Ұлттық лига аясындағы 2021 жылғы бірінші ойындарын «Астана» баскетбол клубы Қостанайда жергілікті «Тобылмен» өткізеді. Бұл матчтар жексенбі және бейсенбі күндері – 17 және 18 қаңтарда осы қаладағы «Қостанай» спорттық ойын-сауық кешені алаңында өтеді. Екі матчтың да басталуы – астана уақытымен 18:00-де.
«Тобыл» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қостанай қаласынан.
Жетістіктері:
Команда құрамы:
Қостанайдый “Тобылы” былтырғы маусымдағы негізгі құрамының тірегін сақтап қалды. Әйтсе де, маусым аралығында командадан төрт ойыншы кетіп қалды. Антон Пономарев біздің команданың сапына оралып, Денис Дегтярев пен Павел Ильин “Каспийге” ауысты, бірақ Ильин маусым басында “Тобылға” қайтып келді, сонымен қатар Тимур Сұлтанов ойыншы ретіндегі карьерасын тәмамдап, баскетболдағы мансабын жаттықтырушы қызметінде жалғастыра бастады. Жаз кезінде Шайым Қуанов, Даниил Селезнев, Михаил Шваб, Максим Воейков, Антон Быков, Фарид Каримуллин, Константин Двирный және Рустам Валиев “Тобылмен” өз келісімшарттарын одан әрі ұзартты. Әрі команда сапын бірнеше жаңа ойыншы толықтырып, Қостанай ұжымына “Синегорьеден” Станислав Рововой, Руслан Чернявский және Константин Нефф келді. Тәжірибелі Дмитрий Климов Ұлттық лига додасынан бір жыл дем алып, алаңға қайта оралды. Сонымен қатар, Қостанай құрамын Ұлттық Студенттер Баскетбол Лигасынан бірнеше жас ойыншы толықтырды – Дмитрий Лучко мен Михаил Мудрагеля, сондай-ақ өрімдей жас Әнуар Симбаев.
Бас бапкер:
Қазақстан баскетболы комьюнити қоғамына кеңінен танымал, былтырғы маусымда ғана Қостанай командасының намысын қорғап, алаңда тер төккен Тимур Сұлтанов биылғы маусымда «Тобылдың» бас бапкері қызметін атқарады. Ал оған аса тәжірибелі маман Сергей Ратников көмектеседі.
Команда көшбасшылары:
Сөз жоқ, Қостанай командасының көшбасшысы — Антон Быков. Ол қазіргі сәтте бүкіл Ұлттық лиганың ең тиімді ойыншысы болып есептеледі. Әрі орта есеппен екі ұпайлық соққыларын дөп түсіруден бәрінент асып түсіп, қайтқан допты қағып алудан көш бастап тұр. Константин Двирный мен Максим Воейков орта есеппен әр ойында он ұпайдан артық еншілеп жүр. Сондай-ақ, команданың негізгі құрамына Шайым Қуанов, Дмитрий Климов, Павел Ильин және Даниил Селезнев кіреді.
Турнир кестесіндегі жағдай:
“Астана” он ойында он рет жеңіске жетіп, турнир кестесінде бірінші орынды меншіктеп тұр. Ал “Тобыл” сегіз ойынның үшеуінде ғана жеңіске жетіп, бесінші орынға орналасқан.
Кездесулер тарихы:
Осы уақытқа дейін “Астана” мен “Тобыл” 35 рет додаға түсті. Екеуара кездесулерде қостанайлықтар бірде-бір рет елорда ұжымын жеңе алмай, 35 ойынның бәрінде де жеңіліске ұшырады. Ұлттық лиганың биылғы маусымында екеуі әлі кездеспегендерімен, қыркүйектен бері екі рет жолдары түйісті: бір рет олар маусым басында жолдастық кездесу өткізді және Қазақстан кубогы 2020 додасының финалында жолықты. Бұл екі кездесуде де “Астана” ірі жеңіске жетті.
Қызықты деректер:
Матчтар жексенбі және бейсенбі күндері – 17 және 18 қаңтарда Қостанайдағы «Қостанай» спорттық ойын-сауық кешені алаңында өтеді. Екі матчтың да басталуы – астана уақытымен 18:00-де. Матчтардың онлайн-трансляциялары сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Астана» баскетбол клубы Ұлттық лигаға үстемдік құруын одан әрі жалғастырды! Елорда ұжымының Қостанайға жол шеккен сапары жергілікті «Тобыл» командасына басымдық танытумен басталды. Бірінші ойында Эмиль Райкович легионерлерден алаңға Джеремайя Хилл мен Мартиньш Мейерсті шығарды.
Есепті алаң иелері ашты, бірақ келесі шабуылда Джеремайя Хилл “Астана” үшін алғашқы ұпайларды еншілеп, үш ұпайлық соққысын мүлтіксіз орындады. Бұдан соң үш минут бойы доп додасы тартысты өтіп, екі команда алма-кезек алға шығып, мейілінше тайтласты. Бірінші кезеңнің ортасында біздің жігіттер қамшыны басып, бірінші рет қара үзе бастады. Кезеңнің бел ортасында өзінің бүгінгі туған күні мерекесінде көсіле сілтеген Максим Марчук астана командасының басымдығын екі таңбалы санға жеткізді. Алайда алаң иелері де қарап қалмады. Олар күш-жігерлерін лезде жұмылдыра біліп, есеп айырмасын оннан үш ұпайға дейін қысқартты. Жалпы, бірінші кезеңнің екінші жартысы бірінші бөлігіне пара-пар болып шықты. Онминуттықтың ең соңында Қостанай командасы есепті теңестірді – 21:21. Екінші кезеңнің басында Рустам Мырзағалиев “Астананы” алға шығарды. Әрі біздің команда біршама ұзай бастады. Бірақ кезеңнің ортасында алаң иелері оларға тағы да тойтарыс беріп, таразы басын теңестірді. Рас, “Тобыл” бірақ екінші кезеңде алға шығып көрген де жоқ. Астаналықтарды кезекті рет алға шығарған тағы да Максим Марчук болды. Бірақ матчтың бірінші жартысының аяғына дейін біздің жігіттер алысқа ұзап кете алмады. Осы кезеңде “Астана” қол жеткізген ең алшақ басымдық небәрі алты ұпайды құрады. Бұл алшақтықты матчтың бірінші жартысының соңғы минутында Николай Бажин орнатты. Ол нысананы дәл көздегенде, қонақтар ойын ережесін бұзып, жеңіл шабуылшымыз айып соққыларын да мүлтіксіз орындап шықты. Ал командалар үлкен үзіліске шыққанда есеп 38:42 болды. Алда – Эмиль Райковичтің шәкірттері.
Үшінші кезеңде де “Тобыл” табан тіресе тайталасты, бірақ ойын тізгіні біздің команданың уысында болды. Кезеңнің бірінші жартысында “Астана” сапынан тек Николай Бажин мен Мартиньш Мейерс ұпай еншілеп отырды. Екеуінің талпыныстарын қосқанда да, елордалықтар алысқа ұзап кете алмай қойды. Есеп айырмасы 4-8 ұпай аралығында тербеліп тұрды. Жағдай кезеңнің ортасына қарай өзгере бастады. Максим Марчук тағы да нысананы алыстан дөп көздеді, одан кейін Дмитрий Гаврилов шығыршық түбіндегі табандылығының арқасында “Астананың” басымдығын екі таңбалы санға жеткізді. “Тобыл” таразы басын теңестіруге тырысып бақты-ақ, бірақ үшінші кезеңнің соңында олар 10 ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 56:66. Соңғы кезеңнің алдында алаң иелері үшін мұндай есеп айырмасы тым сорақы емес еді, өйткені он ұпайды тез қысқартып, қуып жетуге болады. Алайда біздің команда қарсыласына ондай мүмкіндік беріп, жағдайды шиеленістіре түсіп, ойын аяғын ушықтыра түскілері келмеді, әрине. “Тобыл” матчтың аяқталуына бес минут қалғанда небәрі 7 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Әрі жеңісті жұлып алу мүмкіндігі де сақталып тұрды. Бірақ біздің команда үш минуттың ішінде тағы бір тамаша серпілісті жүзеге асырды – 0:12. Сөйтіп, есеп айырмасын жиырма ұпайға мейілінше жақындатты. Ал матчтың аяқталуына екі-ақ минут қалған болатын. Осы уақыт ішіндегі ұпайларды еншілегендер Мырзағалиев, Мейерс, Бажин және Хилл болды. Былайша айтқанда, матч тағдыры шешілген еді. Әрі Эмиль Райковичтің шәкірттері қалған уақытта аса қиналмай өткізіп, жеңіске жетті. Есеп – 72:88.
Ең көп ұпай еншілегендер:
Салдары: “Астана” Ұлттық лиганың турнир кестесіндегі бірінші орынға мейілінше орнығып алды. Ал “Тобыл” болса, үздік төрттіктен біршама қалып барады.
Келесі матч: «Тобылмен» өтетін екеуара екінші ойын ертең, яғни 18 қаңтар Қостанайда, «Қостанай» спорттық ойын-сауық кешені алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 18:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.