ВТБ Бірыңғай лигасы 2020/2021
Химки
Химки
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
19.10.2020, 22:30 Дс
Арена: БЦМО (Химки)
88:89
Негізгі уақыт
22:18 45:49 60:73 88:89
Ойын нөмірі: RS-24
Көрермен: 0
Астана
Астана

«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі ойынын түзде «Химкимен» өткізеді

18.10.2020, 10:00    Просмотров: 787
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы тағы да жолға шығып, бұл жолы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Мәскеу облысының «Химки» клубына қонаққа барады. Матч дүйсенбі күні, 19 қазанда, астана уақытымен 22:30-да басталады.

«Химки» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Мәскеу облысынан, 1997 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында бақ сынайды.

Жетістіктері:

  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 2006, 2008, 2009, 2010, 2011, 2012, 2013, 2015, 2017, 2018, 2019
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2007
  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2008
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы – 2010/2011
  • ВТБ Бірыңғай лигасы Промо-кубогының күміс жүлдегері – 2008
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2014/2015, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019
  • ULEB Еуропа кубогының финалына шыққан – 2008/2009
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2005/2006
  • FIBA Еуролигасындағы «Төртеу финалында» додаға түскен – 2004/2005
  • ВТБ Бірыңғай лигасындағы «Төртеу финалында» додаға түскен – 2009/2010
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2011/2012, 2014/2015

Команда құрамы:

Былтырғы маусымдағы баскетболшыларының көбісі Мәскеу облысындағы жылы орындарын өзгерткен жоқ. Десек те, қайсыбіреулері маусым аралығында командадан кетіп қалды. Олардың ішінде, америкалық шабуылшы Энтони Гилл – орны толмас ойыншыға татитындай саңлақ. Ол команданың бетке ұстар көшбасшысы болмаса да, көп пайда келтіретін ойыншы болатын. Сондай-ақ, командадан америкалықтар Томас Робинсон мен Крис Крамер де кетті. Статистикаларына қарап, «олар былтыр команданы алға сүйрегендердің бірі еді» деп айту қиын. Сонымен қатар, биылғы маусымға тіркелгендер қатарында Ресейдің әйгілі ойыншысы Тимофей Мозгов та жоқ. Осы ретте айта кетуге тиіспіз, ол былтыр ВТБ Бірыңғай лигасы аясында бірде-бір ойын өткізген жоқ болатын.

«Химкимен» өз келісімшарттарын 9 ойыншы бірдей ұзартты, олардың бесеуі ресейлік емес ойыншылар: латыштар Янис Тимма мен Дайрис Бертранс, швед Йонас Жеребко, серб Стефан Йович және америкалық Девин Букер. Ресейлік ойыншылардан Ресей баскетболының жарық жұлдыздарының бірі Алексей Швед те Мәскеу облысы командасымен өз келісімшартын ұзарты. Сонымен қатар, командада Сергей Моня, Вячеслав Зайцев және Сергей Карасев секілді тәжірибелі ойыншылар да қалды.

Химки баскетбол клубы 2020/2021

Енді, дәстүрлі түрде, жаңа ойыншыларына тоқталып өтейік. Америкалық ауыр шабуылшы Джордан Микидті «Химкидің» жаңа ойыншысы деуге де келмейді. Өйткені ол 2018/2019 маусымында осы командада ойнаған. Ал, өткен маусымды ол қайсыбір ұжымда емес, Испанияның «Реал Мадрид» клубы сапында өткізді. Джордан Мики Испания мен Ресейге дейін Америка Құрама Штаттарында, «Бостон Селтикс» және «Майми Хит» секілді NBA лигасындағы командаларда ойнаған. Сондай-ақ, ол NBA Жетілу лигасындағы «Мэн Ред Кловс» командасында өнер көрсетті. Келесі кезектегі ойыншы – орталық шептегі американдық Грэг Монро. Міне, ол ВТБ Бірыңғай лигасында, Мәскеу облысы командасының сапында, алғаш рет ойнап жүр. Бұған дейін ол NBA-да біраз шыңдалып, «Милуоки Бакс», «Финик Санз», «Бостон Селтикс», «Торонто Рэпторс» және «Филадельфия Севенти Сиксерс» командаларының намысын қорғаған. Ал өткен маусымды Грэг немістің «Бавариясында» өткізді. Аса тәжірбиелі ресейлік ойыншы Егор Вяльцев Мәскеу облысы командасында көптен бері жүр. Бірақ өткен маусымды «Химки-Подмосковье» сапында өткізіп, команда намысын Ресей Суперлигасында қорғады. Биылғы маусымда ол клубтың негізгі құрамы мен  ВТБ Бірыңғай лигасына оралды. Ресей қорғаушысы Евгений Воронов ВТБ Бірыңғай лигасы құрылмай тұрып, «Локомотив», «Динамо Санкт-Петербург», «ЦСК ВВС-Самара», УНИКС, «Красные Крылья» және «Динамо Мәскеу» сынды командаларда ойнаған. Ал ВТБ Бірыңғай лигасында ЦСКА, «Триумф», «Локоматив-Кубань»  және қайтадан УНИКС  командалары сапында өнер көрсетті. Соңғы үш маусымды да ВТБ Бірыңғай лигасында, «Зенит» командасының құрамында өткізді. Жас шабуылшы Владислав Одиноков биылғы маусымда «Химки» сапында, ВТБ Бірыңғай лигасында алғаш рет додаға түсті.

Бас бапкер:

Команданың бапкерлері құрамы былтырғы маусыммен салыстырғанда, титтей де өзгерген жоқ және толықтай литвалық жаттықтырушылардан құралады. Оны сол бұрынғысынша Римас Куртинайтис басқарып, бас бапкер қызметін атқарады. Ал оған көмектесетіндер де Литва мамандары – Робертас Кункаитис, Ауримас Ясиленис и Гедриус Куртинайтис.

Римас Куртинайтис

Команда көшбасшылары: 

«Химки» әзірше ВТБ Бірыңғай лигасы аясында төрт ойын өткізді. Сол ойындарының нәтижелеріне қарап, командаға көп пайда келтіріп жүрген ойыншыларды байқауға болады. Осы өткен ойындарда «Химкидің» легионерлері өздеріне артылған сенімді ақтай білді, қазір команданың көшбасшылары – Джордан Мики, Дайрис Бертранс және Йонас Жеребко сынды ойыншылар. Девин Букер мен Грэг Монро да жоғары нәтиже көрсетіп жүр. ВТБ Бірыңғай лигасындағы соңғы ойынында ғана алаңға шыққан Егор Вяльцев матчтың үздік ойыншысы атанды. Сонымен қатар, Янис Тимма да, Сергей Карасев те, Вячеслав Зайцев те, Сергей Моня да үмітті ақтап келеді. Ал Алексей Швед болса, ВТБ Бірыңғай лигасында әлі бірде-бір ойын өткізген жоқ. Алайда осыдан бірер күн бұрын Алексейдің отбасысынан қуанышты хабар жетіп, оның сәби сүйгені (қыз бала) мәлім болды. Біздің клуб та Алексейді осы қуанышымен құттықтайды.

Турнир кестесіндегі жағдай:

Мәскеу облысының «Химки» командасы ВТБ Бірыңғай лигасында төрт ойын өткізіп үлгерді. Бірақ олардың бастапқы қарқындары өздері жоспарлағандай аса сәтті болып шықпады. Олар осы төрт ойынның екеуінде ғана жеңіске жетті. Химкиліктер әуелі, өз алаңында Петербордың «Зенитіне» есе жіберіп алды. Одан кейін түзде «Нижний Новгород» клубынан ұтылып қалды. Бірақ бұдан соң түзде «Енисейден» және өз алаңында «Калевтен» үстем түсті. Осы ойындардың нәтижелері бойынша «Химки» турнир кестесінің жетінші сатысында тұр. «Астана» болса, екі рет ұтылып қалып, көш соңындағы екі орынның біріне табан тіреді. Бірақ «Химкимен» өтетін ойын қарсаңында құрамын күшейтіп, сапын біраз уақыт сарыла күткен екі ойыншымен толықтырды – Девин Марбл және Оярc Силиньш. Енді бұл екеуі тез арада командаға судай сіңіп, алдағы матчта көмектерін тигізеді деп үміттенеміз.

Кездесулер тарихы:

«Астана» мен «Химки» өзара 23 рет кездесті. «Астана» Мәскеу облысы клубымен болған ойындардың тек үшеуінде ғана жеңіске жетті. Оның екеуіне елорда клубы тым ертеректе қол жеткізген – 2011/12 және 2012/13 жылдар маусымында. Соңғы Қазақстан жеңісі 2018 жылдың наурыз айында жүзеге асты. Сонымен қатар, биыл ақпан айында, Нұр-Сұлтанда өткен екеуара соңғы ойында, химкиліктер жеңісті уыстарынан шығарып ала жаздап, небәрі 3 ұпай айырмасымен ұтып кеткен болатын.

Қызықты деректер: 

  • «Химкидің» көшбасшысы, яғни Алексей Шведтің жақында әйелі босанып, қыз тапты. Біздің клуб Лёшаны шын жүректен құттықтап, «бауы берік болсын» деп, сәлем жолдайды. 
  • «Астана» Мәскеу облысына тағы да бағын сынап көруге аттанды, әзірше біздің команда ол жақтан жеңіспен оралып көрген емес. Бұл жолы бағы мен бабы қатар шабады деп үміттенеміз.


Матч дүйсенбі күні, 19 қазанда Химкидегі Мәскеу облысының Баскетбол орталығында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 22:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар, QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астананың» Мәскеу түбіндегі ерлігі және ВТБ лигасындағы биылғы бірінші жеңісі

20.10.2020, 13:30    Просмотров: 521
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
Шектен тыс шиеленісті өткен, ВТБ Бірыңғай лигасының түздегі матчында «Астана» баскетбол клубы Мәскеу облысының «Химки» командасымен додаға түсіп, ойынның басым бөлігінде басымдық танытты да, кездесу соңындағы триллерде жеңісті жұлып алды.

Біздің команданың Мәскеу облысына барған сапары өте маңызды еді. Себебі бұған дейінгі екі ойында да жеңілістің кермек дәмін татып, әлі жеңіске жеткен жоқ болатын. Бірақ біздің команданы Мәскеу түбінде жергілікті «Химки» клубы күтіп отырғанын, ал бұл клубтың шынымен де Еуропадағы азулы ұжымдардың бірі екенін де ұмытпауымыз керек. Бірақ ашығын айтуға тиіспіз, «Химки» қазір қиын-қыстау кезеңге тап болып отыр, жарақаттанып қалған және коронавирус сынамасынан өтпеген ойыншылары өте көп. Әрине, мұның бәрі олардың ойын өрнектері мен құрамдарына кесірін көп тигізді. Мәселен, Еуропа кубогы жолындағы соңғы кездесулерінде химкиліктер ықшамдалған құрамда ойнауға мәжбүр болды: бір ойында 8 ойыншымен додаға түссе, екіншісінде Римас Куртинайтистің қарамағында тіпті 7 адам ғана болды. Бірақ «Астанамен» болатын матчқа бір тәулік қалғанда Алексей Швед, Янис Тимма, Джордан Мики және Евгений Воронов сынды «Химки» лидерлерінің қатарға қосылғандары белгілі болды. Ал біздің команданың сапары әлемдегі індеттің кесірінен біршама күрделіленіп, Мәскеуге Стамбул арқылы ұшып баруға тура келді. Осы ретте айта кетуге тиіспіз, «Астана» Мәскеу облысы алаңында әлі бірде-бір рет жеңіске жетіп көрмеген еді, сондықтан көпшілік алаң иелерінің басым түсетініне сенімді болды. Енді бір қызықты дерек, бұл ойында біздің команданың сапында алғаш рет Оярс Силиньш ойнады.

Ортаға лақтырылған допты алаң иелері іліп әкетіп, Янис Тимма бірінші шабуылда-ақ «Химкидің» жеңіске деген құлшыныстары зор екенін сездірді. Ол Алексей Шведтің пасын үш ұпайлық соққымен сәтті аяқтады. Біздің команда бірден жауап қайтара алмады. Ал бір минуттан астам уақыттан кейін тіпті бес ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Оның алдында доптан айырылып қалған Николай Бажин қатесін түзеп, үш ұпайлық соққысымен «Астана» үшін есеп ашты. Ал Майкл Томпсон іле-шала есепті теңестірді. Осыдан кейін таразы басы екі жаққа кезек ауып, теңселіп тұрды. Біресе бір команда, біресе екіншісі алға шығып, ешқайсысы да құйрық үзіп кете алмады. Таблода көбінесе тепе-тең сандар жанып тұрды. Кезеңнің екінші жартысында алаң иелері біраз уақыт алда тұрды, бірақ ұзап кете алмады. Матчтың бірінші ширек бөлігінде олар ең көбі бес ұпаймен алға озды. Ал алғашқы он минут аяқталғанда, Қазақстан командасы небәрі 4 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Екінші кезеңде «Астана» алыстан көздеуді бастап, үш ұпайлық соққылары химкиліктердің шығыршығына адам қызығарлықтай тұрақтылықпен дәл түсіп отырды. Рустам Мырзағалиев те, Джеремайя Хилл де мергендіктерімен көзге түсті, сондай-ақ астаналықтардың жейдесін алғаш рет киген Оярс Силиньш те көсіле сілтеді. «Химки» алыстан қарша бораған дәл соққыларды мүлде күтпеген еді, сондықтан біздің команданы алға шығарып алды. Бұдан кейін алаң иелері біршама жинақталғандай болды, бірақ енді біздің алып ойыншылар іске кірісті. Дмитрий Гаврилов есеп айырмасын жеті ұпайға жеткізсе, Адонис Томас осы басымдықты уыстан шығармауға өз үлесін қосты. Бұдан кейінгі бір минуттан астам уақыта біздің жігіттердің ойын өрнектері үйлеспей, алаң иелері есепті тез теңестіріп алды. Эмиль Райковичке тайм-аут алып, біздің жігіттерді «сілкілеп» алуға тура келді. Әрі бұл нәтиже беріп, «Астана» матчтың бірінші бөлігін аса жоғары деңгейде тәмамдап, Адонис Томас екі кезеңнен кейінгі есепті «Астана» үшін + 4 айырмасымен түйіндеді. Ойынның бірінші жартысында «Астана» өте жақсы ойнады. Көсіле сілтеген де, жаза басқан да сәттері болды, бірақ өрескел қателіктері болған жоқ. Алаң иелері туралы да тура осылай айтуға болады, жалпы, ойын шектен тыс тартысты және тең дәрежеде өтіп жатты.



Үшінші кезең Джеремайя Хилл мен Николай Бажин жұбының алаң иелерінің қорғанысын қирата ентелеген шабуылдарымен басталып, біздің команданың басымдығы тағы бес ұпайға артты. Сөйтіп, есеп айырмасы екі таңбалы санды жуықтайтын шамаға жетті. Біздің команданың қарқынын өзінің данктерімен «Астананың» шығыршығын тас-талқан қылған Девин Букер де тоқтата алмады. «Астана» тізгін тартпай, сол баяғы Джеремайя Хилл есеп айырмасын 10 ұпайға дейін жеткізді. Алаң иелері қанша тырысса да, олардың әрбір шабуыдарына біздің жігіттер лайықты түрде жауап тауып отырды. Әрі екі таңбалы басымдықты ұстап тұрды. Үшінші кезеңнің бітуіне үш минут қалғанда Оярс Силиньш кезекті үш ұпайлық соққысын шығыршыққа дөп түсіріп, «Астана» +15 ұпаймен алға озды. Хилл Гавриловтың тамаша пасын данкпен аяқтап, есеп айырмасын 17 ұпайға жеткізді. «Химки» үшінші кезең аяқталғанша есеп айырмасын біраз қысқартты. Әйтсе де, соңғы кезеңнің алдында 13 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Алайда «Химки» беріле салатын команда емес, әрі 13 ұпай олардың сағын сындыратындай басымдық емес. Жалпы, 10 минуттың ішінде емін-еркін қуып жетуге болады. Матчтың төртінші ширек бөлігінде алаң иелері осыны іс жүзінде дәлелдей бастады. Кезең басында Дмитрий Гаврилов нысананы дәл көздеп, шұғыл өзгеріс байқалмағанымен, алаң иелері бірте-бірте ойын тізгінін өз қолдарына ала бастады. Олар өкпек шабуыдарымен есепті қысқартуға кірісті. Кезеңнің бел ортасында, яғни матчтың аяқталуына 5 минут қалғанда олар небәрі 5 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Адонис Томастың орындауындағы маңызды «энд уан» да «Химкидің» қарқынына тоқтата алмады. Ал бұдан кейінгі үш минут Эмиль Райковичтің командасы үшін апатқа ұшыраумен тең болды. Себебі олар осы уақыт аралығында бірде-бір ұпай еншілей алмай діңкелеп, ал қарсыласымыз 12-0 айырмасымен сең соққандай күйге түсірді. Өйткені олар енді 4 ұпай айырмасымен алға шығып кетті. Ал матчтың аяқталуына бір минут қана уақыт қалған болатын. Жүйке қыл үстінде тұрды, тек ойыншылар ғана емес, төрешілер де қара терге түсті. Себебі бұл ойында олар бейнеқайталау операторларын әбден мезі қылған еді. Оярс Силиньш тайсалмай, маңызды үш ұпайлық соққы орындады. Рас, бірақ ол мүлт кетті. Әйтсе де, үш айып соққысын орындау құқына ие болды. Әрі үшеуін де мүлтіксіз орындап, есеп айырмасын –1 ұпайға дейін қысқартты. Яғни біздің команда үшін тәп-тәуір мүмкіндік пайда болды. Бірақ «Химки» шабуылға шығуы керек болатын. Алайда олар өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмай, мүлт кетті. Ал Адонис Томас болса, матчтың аяқталуына 15 секунд қалғанда допты шығыршыққа дәл түсірді. Енді «Астана» бір ұпай айырмасымен алға шықты. Алексей Швед те өз мүмкіндігін жүзеге асыра алмай, допты алаң сыртына шығарып алды. Әлі 8 секунд бар. «Астана» алда және доп – біздің жігіттерде. Әрине, «Химки» тезірек ереже бұзып, соңғы шыбуылды ұйымдастыруға тырысады. Олар дәл солай істеді де. Адонис Томас айып соққыларының екеуін де шығыршыққа түсіре алмай, мүлт кетті. Есімізге бірден 2017 жылдың қазан айы түсті. Онда да тура осындай жағдай болған. Сол матчта да «Астана» «Химкимен» түзде ойнап, соңғы секундтарда бір ұпай айырмасымен ұтылып жатып, екі рет айып соққыларын орындау мүмкіндігіне ие болған. Егер екеуін де шығыршыққа дөп түсірсе, жеңіске жетер еді, ал егер біреуін сәтті орындаса, ойын овертаймға ұласар еді. Алайда, «Астана» екі мүмкіндігін де мүлт жіберіп, жеңісті жұлып ала алмаған… Бірақ біз бүгінгі ойынның соңғы секундтарына оралайық. Мұнда жағдай сәл өзгешелеу еді. «Астана бір ұпай айырмасымен ұтып жатқан. Бірақ шығыршықтан қайтқан допты «Химки» ойыншылары қағып алды. Олардың енді шабуыл ұйымдастыруларына 6 секунд бар еді. Тағдыр енді біздің команданың есесін қайтарып, бағымыз жанды. Алаң иелері соңғы мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмай, мүлт кетті. Біздің команда тарихи жеңісіне қол жеткізді – 88:89. Шектен тыс шиеленісті дода, таразы басының алма-кезек екі жаққа ауып, теңселіп тұруы, бейнеқайталауларды ұзақ қарау, жүйкені жұқартқан соңғы секундтар, осының бәрін бармақтай бақ шешіп, сәті түсуі – міне, осымен бұл ойын есте сақталады.


 

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Химки» – Девин Букер біздің шығыршықты өзінің данктерімен талқандап, 30 ұпай еншіледі және 15 рет доп қағып алды. Химкиліктер сапынан тағы бір дабл-дабл орындаған Алексей Швед болды – 19 ұпай, 12 пас. Ал Вячеслав Зайцев 14 ұпай енледі.
  • «Астана» – Джеремая Хилл жай оғындай жарқылдап, допты алыстан да нысанаға алды, шығыршық түбінде де құйындай орап соқты, осылай 22 ұпай еншілеп, 7 рет доп қағып алды, 7 пас берді. Майкл Томпсон дабл-дабл орындады – 11 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 10 пас. Оярс Сильниш ВТБ Бірыңғай лигасындағы алғашқы ойынын өте жоғары деңгейде өткізді – 17 ұпай. Ал Адонис Томас бір ойында орта есеппен 16 ұпай еншілеуін жалғастырып келеді, ол бұл матчта 16 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алды.
«Химкидің» бас бапкері Римас Куртинайтис:
— Ұтылып қалғанымыз жақсы емес, әрине. Оңай болмасын білдік, өйткені бізге төрт жаңа ойыншы қосылды. Үшеуін пайдалануға тырыстым, бірақ олар ұзақ уақыт баскетбол ойнамаған. Бірден ойын ырғағын табулары қиын. Бірақ мәселе біздің жақсы ойнай алмағанымызда емес, тіптен. Мәселе – біздің матч соңында қалай ойнағанымызда. Алға шықтық, бірақ сол нәтижені уысымыздан шығарып алдық. Бұдан кейін үш ұпайлық соққыны орындатпай, ереже бұздық. Әрі өзіміз үш ұпайлық доп лақтыруды жөн көріп, шешім қабылдадық. Бес секундың ішінде жылдам қимылдап, бір ұпай еншілеу керек еді. Мұның бәрі шеберлікке жатпайды. Биылғы маусымдағы біздің басты кемшілігіміз матч соңында жеңіске жету үшін не істеу керек екенін білмей, дұрыс шешім қабылдай алмай, шарқ ұруымыз болып тұр. «Панатинаикос» клубымен ойнағанда да тура осындай жағдай болып, жеті секунд қалғанда дәл соққы орындай алмай қойғанбыз.
 

«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— Ең әуелі, мен өзімнің ойыншыларымды құттықтап, оларға бүгінгі жанкештіліктері, сондай-ақ жеңіске деген сенімдері үшін алғыс білдіргім келеді. Олар темірдей тәртіпті паш етіп, тактикалық дұрыс шешімдер қабылдады. Мұның бәрін біз жаттығу кездерінде машықтанғанбыз. Сонымен қатар, «Химки» ойыншыларын да атап өткім келеді. Олардың ойын кестелері өте күрделі және құрамдары селдіреп қалған. Сонда да олар «Реал» және «Баскония» клубтарымен аянбай тайталасты. Құрамдарында жеті-сегіз адам ғана болды. Ал бірнеше ойыншылары енді ғана қатарға қосылып, алаңға оралды. Бұл жерде мен Шведті, Тимманы, Миккиді, Вороновты меңзеп отырмын. Олардың бәрі де спорттық баптарына әлі келе қойған жоқ. Мен олардың өз деңгейлеріне қайта оралып, қазіргі нәубет пайда болғанға дейінгі баскетбол ойынын көрсетулеріне шын жүректен тілектеспін. Бұл «Астананың» «Химкиді» түзде бірінші рет ұтуы деп ойлаймын, мен осы командаға келгелі уақыттағы, әрі мен бұған өте қуаныштымын. Енді біз түзде «Автодормен» кездесеміз, біз Нұр-Сұлтанға қайтпай, тынығып алуға уақыт жеткілікті болу үшін тікелей Саратовқа барамыз. Жақсы ойын өткіземіз деп үміттенемін.

Салдары: «Химки» турнир кестесінде бір саты төмен сырғып, сегізінші орынға табан тіреді. Ал «Астана» болса, жоғары өрлеп, Мәскеу командасының өкшесін басып, 9-орынға орналасты.

Келесі матч: 22 қазан күні Эмиль Райковичтің шәкірттері тағы да ВТБ Бірыңғай лигасы аясында түзде додаға түседі. Олар елге де қайтпай, Саратовқа сапар шегіп, онда жергілікті «Автодормен» додаға түседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

# Тәж індетінен сақ болып, «Астанаға» жақ болыңыздар!

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1997 Клубтық түстері: сары, көк
Мемлекет: Ресей Арена: Мытищи Арена
Қала: Химки Сайт: bckhimki.ru

Сипаттамасы

«Химки» – ресейдің ерлер арасындағы баскетбол клубы, Мәскеу облысынан.

Жетістіктері:
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 2006, 2008, 2009, 2010, 2011, 2012, 2013, 2015, 2017, 2018, 2019
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2007
  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2008
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы – 2010/2011
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2014/2015, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019
  • ULEB Еуропа кубогының финалына шыққан – 2008/2009
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2005/2006
  • FIBA Еуролигасы «Төртеу финалында» додаға түскен – 2004/2005
  • ВТБ Бірыңғай лигасы «Төртеу финалында» додаға түскен – 2009/2010
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2011/2012, 2014/2015

Команданың жалпы суреті

Химки