«Астана» ел біріншілігінде «Тобылдан» 6:0 есебімен үстем түсті

21.01.2022, 10:00    Оқылғаны: 427
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы Ұлттық лига додасының биылғы маусымында “Тобылмен” соңғы ойынын өткізді. Елорда ұжымы бұған дейінгі бес матчта да айқын басымдықпен жеңіске жетіп, кешегі ойында да үстемдік танытып, бүгін сөзсіз фаворит болып саналды. Әрі оны матч басында-ақ дәлелдеп, бүгін де ірі жеңіске қол жеткізді. Бұл ойында Дарко Руссо басқаратын бапкерлер құрамы америкалық легионерлерден Энтони Хики мен Антонио Кэмпбеллге сенім артты. Ал бастапқы бестікте алаңға тек қазақстандық ойыншылар шықты – Николай Бажин, Рустам Мырзағалиев, Дмитрий Гаврилов, Максим Марчук және Олег Балашов.

Ойынға отада қосылған допты қостанайлықтар іліп әкеткенімен, оны біздің жігіттер тартып алып, Максим Марчук бірінші шабуылымызда-ақ доға сыртынан есеп ашты. Жалпы, матч басында біздің команда көсіле сілтеді. “Тобыл” екі минуттан астам уақыт бойы доп сала алмай қойды. Ал матч басындағы біздің ұжымның жауапсыз серпілісінің басты жұлдызы Максим Марчук болды. Ол 10 ұпай еншілеп, енді 2 ұпайды өз еншісіне Дмитрий Гаврилов жазды. Осыдан кейін қарсыласымыз алғашқы добын салып, біздің басымдығымыз іркіліспен болса да, біртіндеп ұлғая берді.Марчук пен Гавриловтан бөлек, бірінші кезеңнің бірінші жартысында Рустам Мырзағалиев пен Олег Балашов доп салды. Ал кезеңнің орта тұсында “Астана” 15 ұпай есеп айырмасымен алда тұрды. Кезең соңына дейін тағы да Максим Марчук пен Дмитрий Гаврилов доп салып, Рустам Мырзағалиев та өз еншісіндегі ұпай қорын арттырды. Ал Николай Бажин, Руслан Айтқали және Роберт Пан осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі. Сөйтіп, біздің команда есеп айырмасын жиырма ұпайдан асырды – 13:34. Екінші кезең біздің команда үшін біріншісіндегідей аса нәтижелі болмады. Десек те, кезең жоғары қарқында басталып, Роберт Пан мен Руслан Айтқали шығыршық түбінде белсенділік танытты, әрі қорғанысқа да үлгеріп, көмектесіп отырды. “Тобыл” бұл кезеңдегі алғашқы добын екінші онминуттықтың бел ортасына қарай ғана салды. Бұл кезде олар отыз ұпайдан артық есеп айырмасымен ұтылып жатқан болатын. Алайда кезеңінің екінші жартысында қостанайлықтар біздің ұжымның нәтижесіз ойын өрнектерін пайдаланып, есеп айырмасын аз да болса қысқартты. Сөйтіп, екінші кезеңде Пан мен Айтқали 6 ұпайдан еншілеп, Андрей Литвиненко өз еншісіне екі ұпай жазды. Әйтсе де, бұл кезеңде де “Астана” басым түсіп, есеп айырмасын тағы 4 ұпайға арттырды – 23:48.

Максим Марчук

“Астана” екінші кезеңде сала алмаған доптарының есесін үшінші онминуттықта қайтара бастады. Бірақ, айта кетуге тиіспіз, алаңға америкалық легионерлеріміз Энтони Хики мен Антонио Кэмпбелл шығып, матчтың екінші жартысында нәтижелі ойын өрнегін паш ете бастады. Мысалы, екі минуттан сәл ғана асатын уақыт ішінде Энтони Хики 6 ұпай жинап, Антонио Кэмпбелл 3 ұпай еншіледі. Максим Марчук те олардан қалыспай, екі ұпай олжалады. Есеп айырмасы қайтадан отыз ұпайдан асып, біздің команда қара үзіп кетті. Үшінші кезеңнің ортасына дейін Максим Марчук тағы екі ұпай еншілеп, Марк Тихоненко осы ойындағы алғашқы добын доға сыртынан салды. Кезең бел ортасынан ауғанда Антонио Кэмпбелл көсіле шауып, екі рет орта қашықтықтан доп салып, есеп айырмасын қырық ұпайға жеткізді. Сонымен қатар, бұл кезең аяқталғанша Руслан Айтқали 3 ұпай , ал Олег Балашов 2 ұпай еншіледі. Осылай, матчтың аяқталуына он минут қалғанда біздің команда қарыштап, алға ұзап кетті – 32:73. Төртінші кезеңнің бастапқы бес минутында матч нәтижелі ойын үлгісінде өрбіді. Екі команда алма-кезек шабуылға шығып, өз мүмкіндіктерін сәтті аяқтап отырды. Бірақ бұл да біздің айқын басымдығымызға көп әсер еткен жоқ, керісінше, ол уақыт өткен сайын ептеп ұлғая берді. Осы уақыт аралығында ұпай еншілеу статистикасындағы өз көрсеткіштерін Энтони Хики мен Антонио Кэмпбелл әжептәуір ұлғайтты. Сондай-ақ, Рустам Мырзагалиев 3 ұпай еншіледі. Кезеңнің бел ортасында біздің команда 48 ұпай айырмасымен қара үзіп кетті. Алайда, “Астанаға” есеп айырмасын елу ұпайдан асыру оңайға түскен жоқ. Ол үшін Максим Марчукке, Антонио Кэмпбеллге және Энтони Хикиге доп салуға тура келді. Ал елу ұпай басымдық, матчтың аяқталуына 3 минут қалғанда, Максим салған доптан кейін жүзеге асты. Ал бір минуттан кейін, дәл осы Максим салған үш ұпайлық доптан кейін біздің команданың ұпай қоры жүзден асты. Матч аяқталғанша біздің сапымыздан Марк Тихоненко мен Рустам Мырзағалиев доп салып, “Астана” қарсыласынан екі еседен асатын есеп айырмасымен үстем түсті – 50:105.
 


Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Тобыл» – қостанайлықтар сапында ең тиімді ойыншы тағы да Антон Быков болып, ол дабл-дабл орындады – 13 ұпай, 11 рет доп қағып алды. Павел Ильин де 13 ұпай жинады, әрі 2 пас беріп, 2 рет допты тартып алды.
  • «Астана» – Максим Марчук алаңда отыз минутан асатын уақыт бойы ойнап, 25 ұпай жинады, 4 рет доп қағып алып, 2 пас берді және 5 рет допты тартып алды. Ал Энтони Хики он үш минуттан асатын уақыт қана ойнап, 14 ұпай еншіледі, 2 рет доп қағып алып, 8 пас берді және 4 рет допты тартып алды. Антонио Кэмпбелл де 14 олжалады, әрі 4 рет доп қағып алып, 2 пас берді және 3 рет допты тартып алды. Рустам Мырзағалиев 15 еншілеп, 4 рет доп қағып алды және 3 пас берді. Руслан Айтқали болса, өз еншісіне 11 ұпай жазды.


Салдары: “Астана” турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келеді. Ал “Тобыл” бес команданың ішінде төртінші орынды иеленіп тұрғанымен, жеңілісі бәрінен көп болып тұр.

Келесі матч: Әрі қарай жоспар бойынша, Дарко Руссоның шәкірттері Ұлттық лига аясында «Атырау Барыстарымен» кездеседі. Бұл ойындар 26 және 27 қаңтар күндері Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтетін болып жоспарланған.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»