ВТБ Бірыңғай лигасында бір ай ойнамаған «Астана» «Нижний Новгородты» қабылдайды

04.12.2020, 10:00    Оқылғаны: 335
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасында тұп-тура бір ай ойын өткізген жоқ. Осы уақыт аралығында біздің команда Ұлттық лигада 6 матч өткізіп, Қазақстан кубогын жеңіп алды. «Нижний Новгород» командасымен өтетін ойын ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымында, өз алаңымызда, ысқырығы безілдейтін екінші матч қана болады. Ол 5 желтоқсан күні, Нұр-Сұлтанда, «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР! — Матч көрерменсіз, бос трибуналарда өтеді.


«Нижний Новгород» — Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Нижний Новгород қаласынан, 2000 жылы құрылған. Биыл ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек FIBA Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді.

Жетістіктері:

  • Ресей Суперлигасының «Б» дивизионындағы чемпионы – 2010
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2011, 2018, 2019
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2013/14
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 2013/14

Команда құрамы:

Нижний Новгород ұжымы былтырғы маусыммен салыстырғанда легионерлерін толықтай өзгертті. Даррал Уиллис, Брендон Браун, Терелл Паркс және Майкл Дженкинс сынды америкалық көшбасшылары команда сапынан кетті. Ресейлік ойыншыларынан Павел Антиповпен пен Георги Жбанов келісімшарттарын ұзартқан жоқ, олар Қазанның УНИКС-іне ауысып кетті.

Нижний Новгород баскетбол клубы 2020/2021

Сегіз ресейлік ойыншы “Нижний Новгородпен” өз келісімшарттарын ұзартты. Олар – негізгі құрамда ойнайтын Артем Комолов, Антон Астапкович, Евгений Бабурин, Иван Стребков және Александр Ганькевич, сонымен қатар, Сергей Торопов пен Александр Чадов, сондай-ақ жас ойыншы Михаил Беленицкий. Биылғы маусымда “НН” құрамына бірден төрт жаңа легионер қосылды. Бірақ олардың біреуі бірде-бір ойын өткізбеген күйі командадан кетіп қалды. Ол – америкалық ауыр шабуылшы, былтыр ғана университет командасында ойнаған Нейт Сестина. Францияның орталық шеп ойыншысы Александре Гаврилович былтырғы маусымды да ВТБ Бірыңғай лигасында өткізіп, “Цмоки Минск” командасы сапында ойнаған. Оған дейін кәсіби тұрғыда Францияның “Роан”, “Эрмин Нант” және “АЛМ Эврё” командаларында, сондай-ақ Болгарияның “Балкан” командасы сапында өнер көрсеткен. Американың ойын үйлестіруші қорғаушысы Кейси Шеперд ВТБ Бірыңғай лигасына алғаш рет келіп отыр. Бұған дейін ол Црна Гораның “Улцинь”, Венгрияның “Капошвари”, Грузияның “Батуми” және Украинаның “Киев-Баскет” командалары сапында өнер көрсеткен. Лигаға бірінші рет келіп, «НН» сапына қосылған енді бір америкалық ойыншы – шабуылшы Люк Петрасек. Ол бұған дейін екі маусым NBA Жетілу лигасындағы “Гинсборо Сворм” командасында шыңдалған. Ал былтырғы маусымды немістің “Гисен Фотисиксерс” командасы сапында өткізді. Ресейлік жас ойыншыларының бірі, яғни қорғаушы Тимофей Герасимов бұған дейін “Нижний Новгород” сапында ойнаған, ал шабуылшы Илья Платонов командаға “Локомотив-Кубань” жүйесінен ауысып келді.

Бас бапкер:

Былтырғы маусымдағыдай, “Нижний Новгородтың” жаттықтырушылары штабын тәжірибелі серб маманы Зоран Лукич басқарады. Оған сол бұрынғысынша ресейлік жаттықтырушылар Алексей Жуков пен Сергей Козин көмектеседі, ал биылғы маусымның басында оларға Егор Панов қосылды.

Зоран Лукич

Команда көшбасшылары:

Биылғы маусымда ресейлік шабуылшы Антон Астапкович көсіле сілтеп, дәл қазір командадағы ең тиімді және көп ұпай еншілеген ойыншы болып отыр. Кейси Шеперд нижегородтықтар сапына тез сіңіп, тамаша ойын өрнегін көрсетіп келеді. Сондай-ақ ресейліктер Артем Комолов пен Евгений Бабурин де  «НН» қоржынына көп пайда келтіріп жүр. Ал Александре Гаврилович пен Иван Стребков бастапқы бестіктің ойыншыларына айналды. Сергей Торопов бірінші ойында ерекше көзге түскен, бірақ содан кейін алаңға шыққан емес. Жаттықтырушылар штабы Александр Ганькевич, Александр Чадов және Тимофей Герасимовқа үнемі сені артып келеді.

Турнир кестесіндегі жағдай:

“Нижний Новгород” биылғы маусымда 4 матч өткізді. Әрі бірінші ойында ЦСКА-дан басым түсті. Сонымен қатар, “Зелена Гура” мен ПАРМАны да тізе бүктірді. Бірақ “Локомотив Кубань” командасына есе жіберіп алды. Осылай, төрт ойынның үшеуінде жеңіске жеткен нижегородтықтар қазір турнир кестесінің үшінші сатысында тұр. “Астана” алты ойынның екеуінде ғана жеңіске жетіп, тоғызыншы орынға орналасқан.

Кездесулер тарихы:

Екеуара кездесулер нәтижелері бойынша “Нижней Новгородтың” біздің командадан мерейі үстем болып отыр. ВТБ Бірыңғай лигасының былтырғы маусымына дейін нижегородтықтар 14 рет жеңіске жетіп, тек екі рет ұтылып қалды. Былтырғы толық өтпей қалған маусымда бұл екі команда Нұр-Сұлтанда бір кездесу ғана өткізіп үлгерді, әрі онда да нижегородтықтар жеңіске жеткен болатын.

Қызықты деректер:

  • «Астана» ВТБ Бірыңғай лигасында түздегі алғашқы жеңісіне Нижний Новгород қаласында қол жеткізген.


Матч жексенбі күні, 5 желтоқсанда Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»