«Астананың» ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі қонағы – Красноярскінің «Енисейі»

03.02.2021, 18:00    Оқылғаны: 401
Дереккөз: Казахстанская Правда
Автор:

Екі аптаға да томайтын уақыт бұрын «Астана» баскетбол клубы Красноярскіде қонақта болған, ал енді ертең сары-көкшіл жейделілер өз алаңында «Енисейді» қабылдап, қарымта матч өткізеді, әрі түздегі өзекті өртер жеңілісінің есесін қайтаруға бар күш-жігерін салады. Матч бейсенбі күні, 4 ақпанда өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР!
 — Коронавирус нәубеті салдарынан, астанаға енгізілген шектеу шараларына байланысты матч көрерменсіз бос трибуналарда өтеді.

«Енисей» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Красноярск қаласынан, 1981 жылы құрылған.

Жетістіктері:

  • Ресей суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2006
  • Ресей суперлигасындағы «Б» дивизионыны күміс жүлдегері – 2004/2005, 2005/2006
  • Ресей кубогының қола жүлдегері – 2011
 

Енисей баскетбол клубы 2020/2021

“Енисей” биылғы маусымдағы екеуара бірінші ойында “Астананы” қапы қалдырған. 24 қаңтар күні Красноярскіде өткен сол ойын шектен тыс тартысты өтіп, кездесудің соңы жүйкені жұқартқан. Біздің команданың жеңісті жұлып алар мүмкіндігі болып, бәрі де өзіміз көксегендей жүзеге асқан. Бірақ соңғы соққымыз шығыршыққа түспей қойған – доп соңғы секундтарда шығыршықтың дөңгелек шеңберін айнала секектеп, торға түспей, сусып кеткен – 77:76. Сол матчтан кейін Красноярскінің “Енисейі” тағы бір ойын өткізді – түзде Эстонияның “Калев” командасымен кездесіп, жеңіске жетті. Бұл олардың биылғы маусымдағы үшінші жеңісі еді.

Турнир кестесіндегі жағдай:

Біздің командамен өтетін қарымта матчқа дейін “Енисей” 13 ойын өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жетті. Осы нәтижесімен Красноярск ұжымы 11-орынға орналасқан. Айтпақшы, “Астанадан” басым түскен жетістігі мен одан кейінгі Эстониядағы жеңісі “Енисейдің” турнир кестесіндегі соңғы орыннан жоғары екі саты көтерілуіне мүмкіндік берді. “Астана” да 13 ойын өткізді, бірақ біздің бір жеңісіміз артық, әрі ертеңгі қарсыласымыздан бір саты жоғары тұрмыз. Ашығын айтқанда, ертеңгі матчта турнир кестесіндегі оныншы орынның уақытша тағдыры шешілуі керек. Егер “Астана” жеңіске жетсе, оныншы орында қалады, ал егер ұтылып қалса, “Енисеймен” екеуінің көрсеткіштері теңеседі, бірақ екеуара ойындардың нәтижелері бойынша “Астана” төмен ығысатын болады.

Команда құрамындағы өзгерістер:

Осыдан 12 күн бұрын өткен ойынмен салыстырғанда, красноярлықтардың құрамында ешқандай өзгеріс болған жоқ.

Команда көшбасшылары:

Команданың ең көп ұпай жинаған ойыншысы Михаил Кулагин болып саналады. Бірақ ол “Енисей” мен “Астана” кездескенде алаңға шыққан жоқ, алайда “Калевпен” болған матчта ойнады, яғни ертең өз командасының намысын қорғауы әбден мүмкін. Ең тиімді ойыншысы – Дастин Хог. Сонымен қатар, команданың негізгі құрамында Лейтон Хэммондс, Кэррон Джонсон және Таюс Бэттл ойнайды. Соңғысы красноярлықтар Қазақстан командасынан басым түскенде, өз ұжымына сүбелі үлес қосты.


Матч бейсенбі күні, 4 ақпанда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»