Саратовта жергілікті «Автодор» клубымен өткен ВТБ Бірыңғай лигасындағы матчтың адам айтқысыз бірінші кезеңі «Астана» баскетбол клубының осы ойынға құрған барлық жоспарының күлін көкке ұшырды. Өткені олар он минуттың ішінде оңбай ұтылды.
Мәскеу түбінде жергілікті «Химки» клубын тізе бүктірген соң Саратовта да жеңіске жету өте мүмкін сияқты еді. Ал «Автодор» бастапқы екі ойында жеңілістің кермек дәмін татқан болатын. Әуелі ПАРМАдан 23 ұпай айырмасымен, одан кейін ЦСКАдан 34 ұпай айырмасымен ұтылған. Міне, осыны ескере отырып, бәрі де «Астананың» жеңіске жету мүмкіндігі өте жоғары деп ойлады. Бірақ Саратов саңлақтары сақадай сай шығып, тек қана қарсыластары мен трибунадағы қарасы қалың жанкүйерлерін ғана емес, көпшілікті де таң қалдырды.
Ойынның басында ешқандай жамандықтың иісі де сезілмеген-ді. Мартиньш Мейер «Астана» үшін ғана емес, жалпы осы матчтағы есепті ашты. Екі минуттан кейін есеп 5:5 болды. Бірақ бұдан кейін «Автодор» алға қарай лап қойды. Олардың мүлт кеткен сәттері болған жоқ, бәрі де шығыршыққа дөп түсе бастады. Алаң иелері 7 ұпай айырмасымен құйрық үзгенде, Эмиль Райкович тайм-аут алып, ойын өрнектеріне түзету енгізуге тырысты. Бірақ одан да қайыр болмады. Алаң иелері ұпай қорларын адам қызығарлықтай тұрақтылықпен ұлғайта берді. Ал «Астананың» ойыны қорғаныста да, шабуылда да үйлеспей қойды. Кезеңнің бел ортасында Саратов ұжымы 10 ұпай айырмасымен алға озып кетті. Әрі тізгін тарту ойларында да болған жоқ. Бірінші кезеңде «Астана» сапында Адонис Томас көзге ілікті. Бірақ алаң иелері қарқындарын әбден үдетіп алып, дәл сол сәтте олар ешқандай қарсыласты бет қаратпастай болып көсіле сілтеді. Матчтың бірінші ширек бөлігінің аяқталуына бір жарым минут қалғанда «Автодор» 20 ұпай айырмасымен мүлде қара үзіп кетті. Ал біздің команда оларды тоқтата алмай, әбігерге түсті. Саратов командасы бірінші 10 минутта 36 ұпай еншілеп, рекордты көрсеткішке қол жеткізді. «Астана» 16 ұпай жинап, қарсыласымен салыстырғанда, жер шұқып қалды. Бірінші кезеңде алаң иелерінің ойын өрнегінде мін болған жоқ: олардың алыстан да, жақыннан да допты дөп түсірген дәлдіктерінің пайызы жер мен көктей болды, сонымен қатар, «Астана» шығыршық түбінде олармен тайталаса да алмай қалды. Осыдан міне, осындай нәтиже болды. Екінші кезеңде де саратовтықтар айылдарын жиған жоқ, тіпті есеп айырмасын ұлғайта түсті. Кезең ортасында есеп айырмасы біздің команда үшін сорақы шамаға, яғни 24 ұпайға жетті. Бірақ осыдан кейін «Астана» ойларын жинақтай бастады. Олар ойынның бірінші жартысы аяқталуға айналғанда нәтижелі ойын үлгісін көрсетті. Ал есеп айырмасы 12 ұпайға дейін қысқарды. 50:38 – матчтың бірінші жартысы дәл осылай аяқталды. Соңғы минуттардағы ойын үлгісінен соң бұл цифрлар қорқынышты болып көрінген де жоқ.
Үшінші кезеңнің басы мен Джеремайя Хиллдің үш ұпайлық дәл соққысынан кейін біздің командадан комбек күтерліктей үміт сәулесі жылтылдай бастады. Себебі алаң иелерін қуып жетуге 9 ұпай ғана қалған болатын. Бірақ дер кезінде қарсыласын ығыстыра түсудің сәті түспеді. «Автодар» қайтадан көсіле шауып, есеп айырмасы лезде екі таңбалы санға жетті. Біздің жігіттер тағы да ойын тізгінін уыстарынан шығарып алды, ал алаң иелерінің ойындары қайтадан үйлесім таба қойды. Үшінші кезеңнің ортасында есеп айырмасы 20 ұпайды жуықтап, одан кейін бұл шамадан да асып кетті. «Астана» қанша тырысса да, біздің талпыныстарымызды саратовтықтар тойтарып, нәтиже шықпады. Соңғы үзіліске шыққанда «Астана» 20 ұпай айырмасымен ұтылып жатты (75:55). Ал бұл өте көп еді. Төртінші кезеңдегі үмітіміз әр минут сайын көмескі тарта берді. Өйткені біздің команда қанша талпынса да, алаң иелерінің жауабы дайын болып шықты. Әйтсе де, «Астана» 3 минуттың ішінде есеп айырмасын 15 ұпайға дейін қысқарта алды. Осылай дода көрігі қыза түскендей болып еді. Бірақ «Автодор» қайтадан қамшыны басып, тағы да 20 ұпайдай басымдықпен құйрық үзді. Өкінішке қарай, ойынның аяқталуына бес минут қалғанда, бүгін біздің жеңіске жете алмайтынымыз белгілі болды. Матч соңы ашық ойын үлгісінде өтіп, екі команда да тұрақты түрде ұпай қорларын ұлғайта берді. Бірақ есеп айырмасы сол күйі сақталып тұрды. Сөйтіп, «Автодор» 107:85 есебімен айқын басымдыққа қол жеткізді. Бір ойында 85 ұпай еншілеу – аз көрсеткіш емес, әрине. Бірақ бұл матчта алаң иелері құйындай орап соқты, оларды тоқтату мүлде мүмкін болмады. Әрине, бірінші кезең тауымыз шағыларлықтай болды. Бірақ ойынның бел ортасында ойын өрнегін өзгертуге болатын мүмкіндік пайда болған. Қарсыласымыз бүгін көсіле шауып, қорғаныстағы түсініксіз ойынымыз олардың арынды шабуылдарын тойтаруға қауқарсыз болып шықты. Сондай-ақ 15 рет доптан айырылып қалуымыз да (қарсыласымыз 8 рет), кері әсерін тигізді.
Ең көп ұпай еншілегендер:
«Автодордың» бас бапкері Горди Херберт:
— Біз бірінші кезеңде тамаша ойын үлгісін көрсетіп, матч басында көз ілеспес қарқынды паш еттік деп есептеймін. «Астана» бірнеше рет дода көрігін қыздыруға тырысты, бірақ біз оның бәріне сауатты түрде әрекет етіп, команда ретінде жұдырықтай жұмылдық, өте жақсы баскетбол ойынын көрсеттік және матчтың басынан аяғына дейін өзімізге сенімді түрде алда болдық. Бүгін ойын алаңында 10-12 күнгі шүмектетіп тер төккен жаттығуларымыздың нәтижесін көрсетік.
«Астананың» бас бапкері Эмиль Райкович:
— «Автодорды» жеңісімен құттықтаймын. Қарсыласымыз тамаша ойын өрнегін көрсетіп, ойынның басынна бастап тек жеңіске жетуді көкседі. Біз бірінші кезеңде көп ұпай жіберіп алдық, одан кейін қуып жету өте қиын болды. Химкиде жеңіске жеткеннен кейін екінші рет қатарынан түзде ойнап отырмыз, бізге босаңсуға болмайтынын және ерте екенін көрсеті. Егер жеңіске жеткіміз келсе, әлі де, әсіресе қорғаныста шүмектетіп тер төгу керек.
Салдары: «Автодор» биылғы маусымдағы бірінші жеңісіне қол жеткізді. Әрі осы жеңісінің арқасында турнир кестесінің тоғызыншы сатысына көтеріліп, плей-офф аймағындағы командаларға мейілінше жақындай түсті және біздің команданы оныншы орынға ығыстырды. «Астана» өзекті өртер жеңіліске ұшырады, бірақ маусым енді ғана басталды, бәрі де – алда, ойындар да көп әлі.
Келесі матч: Бірыңғай лигасы аясындағы ойындар бірінен соң бірі кейінге шегеріліп жатыр. Мәселен, «Нижний Новгород» карантинге кетіп, бұл команданың жуырдағы ойындарының бәрі бекітілмеген мерзімге ығыстырылды. Корновирус қауіпі сейіліп, ВТБ лигсының ойындары күнтізбесі енді жиі өзгертіліп отырмайды деп үміттенеміз. Әзірше, келесі ойыны 1 қараша күні Санкт-Петербургте жергілікті «Зенитпен» өтеді деп жоспарланған. Ал 26 және 27 қазан күндері Ұлттық лигада «Каспий» командасымен кездесуі керек.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
# Тәж індетінен сақ болып, «Астанаға» жақ болыңыздар!