Екі астана арасындағы кезекті дода – Мәскеу мен Нұр-Сұлтан, ЦСКА мен «Астана»

10.04.2021, 10:00    Оқылғаны: 318
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы командасы Мәскеуге табан тіреді, ертең олар ВТБ Бірыңғай лигасының негізгі додасында, түздегі соңғы ойынын өткізеді. Қарсыласы – мәскеулік ЦСКА. Бұл кездесу жексенбі күні, 11 сәуірде өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де. 

ЦСКА – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Мәскеу қаласынан, 1923 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында бақ сынайды.

Жетістіктері:

  • КСРО чемпионы − 1945, 1960-1962, 1964-1966, 1969-1974, 1976-1984, 1988, 1990. 
  • Ресей чемпионы – 1992-2000, 2003-2019. 
  • КСРО кубогының жеңімпазы − 1972, 1973, 1982. 
  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2005-2007, 2010. 
  • Еуропа чемпиондары Кубогының жеңімпазы − 1960/1961, 1962/1963, 1968/1969, 1970/1971. 
  • NEBL чемпионы − 1999/2000. 
  • Еуролига чемпионы − 2005/2006, 2007/2008, 2015/2016 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы − 2009/2010, 2011/2012-2018/19
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2010/2011
  • А.Я.Гомельский атындағы кубоктың иегері – 2020​


ЦСКА баскетбол клубы 2020/2021

ЦСКА баскетболшыларымен 23 қыркүйекте өткен ойын “Астана” үшін ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымындағы бірінші матч болған. Әрі біздің қарсыласымыздың да алғашқы кездесуі еді. Онда әскерилер клубы Қазақстан астанасында ірі жеңіске қол жеткізген. Содан бері мәскеулік ұжым 20 кездесу өткізді. Қазақстандағы ойыннан кейін ЦСКА ойламаған жерден, өз алаңында «Пармадан» ұтылып қалды. Одан кейін өз алаңында үш рет жеңіске жетіп, “Локомотив-Кубань”, “Автодор” және “Енисей” командаларын тізе бүктірді. Мәскеуліктердің түздегі сапары “Химкиден” ұтылып қалумен басталып, одан соң Пермде есе қайтарумен жалғасты. Содан кейін “Цмоки-Минск” ұжымынан да басым түсті. ЦСКА өз алаңында Польшаның “Зелена Гурасын” жасытып, түзде УНИКСтің де ұнжырғасын түсірген. “Нижний Новгород” пен “Автодор” да солардың кебін киген. Алайда, осыдан кейін тағы да екі рет ойламаған жерден сүрінді – түзде “Зелена Гура” және өз алаңында “Калев” командаларынан ұтылып қалды. ЦСКА “Енисейді” екінші рет тізе бүктіргенімен, іле-шала “Зениттен” ұтылып қалды. Наурызда әскерилер клубы “Цмоки-Минскіні” тағы ұтып, “Химкиден” есе қайтарды. Бұдан кейін тағы бір есесі қайтып, түзде “Калевпен” өткен матчта жеңіске жетті. Өз алаңында УНИКСті де тізе бүктірді. Соңғы ойында ЦСКА тағы да “Зенитке” азуын батыра алмай, жеңіліске ұшырады.

Турнир кестесіндегі жағдай:

ЦСКА биылғы маусымда 15 рет жеңіске жетіп, 6 ойынды ұтылып қалды. Бұл олардың турни кестесінде үшінші орынға орналасуларына мүмкіндік беріп тұр. Алайда, олар “Локомотив-Кубань” командасынан тек екеуара ойындар нәтижесі бойынша ғана жоғары орналасқан. Сондықтан, ертең ЦСКА ұтылып қалса, онда олар төртінші орынға ығысады. Ал жеңіске жетсе қазіргі орындарына орныға түседі. “Астана” жиырма ойында тек бес рет қана жеңіске жетті. Қазір 12-орынға орналасқан, бірақ “Енисейден” екеуара ойындар нәтижесі бойынша ғана төмен тұр. Егер “Астана” ұтылып қалса, онда красноярлықтардан бір жеңілісі артық болады, ал жеңіске жетсе, 11-орынға оралады.

Команда құрамындағы өзгерістер:

Мәскеуліктермен болған бірінші ойыннан бері көп уақыт өтті. Ал содан бері  әскерилер ұжымынан латыш Янис Стрелниекс пен серб Никола Милутинов кетіп қалған. Команданы ақпан айында екі ойыншы толықтырды. Оның біреуі – ВТБ Бірыңғай лигасы көрермендеріне таныс, дат қорғаушысы Габриэль Лундберг. Өйткені ол бұл маусымды Польшаның “Зелена Гура” командасы сапында бастаған. Ал нигериялық орталық шеп ойыншысы Майкл Эрик – лигадағы жаңа есім. Майкл өз карьерасын NBA Жетілу лигасындағы “Кантон Чардж” және “Техас Леджендс” командалары сапында бастаған. Одан кейін Еуропаға ойысып, Грекияның “Панелефсиниакос” және Италияның “Энель Бриндизи” командаларында ойнаған. Майкл “Техас Леджендс” сапына оралғанымен, онда аз ғана уақыт ойнап, содан соң Еуропаға біржола оралды. Ол 2016 жылдан бері Грекияның “АЕК”, Испанияның “Бильбао Баскет” және “Басконии”, сондай-ақ Түркияның “Даруссафака” командаларында ойнап үлгерді. Соңғысымен “ЕуроКубок” жеңімпазы атанды. Биылғы маусымды Майкл Эрик түріктің “Турк Телеком” командасы сапында бастаған болатын.

Команда көшбасшылары:

Команданың көшбасшылары – америкалықтар Майк Джеймс пен Уилльям Клайберн, сондай-ақ неміс Йоханнес Фогтманн. Торнике Шенгелия, Дэниэл Хэккетт, Джоэль Боломбой және Дэрран Хиллиард сынды саңлақтарының да көрсеткіштері – өте жоғары. Иван Ухов пен Семен Антонов тұрақты түрде дода көрігін қыздырып жүр. Ал Никита Курбанов – команда сапында барлық ойындарда алаңға шыққан жалғыз ойыншы, әрі барлық матчтарда бастапқы бестікте ойнаған. Ұжымға жаңадан қосылған Гэбриэль Лундберг пен Майкл Эрик те команда құрамына тез сіңіп кетті. Бірақ олар әзірше төрт ойыннан ғана өткізді.
 


Матч жексенбі күні, 11 сәуірде Мәскеудегі ЦСКА әмбебап спорт кешені аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 16:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»