Саратовтағы сергелдең және Джейлен Бэрфордтың тарихи рекорды

07.11.2021, 18:30    Оқылғаны: 264
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының түзде Саратовтың «Автодорымен» өткен кездесуі триллер жанрының үздік жоралғыларына бергісіз болып, шектен тыс шиеленісті додада ойын тізгіні алма-кезек екі жаққа ауысып отырды. Жүректі қобалжытқан матч соңында алаң иелерінің бақтары жанып, біздің жігіттер бір ұпай айырмасымен жеңісті уыстарынан шығарып алды. Әрі бұл ойында Марк Тихоненконың өз командасына көмектесе алмағанын атап өткіміз келеді.

Доп ортада екі қайта лақтырылып, оны Скайлар Спенсер іліп алғанымен, біздің команда бірінші шабуылында ұпай еншілей алмады. Ал бұл ойындағы есепті алаң иелері ашты. Бірақ Энтони Хики қас-қағым сәтте жауап қатып, біздің ұжымның алғашқы ұпайларын қоржынға салды. Бұдан кейін кішігірім ізге түсу орын алып, “Астана” қуып жетуші рөлін атқарды. Тағы да Хики доп салып, оған Спенсер қосылды. Ал Антонио Кэмпбелл бұл матчта бірінші рет  Қазақстан командасын алға шығарды. Кезеңнің ортасы спорттық әткеншек үлгісінде өтіп, екі команда алма-кезек алға шығып отырды. Осы уақыт аралығында сол үшеуі, яғни Хики, Кэмпбелл және Спенсер доп салып, ал Джейлен Бэрфорд осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Джейлен нәтижелі ойын өрнегін екі айып добымен бастап, бұдан кейін ойын барысында да доп салды. Сонымен қатар, Марчук пен Хики мергендік танытып, екеуі де саратовтықтардың шығыршығын доға сыртынан дәл көздеді. Ал Скайлар болса, допты үстіне тоғытып, тәнті қылды. “Астана” 10 ұпайдан артық есеп айырмасымен алға озып, “Автодор” кезеңнің соңғы минуттарында доп сала алмай, дал болды. Тек ең соңында екі айып соққысын мүлтіксіз орындады – 20:31. Біздің команда екінші кезеңді де сенімді түрде бастап, екі таңбалы есеп айырмасын ұстап тұрды. Бұл ретте, Энтони мен Джейлен доп салды. Ал Николай Бажин біздің басымдығымызды 15 ұпайға жеткізді. Бірақ бұдан кейін біздің команданың кежегесі кейін тартып, Дарко Руссоның шәкірттері төрт минут бойы бірде-бір ұпай ала алмай қойды. “Автодор” болса, осы уақыт ішінде есеп айырмасын 6 ұпайға дейін қысқартты. Джейлен “Астананың” ұпайсыз өткен іркілісін үзіп, үш ұпайлық соққысымен шығыршықты дәл көздеді. Бірақ екпін алған алаң иелері тізгін тартпай, үлкен үзіліске дейін екі жарым минут уақыт қалғанда, 4 ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Дмитрий Гаврилов, Рустам Мырзағалиев және Джейлен Бэрфорд тәп-тәуір серпіліс жасап, есеп айырмасын қайтадан екі таңбалы санға жеткізді. Десек те, “Астана” қарсыласының қарымта ұмтылыстарына тосқауыл бола алмай, төртұпайлық айырма қайта орнына келді – 47:57.

Энтони Хики

Бірінші кезеңде тамаша ойын өрнегін көрсеткенімізбен, екіншісінің жартысында кежегеміз кейін тартып, жиырма минут ойын уақытынан кейін 4 ұпай айырмасымен ғана алда тұрдық. Әрі біздің команда бұл басымдықты да ұстап тұра аламады. Үшінші кезеңнің басында-ақ алаң иелері ойын тізгінін өз қолдарына алып, есеп айырмасын бір ұпайға дейін қысқартты. Энтони Хики «Астананың» сусымалы басымдығвн ұстап қалуға үлес қосып, доп салды. Бірақ бір минуттан кейін “Автодор” таразы басын теңестірді. Әрі содан соң алға да шықты. Сары-көкшіл жейделілер тағы да қуып жетуші рөлінде жанталасты. Бірақ ол да мүмкін болмады. Жалпы, үшінші кезең біздің команда үшін мүлдем нәтижелі болмады. Сирек шабуылдарының кейбірінде ғана допты нысанаға дәл түсіріп отырды. Өз еншілеріне ұпайлар қосқан Кэмпбелл мен Бэрфорд қана болды. Кезеңнің соңына қарай біздің команда 9 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Әйткенмен, кезең соңында Джейлен үш ұпайлық добын дәл түсіріп, “Астана” соңғы онминуттық алдында 6 ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты – 67:61. Ойынның аяғы тым шиеленісті болатыны анық еді, әрі бәрі де дәл солай жүзеге аса бастады. Скайлар Спенсер төртінші кезеңнің басында екі шабуылын сәтті аяқтап, біздің команда есеп айырмасын 2 ұпайға дейін қысқартты. Алайда алаң иелері қайтадан қара үзе бастады. Кезеңнің бел ортасына қарай Бажин, Бэрфорд және Марчук командалар арасын қайтадан 2 ұпайға дейін жақындатты. Сәл кейінірек Энтони Хики есепті теңестіріп, қосымша айып добымен астана командасын алға шығарды. Соңғы минутқа дейін шабуыл өтіндегі Николай Бажиннің жанкештілігі мен оның мүлтіксіз орындаған айып добының, сондай-ақ Энтони Хики еншілеген ұпайлардың арқасында “Астана” осы сусымалы басымдықты ұстап тұрды. Бірақ небәрі бір ұпай айырмасымен. Соңғы минут қиян-кескі тактикалық додаға толы болды. Әрбір шабуылдан соң екі ұжымның жаттықтырушылары тайм-аут құқығын пайдаланып отырды. Әуелі “Автодор”, матчтың аяқталуына 30 секунд қалғанда, үш ұпайлық соққысын сәтті орындап, екі ұпай айырмасымен алға шықты. Бірақ келесі шабуылда Джейлен Бэрфорд де, жауап ретінде үш ұпайлық соққысын дөп түсірді. Матчтың аяқталуына 12 секунд қалып, “Астана” қайтадан бір ұпай айырмасымен алда тұрды. Алаң иелері бес секундтың ішінде допты шығыршыққа дәл түсіріп, енді олар бір ұпай айырмасымен алға шықты. Біздің ұжымның шабуыл ұйымдастыруына жеті секунд уақыт қалған еді. Бірақ бүгін сәттілік атаулысының бәрі “Автодорды” қолдап, Энтони Хики ыңғайсыз соққысымен допты шығыршыққа түсіре алмады – 83:82.


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Автодор» – Біздің командаға, әсіресе ойынның екінші бөлігінде, көп қауіп төндірген Желько Шакич болды – 22 ұпай, 3 рет доп қағып алды, 5 пас. Кенни Чери 13 ұпай жинап, 6 рет доп қағып алды. Ал Ди Джей Фандерберк 11 ұпай еншілеп, 7 рет доп қағып алды және 1 блокшот.
  • «Астана» – Энтони Хики бүгін біздің команда сапындағы ең пайдалы ойыншы болды – 21 ұпай, 8 рет доп қағып алды, 6 пас, 5 рет допты тартып алды. Джейлен Бэрфорд ВТБ Бірыңғай лигасында тарихи рекорд орнатып, өзінің алғашқы 4 ойынында жүз және одан да көп ұпай еншілеген жалғыз ойыншы болды. Ол бүгін 26 ұпай олжалап, өзінің 4 матчтағы жалпы көрсеткішін 106 ұпайға жеткізді. Сондай-ақ Джейлен бүгін 5 рет доп қағып алып, 3 рет допты тартып алды. Скайлар Спенсер дабл-дабл орындауға шақ қалды – 9 ұпай және 10 рет доп қағып алды, әрі 3 блокшот. Николай Бажин матч соңында көзге түсіп, 8 ұпай жинады және 5 рет доп қағып алды. Өкінішке қарай, Антонио Кэмпбелл матч соңына дейін ойнай алмады, әйтсе де, 8 ұпай еншілеп, 3 рет доп қағып алды. Максим Марчуктің еншісінде – 5 ұпай және 5 рет доп қағып алды.


«Автодордың» бас бапкері — Эмиль Райкович:
— Бұл жанкүйерлер үшін өте қызықты ойын болды. Өкінішке қарай, олар бүгін трибуналарда болған жоқ, олар ойынды көзбе-көз көріп, бізді қолдап отыра алмады. Біз «Астананың» биылғы маусымда өте сапалы команда екенін білдік, олар мұны бүгін де дәлелдеп шықты. Олар матчтың бірінші бөлігінде алға шығып, өте көп ұпай жинады. Бірақ біз ойынның екінші жартысында өз жоспарымызды бұлжытпай орындап, қорғаныста сауатты ойнай бастадық. Әрі ойын қорытындысында жеңіске жету мүмкіндігін таптық. Әрине, бізге команданың 7 матч бойы жеңіске жетіп отырғандығы ұнайды. Бірақ ең бастысы, деңгейімізді өсіріп, әрбір матч сайын ойын өрнегімізді жетілдіре түсу – маңызды. Бүгінгі ойынның қорытындысы бойынша, қателіктерімізді түзеу керек тұстарымыз бар. Бізде соның бәрін түзеп-өңдеуге уақыт болып, келесі ойындарда оңалыс көрсетеміз деп сенемін.

«Астананың» бас бапкері — Дарко Руссо:
— Шектен тыс шиеленісті ойын, біз 40 минут бойы арпалыстық. Біз бүгін FIBA Еуропа кубогындағы ойындарда орта есеппен 92 ұпайдан, ал ВТБ Бірыңғай лигасында 97 ұпайдан еншілейтін командамен додаға түстік. Яғни шабуылға өте бейім командамен ойнадық. Біз жеңіске өте жақын болдық, бірақ соңғы соққыларымызды дөп түсіре алмадық. Мен «Автодордың» соңғы екі шабуылындағы, қорғаныстағы өз әрекеттерімізге риза емеспін. Қалай айтсақ та, біздің мүмкіндігіміз болды, тайм-ауттарда талқылағандарымыздың бәрін де жүзеге асырдық, Мен аянбай шайқасқанымызға ризамын. Бізге бәрін ақылға салып, қорғаныста аянбау керек.     

Салдары: “Астана” алтыншы орынға ығысты, әрі бүгінгі ойын күні толықтай аяқталған соң, тағы екі саты төмен сырғуы әбден мүмкін. Ал “Автодор” бүгін турнир кестесінде көш бастады, себебі УНИКС командасы ЦСКА баскетболшыларынан басым түсті.

Келесі матч: Тура бір аптадан кейін, яғни 14 қараша күні, жексенбіде астана командасы түзде ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы тағы бір ойынын өткізіп, Қазанның УНИКС командасымен кездеседі. Ал Ұлттық лига аясындағы келесі қос кездесуі өз алаңындағы алғашқы матчтар болады. 8 және 9 желтоқсан күндері Нұр-Сұлтанға Қостанайдың «Тобыл» командасы қонаққа келеді.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»