«Астана» жаңа маусымда өз алаңындағы бірінші ойынын көрермендермен өткізеді

15.10.2021, 12:00    Оқылғаны: 175
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы жаңа маусымда өз алаңындағы бірінші ойынын өткізеді. ВТБ Бірыңғай лигасы аясында біздің ұжым Польшаның “Зелена Гура” командасымен додаға түседі. Матч сенбі күні, 16 қазанда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 14:00-де.

! НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР — Барлық жанкүйерлердің Өз алаңымызда өтетін матчтарға кіру Ережелерімен мұқият танысып шығуларын өтінеміз. Аренаға кіру тек Солтүстік есіктен жүзеге асырылатын болады (Орынбор көшесі жағынан, жанармай бекетіне қарама-қарсы).

«Зелена Гура» – Польшаның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Зелена Гура қаласынан, 1946 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Польша чемпионатында бақ сынайды.

Жетістіктері:

  • Польша чемпионатының жеңімпазы – 2012/2013, 2014/2015, 2015/2016, 2016/2017, 2019/2020
  • Польша чемпионатының күміс жүлдегері – 2013/2014, 2020/2021
  • Польша чемпионатының қола жүлдегері – 2011/2012
  • Польша кубогының иегері – 2015, 2017, 2021
  • Польша кубогының күміс жүлдегері – 2016, 2018
  • Польша суперкубогының иегері – 2015, 2020, 2021

Зелена Гура баскетбол клубы 2021/2022

Команда құрамы:

Польша ұжымы былтырғы маусыммен салыстырғанда өз құрамын көп өзгертті. Маусым аралығында 12 ойыншы бірдей командадан кетті. Олардың арасында легионерлер де бар. Америкалықтар Крис Ричард, Адам Смит, Сисиль Уилльямс, Скайлер Боулин, сондай-ақ “Астананың” бұрынғы ойыншысы Джеффри Гроселл өз карьераларын басқа командаларда жалғастырып жүр. Сонымен қатар, командадан грек Никос Паппас және латыштар Янис Берзиньш пен Роландс Фрейманис та кетті. Соңғысы өткен жексенбіде, өзінің жаңа командасы сапында, яғни “Нижний Новгород” құрамында “Астанаға” көп қауіп төндірді. Жергілікті ойыншылардан, былтырғы маусымдағы Лукаш Кошарек, Филип Пут, Даниэль Шимкевич және Кацпер Порада төртеуі команда құрамына тіркелмеді.

Небәрі төрт ойыншы ғана биыл өз карьераларын “Зелена Гура” сапында одан әрі жалғастырады – поляктар Кшиштаф Сулима, Дэвил Брембли, Кацпер Трачик және Никодем Клоцек. Польша командасы биылғы маусымда екі америкалық ойыншымен келісімшартқа отырды. Екеуі де ВТБ Бірыңғай лигасына бірінші рет қосылып отырған жоқ. Тәжірибелі шабуылшы Тони Мейер карьерасын Австралиядағы «Франкстон Блюз» сапында бастаған. Одан кейін Еуропаға ойысып, Португалияда («Витория де Гуимареш»), Польшада («Сатрогард Гданьск»), Грекияда («Аполлон Патрас», «Лаврио», «Промитеас Патрас») командаларында өнер көрсетті. Сонымен қатар, “Нимбурк” құрамында Чехия чемпионы болды. 2019/2020 маусымында ол “Зелена Гураның” намысын қорғаған. Ал маусым аяқталған соң карьерасын тәмамдағаны туралы мәлімдеген. Алайда, бір жыл өткен соң, ол “Зелена Гура” сапына оралып, карьерасын қайта сабақтап отыр. Екінші америкалық – қорғаушы Брэнден Фрэйзер. Өз карьерасын Нидерландтың “Дэн Хелдер Кингс” командасында бастаған. Одан кейін Венгрияның “Капосвари” клубында ойнады. Бұдан соң бір маусым Украинаның “Химик” клубында бақ сынап, Украина чемпионы атанады. Екі маусым ВТБ Бірыңғай лигасының көрігін қыздырып, Саратовтың “Автодорында” шыңдалады. Содан кейін Испанияның “Бургос”, немістің “Бонн”, түріктің “Фетье Беледьеспор” және “Монако” клубтарында ойнап шыққан. Канадалық Дево Джозеф өз әлеуетін NBA жазғы лигаларында “Рэпторс” командасымен бағамдап көрген. Бірақ кәсіби карьерасын түгелдей АҚШ-тан тыс жерлерде өткізген. Украинаның “Химик”, Испанияның “Йовентут Бадалона”, Түркияның “Турк Телеком” және “Бандирма Киримзи”, Францияның “Шоле Баскет”, Израильдің “Маккаби Кирят Гат”, Грекияның “Ретымно”, Венесуэланың “Буканерос де Ла Гуайра”, Финляндияның “Нокиа”, Польшаның “Щленск Варцлав” және Румынияның “ЦСО Волунтари” командаларында ойнап шыққан. 2016 жылы Дево “Будучност Подгорица” командасымен Црна Гора чемпионы болған. Сербияның еңгерзедей ауыр шабуылшысы Драган Апич те ВТБ Бірыңғай лигасы додасына бірінше рет қосылып отырған жоқ. Сербиядағы “Вршац”, “Црвена Звезда” және “ФМП” командаларынан соң ол екі маусым бойы “Локомотив-Кубань” сапында тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетті. Одан кейін Испанияның “Бургос” командасына жалға берілді. Былтырғы маусымды Црна Горадағы “Будучность Подгорица” сапында өткізді. Ал серб қорғаушысы Неманья Ненадич ВТБ Бірыңғай лигасына бірінші рет қосылып отыр. Ол тіпті алғаш рет Сербиядан тыс жерде ойнап жүр. Бұған дейін тек серб командаларында ойнаған – “Слодес”, “Тамиш”, “Младость Зимун”, “Пирот”, “Войводина Сербиягаз”, “Дунав”, “ФМП”, “Мега Бимакс” және “Црвена Звезда”. Соңғысының сапында Адриатика Суперкубогының жеңімпазы атанып, Адриатика және Сербия лигаларының чемпионы да болған. Жергілікті ойыншыларға тоқталсақ, командаға тәжірибелі шабуылшы Ярослав Зисковски қайтып келді. Ол былтырғы маусымды Германияның “Раста Вечта” және Испанияның “Бальбао Баскет” командалары сапында өткізген. Қорғаушы Энди Мазурщак өз карьерасында Грекияның “Кавала”, Германияның “Найнерс Чемитц”, Испанияның “Касерес”, Нидерландтың “Арис Лиуварден” және Польшаның “МКС Доброва Горница” ойнап үлгерген. Сондай-ақ команда құрамын тәжірибелі шабуылшы Пржемислав Жолниревич пен жас қорғаушы Конрад Шимански толықтырды.

Бас бапкер: Маусым аралығында «Зелена Гураның» жаттықтырушылары құрамынан бас бапкері, яғни хорват маманы Жан Табак кетіп қалды. Онымен бірге Испания бапкері Феликс Алонсо да кетті. Командада қалған жалғыз жаттықтырушы – поляк Аркадиуш Милошевски. Бірақ ол да қыркүйек айының соңында қызметінен босатылды. Сөйтіп, Польша ұжымының жаттықтырушылары құрамы толықтай жаңарды. Бас бапкер болып, серб маманы Оливер Видин бекітілді. Ол жаттықтырушы карьерасын сонау 1999 жылы бастаған. Әуелі ол серб командаларында тәжірибе жинады – “Дрвомаркет”, “Торлак” және “Визура”. Одан кейін ұзақ уақыт Словакияда еңбек етіп, “Долны Кубин”, “Интер Братислава” және “Вахостав Зилина” командаларын жаттықтырды. Сонымен қатар, Финляндияның “Нокиа” командасын да баптады. Ал соңғы маусымдарда Польшаның “Шленск Ворцлав” командасының тізгінін ұстады. Әрі ол Югославия U-16 және U-18, сондай-ақ Сербия U-18 құрамаларының бас жаттықтырушыларына көмекші болған. Әрі Словакия U-20 құрамасының бас бапкері қызметін атқарған. Оливер Видин екі рет “Интер Братислава” командасымен Словакия чемпионатында топ жарып, Финляндияда қола жүлдегер болған. Екі мәрте Словакияда, бір рет Финляндияда «Жыл жаттықтырушысы» атанған. Оған енді серб маманы Милан Митрович пен Польша жаттықтырушысы Якуб Левандовски көмектеседі.

Турнир кестесіндегі жағдай: “Зелена Гура” ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымын екі рет азулы ұжымдардан ойсырай ұтылып бастады – ЦСКА және УНИКС клубтарынан. Соның кесірінен, дәл қазір турнир кестесін тұйықтап тұр. Ал “Астана” бір жеңіс, бір жеңілісімен турнир кестесінің ортасына орналасқан – 6-орында.

Команда көшбасшылары: Екі ойыннан кейін “Зелена Гураның” ең көп ұпай жинаған ойыншысы – серб Неманья Ненадич, ал ең тиімді ойыншылары – поляктар Дэвид Брембли мен Энди Мазурщак. Сондай-ақ, команданың негізгі құрамында Ярослав Зисковски, Драган Апич және Дево Джозеф ойнайды.

Кездесулер тарихы: Екі ұжым өзара 6 кездесу өткізген. Әрі Қазақстан командасы жалпы есепте 5:1 нәтижесімен басымдық танытып келеді. “Астана” былтырғы маусымда, Польшада өткен ойында жалқы жеңілісіне ұшырады, әрі сол жеңіліс өзекті өртеп, өкінішке толы болған.

Қызықты деректер:

  • “Зелена Гура” Қазақстанда бірде-бір рет жеңіске жетіп көрген емес.
  • Букмекерлік кеңселер бұл матчта “Астананың” жеңілмейтіндігіне сенімді.


Матч сенбі күні, 16 қазанда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 14:00-де. Аренаға кіру тек Солтүстік есіктен мына сызбаға сай жүзеге асырылатын болады (Орынбор көшесі жағынан, жанармай бекетіне қарама-қарсы):



Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»