ВТБ Бірыңғай лигасы 2021/2022
Зенит
Санкт-Петербург
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
04.10.2021, 22:00 Дс
Арена: «Сибур Арена» (Санкт-Петербург)
69:83
Негізгі уақыт
15:25 29:14 11:26 14:18
Ойын нөмірі: RS-9
Көрермен: 452
Астана
Астана

«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасының жаңа маусымын түзде «Зенитпен» бастайды

03.10.2021, 10:15    Просмотров: 201
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
Биылғы маусымды Ұлттық лига аясындағы матчтармен бастап, «Атырау Барыстарынан» екі рет басым түскен «Астана» баскетбол клубы енді ВТБ Бірыңғай лигасындағы ойындарын да бастайды. Бұл ретте, Астана командасының бірінші қарсыласы – былтырғы маусымда жартылай финалға дейін жеткен Санкт-Петербургтің «Зениті». Матч дүйксенбі күні, яғни 4 қазанда, Ресейдің солтүстік астанасында, астана уақытымен 22:00-де басталады.

«Зенит»
 – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Санкт-Петербург қаласынан. 2014 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері − 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018, 2019/2020
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018, 2019/2020
  • ВТБ Бірыңғай лигасы Суперкубогының күміс жүлдегері − 2021
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2015/2016


Баскетбольный клуб Зенит 2021/2022

Команда құрамы:

Петерборлық клуб былтырғы маусыммен салыстырғанда, құрамының жартысын сақтап қалды. Маусым аралығында командадан америкалық ойыншылар Остин Холлинс, Уилл Томас, Тарик Блэк және канадалық Кевин Пангос кетіп қалды. Ресейлік ойыншылардан Виталий Фридзон мен Владислав Трушкин де кетті. Ал Дмитрий Хвостов “Нижний Новгород” командасына ауысты. “Зениттің” жаттықтырушыларының қол астында америкалықтар Билли Бэрон мен Алекс Пойтресс, поляк Матеуш Понитка және литвалық Артурас Гудайтис қалды. Сонымен қатар, ресейлік бес ойыншы қалды – Денис Захаров, Антон Пушков, Андрей Зубков, Игорь Вольхин және Максим Карванен.

Санкт-Петербург клубын биыл бес легионер толықтырды, олардың – төртеуі америкалықтар да, біреуі литвалық ойыншы. Осы жаңа ойыншыларының бірі – NBA чемпионы. Америкалық қорғаушы Джордан Микиді тәптіштеп таныстырудың қажеті де жоқ. Ол былтырғы маусымда “Химки” (Мәскеу облысы) командасының бетке ұстар көшбасшыларының бірі болған. Ал қалған америкалық ойыншылар ВТБ Бірыңғай лигасына алғаш рет келіп отыр. Джордан Лойд – америкалық қорғаушы, ол өз мансабын NBA Жетілу лигасындағы “Форт Уэйн Мэд Энтс” сапында бастап, одан кейін Израильдегі “Хапоэл Эйлат” командасына ойысқан. Бұдан кейін Лойд АҚШ-қа оралып, “Торонто Рэпторс” сапына іліккен. Ол бұл команданың негізгі құрамында да, “Рэпторс 905” деп аталатын фарм командасында да өнер көрсеткен. Сол маусымда Торонто командасымен NBA чемпионы болған. Одан кейін Испанияның “Валенсия” және Сербия “Црвена Звезда” командаларында ойнаған. Соңғысымен Джордан Лойд Сербия чемпионы болып, кубогын да жеңіп алады. Әрі Адриатика лигасының чемпионы болған. Америкалық қорғаушы Коннер Фрэнкэмп жеткіншектер арасындағы АҚШ құрамасы сапында U-17 жас шамасындағы әлем чемпионы болған. Кәсіби карьерасында ол Болгарияның “Беро”, Грекияның “Ретымно Кретан Кингз” және Испанияның “Мурсия” командаларында ойнап шыққан. Қорғаушы Шабазз Напьер NBA додасында өте көп тәжірибе жинаған. Ол “Майами Хит”, “Орландо Мэджик”, “Портленд Трэйл Блэйзерс”, “Бруклин Нетс”, “Миннесота Тимбервулвз” және “Вашингтон Уизардс” клубтарында ойнаған. Бірақ ол әзірше, яғни командаға ауысу кезеңі басталғанша, ВТБ Бірыңғай лигасына ойнай алмайды. Литва шабуылшысы Миндаугас Кузминскас ВТБ Бірыңғай лигасына барлық жанкүйерлеріне мейілінше таныс. Ол бұған дейінгі маусымдарда “Локомотив-Кубань” командасы сапында өнер көрсеткен. Маусым аралығында “Зенитке” ресейлік екі тәжірибелі ойыншы қосылды. Шабуылшы Сергей Карасев “Химки” сапындағы екі маусымнан кейін Санкт-Петербург командасына оралды. Қорғаушы Дмитрий Кулагин болса, “Зенит” сапында сонау 2014/2015 маусымында ойнаған. Міне, бес маусымнан кейін, яғни ЦСКА мен “Локомотив-Кубань” клубтарындағы өнерінен кейін, ол да “Зенитке” қайта оралып отыр. Сонымен қатар, команда өз құрамына бір жас шабуылшы тіркеді, ол – Андрей Топтунов.

Бас бапкер: Санкт-Петербург командасының жаттықтырушылары осымен үшінші маусым бойы өзгерген жоқ. Бас бапкер қызметін Испания маманы Хави Паскуаль атқарады, ал оған тағы бір испан маманы Иньиго Зорзано, грек Адамантиос Панагиотопулос және ресейлік Сергей Вознюк көмектеседі.

Турнир кестесіндегі жағдай: “Астана” үшін бұл матч ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымындағы алғашқы ойын болса, “Зенит” бір ойын өткізіп үлгеріп, Эстонияның “Калев” командасынан басым түсті. Осы жеңісінің арқасында Петербор ұжымы үшінші орынды иеленіп тұр. Бірақ бұл маусымның басы ғана, оның үстіне бес команда әлі бірде-бір ойын өткізген жоқ. Осы ретте атап өткен жөн, “Зенит” қыркүйек айында ВТБ Суперкубогының күміс жүлдегері атанды. Ал 1 қазанда өте шиеленісті ойын өткізіп, Еуролига додасы аясында жеңіске жетті (+1). Нақтырақ айтқанда, Қазанда ВТБ Бірыңғай лигасының тағы бір азулы ұжымын, яғни УНИКСті ұтты.

Команда көшбасшылары: “Калевпен” қткен ойында команданың нағыз кқшбасшысы америкалық Джорда Мики болды. Артурас Гудайтис, Миндаугас Кузминскас және Андрей Зубков та ерекше көзге түсті. Ал жақында ғана Еуролига додасы аясында УНИКСпен өткен матчта көшбасшы рөлін америкалықтар Коннер Фрэнкэмп, Билли Бэрон және Джордан Лойд атқарды.

Кездесулер тарихы: “Астана” мен “Зенит” 13 рет додаға түсті, екеуара кездесулерде негізінен петерборлық ұжым басым түсіп жүр. Жалпы есеп – 9:4.

Матч дүйсенбі күні, яғни 4 қазанда Санкт-Петербургтегі «Сибур Арена» алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 22:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Үш ұпайлық соққылар шеруі және «Астананың» Санкт-Петербургтегі екінші жеңісі

05.10.2021, 00:15    Просмотров: 376
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымдағы алғашқы матчын Ресейдің солтүстік астанасында өткізіп, өте азулы командамен, яғни жергілікті “Зенитпен” додаға түсті. Айта кетуге тиіспіз, ойынға дейін бұл кездесуде алаң иелерінің жеңіске жететініне шүбә келтірмегендер көп болды. Әрі мұндай болжамға дәйек те жеткілікті еді. Бұл ретте, екеуара матчтарда «Астананың» «Зенитиен» ойсырай ұтылып жүргендігі, ал оның алаңында бір мәрте ғана, сонау 2015 жылы, жеңіске жеткендігі ескерілді. Ал бұл ойынға «Зениттің» бас бапкері өздерінің бірнеше көшбасшысын шығарған жоқ – Джордан Микиді және Билли Бэронды. Мүмкін Джордан мен Билли жарақаттанып қалған болар немесе Паскуале елордалықтарды аса қиналмай ұтатындарына сенімді болып, аталған екі ойыншыны тынықтырып алғысы келді ме, белгісіз. Егер ол осылай ойласа, онда қатты қателесті. «Астана» өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, алаң иелерін ойсырата жеңді. Енді, бәрін де ретімен баяндайық.

Ортада жоғары лақтырылған допты біздің команда іліп әкетті. Бірақ бірінші шабуылымыз нәтижелі болмады. Николай Бажин мүлт кетті. Алайда Энтони Хики алаң иелерінен допты тез алып алды да, тағы да Бажинді шабуыл өтіне шығара қойды. Бұл жолы Коля жерге қаратқан жоқ, осы ойында есеп ашып, әрі “Астананың” Бірыңғай лигасының биылғы маусымдағы алғашқы ұпайларын қоржынға салды. Ал “Зенит” таразы басын теңестіруге “асықпады”. Есесіне, Бэрфорд ВТБ лигасындағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Тек осыдан кейін ғана, алаң иелері біздің шығыршығымызға жол тауып, айып соққысынан бір доп салды. Бұдан кейін Энтони Хики тырнақалды ұпайларын еншілеп, үш ұпайлық соққысын дөп түсірді. Джейлен Берфорд тағы екі ұпай олжалап, Максим Марчук алыс қашықтықтан мергендік танытты. Осы уақыт аралығында петерборлықтар өз еншілеріне екі ұпай ғана қосты. “Астана” есеп айырмасын екі таңбалы санға тірей түсті де, Хави Паскуаленің, яғни алаң иелері бас бапкерінің, тайм-аут алғаннан басқа амалы қалмады. Осыдан кейін петерборлықтар нәтижелі ойын үлгісін көрсете бастады. Бірақ “Астана” да қарқынын бәсеңсіткен жоқ. Марчук тағы да доға сыртынан мергендік танытты. Әрі есеп айырмасы осы ойында бірінші рет екі таңбалы санға тең болды. Ал Бэрфорд пен Хики салған доптар есеп айырмасын он ұпай шамасында ұстап тұрды. Бірінші кезеңнің соңында Скайлар Спенсер екі рет жергілікті команданың шығыршығын дәл көздеп, өзінің ВТБ Бірыңғай лигасындағы алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Әрі біздің команданың +10 басымдығын сақтап қалды – 15:25. Ал екінші кезең мұндай қуанышпен басталмады. “Зенит” бір минуттың ішінде есеп айырмасын екі есе қысқартты. Николай Бажин өзінің үш ұпайлық добымен біздің басымдығымызды уыстан шығармауға тырысты. Бірақ бұдан кейін, үш минут бойы, біздің жігіттер қарсыласымыздың шығыршығына доп сала алмай, дал болды. Ал олар болса, төртінші минуттың соңында таразы басын теңестіріп, осы матчта бірінші рет алға да шықты. Джейлен ұпайсыз өткен іркілісті үзіп, табан тірескен дода қыза түсті. Марчуктің орындауындағы әсерлі данк пен Бэрфорд әперген ұпайлар Қазақстан командасының сәл ғана басымдығын сақтап тұрды. Бірақ алаң иелері тағы да еңсе тіктеп, есепті теңестірді. Енді Дарко Руссо тайм-аут алуға мәжбүр болды. Бұл кезде олар айып соққыларын орындау құқығына ие болған. Олар бәрібір солардың арқасында алға шығып кетті. Үлкен үзіліске бір минут қалғанда, Энтони Хики есепті теңелтті. Бірақ соңғы минутта алаң иелері көсіле сілтеп, матчтың бірінші жартысында суырылып алға шықты – 44:39.

Джейлен Бэрфорд

Ойынды тамаша бастағанымызбен, екінші кезеңде кежегеміз кері тартып, соның салдарынан бес ұпай айырмасымен ұтылып жаттық. Бірақ он бес минуттық демалыс пен бапкеріміздің ойыншыларды жігерлендіре түсуі біздің команданың әрекеттерінен рең бере бастады. Үшінші кезеңді Бэрфорд қарсыласымыздың қорғанысын бұзып өтіп, нәтижелі бастады. Ал Марк Тихоненко ізін суытпай, ВТБ Бірыңғай лигасындағы өзінің алғашқы ұш ұпайлық добын дөп түсіріп, есепті теңестірді. Бұдан кейін Бэрфорд, Хики және Марчук үшеуі нәтижелі соққыларымен көзге түсті – америкалықтар екі ұпайдан еншілесе, Максим кезекті үш ұпайлық добын салды. Әрине, Максимнің шығыршықты алыстан дәл көздеуіне Энтони Хикидің үлес қосып, тамаша пас бергенін, айта кеткен жөн. Осы уақыт аралығында “Зениттің” доптарының бәрі қиыс кетті. Үшінші кезеңнің басталғанына үш жарым минут өткенде ғана петерборлықтар айып сызығынан бір доп салып, соны көңідеріне медеу тұтты. Кезеңнің бел ортасында Тихоненко тағы да “нысананы” алыстан дәл көздеп, біздің басымдығымыз қайтадан екі таңбалы санды құрады. Алаң иелері екі шабуылдарын нәтижелі аяқтады, бірақ олардың тағы да есепті теңестірулеріне Джейлен Бэрфорд жол бермеді. Ол барлық нүктеден мергендік танытты – екі айып соққысы, үш ұпайлық доп, және аллей-уп. Бірақ аллей-уп орындағанда, алаң иелерінің бірінің аяғына құлап, кішігірі жарақат алып қалды. Дәл осы уақытта Дарко Руссо үш ескертулері бар Энтони Хики мен Скайлар Спенсерді қосалқы құрам орындығында тұсаулап отырған. Сөйтіп, үшінші кезеңнің соңында Қазақстан ойыншылары мен Марк Тихоненко есеп айырмасын уысымыздан шығарып алмауға тырысып, жанталаса түсті. Олар осы басымдығымызды сақтап қана қалмай, бірден дода көрігін қыздыра түскен Дмитрий Гаврилов есеп айырмасын 10 ұпайға жеткізді де. Ал Коля Бажин петерборлықтардың соққысына тамаша тосқауыл қойып, бұл кезеңді тиімді аяқтады — 55:65. Біздің команданың үшінші кезеңді аяқтаған құрамы төртінші кезеңді де өздері бастап, қарсыласымызды тықсыра түсті. Тихоненко – кезекті үш ұпайлық соққы, Рустам Мырзағалиев биылғы маусымдағы алғашқы ұпайларын доға сыртынан лақтырған күрделі соққысымен еншіледі. Ал Бажин алаң иелері шығыршығының түбінде белсенділік танытып, біздің гандикап +17 ұпайға тең болды. “Зениттің” ойын өрбісін өзгертуге боларлық уақыты жетерліктей еді, бірақ олар біздің жігіттерден қара үзіп қалған болатын. Әйтсе де, алаң иелері кезең соңында көсіле шауып, дода көрігін қыздыра түсті. Ал біздің жігіттерден осы уақыт аралығында тек Дмитрий Гаврилов қана олжалы болды – петерборлықтардың шығыршығын үстінен доп салып, беріктігін тексерді. Десек те, бес миинуттың ішінде Қазақстан басымдығы екі еседен де жоғары шамаға қысқарды. Сөйтіп, матчтың аяқталуына бес минут қалғанда, “Зенит” 8 ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Дарко Руссо тайм-аут алғанды жөн көріп, өз шәкірттеріне ақыл-кеңес беріп, алаң иелерінің аптығын басуға тырысты. Әрі бұл ойы 100% жүзеге асты. “Астана” есепті сақтап қалуға тырысып, өз шабуылдарын мейілінше соза түсті. Ал әр минут өте маңызды болған алаң иелері допты дәл түсіре алмай, пұшайман болды. Әрі әрбір қиыс кеткен доп сайын, қызбалыққа салынулары арта түсті. Біздің ойыншылар да нысананы көбінесе дәл көздей алмады, бірақ ең бастысы уақыт жылжып өтіп жатты. Ал біздің басымдығымыз сақталып қана қоймай, ұлғая берді. Коля Бажин тағы да шығыршық түбінен доп салды. Осыдан кейін үш минутқа жуық уақыт бойы екі команда да ұпай ала алмай, іркіліс орнады. Мұны да үзген Коля болды, ол екі айып соққысын да мүлтіксіз орындады. Матстың аяқталуына бір минут қалған, ал алда – “Астана”, +12 ұпаймен. Яғни, жеңіс біздің қалтамызда еді. Энтони Хики алаңң иелерінің қорғанысын тез бұзып өтіп, барлық, тіпті титтей де күмәнді сейілтті. Матч тағдыры шешілді. Ал ойынның нүктесін Энтони Хики қойды. 69:83 – мақтан тұтарлықтай ерен жетістік, әрі “Астананың” өз тарихында Санкт-Петербургтегі екінші жеңісі.
 

Ең көп ұпай еншілегендер: 
  • «Зенит» – “Астанаға” көп қауіп төндірген америкалық Алекс Пойтресс болды – 19 ұпай, 3 рет допты тартып алды және блокшот. Джордан Лойд өз еншісіне 14 ұпай жазды.
  • «Астана» – біздің команда сапында бүгін бәрі де жанкештілік танытты. Әсіресе, ВТБ Бірыңғай лигасында алғашқы ойындарын өткізгендер көсіле сілтеді. Джейлен Бэрфорд, сөз жоқ, матчтың үздік ойыншысы болды – 24 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 4 рет допты тартып алды жәнеи блокшот. Энтони Хики де ерекше көзге түсті – 15 ұпай және 9 пас. Максим Марчук жүз пайыздық нәтижелікпен тамаша ойын өрнегін көрсетті – 11 ұпай, 3 рет доп қағып алды және блокшот. Николай Бажин 11 ұпай жинап, пәрменді блокшот қойып, өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Ал Марк Тихоненко мен оның үш ұпайлық соққылары көпшілікті тәнті етті – 9 ұпай, 6 рет доп қағып алды.



«Зениттің» бас бапкері — Хавьер Паскуаль:
— «Астананы» құтықтаймын. Сөз жоқ, олар жеңіске лайық болды. Олардың құлшыныстары керемет болды, ал біз болсақ, ойыннан тыс қалдық, біздің бүгін ойынға деген қызығушылығымыз болмады, жігер-қуат болмады. Неге екенін білмеймін, шынымды айтсам. Рас айтамын – біз ойыннан тыс қалдық. Үзіліс кезінде біз ойынды талқыладық, бәрін де түсіндік. Бірақ үшінші кезеңде «Астана» құйын болып соқты. Біз қателігімізді қателікке сабақтай түстік. Бізге бүгін қайсарлық жетіспеді. Біз бәрін де дұрыс жасамадық.

«Астананың» бас бапкері — Дарко Руссо:
— Біз бүгін Еуропаның үздік командаларының бірін ұттық. Мен бақыттымын. Біз дайындықты 17 шілдеде бастап, әрбір жаттығу сайын жетіле түстік. Біздің бүгін мойнымызда ешқандай жауапкершілік жүгі болған жоқ. Өйткені «Зенитпен» ойнадық. Бәрі де бізді ұтылып қалады деп ойлады. Бірақ біз беріле салған жоқпыз. Осыған ризамын. Біз қорғаныста сауатты ойнап, шабуылда ақылмен әрекет еттік. Бұл бір ойын ғана, мұны біз ұмытамыз. ВТБ Бірыңғай лигасы — деңгейі жоғары лига, мұнда ұшып-қону өте көп, үнемі жинақы болу керек. Қазір біз толық құрамда ойнап жүрген жоқпыз. Жаңа ойыншымыз командаға бір-екі күнде қосылады. Біз тағы да күшейе түсеміз деп ойлаймын.

Салдары: “Астана” биылғы маусымды бірден турнир кестесінің үшінші сатысынан бастап, бұл орыннан “Зенитті” ығыстырды. Біздің команданың алдында тек ЦСКА мен УНИКС. Олар да әлі ұтылған жоқ, бірақ өткізген ойындары – біздікінен көп. “Зенит” бірден екі саты төмендеп, “Астананы” ғана емес, қатар өткен матчта жеңіске жеткен “Автодорды” да алдына шығарып алды.

Келесі матч: ВТБ Бірыңғай лигасындағы екінші ойынды да біздің жігіттер түзде өткізеді. Жексенбі күні, 10 қазанда, олар «Нижний Новогород» командасына қонақ болады.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2014 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Ресей Арена: «Сибур Арена»
Қала: Санкт-Петербург Сайт: https://bc-zenit.com

Сипаттамасы

«Зенит» – ресейдің кәсіби ерлер баскетбол клубы, Санкт-Петербург қаласынан, 2014 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы — 2021/2022
  • Ресей Чемпионатының жеңімпазы — 2021/2022
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018, 2019/2020 
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018, 2019/2020
  • ВТБ Бірыңғай лигасы Суперкубогының күміс жүлдегері — 2021
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2015/2016

Команданың жалпы суреті

Зенит