«Астана» баскетбол клубы Ұлттық лигаға үстемдік құруын одан әрі жалғастырды! Елорда ұжымының Қостанайға жол шеккен сапары жергілікті «Тобыл» командасына басымдық танытумен басталды. Бірінші ойында Эмиль Райкович легионерлерден алаңға Джеремайя Хилл мен Мартиньш Мейерсті шығарды.
Есепті алаң иелері ашты, бірақ келесі шабуылда Джеремайя Хилл “Астана” үшін алғашқы ұпайларды еншілеп, үш ұпайлық соққысын мүлтіксіз орындады. Бұдан соң үш минут бойы доп додасы тартысты өтіп, екі команда алма-кезек алға шығып, мейілінше тайтласты. Бірінші кезеңнің ортасында біздің жігіттер қамшыны басып, бірінші рет қара үзе бастады. Кезеңнің бел ортасында өзінің бүгінгі туған күні мерекесінде көсіле сілтеген Максим Марчук астана командасының басымдығын екі таңбалы санға жеткізді. Алайда алаң иелері де қарап қалмады. Олар күш-жігерлерін лезде жұмылдыра біліп, есеп айырмасын оннан үш ұпайға дейін қысқартты. Жалпы, бірінші кезеңнің екінші жартысы бірінші бөлігіне пара-пар болып шықты. Онминуттықтың ең соңында Қостанай командасы есепті теңестірді – 21:21. Екінші кезеңнің басында Рустам Мырзағалиев “Астананы” алға шығарды. Әрі біздің команда біршама ұзай бастады. Бірақ кезеңнің ортасында алаң иелері оларға тағы да тойтарыс беріп, таразы басын теңестірді. Рас, “Тобыл” бірақ екінші кезеңде алға шығып көрген де жоқ. Астаналықтарды кезекті рет алға шығарған тағы да Максим Марчук болды. Бірақ матчтың бірінші жартысының аяғына дейін біздің жігіттер алысқа ұзап кете алмады. Осы кезеңде “Астана” қол жеткізген ең алшақ басымдық небәрі алты ұпайды құрады. Бұл алшақтықты матчтың бірінші жартысының соңғы минутында Николай Бажин орнатты. Ол нысананы дәл көздегенде, қонақтар ойын ережесін бұзып, жеңіл шабуылшымыз айып соққыларын да мүлтіксіз орындап шықты. Ал командалар үлкен үзіліске шыққанда есеп 38:42 болды. Алда – Эмиль Райковичтің шәкірттері.
Үшінші кезеңде де “Тобыл” табан тіресе тайталасты, бірақ ойын тізгіні біздің команданың уысында болды. Кезеңнің бірінші жартысында “Астана” сапынан тек Николай Бажин мен Мартиньш Мейерс ұпай еншілеп отырды. Екеуінің талпыныстарын қосқанда да, елордалықтар алысқа ұзап кете алмай қойды. Есеп айырмасы 4-8 ұпай аралығында тербеліп тұрды. Жағдай кезеңнің ортасына қарай өзгере бастады. Максим Марчук тағы да нысананы алыстан дөп көздеді, одан кейін Дмитрий Гаврилов шығыршық түбіндегі табандылығының арқасында “Астананың” басымдығын екі таңбалы санға жеткізді. “Тобыл” таразы басын теңестіруге тырысып бақты-ақ, бірақ үшінші кезеңнің соңында олар 10 ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 56:66. Соңғы кезеңнің алдында алаң иелері үшін мұндай есеп айырмасы тым сорақы емес еді, өйткені он ұпайды тез қысқартып, қуып жетуге болады. Алайда біздің команда қарсыласына ондай мүмкіндік беріп, жағдайды шиеленістіре түсіп, ойын аяғын ушықтыра түскілері келмеді, әрине. “Тобыл” матчтың аяқталуына бес минут қалғанда небәрі 7 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Әрі жеңісті жұлып алу мүмкіндігі де сақталып тұрды. Бірақ біздің команда үш минуттың ішінде тағы бір тамаша серпілісті жүзеге асырды – 0:12. Сөйтіп, есеп айырмасын жиырма ұпайға мейілінше жақындатты. Ал матчтың аяқталуына екі-ақ минут қалған болатын. Осы уақыт ішіндегі ұпайларды еншілегендер Мырзағалиев, Мейерс, Бажин және Хилл болды. Былайша айтқанда, матч тағдыры шешілген еді. Әрі Эмиль Райковичтің шәкірттері қалған уақытта аса қиналмай өткізіп, жеңіске жетті. Есеп – 72:88.
Ең көп ұпай еншілегендер:
Салдары: “Астана” Ұлттық лиганың турнир кестесіндегі бірінші орынға мейілінше орнығып алды. Ал “Тобыл” болса, үздік төрттіктен біршама қалып барады.
Келесі матч: «Тобылмен» өтетін екеуара екінші ойын ертең, яғни 18 қаңтар Қостанайда, «Қостанай» спорттық ойын-сауық кешені алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 18:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.
Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |