«Астананың» Мәскеу түбіндегі ерлігі және ВТБ лигасындағы биылғы бірінші жеңісі

20.10.2020, 13:30    Оқылғаны: 522
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Шектен тыс шиеленісті өткен, ВТБ Бірыңғай лигасының түздегі матчында «Астана» баскетбол клубы Мәскеу облысының «Химки» командасымен додаға түсіп, ойынның басым бөлігінде басымдық танытты да, кездесу соңындағы триллерде жеңісті жұлып алды.

Біздің команданың Мәскеу облысына барған сапары өте маңызды еді. Себебі бұған дейінгі екі ойында да жеңілістің кермек дәмін татып, әлі жеңіске жеткен жоқ болатын. Бірақ біздің команданы Мәскеу түбінде жергілікті «Химки» клубы күтіп отырғанын, ал бұл клубтың шынымен де Еуропадағы азулы ұжымдардың бірі екенін де ұмытпауымыз керек. Бірақ ашығын айтуға тиіспіз, «Химки» қазір қиын-қыстау кезеңге тап болып отыр, жарақаттанып қалған және коронавирус сынамасынан өтпеген ойыншылары өте көп. Әрине, мұның бәрі олардың ойын өрнектері мен құрамдарына кесірін көп тигізді. Мәселен, Еуропа кубогы жолындағы соңғы кездесулерінде химкиліктер ықшамдалған құрамда ойнауға мәжбүр болды: бір ойында 8 ойыншымен додаға түссе, екіншісінде Римас Куртинайтистің қарамағында тіпті 7 адам ғана болды. Бірақ «Астанамен» болатын матчқа бір тәулік қалғанда Алексей Швед, Янис Тимма, Джордан Мики және Евгений Воронов сынды «Химки» лидерлерінің қатарға қосылғандары белгілі болды. Ал біздің команданың сапары әлемдегі індеттің кесірінен біршама күрделіленіп, Мәскеуге Стамбул арқылы ұшып баруға тура келді. Осы ретте айта кетуге тиіспіз, «Астана» Мәскеу облысы алаңында әлі бірде-бір рет жеңіске жетіп көрмеген еді, сондықтан көпшілік алаң иелерінің басым түсетініне сенімді болды. Енді бір қызықты дерек, бұл ойында біздің команданың сапында алғаш рет Оярс Силиньш ойнады.

Ортаға лақтырылған допты алаң иелері іліп әкетіп, Янис Тимма бірінші шабуылда-ақ «Химкидің» жеңіске деген құлшыныстары зор екенін сездірді. Ол Алексей Шведтің пасын үш ұпайлық соққымен сәтті аяқтады. Біздің команда бірден жауап қайтара алмады. Ал бір минуттан астам уақыттан кейін тіпті бес ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Оның алдында доптан айырылып қалған Николай Бажин қатесін түзеп, үш ұпайлық соққысымен «Астана» үшін есеп ашты. Ал Майкл Томпсон іле-шала есепті теңестірді. Осыдан кейін таразы басы екі жаққа кезек ауып, теңселіп тұрды. Біресе бір команда, біресе екіншісі алға шығып, ешқайсысы да құйрық үзіп кете алмады. Таблода көбінесе тепе-тең сандар жанып тұрды. Кезеңнің екінші жартысында алаң иелері біраз уақыт алда тұрды, бірақ ұзап кете алмады. Матчтың бірінші ширек бөлігінде олар ең көбі бес ұпаймен алға озды. Ал алғашқы он минут аяқталғанда, Қазақстан командасы небәрі 4 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Екінші кезеңде «Астана» алыстан көздеуді бастап, үш ұпайлық соққылары химкиліктердің шығыршығына адам қызығарлықтай тұрақтылықпен дәл түсіп отырды. Рустам Мырзағалиев те, Джеремайя Хилл де мергендіктерімен көзге түсті, сондай-ақ астаналықтардың жейдесін алғаш рет киген Оярс Силиньш те көсіле сілтеді. «Химки» алыстан қарша бораған дәл соққыларды мүлде күтпеген еді, сондықтан біздің команданы алға шығарып алды. Бұдан кейін алаң иелері біршама жинақталғандай болды, бірақ енді біздің алып ойыншылар іске кірісті. Дмитрий Гаврилов есеп айырмасын жеті ұпайға жеткізсе, Адонис Томас осы басымдықты уыстан шығармауға өз үлесін қосты. Бұдан кейінгі бір минуттан астам уақыта біздің жігіттердің ойын өрнектері үйлеспей, алаң иелері есепті тез теңестіріп алды. Эмиль Райковичке тайм-аут алып, біздің жігіттерді «сілкілеп» алуға тура келді. Әрі бұл нәтиже беріп, «Астана» матчтың бірінші бөлігін аса жоғары деңгейде тәмамдап, Адонис Томас екі кезеңнен кейінгі есепті «Астана» үшін + 4 айырмасымен түйіндеді. Ойынның бірінші жартысында «Астана» өте жақсы ойнады. Көсіле сілтеген де, жаза басқан да сәттері болды, бірақ өрескел қателіктері болған жоқ. Алаң иелері туралы да тура осылай айтуға болады, жалпы, ойын шектен тыс тартысты және тең дәрежеде өтіп жатты.



Үшінші кезең Джеремайя Хилл мен Николай Бажин жұбының алаң иелерінің қорғанысын қирата ентелеген шабуылдарымен басталып, біздің команданың басымдығы тағы бес ұпайға артты. Сөйтіп, есеп айырмасы екі таңбалы санды жуықтайтын шамаға жетті. Біздің команданың қарқынын өзінің данктерімен «Астананың» шығыршығын тас-талқан қылған Девин Букер де тоқтата алмады. «Астана» тізгін тартпай, сол баяғы Джеремайя Хилл есеп айырмасын 10 ұпайға дейін жеткізді. Алаң иелері қанша тырысса да, олардың әрбір шабуыдарына біздің жігіттер лайықты түрде жауап тауып отырды. Әрі екі таңбалы басымдықты ұстап тұрды. Үшінші кезеңнің бітуіне үш минут қалғанда Оярс Силиньш кезекті үш ұпайлық соққысын шығыршыққа дөп түсіріп, «Астана» +15 ұпаймен алға озды. Хилл Гавриловтың тамаша пасын данкпен аяқтап, есеп айырмасын 17 ұпайға жеткізді. «Химки» үшінші кезең аяқталғанша есеп айырмасын біраз қысқартты. Әйтсе де, соңғы кезеңнің алдында 13 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Алайда «Химки» беріле салатын команда емес, әрі 13 ұпай олардың сағын сындыратындай басымдық емес. Жалпы, 10 минуттың ішінде емін-еркін қуып жетуге болады. Матчтың төртінші ширек бөлігінде алаң иелері осыны іс жүзінде дәлелдей бастады. Кезең басында Дмитрий Гаврилов нысананы дәл көздеп, шұғыл өзгеріс байқалмағанымен, алаң иелері бірте-бірте ойын тізгінін өз қолдарына ала бастады. Олар өкпек шабуыдарымен есепті қысқартуға кірісті. Кезеңнің бел ортасында, яғни матчтың аяқталуына 5 минут қалғанда олар небәрі 5 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Адонис Томастың орындауындағы маңызды «энд уан» да «Химкидің» қарқынына тоқтата алмады. Ал бұдан кейінгі үш минут Эмиль Райковичтің командасы үшін апатқа ұшыраумен тең болды. Себебі олар осы уақыт аралығында бірде-бір ұпай еншілей алмай діңкелеп, ал қарсыласымыз 12-0 айырмасымен сең соққандай күйге түсірді. Өйткені олар енді 4 ұпай айырмасымен алға шығып кетті. Ал матчтың аяқталуына бір минут қана уақыт қалған болатын. Жүйке қыл үстінде тұрды, тек ойыншылар ғана емес, төрешілер де қара терге түсті. Себебі бұл ойында олар бейнеқайталау операторларын әбден мезі қылған еді. Оярс Силиньш тайсалмай, маңызды үш ұпайлық соққы орындады. Рас, бірақ ол мүлт кетті. Әйтсе де, үш айып соққысын орындау құқына ие болды. Әрі үшеуін де мүлтіксіз орындап, есеп айырмасын –1 ұпайға дейін қысқартты. Яғни біздің команда үшін тәп-тәуір мүмкіндік пайда болды. Бірақ «Химки» шабуылға шығуы керек болатын. Алайда олар өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмай, мүлт кетті. Ал Адонис Томас болса, матчтың аяқталуына 15 секунд қалғанда допты шығыршыққа дәл түсірді. Енді «Астана» бір ұпай айырмасымен алға шықты. Алексей Швед те өз мүмкіндігін жүзеге асыра алмай, допты алаң сыртына шығарып алды. Әлі 8 секунд бар. «Астана» алда және доп – біздің жігіттерде. Әрине, «Химки» тезірек ереже бұзып, соңғы шыбуылды ұйымдастыруға тырысады. Олар дәл солай істеді де. Адонис Томас айып соққыларының екеуін де шығыршыққа түсіре алмай, мүлт кетті. Есімізге бірден 2017 жылдың қазан айы түсті. Онда да тура осындай жағдай болған. Сол матчта да «Астана» «Химкимен» түзде ойнап, соңғы секундтарда бір ұпай айырмасымен ұтылып жатып, екі рет айып соққыларын орындау мүмкіндігіне ие болған. Егер екеуін де шығыршыққа дөп түсірсе, жеңіске жетер еді, ал егер біреуін сәтті орындаса, ойын овертаймға ұласар еді. Алайда, «Астана» екі мүмкіндігін де мүлт жіберіп, жеңісті жұлып ала алмаған… Бірақ біз бүгінгі ойынның соңғы секундтарына оралайық. Мұнда жағдай сәл өзгешелеу еді. «Астана бір ұпай айырмасымен ұтып жатқан. Бірақ шығыршықтан қайтқан допты «Химки» ойыншылары қағып алды. Олардың енді шабуыл ұйымдастыруларына 6 секунд бар еді. Тағдыр енді біздің команданың есесін қайтарып, бағымыз жанды. Алаң иелері соңғы мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмай, мүлт кетті. Біздің команда тарихи жеңісіне қол жеткізді – 88:89. Шектен тыс шиеленісті дода, таразы басының алма-кезек екі жаққа ауып, теңселіп тұруы, бейнеқайталауларды ұзақ қарау, жүйкені жұқартқан соңғы секундтар, осының бәрін бармақтай бақ шешіп, сәті түсуі – міне, осымен бұл ойын есте сақталады.


 

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Химки» – Девин Букер біздің шығыршықты өзінің данктерімен талқандап, 30 ұпай еншіледі және 15 рет доп қағып алды. Химкиліктер сапынан тағы бір дабл-дабл орындаған Алексей Швед болды – 19 ұпай, 12 пас. Ал Вячеслав Зайцев 14 ұпай енледі.
  • «Астана» – Джеремая Хилл жай оғындай жарқылдап, допты алыстан да нысанаға алды, шығыршық түбінде де құйындай орап соқты, осылай 22 ұпай еншілеп, 7 рет доп қағып алды, 7 пас берді. Майкл Томпсон дабл-дабл орындады – 11 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 10 пас. Оярс Сильниш ВТБ Бірыңғай лигасындағы алғашқы ойынын өте жоғары деңгейде өткізді – 17 ұпай. Ал Адонис Томас бір ойында орта есеппен 16 ұпай еншілеуін жалғастырып келеді, ол бұл матчта 16 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алды.
«Химкидің» бас бапкері Римас Куртинайтис:
— Ұтылып қалғанымыз жақсы емес, әрине. Оңай болмасын білдік, өйткені бізге төрт жаңа ойыншы қосылды. Үшеуін пайдалануға тырыстым, бірақ олар ұзақ уақыт баскетбол ойнамаған. Бірден ойын ырғағын табулары қиын. Бірақ мәселе біздің жақсы ойнай алмағанымызда емес, тіптен. Мәселе – біздің матч соңында қалай ойнағанымызда. Алға шықтық, бірақ сол нәтижені уысымыздан шығарып алдық. Бұдан кейін үш ұпайлық соққыны орындатпай, ереже бұздық. Әрі өзіміз үш ұпайлық доп лақтыруды жөн көріп, шешім қабылдадық. Бес секундың ішінде жылдам қимылдап, бір ұпай еншілеу керек еді. Мұның бәрі шеберлікке жатпайды. Биылғы маусымдағы біздің басты кемшілігіміз матч соңында жеңіске жету үшін не істеу керек екенін білмей, дұрыс шешім қабылдай алмай, шарқ ұруымыз болып тұр. «Панатинаикос» клубымен ойнағанда да тура осындай жағдай болып, жеті секунд қалғанда дәл соққы орындай алмай қойғанбыз.
 

«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— Ең әуелі, мен өзімнің ойыншыларымды құттықтап, оларға бүгінгі жанкештіліктері, сондай-ақ жеңіске деген сенімдері үшін алғыс білдіргім келеді. Олар темірдей тәртіпті паш етіп, тактикалық дұрыс шешімдер қабылдады. Мұның бәрін біз жаттығу кездерінде машықтанғанбыз. Сонымен қатар, «Химки» ойыншыларын да атап өткім келеді. Олардың ойын кестелері өте күрделі және құрамдары селдіреп қалған. Сонда да олар «Реал» және «Баскония» клубтарымен аянбай тайталасты. Құрамдарында жеті-сегіз адам ғана болды. Ал бірнеше ойыншылары енді ғана қатарға қосылып, алаңға оралды. Бұл жерде мен Шведті, Тимманы, Миккиді, Вороновты меңзеп отырмын. Олардың бәрі де спорттық баптарына әлі келе қойған жоқ. Мен олардың өз деңгейлеріне қайта оралып, қазіргі нәубет пайда болғанға дейінгі баскетбол ойынын көрсетулеріне шын жүректен тілектеспін. Бұл «Астананың» «Химкиді» түзде бірінші рет ұтуы деп ойлаймын, мен осы командаға келгелі уақыттағы, әрі мен бұған өте қуаныштымын. Енді біз түзде «Автодормен» кездесеміз, біз Нұр-Сұлтанға қайтпай, тынығып алуға уақыт жеткілікті болу үшін тікелей Саратовқа барамыз. Жақсы ойын өткіземіз деп үміттенемін.

Салдары: «Химки» турнир кестесінде бір саты төмен сырғып, сегізінші орынға табан тіреді. Ал «Астана» болса, жоғары өрлеп, Мәскеу командасының өкшесін басып, 9-орынға орналасты.

Келесі матч: 22 қазан күні Эмиль Райковичтің шәкірттері тағы да ВТБ Бірыңғай лигасы аясында түзде додаға түседі. Олар елге де қайтпай, Саратовқа сапар шегіп, онда жергілікті «Автодормен» додаға түседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

# Тәж індетінен сақ болып, «Астанаға» жақ болыңыздар!



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»