«Астана» көктемді өз алаңында «Калевпен» қарсы алады

28.02.2021, 18:00    Оқылғаны: 432
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының ойыншылары 2021 жылғы Азия кубогының іріктеу додасындағы шешуші ойындарды сәтті өткізіп, Ұлттық құрама сапынан оралды. Біздің жігіттермен бірге Қазақстанға үлкен баскетбол да қайта оралды. 1 наурыз күні олар Астанада, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында, Эстонияның «Калев» командасымен жауапты ойын өткізеді. Кездесу дүйсенбі күні, 1 наурызда өтеді. Басталуы – Астана уақытымен 19:30-да.  

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР! — Коронавирус нәубеті салдарынан, Астанаға енгізілген шектеу шараларына байланысты матч көрерменсіз бос трибуналарда өтеді.​

«Калев» – Эстонияның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Таллинн қаласынан. 1920 жылы құрылған.

Жетістіктері:

  • КСРО чемпионы − 1991.
  • Эстония чемпионы − 2000, 2005, 2006, 2009, 2011, 2012, 2013, 2014, 2016-2019
  • Эстония чемпионатының күміс жүлдегері – 2015
  • Эстония кубогының жеңімпазы − 2005-2008, 2016, 2017
 

Калев баскетбол клубы 2020/2021

«Астана» биылғы маусымда эстондармен бірінші рет 2020 жылы 5 қарашада кездесіп, онда біздің жігіттер Таллиннен жеңісті өңгеріп қайтқан. Содан бері эстон ұжымы 11 матч өткізді. Қазақстан командасымен өткен ойыннан кейін “Калев” биылғы маусымдағы бірінші жеңісіне қол жеткізіп, өз алаңында “Цмоки-Минск” жігіттерін тізе бүктірген. Одан кейін үш рет ұтылды – түзде УНИКСтен, “Нижний Новгородтан” және “Автодордан”. Сонымен қатар, өз алаңында “Зенитке” де есе жіберіп алды. Содан соң “Калев” екінші рет жеңіске жетіп, тағы да “Цмоки-Минск” командасынан басым түсті. Бірақ бұл жолы – Минскіде. Бұдан кейін “Зелена Гура” және “Енисей” командаларымен өткен матчтарда да жеңіліске ұшырады. 7 ақпан күні эстон ұжымы көпшілікті қайран қалдырып, ЦСКАдан түзде жеңісті жұлып алды. “Калев” соңғы екі ойынын Пермде өткізіп, онда жергілікті ПАРМА командасымен додаға түсті, ал біреуінде шартты түрде алаң иесі болды. Алайда екі матчта да пермдіктер жеңіске жетті.

Турнир кестесіндегі жағдай:

“Астана” да, “Калев” те әзірше плей-офф аймағынан – біршама алыста. Эмиль Райковичтің командасы он бес ойында төрт рет қана жеңіске жетіп, 10-орында тұр. Ал эстондар екі саты төмен орналасқан, олар 15 ойынның үшеуінде жеңіске жетті. Қазір турнир кестесінің төменгі жағы – ығы-жығы, командалар бір-бірімен «иық тіресіп» тұр. Яғни алдағы ойынның нәтижесі олардың жағдайын біршама өзгертуі мүмкін. Егер “Астана” жеңіске жетсе, 10-орында қалады, бірақ жеңісі мен жеңілісінің көрсеткіші түзеле бастайды. Бұл жағдайда “Калев” те өз орнында қалады, бірақ “Енисей” мен “Астанадан” құйрық үзіп қала бастайды. Ал егер эстондар жеңіске жетсе, онда “Астана” бір саты төмен сырғып, өзара матчтардың нәтижелеріне байланысты “Енисейді” тағы да алдына шығарып алады. Сонымен қатар, қонақтар жеңіп кетсе, біздің жігіттер нәтижелері бойынша олармен теңеседі. Айта кету маңызды, биылғы маусымда эстондардың еншісінде бір техникалық жеңіліс бар. Сондықтан олар жеңіске жетсе де, олардың бір ойындары кем, бәрібір он екінші орында қалады.

Команда құрамындағы өзгерістер:

Желтоқсанда Эстонияның “Калев” командасы америкалық қорғаушы Гейб Биллермен арадағы келісімшартты бұзып, оның орнына сол күні-ақ серб қорғаушысы Брано Джукановичті алып, келісімшартқа отырған. Алайда ол да эстондардың сапында ұзақ тұрмады. Әрі 26 ақпан күні команда сапынан кетіп қалды. Желтоқсанда “Калевтің” құрамына былтырғы маусымдағы көшбасшыларының бірі, эстон шабуылшысы Янари Йоэссар қайта оралды. Оның карьерасы негізінен Эстонияда өтіп жатыр. 2015 жылдан бері ол “Рапла”, “Раквере Тарвас” және “Университет Тарту” сынды эстон командалары сапында ойнады. Ал 2017 жылдан бері “Калевтің” намысын қорғап келеді. Рас, былтырғы маусымды ол Испанияның “Канариас” командасы сапында бастады, бірақ маусым барысында эстон ұжымына қайтып келді. Биылғы маусымда да тура солай болды деуге болады, тек Янари маусымды Испанияның “Манреса” командасында бастады. Жалпы, желтоқсан эстондардың ростерінде өзгеріске толы болды. Жаңа жыл қарсаңында “Калев” өз құрамын тағы бір жаңа ойыншымен, атап айтқанда,  америкалық шабуылшы Морис Кемппен нығайтқан болатын. Кемп өз карьерасын Венгрияның “Альба Фехервар” командасы сапында бастап, одан кейін NBA Жетілу лигасындағы “Кантон Чардж” командасы сапында бір маусым ойнаған. Одан кейін ол Грекияның “Кавала”, Эстонияның “Рапла”, Ливанның “Тадамон Зук”, Аргентинаның “Орбас Баскет” және Испанияның “Фуэнлабрада” командаларында өнер көрсетті. Биылғы маусымды Морис Уругвайдың “Насиональ” командасы құрамында бастаған.

Әрине, осы ретте “Астана” командасы сапындағы өзгерісті де атап өткен ләзім. Орталық шептегі латыш ойыншысы Мартиньш Мейерс біздің команда сапынан кетіп, оның орнына америкалық орталық шеп ойыншысы Эрик Бакенер келді. Ол “Калев” клубымен өтетін матчта “Астана” сапындағы алғашқы ойынын өткізеді.

Команда көшбасшылары:

Команданың қазіргі көшбасшысы – Маркус Кин. Оның нәтижелері тиімділігі жағынан да, нәтижелілігі жағынан да бәрінен асып тұр. Сонымен қатар, команданың жаңа ойыншысы Морис Кемпті, әрі шартты түрдегі жаңа ойыншысы Янари Йоэсаарды атап өтуге тиіспіз. Екеуі де тез арада ұжымға судай батып, тастай сіңіп, команданың көшбасшыларына айнала білді. Сондай-ақ Девин Томас пен Чавон Льюис негізгі құрам ойыншылары болып есептеледі. Рас, Чавон биылғы маусымда небәрі төрт ойын ғана өткізді. Бірақ Пермдегі екі ойынның бірінде ойнады. Сонымен қатар, “Калевтің” жаттықтырушылары Мартин Дорбек, Крегор Хермет, Стэн Сокк, Танел Курбас сынды эстондар мен латыш Янис Кауфманисті алаңға жиі шығарып отырады.
 


Матч дүйсенбі күні, 1 наурызда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»