«Астана» баскетбол клубы тағы да жолға шығып, бұл жолы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Мәскеу облысының «Химки» клубына қонаққа барады. Матч дүйсенбі күні, 19 қазанда, астана уақытымен 22:30-да басталады.
«Химки» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Мәскеу облысынан, 1997 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында бақ сынайды.
Жетістіктері:
Команда құрамы:
Былтырғы маусымдағы баскетболшыларының көбісі Мәскеу облысындағы жылы орындарын өзгерткен жоқ. Десек те, қайсыбіреулері маусым аралығында командадан кетіп қалды. Олардың ішінде, америкалық шабуылшы Энтони Гилл – орны толмас ойыншыға татитындай саңлақ. Ол команданың бетке ұстар көшбасшысы болмаса да, көп пайда келтіретін ойыншы болатын. Сондай-ақ, командадан америкалықтар Томас Робинсон мен Крис Крамер де кетті. Статистикаларына қарап, «олар былтыр команданы алға сүйрегендердің бірі еді» деп айту қиын. Сонымен қатар, биылғы маусымға тіркелгендер қатарында Ресейдің әйгілі ойыншысы Тимофей Мозгов та жоқ. Осы ретте айта кетуге тиіспіз, ол былтыр ВТБ Бірыңғай лигасы аясында бірде-бір ойын өткізген жоқ болатын.
«Химкимен» өз келісімшарттарын 9 ойыншы бірдей ұзартты, олардың бесеуі ресейлік емес ойыншылар: латыштар Янис Тимма мен Дайрис Бертранс, швед Йонас Жеребко, серб Стефан Йович және америкалық Девин Букер. Ресейлік ойыншылардан Ресей баскетболының жарық жұлдыздарының бірі Алексей Швед те Мәскеу облысы командасымен өз келісімшартын ұзарты. Сонымен қатар, командада Сергей Моня, Вячеслав Зайцев және Сергей Карасев секілді тәжірибелі ойыншылар да қалды.
Енді, дәстүрлі түрде, жаңа ойыншыларына тоқталып өтейік. Америкалық ауыр шабуылшы Джордан Микидті «Химкидің» жаңа ойыншысы деуге де келмейді. Өйткені ол 2018/2019 маусымында осы командада ойнаған. Ал, өткен маусымды ол қайсыбір ұжымда емес, Испанияның «Реал Мадрид» клубы сапында өткізді. Джордан Мики Испания мен Ресейге дейін Америка Құрама Штаттарында, «Бостон Селтикс» және «Майми Хит» секілді NBA лигасындағы командаларда ойнаған. Сондай-ақ, ол NBA Жетілу лигасындағы «Мэн Ред Кловс» командасында өнер көрсетті. Келесі кезектегі ойыншы – орталық шептегі американдық Грэг Монро. Міне, ол ВТБ Бірыңғай лигасында, Мәскеу облысы командасының сапында, алғаш рет ойнап жүр. Бұған дейін ол NBA-да біраз шыңдалып, «Милуоки Бакс», «Финик Санз», «Бостон Селтикс», «Торонто Рэпторс» және «Филадельфия Севенти Сиксерс» командаларының намысын қорғаған. Ал өткен маусымды Грэг немістің «Бавариясында» өткізді. Аса тәжірбиелі ресейлік ойыншы Егор Вяльцев Мәскеу облысы командасында көптен бері жүр. Бірақ өткен маусымды «Химки-Подмосковье» сапында өткізіп, команда намысын Ресей Суперлигасында қорғады. Биылғы маусымда ол клубтың негізгі құрамы мен ВТБ Бірыңғай лигасына оралды. Ресей қорғаушысы Евгений Воронов ВТБ Бірыңғай лигасы құрылмай тұрып, «Локомотив», «Динамо Санкт-Петербург», «ЦСК ВВС-Самара», УНИКС, «Красные Крылья» және «Динамо Мәскеу» сынды командаларда ойнаған. Ал ВТБ Бірыңғай лигасында ЦСКА, «Триумф», «Локоматив-Кубань» және қайтадан УНИКС командалары сапында өнер көрсетті. Соңғы үш маусымды да ВТБ Бірыңғай лигасында, «Зенит» командасының құрамында өткізді. Жас шабуылшы Владислав Одиноков биылғы маусымда «Химки» сапында, ВТБ Бірыңғай лигасында алғаш рет додаға түсті.
Бас бапкер:
Команданың бапкерлері құрамы былтырғы маусыммен салыстырғанда, титтей де өзгерген жоқ және толықтай литвалық жаттықтырушылардан құралады. Оны сол бұрынғысынша Римас Куртинайтис басқарып, бас бапкер қызметін атқарады. Ал оған көмектесетіндер де Литва мамандары – Робертас Кункаитис, Ауримас Ясиленис и Гедриус Куртинайтис.
Команда көшбасшылары:
«Химки» әзірше ВТБ Бірыңғай лигасы аясында төрт ойын өткізді. Сол ойындарының нәтижелеріне қарап, командаға көп пайда келтіріп жүрген ойыншыларды байқауға болады. Осы өткен ойындарда «Химкидің» легионерлері өздеріне артылған сенімді ақтай білді, қазір команданың көшбасшылары – Джордан Мики, Дайрис Бертранс және Йонас Жеребко сынды ойыншылар. Девин Букер мен Грэг Монро да жоғары нәтиже көрсетіп жүр. ВТБ Бірыңғай лигасындағы соңғы ойынында ғана алаңға шыққан Егор Вяльцев матчтың үздік ойыншысы атанды. Сонымен қатар, Янис Тимма да, Сергей Карасев те, Вячеслав Зайцев те, Сергей Моня да үмітті ақтап келеді. Ал Алексей Швед болса, ВТБ Бірыңғай лигасында әлі бірде-бір ойын өткізген жоқ. Алайда осыдан бірер күн бұрын Алексейдің отбасысынан қуанышты хабар жетіп, оның сәби сүйгені (қыз бала) мәлім болды. Біздің клуб та Алексейді осы қуанышымен құттықтайды.
Турнир кестесіндегі жағдай:
Мәскеу облысының «Химки» командасы ВТБ Бірыңғай лигасында төрт ойын өткізіп үлгерді. Бірақ олардың бастапқы қарқындары өздері жоспарлағандай аса сәтті болып шықпады. Олар осы төрт ойынның екеуінде ғана жеңіске жетті. Химкиліктер әуелі, өз алаңында Петербордың «Зенитіне» есе жіберіп алды. Одан кейін түзде «Нижний Новгород» клубынан ұтылып қалды. Бірақ бұдан соң түзде «Енисейден» және өз алаңында «Калевтен» үстем түсті. Осы ойындардың нәтижелері бойынша «Химки» турнир кестесінің жетінші сатысында тұр. «Астана» болса, екі рет ұтылып қалып, көш соңындағы екі орынның біріне табан тіреді. Бірақ «Химкимен» өтетін ойын қарсаңында құрамын күшейтіп, сапын біраз уақыт сарыла күткен екі ойыншымен толықтырды – Девин Марбл және Оярc Силиньш. Енді бұл екеуі тез арада командаға судай сіңіп, алдағы матчта көмектерін тигізеді деп үміттенеміз.
Кездесулер тарихы:
«Астана» мен «Химки» өзара 23 рет кездесті. «Астана» Мәскеу облысы клубымен болған ойындардың тек үшеуінде ғана жеңіске жетті. Оның екеуіне елорда клубы тым ертеректе қол жеткізген – 2011/12 және 2012/13 жылдар маусымында. Соңғы Қазақстан жеңісі 2018 жылдың наурыз айында жүзеге асты. Сонымен қатар, биыл ақпан айында, Нұр-Сұлтанда өткен екеуара соңғы ойында, химкиліктер жеңісті уыстарынан шығарып ала жаздап, небәрі 3 ұпай айырмасымен ұтып кеткен болатын.
Қызықты деректер:
Матч дүйсенбі күні, 19 қазанда Химкидегі Мәскеу облысының Баскетбол орталығында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 22:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар, QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |