азулы командаға қарсы ойында атыраулықтар соңғы он минутта жиырма ұпай есеп айырмасының есесін қайтарады дегенге сену қиын еді. Құйындай орап соққан Энтони Хики төртінші кезеңнің басында «Астана» қоржынына жеті ұпай қосып, қонақтардың нәтижелі шабуылдарына тойтарыс берді. Николай Бажин мен Марк Тихоненко тағы бес ұпай еншілеп, “Астана” қонақтардың көмескі үміттерінің тұтануына да мүмкіндік бермеді. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда елордалықтар 24 ұпай айырмасымен алда тұрды. Энтони Хики болса, айылын жимай, айып сызығынан екі рет мергендік танытты. Руслан Айтқали біздің басымдығымызды отыз ұпайға мейілінше тақай түсті. Ал Бажин мүлтіксіз орындаған екі айып соққысынан соң, ақыры бұл меже де алынды. Қонақтар екі рет оны қысқартты, бірақ Айтқали отыз ұпай басымдығымызды қайта орнатып, бүгінгі ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 88:57.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Энтони Хики бүгін екі команда сапынан да, алаңда көп ойнаған ойыншы болды – 36 минутқа жуық, әрі осы уақыт ішінде 34 ұпай жинады, 7 рет доп қағып алды, 3 пас беріп, 2 рет допты тартып алды. Николай Бажин дабл-дабл авторы атанды – 10 ұпай, 10 рет доп қағып алды, 6 пас және 2 блокшот. Руслан Айтқали 18 ұпай олжалап, 4 рет доп қағып алды және 2 рет допты тартып алды. Скайлар Спенсер блокшот қоюдан матчтың үздік ойыншысы атанды – 3, әрі 9 ұпай еншілеп, 6 рет доп қағып алды. Марк Тихоненко 11 ұпай жинап, 5 рет доп қағып алды және 2 пас берді.
  • «Атырау Барыстары» – қонақтар сапында Денис Викентьев үздік шықты – 13 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 4 пас, 1 блокшот. Донте Ламонт МакГилл мен Андрей Рогозенко 14 ұпайдан еншіледі.


Салдары: “Астана” турнир кестесінде екінші орынды иемденіп тұрған “Атырау Барыстарынан” тағы бір жеңіске ұзай түсті.

Келесі матч: “Атырау Барыстарымен” өтетін өзара екінші матч ертең, яғни 27 қаңтар күні, тағы да Нұр-Сұлтандағы “ Сарыарқа ” велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 17:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»