«Астана» өз алаңында «Автодормен» қарымта кездесу өткізеді

30.01.2021, 18:30    Оқылғаны: 482
Дереккөз: Казахстанская Правда
Автор:
«Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында Саратовтың «Автодорымен» өтетін, өз алаңындағы қарымта матчта есе қайтаруға тырысады. Кездесу жексенбі күні, яғни 31 қаңтарда өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР!
 — Коронавирус нәубеті салдарынан, астанаға енгізілген шектеу шараларына байланысты матч көрерменсіз бос трибуналарда өтеді.

«Автодор» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Саратов қаласынан. 1960 жылы құрылған.

Жетістіктері:
​•   Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 1993/1994, 1996/1997, 1997/1998, 1998/1999
•   Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 1995/1996
•   Еуропа кубогының жартылай финалына шыққан – 1997/1998
•   А суперлигасының чемпионы – 1996/1997, 1997/1998
•   Б суперлигасының чемпионы – 2008/2009
•   Суперлига чемпионы – 2013/2014
•   Суперлиганың қола жүлдегері – 2012/2013

“Автодор” 22 қазан күні, Саратовта өткен, биылғы маусымдағы “Астанамен” екеуара матчтың біріншісінде басымдық танытқан болатын — 107:85. Атап өтуге тиіспіз, саратовтықтар сол матчтың бірінші кезеінде құйындай орап соғып, барлық соққыларын нысанаға дөп түсірген. Осы бірінші он минуттықта қол жеткізген басымдықтары жеңіске жетулеріне негіз болған. Сол матчтан кейін кейін Саратов командасының сәтті сериясы басталып, олар төрт ойында қатарынан жеңіске жеткен болатын. Нақтырақ айтқанда, саратовтықтар қарқынына “Химки”, “Цмоки-Минск”, “Локомотив-Кубань” және “Енисей” төтеп бере алмаған. Жаңа жыл қарсаңындағы соңғы матчта олар “Зелена Гурадан” небәрі бір ұпай айырмасымен ұтылып қалды. Ал биыл “Автодор” маусым басындағыдай, жоғары деңгейде ойнай алмай жүр. Олар УНИКСпен және “Зенитпен” өткен матчтарда ойсырай ұтылып қалды. Одан кейін, өз алаңында “Калевке” де есе жіберіп алды. Соңғы екі ойында саратовтықтар өз алаңында ЦСКА командасынан, ал түзде “Зелена Гурадан” ұтылды.

Турнир кестесіндегі жағдай:

Біздің командамен өтетін қарымта матчқа дейін, “Автодор” 13  ойын өткізіп, соның алтауында жеңіске жетті. Бұл нәтиже Саратов командасының турнир кестесіндегі жетінші сатысына орналасуына мүмкіндік беріп тұр. Айта кетуіміз керек, “Автодор” жеңістерін бір-біріне сабақтап жүрген кезінде көшбасшылар үштігіне іліккен. “Астана” лиганың негізгі додасында 12 ойын өткізді, әзірше біздің еншімізде – төрт жеңіс қана, турнир кестесінің оныншы сатысы. Алдағы матчтың нәтижесі “Астанаға” ешқандай әсер етпейді, ойын қалай аяқталса да, біздің жігіттер оныншы орында қалады. Ал “Автодор” жеңіске жетсе, жетінші орнын сақтап қалады, егер ұтылып қалса, алдына “Химкиді” өткізіп алады.

Команда құрамындағы өзгерістер:

Өткен ойынмен салыстырғанда “Автодордың” құрамы әжептәуір өзгеріске ұшырады. Дәл сол күні, “Астанамен” додаға түскенде, Саратов командасы сапынан екі ойыншы кетіп қалды – америкалық Бен Эмелогу және ресейлік Николай Муха. Айтпақшы, Николай өз карьерасын Қазақстанда жалғастырып, “Ақтөбе” командасы сапында ойнады, ал қазір “Қарағанды” құрамына тіркелді. Желтоқсанда тағы бір ресейлік ойыншы, яғни Егор Бестужев “Уфимец” командасына жалға берілді. Нұр-Султандағы ойынға бір аптадан да аз уақыт қалғанда, “Автодордың” орталық шептегі америкалық Дрю Гордонмен арадағы келісімшартты бұзғаны балгілі болды.

Жаңа ойыншыларына келсек, Саратов ұжымы өзінің фарм-командасынан төрт бірдей жас ойыншыны қатарына қосты – шабуылшылар Александр Барышев, Вадим Харисов, Всеволод Широбоков және Илья Салтыков. Бірақ Салтыковтан басқасы әлі алаңға шыққан емес. Әрі «Автодор» құрамын шетелдік үш ойыншы толықтырды. Пуэрто-Рико қорғаушысы Джиан Клавелл алғаш рет “Автодор” сапында 26 қарашада ойнады. Ол өз карьерасын Пуэрто Рикодағы “Брухос де Гуаяма” командасы сапында бастаған. Содан соң NBA-дағы “Даллас Маверикс” құрамына іліккен. Бұдан кейін Еуропада ойнаған — Түркияның “Сакарья” және “Бурсаспорт”, сондай-ақ Испанияның “Эстудиантес” командаларында. Желтоқсанда команда сапын орталық шептегі Чад ойыншысы толықтырды – Крист Кумадже. Ол өте ірі ойыншы – 224 см және 124 кг. Крист “Делавэр Блю Коатс” командасы сапындағы тырнақалды маусымында, NBA Жетілу лигасының ең үздік қорғанушы ойыншысы болған. Ал биылғы маусымды ол Испанияның “Эстудиантес” командасы сапында бастады. 27 қаңтар күні “Автодор” орталық шептегі Душан Ристичпен келісімшартқа отырғандығын жариялады. Иә, ол былтырғы маусымда ғана “Астананың” ең үздік ойыншыларының бірі болған. Бірақ Душан біздің командамен өтетін матчта алаңға шыға ма, жоқ па, белгісіз.

Команда көшбасшылары:

Команда сапындағы ең тиімді және көп ұпай жинаған ойыншы – америкалық Нэйт Мэйсон. Командадағы тағы бір көшбасшы хорват шабуылшысы Желько Шакич болып саналады. Бұлармен бірге негізгі құрамға Маркел Старкс, Джиан Клавелл, Никита Михайловский және Антон Квитковских кіреді. Сонымен қатар, “Автодордың” жаттықтырушылары құрамы алаңға көбінесе Алан Макиевті, Александр Петеневті және Евгений Минченконы шығарады.

Матч жексенбі күні, 31 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»