“Астананың” биылғы маусымдағы, Ұлттық лига аясындағы, екінші ойыны да Атырауда өтті. Онда біздің команда тағы да “Атырау Барыстарымен” додаға түсті.
Кешегі ойында “Астана” 30 ұпайдан артық есеп айырмасымен жеңіске жеткен. Сондықтан, бүгін де фаворит ретінде өнер көрсетті. Бірақ шектен тыс сенімділіктің де зияны бар, қарсыласты бағаламауға болмайды. Дарко Руссо бүгін де, Қазақстан ойыншыларымен және Марк Тихоненкомен бірге, кешегідей Джейлен Бэрфорд пен Энтони Хикиді шығарды. Әрі бастапқы бестік те тура кешегідей болды. Джейлен мен Энтониге Николай Бажин, Дмитрий Гаврилов және Максим Марчук қосылды.
Бүгін кешегідей емес, есепті алаң иелері ашты. Бірақ Максим Марчук пен Дмитрий Гаврилов салған доптардан соң “Астана” лезде алға шықты. Алайда “Атырау Барыстары” намысты қолдан бермей, бірінші кезеңнің ортасында көсіле шапты. Сөйтіп, «–6» ұпай айырмасымен ұтылып жатқан алаң иелері «+6» ұпаймен алға озды. Олардың бұл серпілістерін тек Дарко Руссо ғана тоқтатып, дер кезінде тайм-аут ала қойды. Осыдан кейін астана ойыншылары ойын өрнегін өзгертті. Ал Хики мен Бажин салған үш ұпайлық доптар таразы басын лезде теңестірді. “Атырау Барыстары” біздің тайм-ауттан кейін бірде-бір ұпай еншілей алмай, пұшайман болды. Ал бірінші кезеңнің нүктесін Бэрфорд үш ұпайлық соққысымен түйіндеді – 17:23. Екінші кезеңнің басында астана ойыншылары қарқындарын үдете түсті. Әрі Дмитрий Гаврилов, Энтони Хики, сондай-ақ Вадим Щербак салған доптардан кейін біздің басымдығымыз тез арада екі таңбалы санға жетті. Бірақ бұдан кейін біздің команданың ойын өрнегі үйлеспей, бес минуттан астам уақыт бойы шығыршыққа доп түсіре алмай, дал болды. Ал осы уақыт аралығында алаң иелері есепті теңестіруге айналып, екі команданың арасын бір ұпай ғана бөліп тұрды. “Астананың” ұзаққа созылған іркілісін Роберт Пан үзіп, үш ұпайлық соққысымен есеп айырмасын ұлғайтты. Әрі бұл матчтың бірінші жартысындағы соңғы ұпайлар болып шықты – 31:35.
Он бес минуттық үзілістен кейін “Астана” алаң иелерін 4 ұпай айырмасымен ғана ұтып жатты. Әрі бұл тұрақты басымдық емес еді. Бэрфорд пен Гаврилов салған доптардан кейін астана ұжымы он ұпайлық басымдықты жуықтап қалған. Бірақ “Атырау Барыстары” біздің жігіттерді алысқа ұзатпады. Тіпті “Астана” екі таңбалы санға тең басымдыққа қол жеткізсе де, атыраулықтар табан тіресе қарсылық көрсетіп, нәтижелі ойын өрнегін көрсете бастады. Үшінші кезеңнің аяғына қарай “Астананың” әлгі басымдығынан жұқана да қалмай, таблодағы есеп теңесті. Әйтсе де, бұл кезеңдегі соңғы ұпайларды біздің жігіттер олжалады. Энтони Хики үш ұпайлық добын дөп түсіріп, дәл осы мезетте Роберт Панға қарсы ойын ережесі бұзылып, ол айып соққыларын орындау құқығына ие болды. Сөйтіп, соңғы онминуттық қарсаңында таразы басы қайтадан бізге қарай ауды – 51:55. Төртінші кезеңнің басында “Барыстар” қамшыны басты, бірақ есеп айырмасы екі ұпайға дейін ғана қысқарды. Ал бұдан кейін Энтони Хики мен Марк Тихоненко маңызды шабуылдарын сәтті аяқтады. Содан соң Дмитрий Гаврилов та доп салып, астаналық гандикап 14 ұпайға дейін жетті. Осылай, матч соңында «Астана» өзін еркін сезінді. “Барыстар” біздің команданың соңғы серпілісінен еңсе тіктей алмай, дода көрігін қыздыра түспеді. Біздің команда сапынан бұл ойындағы соңғы ұпайларды америкалықтар Хики мен Бэрфорд еншіледі. Бүгінгі матч біршама тартысты өтіп, “Астана” тағы да жеңіске жетті – 65:76.
Ең көп ұпай еншілегендер:
Келесі матч: “Астана” 4 қазан күні ВТБ Бірыңғай лигасында маусымдағы бірінші ойынын өткізіп, Санкт-Петербургте жергілікті «Зенитпен» додаға түседі. Ал Ұлттық лигадағы келесі ойынын тек 22 қазан күні, Қостанайда “Тобылмен” өткізеді.
Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.