«Астана» ВТБ лигасы маусымын өз алаңында «Цмоки-Минск» командасымен тәмамдайды

24.04.2021, 18:10    Оқылғаны: 35
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

ВТБ Бірыңғай лигасы додасының негізгі бөлігін «Астана» баскетбол клубы өз алаңында Беларусь елінің «Цмоки Минск» командасымен тәмамдайды. Яғни бұл матч елорда командасы үшін Лиганың биылғы маусымындағы соңғы ойын болады. Матч жексенбі күні, 25 сәуірде өтеді. Басталуы – астана уақытымен 17:00-де.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР!
 — Коронавирус нәубеті салдарынан, астанаға енгізілген шектеу шараларына байланысты, матч көрерменсіз бос трибуналарда өтеді.

«Цмоки-Минск» – Беларусь елінің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Минск қаласынан. 2006 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасы мен Беларусь чемпионатынан бөлек, Еуропа кубогы додасында да өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • Беларусь чемпионы: 2009−2020
  • Беларусь кубогы жеңімпазы: 2010−2020


Естеріңізге сала кетейік, Беларусь “айдаһарларымен” өтетін алдағы матч біздің команда үшін биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы соңғы ойын болады. Бұл кездесу Лига додасының негізгі бөлігіндегі соңғы күнтізбелік ойын күні өтеді. Биылғы маусымла «Цмокилермен» додаға түскен бірінші ойын осыдан бір айдан сәл ғана асатын уақыт бұрын Минскіде өткен болатын. Онда біздің жігіттер жанкештілік танытып, екі ұпай айырмасымен жеңісе жеткен – 78:80. Содан бері Минск ұжымы бес ойын өткізіп, бәрінде де жеңілістің кермек дәмін татты. Әуелі олар “Химки” мен “Пармадан” түзде ұтылды. Одан кейін “Локо”, “Енисей” және тағы да “Химки”командаларына өз алаңында, үш рет қатарынан есе жіберіп алды.

Турнир кестесіндегі жағдай:

“Цмоки Минск” дәл қазір турнир кестесіндегі соңғы, он үшінші орынға табан тіреп тұр. Олар биылғы маусымдағы 23 ойынның тек екеуінде ғана жеңіске жетті. Алдағы ойынның нәтижесі олардың қорытынды кестедегі жағдайларына ешқандай да әсер етпейді, яғни матч қалай аяқталса да, минскіліктер соңғы орында қалады. “Астананың” бұл қарсыласынан 4 жеңісі артық, яғни біздің жігіттер 23 ойынның 6-уында жеңіске жеткен. Бірақ біздің команда осы нәтижелерімен тек 12-орында тұр, Беларусь жігіттерінен бір саты ғана жоғары орналасқан. Бұл ойынның нәтижесі – біздің команда үшін мағыналы. Нақтырақ айтқанда, бір саты жоғары көтеріліп, он бірінші орынға ие болу мүмкіндігі бар. Алайда осы кездесудегі жеңіс – тек мүмкіндік қана. Себебі қорытынды кестедегі жағдай параллель өтетін “Енисей” мен “Калев” арасындағы ойынның нәтижесіне де байланысты болады. Яғни, егер “Астана” өз алаңында «Цмокилерді» ұтып, ал “Калев” Красноярскіде жеңіске жетсе, онда біздің команда 11-орынға ие болады. Осы екі ойын басқадай нәтижелермен аяқталса, олардың бәрінде де “Астана” маусымды 12-орынмен тәмамдайды.

Команда құрамындағы өзгерістер:

Өткен жолғы екеуара кездесуден бері, осыдан бір айдан сәл ғана асатын уақыт бұрын өткен, ертеңгі қарсыласымыздың құрамы өзгерген жоқ. Сол себепті олар біздің ойыншылар мен жаттықтырушылар құрамына мейілінше таныс.

Команда көшбасшылары:

Дәл қазір команданың ең тиімді және нәтижелі ойыншысы Крис Клайберн болып саналады. Сонымен қатар, команда көшбасшылары қатарына Дерек Кук пен Томс Лейманисті қосуға болады. Беларусь ойыншыларынан үнемі алаңға шығып отыратын Павел Бенджамин Дуду, Андрей Рогозенко және Владимир Веремеенко үшеуін бөле-жара атап өтуге болады. Бұл ретте, алаңға көп шығып жүрмесе де, Александр Пустогварды да ұмытпауымыз керек. Ал Евгений Белянков болса, соңғы рет “Астанамен” өткен өз алаңдарындағы матчта ғана ойын хаттамасына іліккен болатын. Алексей Тростинецкий екі айды жуықтап қалды, әлі алаңға шыққан емес.
 


Матч жексенбі күні, 25 сәуірде Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 17:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

"Самұрық-Қазына Траст" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры