26 және 27 қыркүйек күндері «Астана» баскетбол клубы Ұлттық лиганың жаңа маусымын түздегі екі ойынмен бастайды. Қарсыласы «Атырау Барыстары» командасы болады. Матчтар Атырауда өтеді, екеуі де астана уақытымен 18:00-де басталады.
«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіби баскетбол клубы, Атырау қаласынан. 2003 жылы құрылған.
Жетістіктері:
Атырау командасының құрамы былтырғы маусыммен салыстырғанда едәуір өзгерді. «Атырау Барыстарының» “шетелдік легионы” толықтай ауысты. Командадан америкалықтар Эдвард Картер III пен Райан Кук, сондай-ақ ресейліктер Павел Сизов пен Евгений Маринин кетті. Маусым басында олардың орындарын екі америкалық пен беларусь басты. Америкалық шабуылшы Эрон Харрис өз карьерасын 2018 жылы NBA жетілу лигасындағы “Висконсин Хёрд” командасында бастаған. Одан кейін Еуропаға ойысып, Финляндияның “Тампирин Пыринто” және Норвегияның “Тромсё Сторм” командаларында ойнады. Былтырғы маусымды ол Македонияның “МЗТ Скопье Аэродром” құрамында өткізді. Енді бір америкалық, яғни қорғаушы Джордан Уатсон студенттер баскетболындағы карьерасынан кейін бір маусым ғана кәсіби деңгейде шыңдалды.Ол Арменияның “ДВИН” командасы сапында күміс жүлдеге ие болды. Беларусь елінің еңгерзедей жас шабуылшысы да тәжірибесі мол ойыншылар қатарына жатпайды. Бұған дейін бір маусым ғана ойнаған. Былтырғы Жаңа жылға дейін ресейлік “Купол-Родники” командасында, ал маусымның қалған бөлігін “Цмоки-Минск” құрамында өткізген. Айтпақшы, сәуір айында “Астанаға” қарсы ойнаған.
«Атырау Барыстарының» негізгі құрамында ойнаған Қазақстан ойыншыларының бірі, яғни Олег Балашов біздің командаға келсе, Асқар Ахметжан “Тобылға” ауысты. Ал Атырау ұжымымен өздерінің келісімшарттарын ұзартқандар: Владимир Иванов, Мерей Уапов, Рустам Өтеген, Марат Әділхан, Алексей Аленушка, Диас Арықов, сондай-ақ өрімдей жас Ернар Жексенбаев. Фарм командадан Тұрлан Сатыбалдиев қосылды. Команда құрамын күшейткен ең басты қазақстандық ойыншы Роман Марчук болды. Аталған шабуылшы кезінде “Астана” сапында да төбе көрсеткен. Сонымен қатар, команда құрамын еңгерзедей шабуылшы Қайрат Райымов толықтырды. Ол былтырғы маусымды Павлодардың “Ertis” командасы сапында өткізген.
Сонымен қатар, «Атырау Барыстарының» жаттықтырушылары құрамы да өзгерді. Команданы екі маусым жаттықтырған, Литва маманы Арнис Вецвагарс бас бапкерлік қызметінен кетті. Оның көмекшісі, ресейлік Виктор Усков та еліне қайтты. Жасыл-ақ жейделілердің жаңа бас бапкері болып, Армения маманы Тигран Гёкчан бекітілді. Ол өз карьерасын Ливанның “Хекмех” командасында, бас бапкерге көмекші болып бастаған. Ал соңғы маусымдарда Арменияның “Арагац” және “ДВИН” командаларын жаттықтырды. Әрі Армения құрамасының да тізгінін ұстап, өз шәкірттерімен кішігірім мемлекеттер арасында өткен Еуропа чемпионатында топ жарған. Сондай-ақ Ливанның әйелдер арасындағы құрамасын да жаттықтырған. Оған Атырауда серб Огнен Мольевич көмектеседі. Ол бұған дейін Арменияның “Вахакни Сити” және “Артик”, Сауд Арабиясының “Аль Иттихад”, Ирактың “Нифт Аль-Басра”, Бахрейннің “Аль-Ахли” және Кувейттің “Аль-Джахраа” командаларының жаттықтырушылары құрамында болған.
Матчтар 26 және 27 қыркүйек күндері Атыраудағы “Jysan Arena” алаңында өтеді, екеуі де астана уақытымен 18:00-де басталады. Матчтардың онлайн-трансляциялары «In Sport» телеарнасында тікелей эфир арқылы жүргізіледі.
Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
Ұлттық лиганың биылғы маусымдағы алғашқы ойыны Атырауда өтіп, онда біздің команда күш-жігерін соңғы жылдардағы өзінің басты қарсыласымен, яғни «Атырау Барыстарымен» таразылап көрді.
Лиганың ережелері бойынша әр матчқа біздің бапкерлеріміз ЕурАзия ЭҚ елдерінен екі легионер және басқа мемлекеттерден екі легионер шығара алады. Марк Тихоненко – Ресей азаматығымен біздің командадағы ЕурАзия ЭҚ елдерінің жалғыз ойыншысы, яғни ол үшін ел біріншілігіндегі ойындарға үнемі жол ашық. Ал америкалық ойыншылардан тек екеуін таңдап алу керек болды. Дарко Руссо бұл матчта Джейлен Бэрфорд пен Энтони Хикиге сенім артты. Дәл осы екеуі Николай Бажинмен, Дмитрий Гавриловпен және Максим Марчукпен бастапқы бестікте алаңға шықты.
Осы ойындағы, тіпті лиганың биылғы маусымдағы алғашқы ұпайларды, әрі Қазақстан чемпионатындағы өзінің ең бірінші ұпайларын «Астананың» жаңа ойыншысы Джейлен Бэрфорд еншіледі. Америкалық қорғаушы қатарынан 6 ұпай олжалады. Ал Дмитрий Гаврилов “Астана” басымдығын 8 ұпайға жеткізді. Осыдан кейін ғана алаң иелері біздің шығыршықтың “кілтін тапты“, ал бұл ойынның бесінші минуты болатын. Кезең бел ортасынан ауған сәтте Энтони Хики де Қазақстандағы алғашқы ұпайларын еншілеп, командалардың арасын екі таңбалы санға жеткізді. Бірақ бұл астана командасының осы кезеңдегі соңғы ұпайлары болып шықты. “Барыстар” да көсіле сілтей алмады, әйтсе де, есеп айырмасын сәл де болса қысқартты. Сөйтіп, бірінші кезең шектен тыс нәтижесі болып, екі команда бірлесе отырып, 20 ұпай да жинай алмады. Есеп – 6:12, “Астана” алда тұрды. Екінші кезеңнің басы да соншалықты нәтижелі болмады. Бэрфорд 2 ұпай еншілеп, Марк Тихоненко Қазақстандағы алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Әрі бірден үш ұпайлық соққысын дөп түсірді. Бұл – осы матчтағы және жалпы маусымдағы үш ұпайлық. Екінші кезеңнің ортасында “Астана” алаң иелерінің айып алаңына орнығып, қарқынын бірден күшейтті. Біздің жігіттердің серпілісін атыраулықтар алған тайм-аут та бәсеңсіте алмады. Энтони Хики мен Марк Тихоненко ұпай қорларын молайта түсіп, Коля Бажин де олардан қалыспауға тырысты. Осылай, астаналық гандикап жиырма ұпайды жуықтай бастады. Үлкен үзіліске дейін Пан мен Щербак та биылғы маусымдағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Ал Вадимнің үш ұпайлық добынан кейін астана басымдығы жиырма ұпайдан да асып кетті. Бірақ матчтың бірінші жартысы аяқталғанда есеп мына сандармен тұйықталды – 20:38.
Матчтың бірінші бөлігінде ойсырай ұтылып қалса да, алаң иелері намысты қолдан бермеуге тырысып, үлкен үзілістен кейін өздеріне сенімді ойын өрнегін көрсете бастады. Бірақ “Астана” ойын тізгінін уысынан шғарған жоқ. Атыраулықтар қанша тырысса да, үшінші кезеңнің ортасында біздің команданың басымдығы қайтадан 20 ұпайға жетті. Бұл кезеңде Энтони Бэрфорд көсіле сілтеп, Николай Бажинмен бірге тағы бір серпіліс ұйымдастырды. Сөйтіп, командалар арасы 30 ұпайға дейін алшақтай түсті. Бұл кезеңнің қорытынды есебін соңғы секундта екі ұпай олжалаған Роберт Пан түйіндеді – 38:66. Соңғы кезеңге дейін 28 ұпаймен қара үзіп кеткен астаналықтар бұл ойында жеңіске жететіндеріне 100 пайыз сенімді болды. Сондықтан Дарко Руссо алаңға жас ойыншыларын шығара бастады. Төртінші кезеңнің бірінші минутынан бастап Олег Балашов алаңға шықты. Ол бұл ойында өзінің бұрынғы командаластарына қарсы ойнады. Олег басында өзіне аса сенімді болмағанымен, бірте-бірте бауырын жазып, алаң иелеріне көп қауіп төндірді. Кезең басында “Барыстар” белсенділік танытып, есеп айырмасын қысқарта бастады. Бірақ қонақтардың басымдығы 20 ұпайдан кеміген жоқ. Соңғы секундтарда Рустам Мырзағалиев пен Руслан Айтқали осы маусымдағы алғашқы ұпайларын иеленді. Әрі Олег Балашов та доп салды. “Астана” басымдығы қайтадан ұлғая түсіп, 30 ұпайға да жетті. Ал матчтың аяқталуына бір минуттай уақыт қалғанда, Дмитрий Гаврилов бүгінгі ойынның қорытынды есебін түйіндеді – 50:81.
Ең көп ұпай еншілегендер:
Келесі матч: «Атырау барыстарымен» өтетін екеуара екінші ойын ертең, яғни 27 қыркүйек күні Атыраудағы “Jysan Arena” алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 18:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.
Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.