«Астана» 2019/2020 маусымы қарсаңында

23.09.2019, 18:00    Оқылғаны: 397
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы Литвада маусым аралық оқу-жаттығу жиынын одан әрі жалғастырып жатыр, ал жаңа маусымның басталуына санаулы күндер ғана қалды.

ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионаты 25 қыркүйекте басталады. «Астана» биылғы маусымдағы бірінші ойынын 6 қазан күні, түзде өткізіп, Қазанның УНИКС клубымен додаға түседі. Ал үйдегі алғашқы матчын 12 қазанда өткізеді. Елордаға қонаққа Краснодардың «Локомотив-Кубань» клубы келеді. Ұлттық лига аясындағы елішілік доп додасын 15 және 16 қазан күндері бастап, Ақтауда жергілікті «Каспий» командасымен кездеседі. Бірақ бұған дейін астанада ВТБ Бірыңғай лигасының дәстүрлі Медиа-күні өтеді, сонымен бірге клубтың маусым басындағы тұсау кесер кеші де ұйымдастырылады. Толық ақпараттар алдағы күндері жарияланады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен маусым клуб тарихындағы ең табыстысы болды. «Астана» Ұлттық лигада чемпион атанып, Қазақстан кубогын жеңіп алды. Сөйтіп, ерлер арасында чемпиондық атағы бәрінен көп, еліміздегі теңдессіз команда болды. ВТБ Бірыңғай лигасының негізгі додасында біздің жігіттер алтыншы орынға ие болып, плей-офф сериясының ширек финалында «Химки» клубына есе жіберіп алды. Ал бұл ұжым соңынан вице-чемпион болып шықты. Әрі Энтони Клеммонстың желтоқсан айында MVP болып танылғанын және Эмиль Райковичтің 2018/2019 маусымында үздік жаттықтырушы атанғанын бөле-жара атап өтуге тиіспіз.



Астана командасының жаттықтырушылары құрамын биыл да Македония маманы Эмиль Райкович басқарады. Клубтың баспасөз қызметіне берген эксклюзивті сұхбатында ол алдағы маусым жоспарымен бөлісіп, команда өзінің жанкештілік рухын сол күйі сақтап, әр ойында жеңіске жетуге тырысатындығын айрықша атап өтті.



Команда құрамына тоқталар болсақ, биыл айтарлықтай өзгерістер жүзеге асты. Бұл негізінен шетелдік ойыншыларға қатысты болды. Өткен маусыммен салыстырғанда, легионерлер қатары толық ауысты. Стефен Холт, Энтони Клеммонс, Майкл Дженкинс, Джей Джей О’Брайен, Кеннет Хортон және Джеффри Гросселл енді басқа клубтар мен командалардың намысын қорғайды. Олардың орындарына америкалық қорғаушы Джеремая Хилл, неміс Бундеслигасынан келген қорғаушы Малкольм Хилл, сербиялық орталық шеп ойыншысы Душан Ристич және ВТБ Бірыңғай лигасының ең тиімді ойыншыларының бірі Коти Кларк келді. Қазақстандық ойыншылар сапында да өзгерістер бар. Негізгі құрам сақталып, оларға екі жаңа баскетболшы қосылды – «Тобылдан» Роберт Пан және «Алматы Легионынан» Андрей Литвиненко. Сонымен қатар, маусым басында клуб сапына ерекше бір ойыншы қосылуы әбден мүмкін, бірақ бұл жайында нақты мәлімет әлі жарияланар емес.

Алдағы маусым алдындағы «Астананың» жоспары – әрине, бұл Қазақстан чемпионы және ел кубогы иегері атақтарын қорғап қалу. Осы ретте айта кетуге тиіспіз, Ұлттық лигада өзгерістер жүзеге асты. Біздің команда енді «Атырау Барыстары», «Тобыл», «Каспий» және «Синегорье» секілді бұрынғы таныстарымен қоса бірінші рет «Ақтөбе» командасымен ойнайтын болады. Бұл ұжым өткен маусымда Жоғарғы лигада топ жарды. Ұлттық лига додасында «Астана» енді 20 ойын өткізетін болады, яғни әр қарсыласымен 4 ойыннан өткізеді (2 ойын өз алаңында, 2 матч түзде). Эмиль Райковичтің шәкірттері ВТБ Бірыңғай лигасында да тек жеңіске жетуді көздейді. Бұл турнирдегі қарсыластарына тоқталып өтер болсақ, өткен маусыммен салыстырғанда өзгеріс жоққа тән, тек Риганың ВЭФ клубы ғана биылғы маусымда додаға түспейді. Сөйтіп, Лигада 13 ұжым бақ сынайтын болып отыр. «Астана» олардың бәрімен екі ойыннан өткізеді – біреуін өз алаңында, енді біреуін түзде. Сонда, барлығы – 24 матч. Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Сөз жоқ, «сары-көк» жейделілердің барлық фанаттары мен жанкүйерлерін қызықты және тартымды маусым күтіп тұр. Ал сүйікті командамыздың өз алаңындағы ойындарды мейілінше жайласып отырып, көру үшін маусымдық абонементтер сатып алу туралы ойлайтын кез келді. Абонементке қол жеткізсеңіз, сіз билет сатып алу үшін кезекке тұрып, әр ойынға жеке билет алуды ойламайсыз. Сонымен қатар, «Астананың» ВТБ Бірыңғай лигасының жыл сайынғы чемпионаты аясында өтетін өз алаңымыздағы ойындарда кепілді түрде тұрақты орныңыз болады, әрі бірнеше қосымша басымдықтарға ие боласыз.

Өз алаңымыздағы ойындарда біз сіздерді тағатсыз күтеміз. Әрі «Астананың» допты шыр айналдырған тартымды ойындарынан баға жетпес ләззат алып, қуанышқа бөленулеріңізе тілектеспіз. Біз кім үшін ойнайтынымызды ешқашан да есімізден шығармаймыз. Ал сіздердің қолдау көрсетулеріңіз бізге қандай қиындықтар болсын, бәрін де бағындыруға күш-қуат береді. Жеңіске жетсек те, сәтсіздікке ұшырасақ та, сіздер үнемі бізбен біргесіздер. Әрбір ойында біз сіздердің қолдау көрсетіп отырғандарыңызды сеземіз. Әрі ешқашан жеке қалмайтынымызды білеміз. Сол үшін сіздерге рахмет! Өз алаңымыздағы ойындарда бәріміз бірге жүзеге асыратын, ауызбен айтып жеткізгісіз, біздің команда түлеп сала беретін атмосфераға рахмет. Өз кезегімізде, бұдан да жоғары спорттық нәтижелер мен жетістіктерге жетуге тырысамыз.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»