Үш аптаға созылған үзілістен кейін «Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасындағы ойындарын жалғастырады. Алдағы жексенбіде біздің жігіттер түзде «Автодормен» маңызды ойын өткізіп, өткен маусымдардағы бас бапкері Эмиль Райковичке қарсы ойнайды. Ол биылғы маусымның басында Саратов ұжымымен құйындай орап соғып жүр. Матч жексенбі күні, яғни 7 қарашада Саратов қаласында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де.
«Автодор» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Саратов қаласынан. 1960 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, FIBA Еуропа кубогы додасында өнер көрсетеді.
Жетістіктері:
Команда құрамы:
ВТБ Бірыңғай лигасының былтырғы додасында, маусым соңына дейін, Саратов командасының құрамында небәрі 9 ойыншы ғана қалды. Биыл сол тоғыздың төртеуі ғана “Автодормен” келісімшарттарын ұзартты. Саратовтан маусым аралығында кетіп қалғандар – америкалықтар Нейт Мейсон мен Маркел Старкс, сондай-ақ біздің команданың сербиялық бұрынғы ойыншысы, орталық шептегі Душан Ристич. Сонымен қатар, ресейлік ойыншылар Егор Бестужев пен Никита Михайловский де команда сапына тіркелмеді. Ал Саратовта қалғандар: жалғыз легионер – хорват Желько Шакич және ресейліктер – Евгений Минченко, Александр Петенев, Антон Квитковских.
Саратов командасын биылғы маусымда үш америкалық толықтырды. Орталық шептегі Джерретт Грэнт карьерасын АҚШ-та бастап, NBA Жетілу лигасындағы “Тулса Сикстисиксерс”, “Оклахома Сити Блю”, “Айдахо Стемпейд” және “Кантон Чардж” командаларында ойнаған. Әрі NBA-ның өзінде ойнап, “Оклахома Сити Тандер” және “Юта Джазз” клубтарының намысын қорғаған. Одан кейін Азияда өнер көрсетіп, қытайдың “Бейджинг Дакс” және жапонның “СиХорсес Микава” командаларында болды. Бұдан соң Босния және Герцеговинаға барып, “Игокеа” құрамында осы елдің Кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ немістің “Ратиофарм Ульм” командасында бір маусым ойнады. Былтырғы маусымды Джерретт Түркияның “Дарюшафака Текфен” командасы сапында өткізді. Шабуылшы Джэрон Джонсон да өзінің кәсіби карьерасын NBA Жетілу лигасындағ бірақ “Рио Гранде Валлей Вайперс” құрамында бастаған. Содан соң Австралияның “Пертф Уайлдкэтс”, Израильдің “Ирони Нес Зиона” командаларында ойнап, соңғы маусымдарды ол Францияда, “Леваллуа Метрополитанс”, “Элан Шалон” және “ЖДА Дижон” командалары сапында өткізген. Ал шабуылшы Ди Джей Фандерберк “Автодорға” дейін тек NBA Жазғы лигасындағы “Юта Джазз” сапында тәжірибе жинаған. Сондай-ақ, Саратов ұжымын екі Канада ойыншысы толықтырды. Қорғаушы Филип Скрабб ВТБ Бірыңғай лигасына алғаш рет келіп отырған жоқ. Грекияның “АЕК” және бірнеше маусым немістің “Скайлайнерс Франкфурт” сапында ойнап, соңғысымен Еуропа кубогын жеңіп алып, Санкт-Петербургтің “Зенитінде” шыңдалған. Содан кейін Испанияның “Эстудиантес”, Францияны “Лимож” және Канаданың “Ниагара Риверс Лионс” командалары сапында ойнаған. Ал канадалық қорғаушы Кенни Чери ВТБ Бірыңғай лигасынына биыл бірінші рет қосылды. Бұған дейін ол Венгрияның “Альба Фехервар”, Испанияның “СиБи Севилья” және “Гипузкоа Баскет”, Францияның “Балазак Баскет Дордоне” және “Нантерре 92” командаларында ойнап шығып, былтырғы маусымды Италияның “Брешиасында” өткізген. Ресейлік ойыншылардан, УНИКС сапындағы төрт маусымнан кейін Саратовқа тәжірибелі қорғаушы Евгений Колесников оралды. Сондай-ақ команда құрамын тағы бір тәжірибелі қорғаушы нығайтты, ол бірнеше маусым бойы УНИКС (Қазан), “Зенит” және “Спартак” командаларында өнер көрсеткен – Павел Сергеев.
Бас бапкер: “Автодор” — бас бапкерін жиі ауыстыратын команда ретінде танымал ұжым. Биыл да сол үрдіс сақталды. Былтырғы маусымды “Автодордың” бас бапкері қызметінде тәмамадаған Ресей маманы Владислав Колесниковті Солтүстік Македония маманы Эмиль Райкович алмастырды. Саратов командасының жаңа бас бапкері туралы жазудың да қажеті жоқ. «Астананың» барлық жанкүйерлері оны жақсы біледі. Себебі соңғы үш маусымда ол біздің команданың тізгінін өз қолында ұстаған. Сонымен қатар, “Астананың” тағы бір бұрынғы жаттықтырушысы, яғни серб Марко Величкович те саратовтықтардың бапкерлері құрамына ілінді. Ал оларға бұрынғысынша тек Владислав Коновалов көмектесетін болады.
Команда көшбасшылары: ВТБ Бірыңғай лигасындағы төрт ойыннан кейін Саратов командасында тиімділігі жағынан да, нәтижелілігі жағынан да канадалық Кенни Чери үздік ойыншы болып саналады. Солтүстікамерикалық қалған легионердің төртеуі де, атап айтқанда, Ди Джей Фандерберк, Филип Скрабб, Грэнт Джеретт және Джэрон Джонсон одан қалысып жатқан жоқ. Төрт ойыннан кейін олардың төртеуі де тиімділігі жағынан да, нәтижелілігі жағынан да екі таңбалы санға тең көрсеткішпен сенімді ақтап жүр. Ресейлік ойыншылардан Павел Сергеев пен Евгений Минченко ерекше көзге түсіп келеді.
Турнир кестесіндегі жағдай: “Астана” қазір екі жеңісімен және бір жеңілісімен бесінші орында тұр. “Автодор” да бір рет қана ұтылған, бірақ үш рет жеңіске жетті. Әрі соңғы ойында олар Лиганың алпауыт ұжымының бірі, Қазанның УНИКС командасын сан соқтырып кетті. Сонымен қатар, Саратов ұжымының Еуропа кубогында да табысты ойын өрнегін көрсетіп жүргенін айта кеткен жөн. “Автодор” өз тобында 4 ойын өткізіп, төртеуінде де жеңіске жетті, әрі әлден келесі кезеңде өнер көрсету құқығына ие болды.
Кездесулер тарихы: “Астана” мен “Автодор” өз тарихтарында 16 рет кездесті. ВТБ Бірыңғай лигасы аясында командалар 13 ойын өткізіп, Саратов ұжымының қазақстандықтардан бір жеңісі артық болып тұр – 7:6.
Қызықты деректер:
Матч жексенбі күні, яғни 7 қарашада Саратовтағы «Кристалл» спорт сарайы алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.
Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Астана» баскетбол клубының түзде Саратовтың «Автодорымен» өткен кездесуі триллер жанрының үздік жоралғыларына бергісіз болып, шектен тыс шиеленісті додада ойын тізгіні алма-кезек екі жаққа ауысып отырды. Жүректі қобалжытқан матч соңында алаң иелерінің бақтары жанып, біздің жігіттер бір ұпай айырмасымен жеңісті уыстарынан шығарып алды. Әрі бұл ойында Марк Тихоненконың өз командасына көмектесе алмағанын атап өткіміз келеді.
Доп ортада екі қайта лақтырылып, оны Скайлар Спенсер іліп алғанымен, біздің команда бірінші шабуылында ұпай еншілей алмады. Ал бұл ойындағы есепті алаң иелері ашты. Бірақ Энтони Хики қас-қағым сәтте жауап қатып, біздің ұжымның алғашқы ұпайларын қоржынға салды. Бұдан кейін кішігірім ізге түсу орын алып, “Астана” қуып жетуші рөлін атқарды. Тағы да Хики доп салып, оған Спенсер қосылды. Ал Антонио Кэмпбелл бұл матчта бірінші рет Қазақстан командасын алға шығарды. Кезеңнің ортасы спорттық әткеншек үлгісінде өтіп, екі команда алма-кезек алға шығып отырды. Осы уақыт аралығында сол үшеуі, яғни Хики, Кэмпбелл және Спенсер доп салып, ал Джейлен Бэрфорд осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Джейлен нәтижелі ойын өрнегін екі айып добымен бастап, бұдан кейін ойын барысында да доп салды. Сонымен қатар, Марчук пен Хики мергендік танытып, екеуі де саратовтықтардың шығыршығын доға сыртынан дәл көздеді. Ал Скайлар болса, допты үстіне тоғытып, тәнті қылды. “Астана” 10 ұпайдан артық есеп айырмасымен алға озып, “Автодор” кезеңнің соңғы минуттарында доп сала алмай, дал болды. Тек ең соңында екі айып соққысын мүлтіксіз орындады – 20:31. Біздің команда екінші кезеңді де сенімді түрде бастап, екі таңбалы есеп айырмасын ұстап тұрды. Бұл ретте, Энтони мен Джейлен доп салды. Ал Николай Бажин біздің басымдығымызды 15 ұпайға жеткізді. Бірақ бұдан кейін біздің команданың кежегесі кейін тартып, Дарко Руссоның шәкірттері төрт минут бойы бірде-бір ұпай ала алмай қойды. “Автодор” болса, осы уақыт ішінде есеп айырмасын 6 ұпайға дейін қысқартты. Джейлен “Астананың” ұпайсыз өткен іркілісін үзіп, үш ұпайлық соққысымен шығыршықты дәл көздеді. Бірақ екпін алған алаң иелері тізгін тартпай, үлкен үзіліске дейін екі жарым минут уақыт қалғанда, 4 ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Дмитрий Гаврилов, Рустам Мырзағалиев және Джейлен Бэрфорд тәп-тәуір серпіліс жасап, есеп айырмасын қайтадан екі таңбалы санға жеткізді. Десек те, “Астана” қарсыласының қарымта ұмтылыстарына тосқауыл бола алмай, төртұпайлық айырма қайта орнына келді – 47:57.
Бірінші кезеңде тамаша ойын өрнегін көрсеткенімізбен, екіншісінің жартысында кежегеміз кейін тартып, жиырма минут ойын уақытынан кейін 4 ұпай айырмасымен ғана алда тұрдық. Әрі біздің команда бұл басымдықты да ұстап тұра аламады. Үшінші кезеңнің басында-ақ алаң иелері ойын тізгінін өз қолдарына алып, есеп айырмасын бір ұпайға дейін қысқартты. Энтони Хики «Астананың» сусымалы басымдығвн ұстап қалуға үлес қосып, доп салды. Бірақ бір минуттан кейін “Автодор” таразы басын теңестірді. Әрі содан соң алға да шықты. Сары-көкшіл жейделілер тағы да қуып жетуші рөлінде жанталасты. Бірақ ол да мүмкін болмады. Жалпы, үшінші кезең біздің команда үшін мүлдем нәтижелі болмады. Сирек шабуылдарының кейбірінде ғана допты нысанаға дәл түсіріп отырды. Өз еншілеріне ұпайлар қосқан Кэмпбелл мен Бэрфорд қана болды. Кезеңнің соңына қарай біздің команда 9 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Әйткенмен, кезең соңында Джейлен үш ұпайлық добын дәл түсіріп, “Астана” соңғы онминуттық алдында 6 ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты – 67:61. Ойынның аяғы тым шиеленісті болатыны анық еді, әрі бәрі де дәл солай жүзеге аса бастады. Скайлар Спенсер төртінші кезеңнің басында екі шабуылын сәтті аяқтап, біздің команда есеп айырмасын 2 ұпайға дейін қысқартты. Алайда алаң иелері қайтадан қара үзе бастады. Кезеңнің бел ортасына қарай Бажин, Бэрфорд және Марчук командалар арасын қайтадан 2 ұпайға дейін жақындатты. Сәл кейінірек Энтони Хики есепті теңестіріп, қосымша айып добымен астана командасын алға шығарды. Соңғы минутқа дейін шабуыл өтіндегі Николай Бажиннің жанкештілігі мен оның мүлтіксіз орындаған айып добының, сондай-ақ Энтони Хики еншілеген ұпайлардың арқасында “Астана” осы сусымалы басымдықты ұстап тұрды. Бірақ небәрі бір ұпай айырмасымен. Соңғы минут қиян-кескі тактикалық додаға толы болды. Әрбір шабуылдан соң екі ұжымның жаттықтырушылары тайм-аут құқығын пайдаланып отырды. Әуелі “Автодор”, матчтың аяқталуына 30 секунд қалғанда, үш ұпайлық соққысын сәтті орындап, екі ұпай айырмасымен алға шықты. Бірақ келесі шабуылда Джейлен Бэрфорд де, жауап ретінде үш ұпайлық соққысын дөп түсірді. Матчтың аяқталуына 12 секунд қалып, “Астана” қайтадан бір ұпай айырмасымен алда тұрды. Алаң иелері бес секундтың ішінде допты шығыршыққа дәл түсіріп, енді олар бір ұпай айырмасымен алға шықты. Біздің ұжымның шабуыл ұйымдастыруына жеті секунд уақыт қалған еді. Бірақ бүгін сәттілік атаулысының бәрі “Автодорды” қолдап, Энтони Хики ыңғайсыз соққысымен допты шығыршыққа түсіре алмады – 83:82.
Ең көп ұпай еншілегендер:
«Автодордың» бас бапкері — Эмиль Райкович:
— Бұл жанкүйерлер үшін өте қызықты ойын болды. Өкінішке қарай, олар бүгін трибуналарда болған жоқ, олар ойынды көзбе-көз көріп, бізді қолдап отыра алмады. Біз «Астананың» биылғы маусымда өте сапалы команда екенін білдік, олар мұны бүгін де дәлелдеп шықты. Олар матчтың бірінші бөлігінде алға шығып, өте көп ұпай жинады. Бірақ біз ойынның екінші жартысында өз жоспарымызды бұлжытпай орындап, қорғаныста сауатты ойнай бастадық. Әрі ойын қорытындысында жеңіске жету мүмкіндігін таптық. Әрине, бізге команданың 7 матч бойы жеңіске жетіп отырғандығы ұнайды. Бірақ ең бастысы, деңгейімізді өсіріп, әрбір матч сайын ойын өрнегімізді жетілдіре түсу – маңызды. Бүгінгі ойынның қорытындысы бойынша, қателіктерімізді түзеу керек тұстарымыз бар. Бізде соның бәрін түзеп-өңдеуге уақыт болып, келесі ойындарда оңалыс көрсетеміз деп сенемін.
«Астананың» бас бапкері — Дарко Руссо:
— Шектен тыс шиеленісті ойын, біз 40 минут бойы арпалыстық. Біз бүгін FIBA Еуропа кубогындағы ойындарда орта есеппен 92 ұпайдан, ал ВТБ Бірыңғай лигасында 97 ұпайдан еншілейтін командамен додаға түстік. Яғни шабуылға өте бейім командамен ойнадық. Біз жеңіске өте жақын болдық, бірақ соңғы соққыларымызды дөп түсіре алмадық. Мен «Автодордың» соңғы екі шабуылындағы, қорғаныстағы өз әрекеттерімізге риза емеспін. Қалай айтсақ та, біздің мүмкіндігіміз болды, тайм-ауттарда талқылағандарымыздың бәрін де жүзеге асырдық, Мен аянбай шайқасқанымызға ризамын. Бізге бәрін ақылға салып, қорғаныста аянбау керек.
Салдары: “Астана” алтыншы орынға ығысты, әрі бүгінгі ойын күні толықтай аяқталған соң, тағы екі саты төмен сырғуы әбден мүмкін. Ал “Автодор” бүгін турнир кестесінде көш бастады, себебі УНИКС командасы ЦСКА баскетболшыларынан басым түсті.
Келесі матч: Тура бір аптадан кейін, яғни 14 қараша күні, жексенбіде астана командасы түзде ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы тағы бір ойынын өткізіп, Қазанның УНИКС командасымен кездеседі. Ал Ұлттық лига аясындағы келесі қос кездесуі өз алаңындағы алғашқы матчтар болады. 8 және 9 желтоқсан күндері Нұр-Сұлтанға Қостанайдың «Тобыл» командасы қонаққа келеді.
Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.