«Астана» Ұлттық лиганың жаңа маусымын түзде «Атырау Барыстарымен» бастайды

25.09.2021, 12:15    Оқылғаны: 216
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

26 және 27 қыркүйек күндері «Астана» баскетбол клубы Ұлттық лиганың жаңа маусымын түздегі екі ойынмен бастайды. Қарсыласы «Атырау Барыстары» командасы болады. Матчтар Атырауда өтеді, екеуі де астана уақытымен 18:00-де басталады.

«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіби баскетбол клубы, Атырау қаласынан. 2003 жылы құрылған.

Жетістіктері:

  • Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017
  • Жоғары лига жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан кубогының иегері: 2009
  • V-Bet Еуразия баскетбол лигасының күміс жүлдегері: 2019/2020
  • Қазақстан кубогының күміс жүлдегері: 2010, 2011, 2012, 2016, 2017, 2018
  • Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2020


Барсы Атырау

Атырау командасының құрамы былтырғы маусыммен салыстырғанда едәуір өзгерді. «Атырау Барыстарының» “шетелдік легионы” толықтай ауысты. Командадан америкалықтар Эдвард Картер III пен Райан Кук, сондай-ақ ресейліктер Павел Сизов пен Евгений Маринин кетті. Маусым басында олардың орындарын екі америкалық пен беларусь басты. Америкалық шабуылшы Эрон Харрис өз карьерасын 2018 жылы NBA жетілу лигасындағы “Висконсин Хёрд” командасында бастаған. Одан кейін Еуропаға ойысып, Финляндияның “Тампирин Пыринто” және Норвегияның “Тромсё Сторм” командаларында ойнады. Былтырғы маусымды ол Македонияның “МЗТ Скопье Аэродром” құрамында өткізді. Енді бір америкалық, яғни қорғаушы Джордан Уатсон студенттер баскетболындағы карьерасынан кейін бір маусым ғана кәсіби деңгейде шыңдалды.Ол  Арменияның “ДВИН” командасы сапында күміс жүлдеге ие болды. Беларусь елінің еңгерзедей жас шабуылшысы да тәжірибесі мол ойыншылар қатарына жатпайды. Бұған дейін бір маусым ғана ойнаған. Былтырғы Жаңа жылға дейін ресейлік “Купол-Родники” командасында, ал маусымның қалған бөлігін “Цмоки-Минск” құрамында өткізген. Айтпақшы, сәуір айында “Астанаға” қарсы ойнаған.

«Атырау Барыстарының» негізгі құрамында ойнаған Қазақстан ойыншыларының бірі, яғни Олег Балашов біздің командаға келсе, Асқар Ахметжан “Тобылға” ауысты. Ал Атырау ұжымымен өздерінің келісімшарттарын ұзартқандар: Владимир Иванов, Мерей Уапов, Рустам Өтеген, Марат Әділхан, Алексей Аленушка, Диас Арықов, сондай-ақ өрімдей жас Ернар Жексенбаев. Фарм командадан Тұрлан Сатыбалдиев қосылды. Команда құрамын күшейткен ең басты қазақстандық ойыншы Роман Марчук болды. Аталған шабуылшы кезінде “Астана” сапында да төбе көрсеткен. Сонымен қатар, команда құрамын еңгерзедей шабуылшы Қайрат Райымов толықтырды. Ол былтырғы маусымды Павлодардың “Ertis” командасы сапында өткізген.

Сонымен қатар, «Атырау Барыстарының» жаттықтырушылары құрамы да өзгерді. Команданы екі маусым жаттықтырған, Литва маманы Арнис Вецвагарс бас бапкерлік қызметінен кетті. Оның көмекшісі, ресейлік Виктор Усков та еліне қайтты. Жасыл-ақ жейделілердің жаңа бас бапкері болып, Армения маманы Тигран Гёкчан бекітілді. Ол өз карьерасын Ливанның “Хекмех” командасында, бас бапкерге көмекші болып бастаған. Ал соңғы маусымдарда Арменияның “Арагац” және “ДВИН” командаларын жаттықтырды. Әрі Армения құрамасының да тізгінін ұстап, өз шәкірттерімен кішігірім мемлекеттер арасында өткен Еуропа чемпионатында топ жарған. Сондай-ақ Ливанның әйелдер арасындағы құрамасын да жаттықтырған. Оған Атырауда серб Огнен Мольевич көмектеседі. Ол бұған дейін Арменияның “Вахакни Сити” және “Артик”, Сауд Арабиясының “Аль Иттихад”, Ирактың “Нифт Аль-Басра”, Бахрейннің “Аль-Ахли” және Кувейттің “Аль-Джахраа” командаларының жаттықтырушылары құрамында болған.

Матчтар 26 және 27 қыркүйек күндері Атыраудағы “Jysan Arena” алаңында өтеді, екеуі де астана уақытымен 18:00-де басталады. Матчтардың онлайн-трансляциялары «In Sport» телеарнасында тікелей эфир арқылы жүргізіледі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»