Елордада «Астана» мен «Атырау Барыстары» тағы да кездеседі

18.11.2019, 09:00    Оқылғаны: 600
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы Ұлттық лигада аясында «Атырау Барыстарын» өз алаңында қабылдайды.

«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіби баскетбол клубы, Атырау қаласынан. 2003 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Қазақстан чемпионы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан чемпионаты Ұлттық лигасының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019
  • Қазақстан чемпионаты Жоғары лигасының жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан кубогының иегері: 2009
  • Қазақстан кубогының күміс жүлдегері: 2010, 2011, 2012, 2017, 2018

Бұл – екі команданың қайта жолығуы, әрі алдағы қос ойын Ұлттық лига чемпионатының биылғы маусымындағы соңғы кездесулері болады. Бұған дейінгі екі матч осыдан бір айға да жетпес уақыт бұрын Атырауда өткен. Онда елорда командасы қарсыласына ешқандай да мүмкіндік бермей, екі ойында да ірі есеппен жеңіске жеткен болатын – 67:102 және 67:86. Дәл осы матчтардан соң атыраулықтар бір ғана командамен кездесті – түзде олар Ақтаудың «Каспий» клубын екі рет тізе бүктірді. Жалпы, жасыл-ақ жейделілер маусым басталғалы 10 ойын өткізіп, үш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Өз алаңында біздің жігіттерден екі мәрте ұтылып, бір рет «Торбылға» есе жіберіп алды. Сондай-ақ «Ақтөбеден» қос кездесуде де, яғни төрт ойында да басым түсіп, «Каспийді» түзде екі рет жеңіп, «Тобылды» бір рет тобықтан қақты. Ал Эмиль Райковичтің шәкірттері болса, Ұлттық лигада әлі жеңілген жоқ. Сегіз ойын өткізіп, бәрінде де басым түсті. Әрі турнир кестесінде жүз пайыздық көрсеткішпен көш бастап келеді.

Қарсыластың көшбасшылары: Егер қарсыласымыздың құрамына көз жүгіртер болсақ, онда Атырау командасының ең тиімді ойыншысы –орталық шептегі қазақстандық баскетболшы Владимир Иванов, ол өз ұжымында қайтқан допты қағып алудан да үздік. Америкалық легионерлер – қорғаушы Брейси Лисандер мен ойын үйлестіруші Райан Кук команда қоржынына ең көп ұпай салып жүргендер – тиісінше, орта есеппен бір ойында 15,83 және 14 ұпайдан. Кук команданыңнегізгі плеймейкері ретінде нәтижелі пас үлестірумен көзге түсіп жүр. Ал қарсы команданың доптарын тартып әкетуден Қазақстан қорғаушысы Рустам Өтеген көш бастап келеді. Бұлардан бөлек, «Атырау Барыстарының» негізгі құрамында Қазақстан қорғаушысы Әділхан Марат мен шабуылшысы Асқар Ахметжан, сондай-ақ Ресей қорғаушысы Игорь Савченко ойнап жүр.
 
Командадағы өзгеріс: Команда көшбасшыларының бірі америкалық Донте Ламонт МакГилл атыраулықтар сапынан кетіп қалды. Ол біздің командамен өткен бірінші кездесулерде ойнаған жоқ болатын. Есесіне, команда сапына жаңа екі ойыншы қосылды. Бірақ Қазақстан қорғаушысы Александр Чигрин әлі бірде-бір ойында алаңға шыққан жоқ, ал америкалық Эдуард Чарльз Картер III Ақтауда екі ойын өткізіп, команда көшбасшыларының бірі болды. Естеріңізе сала кетейік, ол өткен маусымның те жартысын дәл осы «Каспий» сапында өткізген болатын. Әрі ақтаулықтардың көшбасшыларының бірі болған және «Астанаға» қарсы ойнаған. Қазақстанға келгенше ол Македония және Косово чемпионаттарында өнер көрсеткен.
 
Турнир кестесіндегі жағдай: «Атырау Барыстары» бұған дейінгі Ақтауда өткен екі матчта жеңіске жетулерінің арқасында турнир кестесінің екінші орнына қайта көтерілді. Бірақ олар Нұр-Сұлтанда екі рет ұтылса, онда қайтадан үшінші орынға сырғуы, Қостанай клубының алдын орап кетуі әбден мүмкін. Алдағы екі ойында «Астана» фаворит болып есептеледі. Тіпті осы екі матчта «Барыстар» жеңіске жетсе де, біздің команда көш басындағы орнынан айырылмайды.

Матчтар сейсенбі және сәрсенбі күндері – 19 және 20 қарашада Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» велотрегі алаңында өтеді. Матчтардың басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Кіру тегін. Матчтардың онлайн-трансляциялары біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»