«Астана» елордада «Атырау Барыстарымен» жауапты ойындарын өткізеді

25.01.2022, 10:15    Оқылғаны: 324
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

26 және 27 қаңтар күндері «Астана» баскетбол клубы өз алаңында «Атырау Барыстарымен» Ұлттық лига аясындағы жауапты ойындарын өткізеді. Бірінші ойын, астана уақытымен, 19:30-да, ал екінші матч 17:00-де басталады.

! НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР — Барлық жанкүйерлерден Өз алаңымызда өтетін матчтарға кіру Ережелерімен мұқият танысып шығуларын өтінеміз.

«Атырау Барыстары»
 – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіби баскетбол клубы, Атырау қаласынан. 2003 жылы құрылған.

Жетістіктері:

  • Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017
  • Жоғары лига жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан кубогының иегері: 2009
  • V-Bet Еуразия баскетбол лигасының күміс жүлдегері: 2019/2020
  • Қазақстан кубогының күміс жүлдегері: 2010, 2011, 2012, 2016, 2017, 2018
  • Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2020


Баскетбольный клуб Барсы Атырау 2021/2022

Алдағы екі матч біздің команда мен «Барыстар» арасындағы, Ұлттық лиганың биылғы маусымындағы, екінші өзара кездесулер болады. Дарко Руссоның шәкірттері жасыл-ақ жейделілермен маусым басында, осыдан тұп-тура 4 ай бұрын, Атырауда додаға түскен болатын. Оның екеуінде де астана баскетболшылары жеңіске жеткен. Содан кейін Атырау командасы 12 ойын өткізіп, соның біреуінде ғана жеңіліске ұшырады. Олар төрт рет “Каспий” жігіттерін күйрете жеңді, Қостанайдың «Тобылымен» өткен тартысты ойындарда да төрт мәрте жеңіске жетті, ал “Ақтөбе” командасымен өткен төрт ойынның үшеуінде басым түсіп, біреуінде ұтылып қалды. Осылай, Атырау ұжымы турнир кестесінде екінші орынды иемденіп тұр. Өзінен кейінгі командалардан жеті жеңісі артық, яғни олардан құйрық үзіп кетті. Алайда, бірінші орындағы “Астанамен” де арасы – алшақ, үш жеңісі кем. Естеріңізге сала кетейік, біздің команда дәл қазір жүз пайыздық нәтижемен, яғни 14 ойында 14 рет жеңіске жетіп, жеке-дара көш бастап келеді.

Команда құрамындағы өзгерістер: Маусым басынан бергі уақытта “Атырау Барыстары” құрамына екі ойыншы қосылды. Қазан айында атыраулықтар құрамын Беларусь қорғаушысы Андрей Рогозенко толықтырды. Ол бұған дейін Беларустің “Цмоки Минск” командасында өнер көрсеткен. Екінші жаңа ойыншылары – америкалық қорғаушы Донте Ламонт МакГилл. Іс жүзінде, Донте Атырау командасының үр жаңа ойыншысы емес, ол “Барыстар” сапында 2019/2020 маусымының соңы мен 2020/2021 маусымының басында ойнаған. Сонымен қатар, өз карьерасында NBA Жетілу лигасындағы “Делавер 87ерс” клубы сапында, содан кейін Польша чемпионатындағы “БМ Слам Стал” командасы құрамында ойнаған. Бұл екеуіне қоса, “Барыстардың” бапкерлері екі рет фарм-команда сапындағы ойыншыларына мүмкіндік беріп көрді.

Команда көшбасшылары: Донте Ламонт МакГилл әзірше, “Барыстар” сапында төрт ойын ғана өткізді. Әйтсе де, сенім үдесінен шығып келеді. Тағы бір америкалық ойыншы, яғни Джордан Уатсон да команданың көшбасшысы болып саналады. Қазақстандық Владимир Ивановтың және Беларусь жігіттері Андрей Рогозенко мен Денис Викентьевтің де көрсеткіштері – өте жоғары. Сонымен қатар, Рустам Өтеген мен Роман Марчукті де бөле-жара атап өтуге болады.

Матчтар астанадағы “Сарыарқа” велотрегі аренасында өтеді. Сәрсенбі күнгі бірінші ойын, астана уақытымен 19:30-да, ал бейсенбідегі екінші матч 17:00-де басталады. Екі ойынның да онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»