ВТБ Бірыңғай лигасы 2019/2020
Астана
Астана
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
26.01.2020, 15:00 Жс
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
92:80
Негізгі уақыт
25:22 23:15 24:25 20:18
Ойын нөмірі: RS-93
Көрермен: 1277
Зелена Гура
Зелена Гура

«Астанаға» Польшаның «Зелена Гура» клубы қонаққа келеді

20.01.2020, 08:00    Просмотров: 519
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

ВТБ Бірыңғай лигасының екінші айналымы «Астана» Президенттік баскетбол клубы үшін өз алаңында Польшаның «Стелмет Зелена Гура» командасын қабылдаумен басталады. Бұл ойын жексенбі күні, 26 қаңтарда өтеді.

«Стелмет Зелена Гура» – Польшаның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Зелена Гура қаласынан, 1946 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Польша чемпионатында бақ сынайды.

Жетістіктері:

  • Польша чемпионы – 2013, 2015, 2016, 2017
  • Польша кубогының иегері – 2015, 2017
  • Польша суперкубогының иегері – 2015


Баскетбольный клуб Зелена Гура 2019/2020

«Зелена Гура» — елорда баскетболшылары бірінші айналымда, түзде тізе бүктірген жалғыз команда. Бұл Жаңа жыл қарсаңында жүзеге асқан – 23 желтоқсан күні Польшада. Онда аса тартысты өткен шиеленісті матчта Қазақстан ұжымы жеңісті кездесудің соңғы секундтарында жұлып алған болатын – 78:81. Сол ойыннан кейін поляктар төрт матч өткізіп үлгерді. 2019 жылдың соңында «Зелена Гураға» «Локомотив-Кубань» қонаққа барып, 2 ұпай айырмасымен жеңісті өңгеріп кетті. Жаңа жылды Польша командасы түздегі екі ойынмен бастап, екеуін де өте сәтті өткізді. Әуелі Эстонияда «Калевті» ойсырата ұтып, содан соң Красноярскіде «Енисейді» есеңгіретіп кетті. Соңғы ойынды «Зелена Гура» өз алаңында өткізіп, Қазанның УНИКС командасына есе жіберіп алды.
 


Турнир кестесіндегі жағдай: «Зелена Гура» турнир кестесінде жетінші орынға орналасқан. Еншісінде – 6 жеңіс және 8 жеңіліс. Ал «Астана» алдағы қарсыласынан бір саты төмен орналасып, 5 жеңісімен және 7 жеңілісімен сегізінші орынды иемденіп тұр.

Команда құрамындағы өзгеріс: екі команда арасындағы желтоқсан айының соңында өткен кездесумен салыстырғанда, қарсыласымыздың құрамында ешқандай өзгеріс жүзеге асқан жоқ.

Команда көшбасшылары: орталық шептегі америкалық Дрю Гордон – поляктардың теңдессіз көшбасшысы, ол тиімділік, ұпай, доп қағып алу, допты тартып әкету және тосқауыл қою секілді көрсеткіштер бойынша командадағы статистикасы ең жоғары ойыншы. Алайда екеуара бірінші ойынды еске алсақ, онда Гордон өте сәтсіз ойын өрнегін көрсетіп, небәрі 4 ұпай ғана еншілеген болатын. Әрі алаңда 8 минут, 45 секунд қана ойнаған-тын. Оның себебі, жарақат алып қалуынан немесе денсаулығы сыр бергендіктен болуы әбден мүмкін. Яғни, Дрю Гордон астанаға келгенде спорттық бабында болса, ол біздің жігіттер үшін көп қиындық туғызуы ықтимал, оған ерекше назар аудару керек болады. Команданың негізгі ойын үйлестірушісі – швед Людвиг Хакансон және америкалықтар – шабуылшы Тони Мейер мен қорғаушы Джо Томассон Польша клубының негізін қалайтын және үнемі бастапқы бестікте ойнайтын үздіктері. Желтоқсанда өткен екеуара кездесуде Дрю Гордонды хорват алыбы Ивица Радич «жоқтатпай» , ең тиімді және нәтижелі ойыншы болған. Польшангың өз жігіттері ішінен шабуылшы Ярослав Зисковски мен қорғаушы Марсель Понитканы бөле-жара атап өтуге болады.

«Астананың» өз алаңында өте жақсы ойнайтындығын бәріміз де білеміз. Ал «Зелена Гура» болса, биылғы маусымда, әсіресе соңғы матчтарда, өз алаңынан гөрі түзде көсіле сілтеп жүр. Сондықтан, Нұр-Сұлтандағы матчтың шектен тыс шиеленісті және болжап болмайтын ойын болуы әбден мүмкін.

Матч жексенбі күні, 26 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сондай-ақ QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі. Билеттер Ticketon.kz. сайтында сатылымға шығып та қойды.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астана» ВТБ лигасында «Зелена Гура» клубын сүріндіріп, сегіздікке оралды

27.01.2020, 10:00    Просмотров: 592
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының екінші айналымын өз алаңында бастап, Польшаның «Стелмет Зелена Гура» командасын айқын басымдықпен ұтты.

Польшада біздің команда жанкештілік танытып, жеңісті соңғы секундтарда жұлып алған болатын. Ал өз алаңында елорда баскетболшылары фаворит ретінде көсіле шапты. Бұған ықпал еткен маңызды фактор, поляктардың лидері – Дрю Гордонның осының алдындағы УНИКС клубымен өткен матчта жарақаттанып қалуы да болды. Ол Нұр-Сұлтандағы ойынға дейін сауығып кете алмай, алаңға шыққан жоқ. Біз, әрине, Дрюдің тезірек жазылып кетуіне тілектеспіз. Ал оның алаңға шықпауы, біздің команда үшін біршама жеңілдеу болды. Есесіне, бұл матчта Польша командасының намысын алғаш рет америкалық шабуылшы Джордж Кинг қорғады. «Астана» сапында шабуылшы Джеффри Крокет те біздің команданың жейдесін алғаш рет киіп шығып, тырнақалды ойынын өткізді. Ал Эмиль Райкович бастапқы бестікке бұған дейінгі, «Пармамен» өткен матчтағы құрамды шығарды – Душан Ристич, Александр Жигулин, Джеймс Флоренс, Малкольм Хилл және Вадим Щербак.

Матчтың бірінші минутында екі команда нәтижесіз шабуылдарымен алмасты. Ал өз еншісіне алғаш болып ұпай жазған ойыншы Александр Жигулин болды. Ол екі рет айып соққысын мүлтіксіз орындады. Бірінші кезеңдегі ойын тең дәрежеде өтті. Біздің команда алғашқы минуттарда есеп айырмасын бес ұпайға дейін жеткізіп, алға шыққан. Бірақ бұл басымдықты уыстарында ұстап тұра алмады. Алғашқы кезеңде екі команда алма-кезек алға шығып, біршама тайталасты. Тағы бір қызықты дерек, бастапқы жеті минутта Қазақстан командасының сапында тек ойыншы ғана ұпай еншіледі. Александр Жигулин – 9 ұпай, ал Малкольм Хилл – 7 ұпай. Бірінші кезеңнің соңғы минуты біздің жігіттер үшін сәтті өтіп, олар 5 ұпай олжалады. Бұл алғашқы кезеңді жеңіспен аяқтауға мүмкіндік берді – 25:22. Екінші кезеңде елорда ұжымы бірінші минуттан бастап, қонақтарына қарағанда ширақ қимылдады. Бәрі де Джеффри Крокеттің «Астана» сапындағы алғашқы ұпайларынан басталды. Біраз уақытқа дейін поляктар тайталасып, біздің команданың есеп айырмасын ұлғайта түсулеріне жол бермеді. Дегенмен, кезеңнің бел ортасында біздің жігіттердің басымдығы екі таңбалы санға жетті. «Зелена Гура» командасының тайм-ауттары да астаналықтардың қарқындарын бәсеңсіте алмады. Үлкен үзіліске екі минут қалғанда, елорда ұжымы 16 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті. Десек те, ойынның бірінші жартысы «+11» айырмасымен аяқталып, «Астана» алға озды – 48:37.

Малкольм Хилл

Матчтың екінші жартысы басталғанда, Эмиль Райковичтің шәкірттері өз қарқындарынан таймай, есеп айырмасын қайтадан 15 ұпайға жеткізді. Бірақ келесі үш минут «Астана» ойыншылары үшін сәтсіз болып шығып, лақтырған доптары қонақтардың шығыршығына түспей қойды. Ал «Зелена Гура» керісінше, осы уақыт аралығында көсіле сілтеп, есеп айырмасын 10 ұпайға дейін қысқартты. Сары-көкшіл жейделілер үшінші кезеңнің бел ортасында шығыршықты дәл көздей бастап, ұпай қорларын молайтуға кірісті. Небәрі бір минуттан кейін қайтадан 15 ұпай айырмасымен қара үзді. Бірақ біздің бүгінгі қонақтарымыз табандылықтарымен танылып жүрген ұжым екендерін іс жүзінде дәлелдеп, тайталасып бақты. Соңғы онминуттық қарсаңында екі команданың арасын 10 ұпай ғана бөліп тұрды. Яғни, үшінші кезеңде қонақтарымыз жеңді, бірақ бір ұпай айырмасымен ғана басым түсті. Он ұпай айырмасы – әжептәуір басымдық. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды, екпін алған команданың таразы басын тез теңестіріп кетуі де мүмкін. Алайда біздің жігіттер қонақтарына ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Тіпті есеп айырмасын лезде 15 ұпайға қайта жеткізді. Поляктар қанша тайталасып, тырысса да, «Астана» дес бермеді. Жеңісті уыстарынан шығарып алу қаперлеріне де кірмеді. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда, біздің команданың өздеріне деген сенімділіктері таблода «+20» ұпайдан асып түсті. Бұл енді арқаны кеңге салатындай басымдық еді. Содан болар, біздің жігіттер сәл босаңсып, қонақтарына есеп айырмасын құысқартуға мүмкіндік беріп қойды. Әйткенмен, «Астана» одан әріге жол бермеді, матч соңында ойын тізгінін өз қолдарында ұстады. Сондықтан Эмиль Райкович бұл матчты қосалқы құрам орындығындағы жігіттерінің аяқтауына мүмкіндік берді. Осылай, «Астана» айқын басымдықпен жеңіске жетті. Осы ретте айта кетуге тиіспіз, бұл Қазақстан командасының биылғы маусымдағы ең ірі жеңісі – 92:80 (25:22, 23:15, 24:25, 20:18). Біздің команда жайлы бұдан қызықты дерек – бұл ойында жігіттеріміз айып соққыларынан мүлт кеткен жоқ, 24 мүмкіндіктен 24 ұпай еншіледі.
 


Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Астана» — бүгін нағыз командалық ойын үлгісін көрсетіп, жеңіске барлық ойыншылары өз үлестерін қосты. Әйтсе де, біздің ұжымның сапында ең үздігі Малькольм Хилл болды. Ол бүгін 25 ұпай еншілеп, 4 рет доп қағып алды. Душан Ристич бүгін әдеттегідей көсіле сілтей алмады. Бірақ бәрібір ол шығыршықтан қайтқан допты қағып алуда үздік болды – 15. Әрі 9 ұпай еншілеп, 3 пас берді. Стефан Холт үшін де бүгінгі ойын сәтті өтті – 14 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алды. Александр Жигулин матч басында ерекше көзге түсіп, команданың қарқынын үдете түсуіне ықпал етті – 12 ұпай еншілеп, 3 рет доп қағып алды.
  • «Стелмет Зелена Гура» — біздің команда бұл матчта да Ивица Радичті тоқтата алмады. Ол бүгін де өз командасын алға сүйреумен болды – 29 ұпай, 14 рет доп қағып алды. Ал Людвиг Хакансон 15 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алды.


«Астана» клубының бас бапкері — Эмиль Райкович:
— Бұл жеңіс бізге өте қажет еді. Өйткені, «Зелена Гура» – біздің плей-офф сатысына шығу додасындағы басты бәсекелесіміз. Біз биылғы маусымдағы екі матчта да осы команданы жеңдік. Енді екеуара ойындар қорытындысы бойыншы, біз басымдыққа ие боламыз. Барлық ойыншыларымызды құттықтағым келеді, олар бүгін бар күш-жігерлерін салды. Енді «Цмоки-Минск» командасымен өтетін ойынға дайындаламыз.
 
«Стелмет Зелена Гура» клубының бас бапкері  — Жан Табак:
— Бұл біз үшін өте ауыр сапар болды. Ойынның басынан бастап, физикалық тұрғыда есе жіберіп алдық.  Біріншіден, ойыншыларымыздың кішігірім, әртүрлі жарақаттары болды. Екіншіден, бізге ментальды тұрғыда дайындалу қажет. «Астананы» жеңісімен құттықтаймын – олар бүгін оған лайық болды.

Эмиль Райкович

Салдары: «Астана» үшін бұл өте табысты жеңіс болды. Өйткені ол біздің командаға тоғызыншы орыннан плей-офф аймағына оралуға, тіпті бірден бесінші орынға көтерілуге мүмкіндік берді. Бірақ ұмытпауымыз керек, бүгін тағы бірнеше ойын өтеді, ал олардың нәтижелері турнир кестесіне өзгерістер енгізуі әбден мүмкін. Әсіресе, «Зенит» – УНИКС матчының нәтижесі әсер ететін болады. Егер петерборлықтар жеңіске жетсе, онда «Астана» бір саты төмендейді. «Стелмет Зелена Гура» бүгінгі жеңілісінен соң, плей-офф аймағынан тыс қалып, 9-шы орынға сырғыды.

Келесі матч: небәрі екі күннен кейін, яғни 28 және 29 қаңтар күндері «Астана» өз алаңында Ақтаудың «Каспий» клубын қабылдап, Ұлттық лигадағы кезекті екі ойынын өткізеді. Ал ВТБ Бірыңғай лигасысындағы келесі ойынын 2 ақпан күні, Минскіде, жергілікті «аждаһалармен», яғни «Цмоки Минск» клубымен өткізеді.
 


Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1946 Клубтық түстері: ақ, жасыл
Мемлекет: Польша Арена: Зелена Гура Холл
Қала: Зелена Гура Сайт: www.basketzg.pl

Сипаттамасы

«Зелена Гура» – Польшаның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Зелена Гура қаласынан, 1946 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Польша Чемпионатында бақ сынайды.

Жетістіктері:
  • Польша Чемпионатының жеңімпазы − 2012/2013, 2014/2015, 2015/2016, 2016/2017, 2019/2020
  • Польша Чемпионатының күміс жүлдегері – 2013/2014, 2020/2021
  • Польша Чемпионатының қола жүлдегері – 2011/2012
  • Польша Суперкубогының жеңімпазы – 2015, 2020, 2021
  • Польша Кубогының жеңімпазы – 2015, 2017, 2021
  • Польша Кубогының күміс жүлдегері – 2016, 2018

Команданың жалпы суреті

Зелена Гура