«Астана» жаңа жылдағы бірінші матчын өз алаңында «Локомотив-Кубаньмен» өткізеді

08.01.2021, 13:00    Оқылғаны: 333
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Жаңажылдық мерекелер өтіп, «Астана» баскетбол клубы жаңа жылда ВТБ Бірыңғай лигасындағы бірінші матчына егжей-тегжей дайындалып жатыр. Қарсыласы – Краснодардың «Локомотив Кубань» клубы. Кездесу сенбі күні, 9 қаңтарда өтеді. Басталуы – астана уақытымен 14:00-де.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР! — Матч көрерменсіз бос трибуналарда өтеді.


«Локомотив-Кубань» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Краснодар қаласынан, 1946 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еурокубок додасында өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2012/2013
  • Ресей кубогының иегегері – 2000, 2018
  • РТЖ халықаралық кубогының жеңімпазы – 2007, 2008
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2017/2018
  • FIBA кубогының финалына шыққан – 2004/2005
  • EuroChallenge кубогының финалына шыққан – 2010/2011
  • Корач кубогының финалына шыққан – 2001/2002
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2013/2014
  • Еуролиганың қола жүлдегері – 2015/2016
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2012/2013
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2014/2015
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2000/2001, 2001/2002, 2011/2012, 2014/2015


Команда құрамы:

“Локомотив-Кубань” маусым аралығында ойыншыларының көбісін сақтап қалды. Әйтсе де, былтырғы маусымдағы көшбасшыларының бірнешеуі командамен өзара келісімшартарын ұзартқан жоқ. Олардың арасында америкалықтар Джонни О’Брайант пен Сэм Деккер, сондай-ақ ресейліктер Дмитрий Кулагин мен Захар Ведищев бар. Сонымен қатар, Виталий Фридзон “Зенитке” ауысып кетті, Владимир Ивлев «Пармаға» ойысты, ал жас қорғаушы Тимофей Герасимов “Нижний Новгород” құрамын толықтырды. Былтырғы маусымдағы негізгі құрамынан командада америкалықтар Алан Уильямс пен Уилл Каммингс, литвалықтар Миндаугас Кузминскас пен Мантас Калниетис қалды. Ресей ойыншыларынан Станислав Ильницкий, Григорий Мотовилов және Валерий Калинов Краснодар командасының намысын әлі қорғап жүр. Сонымен қатар, Андрей Мартюк және Сергей Долинин сынды былтырғы маусымда команда құрамында болған жастар да алаңға шығарылып жүр.

Локомотив Кубань баскетбол клубы 2020/2021

Жаңа ойыншыларының үшеуі – америкалықтар. Қорғаушы Джордан Кроуфорд өз карьерасын NBA-да бастап, бірнеше маусым бойы “Атланта Хоукс”, “Вашингтон Уизардс”, “Бостон Селтикс” және “Голден Стейт Уорриорз” клубтары сапында ойнаған. Бұдан соң тағдыр оны Қытайға жөнелтті – “Синьцзян Флайн Тайгерс” және “Тянцзинь Жунган” командаларына. Содан Америкаға қайта оралып, Кроуфорд NBA Жетілу лигасындағы “Форт-Уэйн Мэд Энтс” және “Гранд-Рапидс Драйв” командалары сапында өнер көрсеткен. Одан кейін тағы бір маусымды NBA-дағы “Нью-Орлеан Пеликанс” құрамында өткізеді. Бұдан кейін Израильдің “Ирони”, Қытайдың “Сычуань Блю Уэйлс” және немістің “Брозе Бамберг” клубтарында ойнаған. Шабуылшы Кевин Херви Краснодар командасына дейін тек Оклахоманың намысын қорғап, NBA Жетілу лигасындағы “Оклахома-Сити Блю” сапында ойнаған, сонымен қатар, NBA-дағы “Оклахома-Сити Тандер” құрамында бірнеше ойын өткізген. Орталық шептегі Реджи Линч кәсіби карьерасын ВТБ Бірыңғай лигасында, Эстонияның “Калев” клубы сапында бастаған. Одан кейін бір жылды Италияның “Урания” командасы сапында өткізген. Серб қорғаушысы Иван Паунич командаға қазан айында қосылды. Ол өз карьерасында бірталай команданың сапында ойнаған, тіпті кезінде біздің команданың да намысын қорғаған. Паунич карьерасын Сербияда бастап, “Партизан”, “Мега Ишрана”, “Морнар” және “Войводина Сербиягаз” командаларында ойнаған. Содан соң Бельгияның “Остенде”, Грекияның “Арис”, Ресейдің “Нижний Новгород”, Италияның “Виртус”, Украинаның “Азовмаш”, Испанияның “Лагун Аро” және “Фуэнлабрада” командаларында өнер көрсеткен. Бұдан кейін Иван “Астанамен” келісімшартқа отырған, бірақ маусымды аяғына дейін ойнап шықпай, Црна Гораның “Будучность” командасына ауысып кеткен болатын. Бұдан әрі Испанияның “Фуэнлабрада”, Түркияның “Тофаш”, Иранның “Чемидор” және Сербияның “Мега Бемакс” командаларында да ойнап шықты. Ресейлік ойыншылардан команданы қорғаушылар Владислав Емченко мен Даниил Середа, шабуылшы Егор Сычков, орталық шептегі Ярослав Нягу толықтырды. Бұлардың бәрі де – жас ойыншылар және “Локомотив” жүйесінің түлектері.

Бас бапкер:

Евгений Пашутин команда тізгінін былтырғы маусымның ортасында қолына алған болатын. Әрі биылғы маусымда да “Локомотив-Кубань” клубының бас бапкері қызметінде қалды. Оған ресейлік мамандар Владимир Анциферов пен Станислав Збарский көмектеседі.

Команда көшбасшылары:

Маусым басында команданың айқын көшбасшысы Алан Уильямс болған. Бірақ қараша айында Алан сол жақ тізесін қатты жарақаттап алып, болжам бойынша қатардан алты айға шығып қалды. Уильямс жоқ кезде команданың көшбасшылары америкалықтар Джордан Кроуфорд пен Реджи Линч, сондай-ақ литвалық Мантас Калниетис болып жүр. Команда жетістіктеріне литвалық Миндаугас Кузминскас және америкалықтар Уилл Каммингс пен Кевин Херви де сүбелі үлес қосып келеді. Ресейліктерден жаттықтырушылар құрамы үнемі Станислав Ильницкийге мүмкіндік беріп жүр. Сондай-ақ, алаңға Григорий Мотовилов, Андрей Мартюк және Владислав Емченко жиі шығады.

Турнир кестесіндегі жағдай:

“Локомотив-Кубань” биылғы маусымда 12 ойын өткізіп үлгерді. Әрі олардың үштен екі бөлігінде, яғни сегіз матчта жеңіске жетіп, төртеуінде ұтылып қалды. Айтпақшы, соңғы ойында, осы жаңа жылдың басында өткен матчта, өз алаңында “Химкиге” есе жіберіп алды. Әйтсе де, мұндай нәтиже Краснодар командасының төртінші орынға табан тіреуіне мүмкіндік беріп тұр. “Астана” әзірше – тек оныншы орында, он ойында үш рет жеңіске жетті.

Кездесулер тарихы:

«Астана» мен «Локомотив-Кубань» бұған дейін бір-бірімен 12 рет кездесті. Біздің команда бұл текетіресте үш рет қана жеңіске жетті. Алайда, екеуара соңғы матчта, “Астана” өз алаңында, Краснодар ұжымынан жеңісті жұлып алған болатын.

Қызықты деректер:

  • Былтырғы маусымда бұл екі команда бір ойын ғана өткізді. Ол Нұр-Сұлтанда өтіп, “Астана” «Локодан» жеңісті жұлып алған болатын.
  • “Локомотива-Кубань” клубының ойыншысы Иван Паунич 2014 жылы “Астана” сапында ойнаған. Бірақ Иван өз командасының соңғы ойынында алаңға шыққан жоқ. Оның енді Қазақстан астанасында тағы да өнер көрсететін мүмкіндігі бар.


Матч сенбі күні, 9 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 14:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»