«Астана» ақпандағы ақырғы ойынын өз алаңында «Химкимен» өткізеді

11.02.2021, 18:00    Оқылғаны: 407
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Мәскеу облысының “Химки” клубы Нұр-Сұлтанға келді, әрі астаналықтардан биылғы маусымдағы жеңілісінің есесін қайтаруды көксейді. Сонымен қатар, олардың құрамы өзгерген, екеуара өткен ойыннан кейін бас бапкері де ауысқан. Кездесу жұма күні, 12 ақпанда өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да.   

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР! — Коронавирус нәубеті салдарынан, астанаға енгізілген шектеу шараларына байланысты матч көрерменсіз бос трибуналарда өтеді.​

«Химки» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Мәскеу облысынан, 1997 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында бақ сынайды.

Жетістіктері:

  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 2006, 2008, 2009, 2010, 2011, 2012, 2013, 2015, 2017, 2018, 2019
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2007
  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2008
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы – 2010/2011
  • ВТБ Бірыңғай лигасы Промо-кубогының күміс жүлдегері – 2008
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2014/2015, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019
  • ULEB Еуропа кубогының финалына шыққан – 2008/2009
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2005/2006
  • FIBA Еуролигасындағы «Төртеу финалында» додаға түскен – 2004/2005
  • ВТБ Бірыңғай лигасындағы «Төртеу финалында» додаға түскен – 2009/2010
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2011/2012, 2014/2015


Химки баскетбол клубы 2020/2021

“Астана” биылғы маусымда Мәскеу облысы ұжымын ұтқан. Қазан айында біздің команда тарихи жетістікке қол жеткізіп, тұңғыш рет “Химкиді” олардың алаңында тізе бүктірген. Шектен тыс тартысты ойында Қазақстан ұжымы жеңісті бір ұпай айырмасымен жұлып алған болатын. Сол матчтан кейін Мәскеу түбіндегі команда сегіз ойын өткізіп, олардың төртеуінде жеңіске жетті. Олар түзде “Автодор” мен УНИКСтен ұтылды, ал жаңа жылдан соң өз алаңында екі рет сүрінді – тағы да УНИКСтен және “Локомотив-Кубань” клубынан. Әйтсе де, Мәскеу облысы командасы ПАРМАдан екі рет басым түсті – өз алаңында және түзде. Сондай-ақ, өз алаңында ЦСКАны және түзде “Локомотив-Кубань” жігіттерін жеңіп кетті.

Турнир кестесіндегі жағдай:

“Химки” биылғы маусымда 13 ойын өткізіп, 6 матчта жеңіске жетті. Бұл нәтиже Мәскеу облысы командасына турнир кестесіндегі жетінші орынды меншіктеуге мүмкіндік беріп тұр, алайда олар маусым барысында сегізінші орынға да сырғыған. “Астана” 14 ойын өткізіп үлгерді, әзірше біздің команданың еншісінде 4 жеңіс бар, әрі кестеде 10-шы орынға орналасқан. Алдағы ойынның нәтижесі “Химкидің” турнир кестесіндегі орнына ешқандай да әсер етпейді, ал егер “Астана” ұтылып қалса, онда “Енисейді” тағы да оныншы орынға өткізіп, өзі он бірінші сатыға ығысады.

Команда құрамындағы өзгерістер: 

Команда сапында біршама өзгерістер жүзеге асты. Әрине, бірінші кезекте бұл жаттықтырушылар құрамына қатысты болды. “Химкидің” бас бапкері қызметінен Литва маманы Римас Куртинайтис кетіп қалды, әрі онымен бірге  бапкердің көмекшілері Робертас Кункаитис пен Гедриус Куртинайтис те кетті. Ойыншылардан америкалық Грег Монро мен швед Йонас Жеребко команда сапында қалған жоқ.

Бас бапкер қызметіне ресейлік маман Андрей Мальцев бекітілді. Андрейдің карьерасы адам қызығарлықтай деуге болады. Ойыншы ретінде 18 жыл доп қуып, оның басым бөлігін Санкт-Петербургтің “Спартак” командасы сапында өткізді. Әу бста карьерасын дәл осы ұжымнан, бірақ қала Ленинград болып тұрған кезінде, бастаған. Тіпті ұзақ жылға созылған карьерасын да “Спартак” сапында тәмамдады. Петербор командасына қайтып оралғанша Саратовтың “Автодорында” ойнаған, ол кезде бұл ұжым әлі “Автодорожник” деп аталатын. Содан соң Түркияның “Йешильюрте”, Швецияның “Джей-Би Найтс”, Қытайдың “Шанхай Шаркс” және Чехияның “Млекарна” командалары сапында өнер көрсеткен. Бапкерлік карьерасын да “Спартакта” бастады. Одан кейін 15 жылдай “ЦСКА” жүйесінде шыңдалып, екінші командаларын жаттықтырды. Биылғы маусымда ол “Химки” жүйесіне ауысқан. Әуелі “Химки-Подмосковье” фарм-команасында жұмыс істеді, одан кейін негізгі командада көмекші болды, енді бас бапкер қызметін уақытша атқарушы болып бекітілді. Андрейге көмекші ретінде біздің жанкүйерлерге мейілінше таныс, серб маманы Александар Трифунович келді. Ол “Астананы” 2013/2014 жыдар маусымының ортасынан 2014/2015 жылдар маусымының ортасына дейін жаттықтырған. Сонымен қатар, Александар Сербияның “Црвена Звезда”, Грекияның “Панионионис”, Ресейдің “Спартак”, Литваның “Летувос Ритас” және “Жальгирис” командаларын жаттықтырып, тәжірибе жинақтаған. Ал “Астанадан” кейін ол Түркияның “Йешилгерсун Билидейе” және “Пинар Каршияка” командаларын, сондай-ақ Босния және Герцеговинаның “Игокеа” ұжымын жаттықтырды.

Ойыншылардан негізгі күш Қазаннан келді. Америкалық қорғаушы Эррик Макколлум соңғы екі жарым маусымды УНИКСте өткізген. Оған дейін Израильдегі “Элицур Нетания” және “Хапоэль Кфар-Сава” командаларында, Грекиядағы “Аполлон” және “Паниониос” ұжымдарында, Қытайдағы “Чжэцзян Голден Буллз” және “Бэйцзин Роял Файтерс” командаларында, Түркиядағы “Галатасарай” және “Анадолу Эфес” клубтарында ойнаған. “Галатасараймен” ол ЕуроКубок жеңімпазы атанған. “Зениттен” “Химкиге” аса тәжірибелі қорғаушы – 2007 жылғы Еуропа чемпионы, сондай-ақ 2012 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері — Антон Понкрашов ауысты. Ол кезінде “Химки” сапында ойнаған, нақтырақ айтқанда, ЦСКА оны жалға берген. Шабуылшы Евгений Валиев “Химки” сапында 2019 жылдан бері жүр, бірақ “Химки-Подмосковье” ойнады, ал былтырғы маусымды ПАРМА-да аяқтап, жалға берілген. Орталық шептегі Андрей Десятников те “Химки-Подмоскоье” фарм-командасынан ойысты. Сонымен қатар, “Химки-Подмосковье” сапынан негізгі команда сапына тағы екі жас ойыншы қосымша тіркелді – шабуылшы Сергей Клюев және қорғаушы Даниил Касаткин.

Команда көшбасшылары:

Алексей Швед, әдеттегідей, Мәскеу облысы ұжымын алға сүйреп келеді. Әрі команда сапындағы ең көп ұпай жинаған және тиімді ойыншы болып саналады. Дэвин Букер де өте жоғары нәтижелер көрсетіп жүр, бірақ ол соңғы рет алаңға осыдан бір айдан астам уақыт бұрын шыққан. Джордан Мики команданың барлық ойындарында алаңға шығады, бір ойынды ғана жіберді, әрі негізгі ойыншыларының бірі болып саналады. Дайрис Бертранс пен Вячеслав Зайцев те үнемі команда намысын қорғап жүр. Сергей Моня мен Егор Вяльцев соғы ойындарда дода көрігін қыздырып келеді. Эррик Макколумды да ұмытуға болмайды, жаттықтырушылар құрамы оған да үнемі сенім артып, әр ойында жиырма минуттан алаңға шығарып отырады.

Матч жұма күні, 12 ақпанда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»