Үш ұпайлық соққылар шеруі және «Астананың» Санкт-Петербургтегі екінші жеңісі

05.10.2021, 00:15    Оқылғаны: 23
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымдағы алғашқы матчын Ресейдің солтүстік астанасында өткізіп, өте азулы командамен, яғни жергілікті “Зенитпен” додаға түсті. Айта кетуге тиіспіз, ойынға дейін бұл кездесуде алаң иелерінің жеңіске жететініне шүбә келтірмегендер көп болды. Әрі мұндай болжамға дәйек те жеткілікті еді. Бұл ретте, екеуара матчтарда «Астананың» «Зенитиен» ойсырай ұтылып жүргендігі, ал оның алаңында бір мәрте ғана, сонау 2015 жылы, жеңіске жеткендігі ескерілді. Ал бұл ойынға «Зениттің» бас бапкері өздерінің бірнеше көшбасшысын шығарған жоқ – Джордан Микиді және Билли Бэронды. Мүмкін Джордан мен Билли жарақаттанып қалған болар немесе Паскуале елордалықтарды аса қиналмай ұтатындарына сенімді болып, аталған екі ойыншыны тынықтырып алғысы келді ме, белгісіз. Егер ол осылай ойласа, онда қатты қателесті. «Астана» өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, алаң иелерін ойсырата жеңді. Енді, бәрін де ретімен баяндайық.

Ортада жоғары лақтырылған допты біздің команда іліп әкетті. Бірақ бірінші шабуылымыз нәтижелі болмады. Николай Бажин мүлт кетті. Алайда Энтони Хики алаң иелерінен допты тез алып алды да, тағы да Бажинді шабуыл өтіне шығара қойды. Бұл жолы Коля жерге қаратқан жоқ, осы ойында есеп ашып, әрі “Астананың” Бірыңғай лигасының биылғы маусымдағы алғашқы ұпайларын қоржынға салды. Ал “Зенит” таразы басын теңестіруге “асықпады”. Есесіне, Бэрфорд ВТБ лигасындағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Тек осыдан кейін ғана, алаң иелері біздің шығыршығымызға жол тауып, айып соққысынан бір доп салды. Бұдан кейін Энтони Хики тырнақалды ұпайларын еншілеп, үш ұпайлық соққысын дөп түсірді. Джейлен Берфорд тағы екі ұпай олжалап, Максим Марчук алыс қашықтықтан мергендік танытты. Осы уақыт аралығында петерборлықтар өз еншілеріне екі ұпай ғана қосты. “Астана” есеп айырмасын екі таңбалы санға тірей түсті де, Хави Паскуаленің, яғни алаң иелері бас бапкерінің, тайм-аут алғаннан басқа амалы қалмады. Осыдан кейін петерборлықтар нәтижелі ойын үлгісін көрсете бастады. Бірақ “Астана” да қарқынын бәсеңсіткен жоқ. Марчук тағы да доға сыртынан мергендік танытты. Әрі есеп айырмасы осы ойында бірінші рет екі таңбалы санға тең болды. Ал Бэрфорд пен Хики салған доптар есеп айырмасын он ұпай шамасында ұстап тұрды. Бірінші кезеңнің соңында Скайлар Спенсер екі рет жергілікті команданың шығыршығын дәл көздеп, өзінің ВТБ Бірыңғай лигасындағы алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Әрі біздің команданың +10 басымдығын сақтап қалды – 15:25. Ал екінші кезең мұндай қуанышпен басталмады. “Зенит” бір минуттың ішінде есеп айырмасын екі есе қысқартты. Николай Бажин өзінің үш ұпайлық добымен біздің басымдығымызды уыстан шығармауға тырысты. Бірақ бұдан кейін, үш минут бойы, біздің жігіттер қарсыласымыздың шығыршығына доп сала алмай, дал болды. Ал олар болса, төртінші минуттың соңында таразы басын теңестіріп, осы матчта бірінші рет алға да шықты. Джейлен ұпайсыз өткен іркілісті үзіп, табан тірескен дода қыза түсті. Марчуктің орындауындағы әсерлі данк пен Бэрфорд әперген ұпайлар Қазақстан командасының сәл ғана басымдығын сақтап тұрды. Бірақ алаң иелері тағы да еңсе тіктеп, есепті теңестірді. Енді Дарко Руссо тайм-аут алуға мәжбүр болды. Бұл кезде олар айып соққыларын орындау құқығына ие болған. Олар бәрібір солардың арқасында алға шығып кетті. Үлкен үзіліске бір минут қалғанда, Энтони Хики есепті теңелтті. Бірақ соңғы минутта алаң иелері көсіле сілтеп, матчтың бірінші жартысында суырылып алға шықты – 44:39.

Джейлен Бэрфорд

Ойынды тамаша бастағанымызбен, екінші кезеңде кежегеміз кері тартып, соның салдарынан бес ұпай айырмасымен ұтылып жаттық. Бірақ он бес минуттық демалыс пен бапкеріміздің ойыншыларды жігерлендіре түсуі біздің команданың әрекеттерінен рең бере бастады. Үшінші кезеңді Бэрфорд қарсыласымыздың қорғанысын бұзып өтіп, нәтижелі бастады. Ал Марк Тихоненко ізін суытпай, ВТБ Бірыңғай лигасындағы өзінің алғашқы ұш ұпайлық добын дөп түсіріп, есепті теңестірді. Бұдан кейін Бэрфорд, Хики және Марчук үшеуі нәтижелі соққыларымен көзге түсті – америкалықтар екі ұпайдан еншілесе, Максим кезекті үш ұпайлық добын салды. Әрине, Максимнің шығыршықты алыстан дәл көздеуіне Энтони Хикидің үлес қосып, тамаша пас бергенін, айта кеткен жөн. Осы уақыт аралығында “Зениттің” доптарының бәрі қиыс кетті. Үшінші кезеңнің басталғанына үш жарым минут өткенде ғана петерборлықтар айып сызығынан бір доп салып, соны көңідеріне медеу тұтты. Кезеңнің бел ортасында Тихоненко тағы да “нысананы” алыстан дәл көздеп, біздің басымдығымыз қайтадан екі таңбалы санды құрады. Алаң иелері екі шабуылдарын нәтижелі аяқтады, бірақ олардың тағы да есепті теңестірулеріне Джейлен Бэрфорд жол бермеді. Ол барлық нүктеден мергендік танытты – екі айып соққысы, үш ұпайлық доп, және аллей-уп. Бірақ аллей-уп орындағанда, алаң иелерінің бірінің аяғына құлап, кішігірі жарақат алып қалды. Дәл осы уақытта Дарко Руссо үш ескертулері бар Энтони Хики мен Скайлар Спенсерді қосалқы құрам орындығында тұсаулап отырған. Сөйтіп, үшінші кезеңнің соңында Қазақстан ойыншылары мен Марк Тихоненко есеп айырмасын уысымыздан шығарып алмауға тырысып, жанталаса түсті. Олар осы басымдығымызды сақтап қана қалмай, бірден дода көрігін қыздыра түскен Дмитрий Гаврилов есеп айырмасын 10 ұпайға жеткізді де. Ал Коля Бажин петерборлықтардың соққысына тамаша тосқауыл қойып, бұл кезеңді тиімді аяқтады — 55:65. Біздің команданың үшінші кезеңді аяқтаған құрамы төртінші кезеңді де өздері бастап, қарсыласымызды тықсыра түсті. Тихоненко – кезекті үш ұпайлық соққы, Рустам Мырзағалиев биылғы маусымдағы алғашқы ұпайларын доға сыртынан лақтырған күрделі соққысымен еншіледі. Ал Бажин алаң иелері шығыршығының түбінде белсенділік танытып, біздің гандикап +17 ұпайға тең болды. “Зениттің” ойын өрбісін өзгертуге боларлық уақыты жетерліктей еді, бірақ олар біздің жігіттерден қара үзіп қалған болатын. Әйтсе де, алаң иелері кезең соңында көсіле шауып, дода көрігін қыздыра түсті. Ал біздің жігіттерден осы уақыт аралығында тек Дмитрий Гаврилов қана олжалы болды – петерборлықтардың шығыршығын үстінен доп салып, беріктігін тексерді. Десек те, бес миинуттың ішінде Қазақстан басымдығы екі еседен де жоғары шамаға қысқарды. Сөйтіп, матчтың аяқталуына бес минут қалғанда, “Зенит” 8 ұпай айырмасымен ғана ұтылып жатты. Дарко Руссо тайм-аут алғанды жөн көріп, өз шәкірттеріне ақыл-кеңес беріп, алаң иелерінің аптығын басуға тырысты. Әрі бұл ойы 100% жүзеге асты. “Астана” есепті сақтап қалуға тырысып, өз шабуылдарын мейілінше соза түсті. Ал әр минут өте маңызды болған алаң иелері допты дәл түсіре алмай, пұшайман болды. Әрі әрбір қиыс кеткен доп сайын, қызбалыққа салынулары арта түсті. Біздің ойыншылар да нысананы көбінесе дәл көздей алмады, бірақ ең бастысы уақыт жылжып өтіп жатты. Ал біздің басымдығымыз сақталып қана қоймай, ұлғая берді. Коля Бажин тағы да шығыршық түбінен доп салды. Осыдан кейін үш минутқа жуық уақыт бойы екі команда да ұпай ала алмай, іркіліс орнады. Мұны да үзген Коля болды, ол екі айып соққысын да мүлтіксіз орындады. Матстың аяқталуына бір минут қалған, ал алда – “Астана”, +12 ұпаймен. Яғни, жеңіс біздің қалтамызда еді. Энтони Хики алаңң иелерінің қорғанысын тез бұзып өтіп, барлық, тіпті титтей де күмәнді сейілтті. Матч тағдыры шешілді. Ал ойынның нүктесін Энтони Хики қойды. 69:83 – мақтан тұтарлықтай ерен жетістік, әрі “Астананың” өз тарихында Санкт-Петербургтегі екінші жеңісі.
 

Ең көп ұпай еншілегендер: 
  • «Зенит» – “Астанаға” көп қауіп төндірген америкалық Алекс Пойтресс болды – 19 ұпай, 3 рет допты тартып алды және блокшот. Джордан Лойд өз еншісіне 14 ұпай жазды.
  • «Астана» – біздің команда сапында бүгін бәрі де жанкештілік танытты. Әсіресе, ВТБ Бірыңғай лигасында алғашқы ойындарын өткізгендер көсіле сілтеді. Джейлен Бэрфорд, сөз жоқ, матчтың үздік ойыншысы болды – 24 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 4 рет допты тартып алды жәнеи блокшот. Энтони Хики де ерекше көзге түсті – 15 ұпай және 9 пас. Максим Марчук жүз пайыздық нәтижелікпен тамаша ойын өрнегін көрсетті – 11 ұпай, 3 рет доп қағып алды және блокшот. Николай Бажин 11 ұпай жинап, пәрменді блокшот қойып, өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Ал Марк Тихоненко мен оның үш ұпайлық соққылары көпшілікті тәнті етті – 9 ұпай, 6 рет доп қағып алды.



«Зениттің» бас бапкері — Хавьер Паскуаль:
— «Астананы» құтықтаймын. Сөз жоқ, олар жеңіске лайық болды. Олардың құлшыныстары керемет болды, ал біз болсақ, ойыннан тыс қалдық, біздің бүгін ойынға деген қызығушылығымыз болмады, жігер-қуат болмады. Неге екенін білмеймін, шынымды айтсам. Рас айтамын – біз ойыннан тыс қалдық. Үзіліс кезінде біз ойынды талқыладық, бәрін де түсіндік. Бірақ үшінші кезеңде «Астана» құйын болып соқты. Біз қателігімізді қателікке сабақтай түстік. Бізге бүгін қайсарлық жетіспеді. Біз бәрін де дұрыс жасамадық.

«Астананың» бас бапкері — Дарко Руссо:
— Біз бүгін Еуропаның үздік командаларының бірін ұттық. Мен бақыттымын. Біз дайындықты 17 шілдеде бастап, әрбір жаттығу сайын жетіле түстік. Біздің бүгін мойнымызда ешқандай жауапкершілік жүгі болған жоқ. Өйткені «Зенитпен» ойнадық. Бәрі де бізді ұтылып қалады деп ойлады. Бірақ біз беріле салған жоқпыз. Осыған ризамын. Біз қорғаныста сауатты ойнап, шабуылда ақылмен әрекет еттік. Бұл бір ойын ғана, мұны біз ұмытамыз. ВТБ Бірыңғай лигасы — деңгейі жоғары лига, мұнда ұшып-қону өте көп, үнемі жинақы болу керек. Қазір біз толық құрамда ойнап жүрген жоқпыз. Жаңа ойыншымыз командаға бір-екі күнде қосылады. Біз тағы да күшейе түсеміз деп ойлаймын.

Салдары: “Астана” биылғы маусымды бірден турнир кестесінің үшінші сатысынан бастап, бұл орыннан “Зенитті” ығыстырды. Біздің команданың алдында тек ЦСКА мен УНИКС. Олар да әлі ұтылған жоқ, бірақ өткізген ойындары – біздікінен көп. “Зенит” бірден екі саты төмендеп, “Астананы” ғана емес, қатар өткен матчта жеңіске жеткен “Автодорды” да алдына шығарып алды.

Келесі матч: ВТБ Бірыңғай лигасындағы екінші ойынды да біздің жігіттер түзде өткізеді. Жексенбі күні, 10 қазанда, олар «Нижний Новогород» командасына қонақ болады.
Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор "Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры"