Алғашқы ширек «Уралмаштың» толық басымдығымен өтті. Хэйден Далтонның бірнеше үш ұпайлық дәл соққылары, Пыньконың жылдам шабуылдары мен Октавиус Эллистің сенімді ойыны екатеринбургтік ұжымның 18:7 есебімен көш бастауына мүмкіндік берді. Алайда «Астана» бапкерлерінің алған тайм-аутының арқасында алаң иелері ойынға қайта оралды. Мағжан Сәрсенғалиев екі рет үш ұпайлық соққы жасаса, Утоми де шабуылдағы қарқынды күшейте түсті. Осылайша, есеп айырмасы 3 ұпайға дейін қысқарды. Алайда бұл есепті сақтап қалу мүмкін болған жоқ, қарсылас алыс қашықтықтан сәтті шабуыл жасады (5/7 «Уралмаш» — 3/8 «Астана»). Бірінші ширектен кейінгі таблодағы көрсеткіш – 21:29.
Ойынның екінші бөлігінің басын тағы да «Уралмаш» өз есебіне жазды – 3:11. Екі ұжым да жылдам шабуылды қолданды, дегенмен дәлдік жағынан екатеринбургтік ұжым мықтырақ болды. Осы тұста бірнеше минут ішінде 7 ұпай еншілеген Данила Походяев жарқын ойын өрнегімен көзге түсті. Ти Джей Старкс пен Галин Смит жоғары деңгейдегі өзара түсіністікті көрсетсе, Владислав Исаенко алыстан жасаған дәл соққысымен ширекті қорытындылады – 41:56.
Үзілістен кейін де ойынның жоғары қарқыны сақталды. Екі команда да ұпай еншілеудің оңай жолын таба білді: «Астана» сапынан Старкс үш ұпайлық соққылармен көзге түссе, Утоми шабуылдардың нүктесін қойды. Бірақ, есеп айырмасын қысқарту алаң иелері үшін қиынға соқты – 55:79.
Командамыз үшін ойындағы ең қиын ширек матчтың төртінші кезеңі болды. «Уралмаш» қысым көрсетуін жалғастырып, 2:15 есебімен алға шықты. Рустам Мурзагалиев, Григорий Мотовилов пен Александр Оразбековтің құрамда болмағанын есепке алғанда, жігіттеріміздің бойынан шаршаңқылық байқалды, энергия жетіспеді. Дегенмен, Мағжан Сәрсенғалиев дамуын жалғастырып келеді. ВТБ Бірыңғай Лигасы дебюттік маусымын өткізіп жатқан баскетболшы сенімді ойын өрнегін көрсетіп жүр.
«Астана» – «Уралмаш» 66:106 (21:29, 20:27, 14:23, 11:27)
«Астана»: Дэниэл Утоми (18 ұпай), Ти Джей Старкс (13 ұпай, 7 пас), Мағжан Сәрсенғалиев (9 ұпай), Асқар Майдекин (7 ұпай), Данила Походяев (7 ұпай).
Глеб Плотников, «Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы:
— «Уралмашты» жеңісімен құттықтаймын! Бүгін олар ойын бойы басымдыққа көрсетті. Бұған статистика, әсіресе дәл соққылардың пайыздық көрсеткіші дәлел. Өкінішке қарай, бүгін тағы да команда құрам жағынан қиындықтарға тап болды. Григорий Мотовилов жаттығулардың бірінде жарақат алып қалды әрі бүгін оның құрамдағы орны ойсырап тұрды. Сондықтан бұл позицияда тек бір ойыншы Мағжан Сәрсенғалиевпен ойнауға мәжбүрміз. Ал ол – екінші команданың ойыншысы. Оған негізгі құрам ойыншысы ретінде есеп жасау қиын. Бүгін «Уралмашқа» қарағанда әлсіз болдық. Күшіміз жетпеді.