«Астана» баскетбол клубына Қазақстан кубогы жеңімпазы атағын Қостанайдың «Тобылымен» өтетін финалдық матчта қорғап қалу керек. Бұл ойын астанада, 19 қараша күні өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да.
Қостанайдың “Тобылы” 2020 жылғы Қазақстан кубогы басталмай тұрып-ақ, биыл ақпан айының басында, фавориттердің бірі болып есептелген. Олар сол кездегі ширек финалдық кездесулерде “Ақтөбені” екі рет тізе бүктіріп, жартылай финалға қиналмай шыққан. Бірақ одан кейін коронавирус нәубеті шығып, Қазақстан кубогы белгісіз мерзімге шегерілген болатын. Міне, сегіз айдан соң Қазақстан кубогының тағдыры ақыры шешілетін болды.
Қостанай командасының құрамы содан бері біраз өзгеріп, бірнеше белді ойыншысы ұжымнан кетіп қалған. Әйтсе де, “Тобыл” қандай жағдай болмасын, турнирдің фавориттерінің бірі екендігін дәлелдеді. Жартылай финалда “Атырау Барыстарынан” басым түсті. Астана командасының биылғы маусымдағы ресми матчтарда Қостанай ұжымымен жолы әлі түйіскен жоқ. Бірақ екі команда маусым басында жолдастық кездесу өткізген. Сол ойында “Астана” қарсыласына ешқандай да мүмкіндік бермей, ірі жеңіске жеткен. Онда біздің командамыздың сапында легионерлер ойнаған, ал алдағы ел кубогының финалында тек қазақстандық құрам болады. Матчқа дейінгі божам бойынша біздің ұжымның шоқтығы биіктеу, бірақ “Тобылдың” намысты қолдан бермей, айласын асыруға тырысары анық. Сонымен қатар, 2018/2019 жылдар маусымындағы “Астана” мен “Тобыл” арасындағы матчта біздің команда жеңісті бір ғана ұпай айырмасымен жұлып алған. Сондықтан, “Астананың” шоқтығы басымдау болғанымен, қарсыласын қалпақпен ұрып ала алмасы анық. Қазақстан кубогының жеңімазы атағын сақтап қалу үшін біздің командаға бар күш-жігерін салуға турат келеді.
Бейсенбі күні, 19 қарашада, астана уақытымен 19:30-да басталатын “Астана” мен “Тобыл” арасындағы негізгі матчтың алдында, дәл осы күні, Нұр-Сұлтандағы “Сарыарқа” велотрегі аренасында, 17:00-де басталатын матчта “Атырау Барыстары” мен “Каспий” үшінші орынды сарапқа салады. Матчтардың онлайн-трансляциялары біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР! Коронавирус нәубетіне байланысты енгізілген сақтық шараларына байланысты ойындар көрерменсіз өткізіледі.
Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
Барлық жанкүйерлерімізді «Астана» баскетбол клубының Қазақстан кубогын сегізінші рет жеңіп алуымен құттықтаймыз! Бас бәйге үшін өткен финалдық матчта біздің жігіттер Қостанай қырандарына ешқандай мүмкіндік берген жоқ.
Бұл ойында есепті қостанайлықтар ашты, бірақ Дмитрий Гаврилов таразы басын тез теңестіріп, Рустам Мырзағалиев біздің команданы алға шығарды. «Астана» алда болды, бірақ Қостанай командасы олардың қарқындарына төтеп беріп, еселерін жібермеуге тырысып, біздің жігіттердің алысқа ұзап кетулеріне мүмкіндік бермеді. Алайда «Тобыл» үшін алғашқы қауіпті сәт Вадим Щербак екі ұпайлық добын дөп түсіріп, айып соққысын орындауға қол жеткізіп, әрі оны мүлтіксіз орындап шыққанда жүзеге асты. Осыдан кейін, матчтың алтыншы минутында, “Астана” он ұпай айырмасымен қара үзе бастады. Әйтсе де, қостанайлықтар екі рет нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, есеп айырмасын алты ұпайға қысқартты. Бірінші кезеңнің аяғы тартысты өтіп, қостанайлықтар жеңісті қолдан бермейтіндіктерін көрсетіп, тайталасып бақты. Бірінші кезеңнің аяқталуына қырық секунд қалғанда, небәрі үш ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Алайда Роберт Пан шығыршықты алыстан дәл көздеп, осы кезеңнің нүктесін қойды – 22:28. Екінші кезеңде «Тобылдың» ойыншылары есепті тағы да үш ұпайға дейін қысқартты. Бірақ бұдан соң біздің жігіттер ойын тізгінін толықтай өз қолдарына алды. Әуелі алыстан ататын артиллериямыз, нақтырақ айтқанда Рустам Мырзағалиев пен Вадим Щербак мергендіктерін паш етсе, одан кейін еңгерзедей алыптарымыз, яғни Дмитрий Гаврилов пен Антон Пономарев есеп айырмасын 15 ұпайға жеткізді. “Тобыл” біздің команданың одан әрі екпінін күшейтуіне жол бермей, тосқауыл қоя алды. Бірақ есеп айырмасын аз да болса, қысқарта алмады. Есеп айырмасы орта есеппен он бес ұпайдай болып, екінші кезеңнің тоғызыншы минутына дейін сақталып тұрды. Ал содан соң Рустам Мырзағалиев пен Руслан Айтқали үш шабуылымызды сәтті аяқтады. “Тобыл” бұларға жауап қата алмады. 34:55 – матчтың бірінші жартысының қорытындысында “Астана” 20 ұпайдан артық басымдықпен үстем түсті.
Үшінші кезеңнің басында тағы да Руслан Айтқали ерекше көзге түсіп, үш шабуылда 7 ұпай еншіледі. Ал «Астана» 25 ұпайдан артық басымдықпен құйрық үзе бастады. Бір минуттан кейін Вадим Щербактың тиімді ойын өрнегінің арқасында есеп айырмасы арқаны кеңге саларлықтай, 30 ұпайға жетті. Мұндай елеулі айырмашылық біздің команданың жеңіске деген сенімділіктерін артыра түсті. Ал “Тобылға” ойын өрнегіне өзгеріс енгізу үшін жанкештілік таныту қажет болды. Әрі қостанайлықтар нәтижелі екі шабуыл ұйымдастырды да, бірақ біздің команда оларды тез тоқтатып, ойын өрнегін өзгертулеріне титтей де мүмкіндік берген жоқ. Үшінші кезең аяқталғанша, есеп айырмасы 30 ұпай шамасында тербеліп тұрды – 51:81. Төртінші кезеңде “Астана” ойын тізгінін уыстарында қысып ұстап, сегізінші кубокқа адымдай түсті. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда “Астана” +35 айырмасымен ұзап кетті. Сондықтан астана командасының жеңіске жететіндігіне ешкім де күмән келтіре алмады. Тек дәл осы сәтте «біздің жігіттер ұпай қорларын жүздікке жеткізе алар ма екен» деген ғана қызығушылық туындады. Ол да жүзеге асып, Асқар Майдекин матчтың аяқталуына бір жарым минут қалғанда есепті үш таңбалы санға жеткізді. Ал бұл матчың қорытынды есебін Роберт Пан түйіндеді – 66:102.
Ең көп ұпай еншілегендер:
Салдары: «Астана» – Қазақстан кубогының сегіз дүркін жеңімпазы, ал біздің команданың үш ойыншысы турнирдің таңдаулы үздік бестігіне ілікті – Рустам Мырзағалиев, Роберт Пан және Руслан Айтқали.
Келесі матч: астана командасы енді екі апталық үзіліске шығып, желтоқсан айындағы бір-біріне іркес-тіркес маңызды ойындарына дайындалады. Нақтырақ айтқанда, 5 желтоқсанда «Нижний Новгород» клубын қабылдап, ВТБ Бірыңғай лигасындағы ойындарын сабақтайды.
Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.