Екі аптаға да томайтын уақыт бұрын «Астана» баскетбол клубы Красноярскіде қонақта болған, ал енді ертең сары-көкшіл жейделілер өз алаңында «Енисейді» қабылдап, қарымта матч өткізеді, әрі түздегі өзекті өртер жеңілісінің есесін қайтаруға бар күш-жігерін салады. Матч бейсенбі күні, 4 ақпанда өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР! — Коронавирус нәубеті салдарынан, астанаға енгізілген шектеу шараларына байланысты матч көрерменсіз бос трибуналарда өтеді.
«Енисей» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Красноярск қаласынан, 1981 жылы құрылған.
Жетістіктері:
“Енисей” биылғы маусымдағы екеуара бірінші ойында “Астананы” қапы қалдырған. 24 қаңтар күні Красноярскіде өткен сол ойын шектен тыс тартысты өтіп, кездесудің соңы жүйкені жұқартқан. Біздің команданың жеңісті жұлып алар мүмкіндігі болып, бәрі де өзіміз көксегендей жүзеге асқан. Бірақ соңғы соққымыз шығыршыққа түспей қойған – доп соңғы секундтарда шығыршықтың дөңгелек шеңберін айнала секектеп, торға түспей, сусып кеткен – 77:76. Сол матчтан кейін Красноярскінің “Енисейі” тағы бір ойын өткізді – түзде Эстонияның “Калев” командасымен кездесіп, жеңіске жетті. Бұл олардың биылғы маусымдағы үшінші жеңісі еді.
Турнир кестесіндегі жағдай:
Біздің командамен өтетін қарымта матчқа дейін “Енисей” 13 ойын өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жетті. Осы нәтижесімен Красноярск ұжымы 11-орынға орналасқан. Айтпақшы, “Астанадан” басым түскен жетістігі мен одан кейінгі Эстониядағы жеңісі “Енисейдің” турнир кестесіндегі соңғы орыннан жоғары екі саты көтерілуіне мүмкіндік берді. “Астана” да 13 ойын өткізді, бірақ біздің бір жеңісіміз артық, әрі ертеңгі қарсыласымыздан бір саты жоғары тұрмыз. Ашығын айтқанда, ертеңгі матчта турнир кестесіндегі оныншы орынның уақытша тағдыры шешілуі керек. Егер “Астана” жеңіске жетсе, оныншы орында қалады, ал егер ұтылып қалса, “Енисеймен” екеуінің көрсеткіштері теңеседі, бірақ екеуара ойындардың нәтижелері бойынша “Астана” төмен ығысатын болады.
Команда құрамындағы өзгерістер:
Осыдан 12 күн бұрын өткен ойынмен салыстырғанда, красноярлықтардың құрамында ешқандай өзгеріс болған жоқ.
Команда көшбасшылары:
Команданың ең көп ұпай жинаған ойыншысы Михаил Кулагин болып саналады. Бірақ ол “Енисей” мен “Астана” кездескенде алаңға шыққан жоқ, алайда “Калевпен” болған матчта ойнады, яғни ертең өз командасының намысын қорғауы әбден мүмкін. Ең тиімді ойыншысы – Дастин Хог. Сонымен қатар, команданың негізгі құрамында Лейтон Хэммондс, Кэррон Джонсон және Таюс Бэттл ойнайды. Соңғысы красноярлықтар Қазақстан командасынан басым түскенде, өз ұжымына сүбелі үлес қосты.
Матч бейсенбі күні, 4 ақпанда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Астана» баскетбол клубы өз алаңында Красноярскінің «Енисейімен» өткен матчтың басында жеңіп жатқан, алайда кездесудің екінші жартысында қонақтар ойын тізгінін өз қолдарына алып, биылғы маусымдағы екінші жеңістеріне қол жеткізді.
Ойынның басы біздің команда үшін аса нәтижелі болмады, тіпті бастапқы бес минутта жігіттеріміз бірде-бір ұпай еншілей алмай қойды. Абырой болғанда, красноярлықтар да көсіле сілтемеді, әйтсе де олар жеті ұпай олжалап үлгерді. Қонақтардың шығыршығының құлпын ашқан Майкл Томпсон болды, ол үш ұпайлық соққысымен «Астананың» алғашқы ұпайларын еншімізге жазды. Біздің команданың келесі шабуылында Джеремайя Хилл да алыстан нысананы дөп көздеп, есеп айырмасын мейілінше қысқартты. Алайда, қонақтар да қарап қалмады, небәрі бір минуттан кейін «Енисей» алты ұпай айырмасымен алда тұрды. Содан “Енисей” жеткізбей қойып, матчтың бірінші жартысының аяқталуына екі минуттан да аз уақыт қалғанда 7 ұпай айырмасымен озық тұрды. Бірақ оларды Николай Бажин мен Майкл Томпсон нәтижелі соққыларымен тойтарып, есеп айырмасын қайтадан бір ұпайға дейін қысқартты. Ал алғашқы кезең түгесілуге айналғанда Девин Марбл “Астананы” алға шығарды – 17:16. Айта кетуге тиіспіз, бірінші кезеңде 15 ұпайды алыс қашықтықтан олжаладық, ал кемшілігіміз он минуттың ішінде 7 рет доптан айырылып қалғанымыз болды. Осы ретте, ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымында “Астана” бір ойында орта есеппен небәрі 12 ұпайдан ғана еншілеп жүргенін еске сала кетейік. Екінші кезең де біздің команда үшін аса сәтті басталмады. Егер Дмитрий Гавриловтың айып соққыларын мүлтіксіз орындағаны мен Марблдың қонақтардың қорғанысын бұзып өткен кезекті ұмтылысын есепке алмасақ, екінші кезеңнің бірінші жартысында да біздің команда допты дөп түсіре алмай қойды. “Енисей” болса, осы уақыт аралығында біздің команданы қуып жетіп алып қана қоймай, алға да шығып кетті. Қонақтардың басымдығы екі таңбалы санға жеткен кезде, іске Эмил Райкович қосылып, тайм-аут алды. Тактикалық іркілістен кейін дода көрігі қыза бастады. Әуелі Джеремайя Хилл шығыршық түбінде ұпай еншіледі, ал одан кейін өзінің құралайды көзге атқан мергендігін паш етті. Мартиньш Мейерс осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншілеп, есеп айырмасын 4 ұпайға дейін қысқыртты. Әрине, красноярлықтар басымдықтарын сақтап қалуға тырысты, алайда Томпсон әуелі үш ұпайлық соққысын кезекті рет нысанаға дөп түсірді, ал соңғы шабуылда Адонис Томас қайтқан допты қағып алып, оны лезде шығыршыққа салды да, таразы басын теңестірді – 33:33.
Ойынның үшінші ширек бөлігінде де біздің командаға ұпай еншілеу қиямет-қайым болды. Кезең басында «Астана» құйындай орап соққан қонақтарына тосқауыл бола алмай қалды – 0:7. Тек үшінші кезеңнің ортасына қарай ғана Майкл Томпсон “Астананың” осы кезеңдегі алғашқы ұпайларын еншіледі. Әрі біздің команданың жауапты серпілісін бастады. Оны Адонис Томас мен Николай Бажин қостады. Ал Дмитрий Гаврилов таразы басын тағы да теңестірді. Николай Бажин болса, шапшаңдық танытып, әдемі орындалғкан данкпен алаң иелерін алға шығарды. Біздің жігіттердің келесі нәтижелі шабуылынан соң қонақтардың бапкерлері құрамы байыз таппай абыржып, бір минуттық үзіліс сұрауға мәжбүр болды. Сөйтіп, “Астананың” үдеп бара жатқан һәм 11:0 сандарымен тоқтаған қарқынын тежеуге арналғаны белгілі еді. Осылай, қонақтардың бапкері «Астананың» қарқынын су сепкендей басты. Бұлай дейтін себебіміз, осы тайм-ауттан кейін біздің команда үшінші кезеңнің соңына дейін, екі жарым минуттан астам уақыт бойы бірде-бір ұпай еншілей алмай қойды. Әрі “Енисей” мұны пайдаланып, олар біздің команданы қуып жетіп алып қана қоймай, алға да шығып кетті, тіпті үшінші кезеңді 5 ұпай басымдықпен тәмамдады – 44:49. Матчтың соңғы ширек бөлігі басталғанда, ойынның қалай аяқталарын болжау әлі мүмкін емес еді. Себебі 5 ұпай есеп айырмасы ештеңені шешпейтін. Бұл кезеңдегі алғашқы ұпайларды Николай Бажин еншіледі. Әрң есеп айырмасын үш ұпайға дейін қысқартты. Бірақ бұдан кейін қонақтар алға ентелеп, екі шабуылдарын нәтижелі аяқтады. Әрі екеуінде де үш ұпайдан олжалады. Командалар екі рет нәтижелі шабуылдарымен алмасты. Бұдан кейін “Енисей” бүгінгі матчта екінші рет есеп айырмасын екі таңбалы санға жеткізді. Өкінішке қарай, бұл ойынның шешуші сәті болып шықты. Соңғы бес минутта “Астананың” ойын өрнегі мүлдем үйлеспей қойды. Ал “Енисей” болса, өз ырғағын тапты. Қазақстан командасы қонақтарының көсіле сілтеген тағы бір серпілісін тойтара алмай қалды. Сөйтіп, әр минут сайын жеңіске жету мүмкіндігі көзден бұлбұл ұша бастады. Матчтың аяқталуына бір минут уақыт қалғанда “Астана” жиырма ұпайдан артық есеп айырмасымен ұтылып жатты, яғни ойын тағдыры шешіліп қойған еді. Ойын соңындағы есте қаларлық тамаша сәт Нколай Бажиннің орындауындағы көзтартарлық данк болды. Ал матчтың соңғы ұпайларын өз есебіне Девин Марбл жазды. Бірақ бұл да біздің команданы шамбайға батар жеңілістен құтқармады – 60:78.
Салдары: Командалар турнир кестесіндегі орындарымен ауысты: “Енисей” оныншы орынға көтеріліп, “Астана” он бірінші орынға сырғыды, оларды тек өзара кездесулер нәтижесі бөліп тұр.
Ең көп ұпай еншілегендер:
«Астананың» бас бапкері — Эмиль Райкович:
— «Енисейді» жеңісімен құттықтаймын, олар бүгін бізден асып түсті. Қазір біз көптеген қиындықтарға тап болдық, соның бірі Оярс Силиньштің жоқтығы. Ол – біздің командадағы төртінші нөмірлі шепте ойнайтын жалғыз ойыншы. Шығыршық түбінде есе жіберіп алдық, біз «Енисейдің» алдыңғы шебіне тойтарыс бере алмадық. Ойынның екінші жартысында қарсыласымыздың үстемдік құруының басты себебі осы болды деп есептеймін.
«Енисейдің» бас бапкері — Дражен Анзулович:
— Өз ойыншыларымды құттықтаймын. Бұл тамаша командалық ойын болды. Матчтың бірінші жартысында біз ойын тізгінін өз қолымызда ұстадық, бірақ басымдығымызды уысымыздан шығарып алып, қарсыласымызға мүмкіндік беріп қойдық. 3-ші кезеңнен бастап ойын тізгінін қайтадан өз қолымызға алдық. Мен өз ойыншыларымның қимыл-әрекеттеріне ризамын. Әрине, бұл біз үшін үлкен жеңіс.
Келесі матч: Ақпан айының бірінші демалысын, яғни 6 және 7 күндерін «Астана» баскетбол клубы Ақтөбеде өткізіп, осы қаланың өзі аттас жергілікті командасымен Ұлттық лига чемпионаты аясында екі рет додаға түседі. Бұдан кейін олар өз алаңында өтетін маңызды матчқа дайындалад.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.