ВТБ Бірыңғай лигасы 2020/2021
ЦСКА (МСК)
Мәскеу
ВТБ Бірыңғай лигасы, Тұрақты біріншілік
11.04.2021, 16:00 Жс
Арена: ӘСК ЦСКА (Мәскеу)
100:77
Негізгі уақыт
23:22 35:17 15:15 27:23
Ойын нөмірі: RS-142
Көрермен: 1428
Астана
Нұр-Сұлтан

Екі астана арасындағы кезекті дода – Мәскеу мен Нұр-Сұлтан, ЦСКА мен «Астана»

10.04.2021, 10:00    Просмотров: 29
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы командасы Мәскеуге табан тіреді, ертең олар ВТБ Бірыңғай лигасының негізгі додасында, түздегі соңғы ойынын өткізеді. Қарсыласы – мәскеулік ЦСКА. Бұл кездесу жексенбі күні, 11 сәуірде өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де. 

ЦСКА – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Мәскеу қаласынан, 1923 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында бақ сынайды.

Жетістіктері:

  • КСРО чемпионы − 1945, 1960-1962, 1964-1966, 1969-1974, 1976-1984, 1988, 1990. 
  • Ресей чемпионы – 1992-2000, 2003-2019. 
  • КСРО кубогының жеңімпазы − 1972, 1973, 1982. 
  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2005-2007, 2010. 
  • Еуропа чемпиондары Кубогының жеңімпазы − 1960/1961, 1962/1963, 1968/1969, 1970/1971. 
  • NEBL чемпионы − 1999/2000. 
  • Еуролига чемпионы − 2005/2006, 2007/2008, 2015/2016 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы − 2009/2010, 2011/2012-2018/19
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2010/2011
  • А.Я.Гомельский атындағы кубоктың иегері – 2020​


ЦСКА баскетбол клубы 2020/2021

ЦСКА баскетболшыларымен 23 қыркүйекте өткен ойын “Астана” үшін ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымындағы бірінші матч болған. Әрі біздің қарсыласымыздың да алғашқы кездесуі еді. Онда әскерилер клубы Қазақстан астанасында ірі жеңіске қол жеткізген. Содан бері мәскеулік ұжым 20 кездесу өткізді. Қазақстандағы ойыннан кейін ЦСКА ойламаған жерден, өз алаңында «Пармадан» ұтылып қалды. Одан кейін өз алаңында үш рет жеңіске жетіп, “Локомотив-Кубань”, “Автодор” және “Енисей” командаларын тізе бүктірді. Мәскеуліктердің түздегі сапары “Химкиден” ұтылып қалумен басталып, одан соң Пермде есе қайтарумен жалғасты. Содан кейін “Цмоки-Минск” ұжымынан да басым түсті. ЦСКА өз алаңында Польшаның “Зелена Гурасын” жасытып, түзде УНИКСтің де ұнжырғасын түсірген. “Нижний Новгород” пен “Автодор” да солардың кебін киген. Алайда, осыдан кейін тағы да екі рет ойламаған жерден сүрінді – түзде “Зелена Гура” және өз алаңында “Калев” командаларынан ұтылып қалды. ЦСКА “Енисейді” екінші рет тізе бүктіргенімен, іле-шала “Зениттен” ұтылып қалды. Наурызда әскерилер клубы “Цмоки-Минскіні” тағы ұтып, “Химкиден” есе қайтарды. Бұдан кейін тағы бір есесі қайтып, түзде “Калевпен” өткен матчта жеңіске жетті. Өз алаңында УНИКСті де тізе бүктірді. Соңғы ойында ЦСКА тағы да “Зенитке” азуын батыра алмай, жеңіліске ұшырады.

Турнир кестесіндегі жағдай:

ЦСКА биылғы маусымда 15 рет жеңіске жетіп, 6 ойынды ұтылып қалды. Бұл олардың турни кестесінде үшінші орынға орналасуларына мүмкіндік беріп тұр. Алайда, олар “Локомотив-Кубань” командасынан тек екеуара ойындар нәтижесі бойынша ғана жоғары орналасқан. Сондықтан, ертең ЦСКА ұтылып қалса, онда олар төртінші орынға ығысады. Ал жеңіске жетсе қазіргі орындарына орныға түседі. “Астана” жиырма ойында тек бес рет қана жеңіске жетті. Қазір 12-орынға орналасқан, бірақ “Енисейден” екеуара ойындар нәтижесі бойынша ғана төмен тұр. Егер “Астана” ұтылып қалса, онда красноярлықтардан бір жеңілісі артық болады, ал жеңіске жетсе, 11-орынға оралады.

Команда құрамындағы өзгерістер:

Мәскеуліктермен болған бірінші ойыннан бері көп уақыт өтті. Ал содан бері  әскерилер ұжымынан латыш Янис Стрелниекс пен серб Никола Милутинов кетіп қалған. Команданы ақпан айында екі ойыншы толықтырды. Оның біреуі – ВТБ Бірыңғай лигасы көрермендеріне таныс, дат қорғаушысы Габриэль Лундберг. Өйткені ол бұл маусымды Польшаның “Зелена Гура” командасы сапында бастаған. Ал нигериялық орталық шеп ойыншысы Майкл Эрик – лигадағы жаңа есім. Майкл өз карьерасын NBA Жетілу лигасындағы “Кантон Чардж” және “Техас Леджендс” командалары сапында бастаған. Одан кейін Еуропаға ойысып, Грекияның “Панелефсиниакос” және Италияның “Энель Бриндизи” командаларында ойнаған. Майкл “Техас Леджендс” сапына оралғанымен, онда аз ғана уақыт ойнап, содан соң Еуропаға біржола оралды. Ол 2016 жылдан бері Грекияның “АЕК”, Испанияның “Бильбао Баскет” және “Басконии”, сондай-ақ Түркияның “Даруссафака” командаларында ойнап үлгерді. Соңғысымен “ЕуроКубок” жеңімпазы атанды. Биылғы маусымды Майкл Эрик түріктің “Турк Телеком” командасы сапында бастаған болатын.

Команда көшбасшылары:

Команданың көшбасшылары – америкалықтар Майк Джеймс пен Уилльям Клайберн, сондай-ақ неміс Йоханнес Фогтманн. Торнике Шенгелия, Дэниэл Хэккетт, Джоэль Боломбой және Дэрран Хиллиард сынды саңлақтарының да көрсеткіштері – өте жоғары. Иван Ухов пен Семен Антонов тұрақты түрде дода көрігін қыздырып жүр. Ал Никита Курбанов – команда сапында барлық ойындарда алаңға шыққан жалғыз ойыншы, әрі барлық матчтарда бастапқы бестікте ойнаған. Ұжымға жаңадан қосылған Гэбриэль Лундберг пен Майкл Эрик те команда құрамына тез сіңіп кетті. Бірақ олар әзірше төрт ойыннан ғана өткізді.
 


Матч жексенбі күні, 11 сәуірде Мәскеудегі ЦСКА әмбебап спорт кешені аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астана» Мәскеуде ЦСКА қарқынына төте бере алмады

12.04.2021, 10:00    Просмотров: 30
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының ВТБ Бірыңғай лигасы аясында, түзде Мәскеудің ЦСКА командасымен өткен ойыны алаң иелерінің жеңісімен аяқталды.

Ортада жоғары лақтырылған допты алаң иелері іліп әкетіп, бірден жылдам шабуыл ұйымдастырып, есеп ашты. Осылай, шу дегеннен алға шықты. “Астананың” алғашқы ұпайларын Руслан Айтқали еншілеп, үш ұпайлық соққысын шығыршықа дөп түсірді. Бұдан кейін тек ЦСКА алға ентелеумен болды. Әскерилер ұжымы екі жарым минуттан сәл ғана асатын уақыт ішінде 10 ұпай олжалады. Сөйтіп 7 ұпай айырмасымен алға озды. Айтқали тағы да доға сыртынан мергендік танытты, бірақ алаң иелері тізгін тартпай, көсіле сілтеді. Дегенмен, біздің команда да бірте-бірте қарқынын үдетіп, алаң иелерімен терезесі тең ойын өрнегін көрсете бастады. Әрі әскерилер басымдығы ұлғаймай, 5-8 ұпай шамасында тербеліп тұрды. Осы уақыт аралығында біздің команда сапынан ұпай еншілегендер Джеремайя Хилл, Антон Пономарев және Эрик Бакнер болды. Майкл Томпсон осы ойындағы алғашқы добын доға сыртынан салып, есеп айырмасын екі ұпайға дейін қысқартты. Ал Хиллдің бұл ойында бірінші рет айып сызығынан есепті теңестіретін тамаша мүмкіндігі болған. Бірақ ол екі соққысының бірінде мүлт кетті. Сөйтіп командалар арасын бір ұпай ғана бөліп тұрды. ЦСКА өз шабуылын нәтижелі аяқтап, енді “Астананың” жауапты әрекетін жүзеге асыруға жетерліктей уақыты қалған. Бірақ біздің жігіттер үш ұпайлық соққыны нысанаға дөп түсіре алмады. Әйтсе де, Хилл жанкештілік танытып, допы алаң иелерінен тартып алып, шығыршық түбіндегі Асқар Майдекинге пас бере қойды. Соңғысы бірінші кезеңнің нақты есебін түйіндеді – 23:22. Екінші кезеңнің басында алаң иелері айылдарын жимай, алға ентелеп, “Астана” оларды қуып жете алмай қойды. “Астана” сапынан екі рет Николай Бажин команда қоржынына ұпайлар қосты. Өкінішке қарай, біздің команданың кезең басындағы ұпайлары осымен шектелді. Ал ЦСКА болса, есеп айырмасын екі таңбалы санға жеткізді. Оярс Силиньш пен Эрик Бакнер оны алты ұпайға дейін қысқартқан, бірақ бұдан кейін біздің команда алаң иелерінің жауапсыз 12 ұпай еншілеулеріне жол беріп қойды. Содан екінші кезеңнің аяқталуына екі минут қалғанда, есеп айырмасы 18 ұпайға жеткенде ғана Майкл Томпсон голсыз өткен іркілісті үзді. Бірақ үлкен үзіліске дейін алаң иелері есеп айырмасын 20 ұпайға дейін жеткізді. Бұдан кейін Роберт Пан үш ұпайлық соққысын дәл түсіріп, командалар үзіліске шыққанда “Астана” 19 ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 58:39.

Джеремайя Хилл

Екінші кезең біздің жігіттер үшін өте сәтсіз өтті. Ал алда әлі 20 минут бар. Матчтың екінші жартысының басында бірінші болып Джеремайя Хилл доп салды, іле-шала оны Эрик Бакнер қолдады. Алайда ЦСКА біздің команданың бұл ұмтылысын аяқсыз қалдырмады, жауаптары дайын болды. Әрі олардың басымдығы жиырма ұпайдан асып, лезде 25 ұпайға да жетті. Майкл Томпсон  тағы да “Астананың” голсыз өткен іркілісін бұзды. Николай Бажин екі рет шығыршық түбінен мүлт кеткен жоқ. Ал Томпсонның үш ұпайлық добынан соң есеп айырмасы қайтадан жиырма ұпайдан аз болды. Бұл кезеңнің нүктесін нәтижелі шабуылымен Джеремайя Хилл қойды. Негізі, үшінші кезең тең аяқталды, бірақ мәскеуліктердің 19 ұпай басымдығы таблода сақталып тұрды. Оярс Силиньш төртінші кезеңнің басында белсенділік танытып, бастапқы бес минутта 7 ұпай еншіледі. Сондай-ақ Майкл Томпсон да үш ұпайлық соққысын сәтті аяқтап, көзге түсті. Бірақ бұлар да есеп айырмасына көп өзгеріс енгізе алмады. Тіпті матчтың аяқталуына бес минут қалғанда алаң иелері есеп айырмасын 20 ұпайдан асырды. Руслан Айтқали үш ұпайлық соққысын мүлтіксіз орындап, Джеремайя Хилл мен Эрик Бакнер матч хайлайтсшылары үшін аллей-уп ұйымдастырды. Бірақ мұның бәрі алаң иелерін қуып жету үшін мүлде жеткіліксіз еді. Оның үстіне, ЦСКА тағы да құйындай орап соғып, таблодағы есеп айырмасын 30 ұпайға жетеқабыл шамаға жеткізді. Соңғы бір жарым минутта “Астана” ширақтық танытып, Майкл Томпсон, Джеремайя Хилл және Николай Бажин алаң иелері шығыршығына доп салды. Соның арқасында есеп айырмасы сәлде болса қысқарды. ЦСКА біраз уақыт жүздікке бір табан жетпей тұрды. Әйтсе де, матчтың ең соңындаөз ұпайларын үш таңбалы санға жеткізді. Ал қорытынды есеп – 100:77.

Салдары: ЦСКА турнир кестесінде үшінші орынды бір өзі меншіктеп, ал “Астана” 12-орында қалды.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • ЦСКА – біздің командаға ең көп қауіп төндірген Габриэль Лундберг мен Уилльям Клайберн болды, екеуі де 15 ұпайдан еншіледі. Ал Йоханнес Фогтман бүгін дабл-дабл авторы атанды – 13 ұпай және 12 рет доп қағып алды.
  • «Астана» – Майкл Томпсон бүгін 18 ұпай жинап, 8 рет доп қағып алды және 6 пас берді. Ал Джеремайя Хилл 14 ұпай еншілеп, 7 рет доп қағып алды және 7 пас берді. Бүгін Оярс Силиньш пен Николай Бажин 10 ұпайдан олжалады. Эрик Бакнер 8 ұпай жинап, 8 рет доп қағып алды. Руслан Айтқалидың еншісінде – 9 ұпай.


Келесі матч: Бір аптаға да жетпейтін уақыттан кейін, яғни сенбі күні, 17 сәуірде біздің жігіттер өз алаңымызда ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті кездесуін өткізіп, Қазанның УНИКС командасын қабылдайды.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құлылған жылы: 1923 Клубтық түстері: қызыл, көк
Мемлекет: Ресей Арена: ӘСК ЦСКА
Қала: Мәскеу Сайт: www.cskabasket.com

Сипаттамасы

ЦСКА – Ресейдің ерлер арасындағы баскетбол клубы, Мәскеу қаласынан, 2000 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • КСРО чемпионы − 1945, 1960-1962, 1964-1966, 1969-1974, 1976-1984, 1988, 1990
  • Ресей чемпионы – 1992-2000, 2003-2019
  • КСРО кубогының жеңімпазы − 1972, 1973, 1982
  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2005-2007
  • Еуропа чемпиондары кубогының жеңімпазы − 1960/1961, 1962/1963, 1968/1969, 1970/1971
  • Еуролига чемпионы − 2005/06, 2007/08, 2015/16 
  • NEBL чемпионы − 1999/2000
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы − 2009/2010, 2011/2012-2018/19
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2010/2011

Команданың жалпы суреті

ЦСКА (МСК)