«Астана» түздегі сапарын сабақтайды! Келесі аялдама – Саратов

21.10.2020, 14:00    Оқылғаны: 367
Дереккөз: Казахстанская Правда
Автор:
Мәскеу түбінде «Химкиді» жеңген тарихи жеңісіне шабыттанған «Астана» баскетбол клубының ойыншылары Саратовқа сапар шекті. Онда олар жергілікті «Автодор» клубымен ВТБ Бірыңғай лигасы аясында додаға түседі. Матч бейсенбі күні, 22 қазанда, астана уақытымен 21:00-де басталады.

«Автодор» 
– Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Саратов қаласынан. 1960 жылы құрылған.​

Жетістіктері:
•    Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 1993/1994, 1996/1997, 1997/1998, 1998/1999
•    Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 1995/1996
•    Еуропа кубогының жартылай финалына шыққан – 1997/1998
•    А суперлигасының чемпионы – 1996/1997, 1997/1998
•    Б суперлигасының чемпионы – 2008/2009
•    Суперлига чемпионы – 2013/2014
•    Суперлиганың қола жүлдегері – 2012/2013

Команда құрамы:

«Автодордың» құрамы былтырғы маусыммен салыстырғанда біршама өзгеріп, Саратов командасында 6 адам ғана қалды. Әсіресе, америкалықтар Айзея Хикс пен Орландо Джонсон, сондай-ақ француз Мухаммаду Жайте – орны толмас ойыншылар деуге тұрарлық легионерлер. Сонымен қатар, америкалық Райан Боутрайт пен сенегалдық Мухаммад Фэй командамен өзара келісімшарттарын ұзартқан жоқ. Бірақ екеуі де былтырғы маусымда көп ойын өткізбеген болатын. Ресейлік Алексей Бабушкин де командадан кетіп қалды. Ал ол былтыр негізгі құрам ойыншысы болған.

Ал команданың былтырғы маусымдағы көшбасшысы, америкалық Маркел Старкс Саратовтан кеткен жоқ. Сонымен қатар, былтырғы маусымда алаңға көп шыққан Ресейдің жас ойыншылары да қалды: Александр Петенев, Никита Михайловский, Антон Квитковских, сондай-ақ Егор Бестужев пен Николай Муха.

Жаңа баскетболшылардың ішінен америкалық орталық шеп ойыншысы Дрю Горданды бөле-жара атап өтуге болады. Ол – ВТБ Бірыңғай лигасына белгілі ойыншы. Саратовқа Польшаның «Зелена Гура» командасынан ауысып келді. Сонымен қатар, ертеректе «Зенитте» ойнады. Сондай-ақ, Сербияның «Партизан», Италияның «Динамо Сассари», Түркияның «Банвит», Фанцияның «Шампань Шалон-Реймс» және Литваның «Летувос Ритас» командаларында өнер көрсеткен. Әрі NBA Жетілу лигасындағы «Дэлавер ЭйтиСевентерс» және «Лонг-Айленд Нетс» командаларында, ал NBA Жазғы лигасында «Даллас Маверикс», «Юта Джазз», «Сакраменто Кингс» және «Филадельфия СевентиСиксерс» құрамдарында шыңдалған. Хорват шабуылшысы Желько Шакич те бұған дейін ВТБ Бірыңғай лигасында ойнаған. Жалпы, ол өз карьерасында бірталай команданың жейдесін киіп үлгерген. Спорттық мансабын Хорватияның «Каптол» және «Дубрава» командаларында бастап, одан кейін көрші Босния және Герцеговина еліне барып, «Зринжски Мостар» және «Широки» құрамдарында ойнап, екеуімен де бір мәрте жергілікті чемпионаттың чемпионы болған. Содан соң Црна Гораның «Сутор Монтегранаро», Испанияның «Манреса» клубтарында өнер көрсетіп, «Лукойл Академик» командасымен Болгария чемпионатында топ жарған. Бұдан кейін өз отанына оралып, Хорватияның «Цибона» клубында, бір маусым Румынияның «Ю БТ Клюй-Напока» командасында доп қуған. Польшаның «Стелмет Зелена Гура» командасымен ВТБ Бірыңғай лигасында бақ сынаған. Ал былтырғы маусымды ол Литваның «Лейткабелис Пеневежыс» командасында өткізді. Саратовтықтар сапына тағы екі жас америкалық ойыншы қосылды: шабуылшы Бен Эмелогу бұған дейін NCAA Студенттер лигасында ойнап, кәсіби карьерасын былтырғы маусымда Польшаның «Гдыня» клубында бастаған; қорғаушы Нэйт Мэйсон да Студентер лигасынан соң кәсіпқой аренада бір ғана маусым ойнаған. Ол NBA Жетілу лигасындағы «Техас Лэджендс» командасында және Израильдің «Хапоэль Эйлат» клубында тәжірибе жинақтаған. Сонымен қатар, саратовтықтар сапына үш ресейлік ойыншы қосылды. Орталық шептегі Алан Макиев ВТБ лигасына да, «Автодорға» да алғаш рет қосылып отырған жоқ. Ол бұған дейін Саратов клубы сапында бес маусым өнер көрсеткен. Сондай-ақ «Родники», «Иркут», «Рязань», тіпті ЦСКА құрамдарында да ойнады. Өткен екі маусымды ол «Уралмаш» ұжымында өткізді. Ал шабуылшы Евгений Минченко ВТБ Бірыңғай лигасына алғаш рет келіп отыр. Бұған дейін ол Украинаның «Киев» және «Одесса», Латвияның «Лиепая» және «Салдус» командалары сапында ойнаған. Ал соңғы маусымды Ресей Суперлигасында өткізіп, «Самара», «Рязань» және «Купол-Родники» командаларының намысын қорғаған. Қазір команданың ең жас ойыншысы ресейлік шабуылшы Виталиюс Пранаускис болып отыр.

Бас бапкер:

Жаттықтырушылар штабында былтырғы маусымнан тек бас бапкердің көмекшісі болған, Ресей маманы Владислав Коновалов қана қалды. Бас бапкер қызметіне Канада жаттықтырушысы Горди Херберт тағайындалды. Тәжірибелі маман өз карьерасын ойыншы ретінде сонау 1982 жылы бастап, 10 жылдан астам Финляндияның бірнеше командасында ойнап шыққан. Ол өз карьерасын түгелдей Финляндияды өткізгенімен, Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарында Канада құрамасының намысын қорғаған. Бапкерлік карьерасын Гордон сонау 1994 жылы, әрі сол Финляндияда бастаған. Содан бері бірнеше команданы жатықтырып шықты. Олар – Финляндияның «Корихайт» және «Испун Хонка», Австрияның «Оберварт Ганнерс», Германияның «С.Оливер Вурзбург», «Скайлайнерс Франкфурт» және «Альба Берлин», Францияның «Париж Баскет Рейсинг» және «Элан Биарно По-Ортез», Грекияның «Арис» клубтары. Сонымен қатар, Херберт «Торонто Рэпторс» клубының жаттықтырушылары құрамында болған. Ал мұның бәрін аз десеңіздер, ол Канада құрамасының бас бапкеріне көмекші болып, қазір өзі бас бапкер қызметін атқарады. Финляндии U-18 құрамасын жаттықтырған және Грузия құрамасының бас бапкері болған. Оның регалиясынан Еуропа кубогын, Финляндия және Франция кубоктарын жеңіп алғанын, сондай-ақ Германия чемпионатында топ жарғанын бөле-жара атап өтуге болады. Сонымен қатар, ол Австрия чемпионатында және неміс Бундес лигасында «Жыл жаттықтырушысы» атанған.

Горди Херберт

Команда көшбасшылары:

«Автодор» ВТБ Бірыңғай лигасы аясында небәрі екі ойын ғана өткізді. Бірақ екеуінде де ұтылып қалды. Әйтсе де, команданың көшбасшыларын анықтау қиын емес. Осы екі ойында америкалық Нейт Мэйсон команданың айқын көшбасшысына айналды. Ол алаңда бәрінен көп уақыт өткізеді. Әрі ең нәтижелі және тиімді ойыншы болып отыр. Одан бөлек алаңда жиырма минуттан артық ойнап және тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүргендер – Желько Шакич, Никита Михайловкий, Маркел Старкс және Алан Макеев. Сондай-ақ Бен Эмелогу, Александр Петенев және Дрю Гордон сынды ойыншыларға да көп сенім артылады. Евгений Минченко мен Егор Бестужев те алаңға шығып жүр.

Турнир кестесіндегі жағдай:

«Автодорға» бұл ойында жеңіске жету – өте маңызды. Өйткені олар бұған дейін екі матч өткізіп, екеуінде де ұтылып қалды. Дәл қазір олар биыл әлі жеңіске жетіп көрмеген тағы да үш командамен бірге турнир кестесінің соңында тұр. «Астана» осыдан бірер күн бұрын ғана «Химкиден» жеңісті жұлып алып, турнир кестесінің соңғы сатысынан жоғары қарай өрледі. Бірақ Саратовта ұтылып қалса, көш соңындағы командалардан алысқа ұзап кете алмайды. Сол себебпті біздің команда түзде жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын түзеп және нығайтып алуға тырысады. 

Кездесулер тарихы:

«Астана» мен «Автодор» өзара 14 рет кездесті. Бірақ ВТБ Бірыңғай лигасы аясында 11 рет додаға түсті. Осы матчтарда Қазақстан командасы 6 мәрте басым түсті. Былтырғы маусымда коронавирустің кесірінен жолдары бір-ақ рет түйісіп, онда Саратов ұжымы бес ұпай айырмасымен ұтып кетті. Енді биыл Қазақстан командасы соның есесін қайтаруға аттанды.

Қызықты деректер:
  • «Автодор» – «Астана» шығыршығына ең көп ұпай салған команда. Бұл 2015/2016 маусымында жүзеге асып, онда саратовтықтар бірінші ойында 131 ұпай салып, екіншісінде 132 ұпай еншілеген болатын. Әрі бұл – «Астананың» ВТБ Бірыңғай лигасы тарихындағы ең нашар көрсеткіші.
  • «Автодордың» қазіргі жаттықтырушысы Горди Херберт 1986 жылғы Әлем чемпионатында Канада құрамасының сапында ойнаған. «Астананың» бас менеджері Валерий Тихоненко да сол додада КСРО құрамасы сапында өнер көрсеткен. Алайда Канада және КСРО құрамалары сол жолы алаңда кездеспеген.

Матч бейсенбі күні, яғни 22 қазанда Саратов қаласындағы «Кристалл» спорт сарайының аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 21:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында келесі күні, 23 қазанда 08:00-де қайталанып жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
 


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»