«Астана» ВТБ лигасының батысындағы Польшаның «Зелена Гура» командасымен түзде кездеседі

13.12.2020, 18:00    Оқылғаны: 510
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Тарих қойнауына еніп бара жатқан жыл соңында «Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы тағы бір шетелдік сапарын бастап, Польшада жергілікті “Зелена Гура” командасымен додаға түседі. Бұл матч 14 желтоқсаннан 15 желтоқсанға ауғанда, астана уақытымен түн ортасында басталады.

«Зелена Гура» – Польшаның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Зелена Гура қаласынан, 1946 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Польша чемпионатында бақ сынайды.

Жетістіктері:

  • Польша чемпионатының жеңімпазы – 2012/2013, 2014/2015, 2015/2016, 2016/2017, 2019/2020
  • Польша чемпионатының күміс жүлдегері – 2013/2014
  • Польша чемпионатының қола жүлдегері – 2011/2012
  • Польша кубогының иегері – 2015, 2017
  • Польша кубогының күміс жүлдегері – 2016, 2018
  • Польша суперкубогының иегері – 2015


Команда құрамы:

Польша командасы былтырғы маусыммен салыстырғанда құрамынын түбегейлі өзгертті. Клуб легионерлерінің бәрімен қош айтысты, олардың ішінде былтырғы маусымдағы көшбасшылары да бар – америкалықтар Дрю Гордон, Тони Мейер, Джо Томассон және швед Людвиг Хакансон. Әрі хорват Ивица Радич пен америкалық Джордж Кинг та «Зелена Гурадан» кетіп қалды. Сонымен қатар, команда бірнеше жергілікті ойыншымен келісімшарттарын ұзартқан жоқ – поляктар Ярослав Зисковски, Пржемислав Замойски, Миколай Ветлински, Кацпер Маковски.

Зелена Гура Баскетбол клубы 2020/2021

Былтырғы маусымдағы құрамынан тек үш ойыншы ғана қалды, әрі бәрі де Польша азаматтары – Лукаш Кошарек, Марцель Понитка және Кацпер Трачик. Биылғы маусымда «Зелена Гура» құрамына төрт бірдей америкалық ойыншы қосылды. Бірінші кезекте, орталық шептегі Джеффри Гроселлға назар аударғымыз келеді. Себебі, ол елорда командасының жанкүйерлеріне жақсы таныс, өйткені 2018/2019 жылдар маусымында «Астананың» намысын қорғаған болатын. Ал былтырғы маусымды Францияның “Орлеан” командасы сапында өткізді. Америкалық қорғаушы Крис Ричард та – Қазақстанға мейілінше танымал ойыншы. Өйткені ол бұған дейін үш маусым бойы Ақтаудың “Каспий” командасы сапында өнер көрсеткен. Сондай-ақ Крис Эстонияның ВЭФ және немістің “Тайгерс Тубинджен” командалары сапында ойнаған. Ал өткен екі маусымды “Оради” құрамында өткізіп, екі мәрте Румыния чемпионы атанды. Шабуылшы Сисиль Уилльямс поляк командасына дейін бір маусым Францияның “Сорг Баскет” және тағы бір маусым Португалияның “Галитос Баррейро” командалары сапында ойнаған. Шабуылшы Блейк Рейнольдс университеттен соң бір ғана маусым Болгарияның “Черноморец Бургас” командасы сапында өнер көрсеткен. Дат қорғаушысы Габриэль Лундберг «Зелена Гураға» дейін үш маусым Данияның “Копенгаген Вулфпак” және “Хорсенс” командалары, сондай-ақ үш маусым Испанияның “Манриса” және “Канариас” клубтары сапында шыңдалған. Соңғы командасымен FIBA Құрлықаралық кубогының жеңімпазы атанғанын атап өтуге тиіспіз. Сонымен қатар, Польша командасы құрамын Латвияның екі ойыншысымен толықтырды. Аса тәжірибелі шабуылшы Роландс Фрейманис өз карьерасын латыштың “АСК Рига” және ВЭФ клубтары сапында бастап, одан соң ұзақ уақыт бойы Испанияға тұрақтап, “Касахоль”, “Уэска”, “Лагун Аро” және “Жирона” клубтарының намысын қорғаған. Сонымен қатар, ол Италияның “Сутор”, Украинаның “Химик”, Эстонияның “Калев” және Ресейдің УНИКС клубтары сапында ойнаған. Сондай-ақ Түркияның “Ушак” және “Газиантеп”, Грекияның “Ифаистос Лимну” командаларында да өнер көрсеткен. Роландс былтырғы маусымда да Польшада өткізіп, “Анвил” сапында көзге түсті. Шабуылшы Янис Берзиньш жеті жыл Латвияның “Валмиера” және ВЭФ клубтары сапында тер төгіп, одан кейін бір маусым Италияның “Орландина” командасы сапында ойнады. Ал өткен екі маусымды Латвияның “Вентспилс” клубында өткізді. Сонымен қатар, команда құрамына жергілікті үш ойыншыны тартты. Олардың бәрі де бұған дейін тек Польшада ойнаған жігіттер – шабуылшылар Филип Пут және Кацпер Порада, сондай-ақ қорғаушы Даниэль Шимкевич.

Бас бапкер:

«Зелена Гураның» жаттықтырушылары құрамын әлі хорват маманы Жан Табак басқарады. Былтырғы маусымдағыдай оған Польша жаттықтырушысы Аркадиуш Милошевски көмектеседі. Жаттықтырушыла құрамындағы жаңа маман Испания бапкері Феликс Алонсо болып отыр.

Жан Табак

Команда көшбасшылары:

Команданың көшбасшысы – ең көп ұпай жинаған және тиімділігі жоғары дат қорғаушысы Габриэль Лунберг. Сондай-ақ, статистикалық көрсеткіштерімен Джеффри Гроселл, Роландс Фрейманис, Крис Ричард және Марцель Понитка да мақтана алады. Польша командасының жаттықтырушылары құрамы алаңға Сисиль Уилльямс, Блейк Рейнольдс, Янис Берзиньш және Лукаш Кошарек сынды ойыншыларын жиі шығарады.

Турнир кестесіндегі жағдай:

“Зелена Гура” маусым басталғалы тоғыз ойын өткізіп үлгерді. Әрі олардың үшеуінде жеңіске жетті. Поляктар басында оңбай сүрініп, төрт рет қатарынан ұтылды – “Зенит”, “Нижний Новгород” және екі рет “Локомотив-Кубань” командаларынан. Жак Табактың командасы бірінші жеңісіне өз алаңында “Цмоки Минск” клубын тізерлетіп, қол жеткізді. Одан кейін “Зениттен” ойсырай ұтылды да, УНИКС-ті тізе бүктіріп, көпшілікті таң қалдырды. Ал соңғы екі матчты “Зелена Гура” түзде өткізіп, “Енисейді” ұтты да, ЦСКА-ға есе жіберіп алды. Польша командасына осы үш жеңісі турнир кестесінде “Астанадан” бір саты жоғары орналасуға мүмкіндік беріп тұр.

Кездесулер тарихы:

Командалар өзара төрт рет кездесіп, соңғы екі маусымда екі матчтан өткізді. Екеуара кездесулер нәтижесі бойынша “Астана” айқын басымдық танытып тұр, Қазақстан командасы осы төрт ойында жеңілістің кермек дәмін татып көрген жоқ.

Қызықты деректер: 

  • “Астананың” бұрынғы ойыншысы Джеффри Гроселл биылғы маусымда “Зелена Гура” намысын қорғап жүр.


Матч дүйсенбі күні, 14 желтоқсанда Зелена-Гурадағы «Хала Зелена Гура» аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен түн ортасында. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»