«Астана» Президенттік баскетбол клубының тұсаукесер кешіне шақырамыз

27.09.2019, 18:00    Оқылғаны: 489
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
ВТБ Бірыңғай лигасының өткен маусымдағы үздік жаттықтырушысы Эмиль Райкович басқаратын астана командасының жаңартылған құрамы толықтай жасақталып болды, тіпті Литвадағы оқу-жаттығу жиыны барысында бірнеше жолдастық кездесу өткізіп, біршама шыңдалып та үлгерді. Алдағы маусымда Ұлттық лигадағы чемпиондық атағын және Қазақстан кубогы иегері мәртебесін қорғап қалу үшін додаға түсетін, сонымен қатар ВТБ Бірыңғай лигасындағы «Астананың» ең үздік көрсеткішінен асып түсуге тырысатын жігіттердің есімдері баршаға мәлім. Енді жаңа ойыншылармен жүзбе-жүз танысып, команданың байырғы ойыншыларына және «Астана» Президенттік баскетбол клубының намысын бірнеше маусым бойы қорғап жүрген жігіттерге сәттілік тілейтін уақыт та жетті.

Бейсенбі күні, 3 қазанда, Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» сауда және ойын-сауық орталығының «Kinopark» кинотеатрында «Астана» Президенттік баскетбол клубының жаңа құрамын таныстыру рәсімі өтеді.

Командамыздың биылғы маусымдағы тұсаукесер кешіне тек ресми тұлғалар мен БАҚ өкілдері ғана емес, жанкүйерлер де қатыса алады. Қонақтарымыздың бәрін қолдау тобының келбетті қыздары қарсы алады. Айтпақшы, биыл жазда олардың да құрамы жаңартылған. Тұсаукесер кеші ойыншылардың қолтаңба беру рәсімімен және фотосессияларымен басталады. Ал кешіміздің ресми бөлігінде команданың жаңа ойыншыларының бәріне «Астананың» атаулы джерсилері салтанатты түрде табыс етіледі.

Сонымен қатар, тұсаукесер кеші аясында қонақтар клубтың жаңа имидждік тұжырымдамаларымен таныстырылады. Ал маусымдық абонементке тапсырыс берген жанкүйерлерге өздерінің «айрықша құқықты» билеттері табысталып, тосын сый-құрмет көрсетіледі.

Ресми шаралар аяқталған соң қонақтардың бәрі мерекелік дастарханға шақырылады. Сіздер онда дәм татып қана қоймай, ойынышлармен және жаттықтырушылармен жүзбе-жүз тілдесіп және суретке түсіп, тіпті қолтаңбаларын алып, маусым басында оларға сәттілік тілей аласыздар.        

Ал біздің тұсаукесер кешімізге келе алмаған жанкүйерлер, мұның бәрін клубтың әлеуметтік желідегі Instagram парақшасынан тікелей эфирде тамашалай алады.

Тұсаукесер кешінің бағдарламасы:
  • 14:00 — 14:20: ойыншылардан қолтаңба алу және фотосессия, «Kinopark» кинотеатрының холлында
  • 14:20 — 14:30: №4 кинозалға жайғасу
  • 14:30 — 15:30: тұсаукесер кешінің ресми бөлігі
  • 15:30 — 16:00: тұсаукесер кешіне қатысушылар мен қонақтарға арналған мерекелік дастархан, қолтаңба алу және фотосессия, БАҚ өкілдерімен тілдесу.

«Астана» ПБК баспасөз қызметімен байланыс:

Пресс-атташе – Шыңғыс Түсіпбаев
Телефон: +7 775 888 66 65
E-mail: pr-pbcastana@mail.ru

Естеріңізге сала кетейік, дүйсенбі күні, 30 қыркүйекте Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында, «Астана» Президенттік баскетбол клубының жаңа маусым қарсаңындағы Медиа-күні өтеді. Астана командасының жанкүйерлері оны клубтың әлеуметтік желідегі Instagram парақшасынан тікелей эфирде тамашалай алады.

Ал әзірше «Астана» 2019/2020 маусымы қарсаңында қандай өзгерістерге ұшырап, қалай дайындалып жатқанымен таныс болыңыздар. Сонымен қатар, команданың бас бапкері Эмиль Райковичтің маусым басында клубтың баспасөз қызметіне берген эксклюзивті сұхбатындағы маңызды жауаптарын оқи аласыздар.

Биыл ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионаты 25 қыркүйекте басталды. «Астана» биылғы маусымдағы бірінші ойынын 6 қазан күні, түзде өткізіп, Қазанның УНИКС клубымен додаға түседі. Ал үйдегі алғашқы матчын 12 қазанда өткізеді. Елордаға қонаққа Краснодардың «Локомотив-Кубань» клубы келеді. Ұлттық лига аясындағы елішілік доп додасын 15 және 16 қазан күндері бастап, Ақтауда жергілікті «Каспий» командасымен кездеседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Бас серіктесіміз — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Әлеуметтік серіктесіміз — «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»