Баскетболдан ерлер арасындағы 2020 жылғы Қазақстан кубогының бас бәйгесі қарашаның 17-сінен 19-ына дейін астанада сарапқа салынады.
Естеріңізге сала кетейік, бұл дода жыл басында басталған. Әуелі електік ойындары, яғни 1/4 финалы өтіп, ақпан айының ортасында аяқталған. Ал наурыз айының соңына жоспарланған Төртеу финалы елімізде COVID-19 нәубетінің кесірінен жарияланған, төтенше жағдайға байланысты кейінге шегерілген болатын.
Биыл ел кубогына жеті команда қатысты. Бірақ олардың үшеуі ширек финалдан аса алмай, доп додасынан тыс қалды. «Астана» президенттік баскетбол клубы ерлер арасындағы Ұлттық лигадағы XXVII Қазақстан чемпионатының жеңімпазы болғандықтан, ел кубогын өткізу Ережесі шарттарына сай, електік сынға қатыспай, бірден жартылай финалдық сатыға, яғни Төртеу финалына шыққан болатын. Қалған алты команда, атап айтқанда, биылғы маусымда Ұлттық лигада ойнайтын бес клуб пен былтырғы маусымда еліміздің бас біріншілігінде өнер көрсеткен «Атырау Барыстары-2» командасы Қазақстан кубогының ширек финалында, екі матчтық додада, Төртеу финалы жолдамаларын сарапқа салған.
Төртеу финалының бірінші жолдамасы Атыраудың мысық тұқымдастары дербиінде анықталды. Онда «Атырау Барыстары» командасының негізгі құрамы өздерінің фарм-командасына ешқандай мүмкіндік бермеді – 85:46 және 49:61. Жасыл-ақ жейделілердің жартылай финалдағы қарсыласы «Тобыл» мен «Ақтөбе» арасындағы додада анықталып, онда Қостанай баскетболшылары үстемдік танытты – 103:80 және 77:101. Ширек финалдағы үшінші жұпта «Синегорье» жарптыла финалда бақ сынау құқығын «Каспийге» берді. Бұлай дейтін себебіміз, қарымта матчты өткізуге бармағандары үшін оларға техникалық жеңіліс жазылды. Негізі, бірінші ойында Көкшетау командасы жеңіске жеткен болатын – 93:58.
Сөйтіп, жартылай финалдық доданың бірінші күні, 17 қарашада, алаңға «Атырау Барыстары» мен «Тобыл», сондай-ақ алаң иелері «Астана» мен «Каспий» шығады. Келесі күні командалар демалып, олардың шешуші ойындар алдында тынығып алуларына мүмкіндік беріледі. Ал 19 қарашада жүлделі орындар сарапқа салынып, марапаттау рәсімі өткізіледі.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР! Коронавирус нәубетіне байланысты енгізілген сақтық шараларына байланысты ойындар көрерменсіз өткізіледі.
Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |