«Астана» 2020 жылғы Қазақстан кубогының финалында Қостанайдың «Тобылымен» кездеседі

18.11.2020, 14:00    Оқылғаны: 51
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубына Қазақстан кубогы жеңімпазы атағын Қостанайдың «Тобылымен» өтетін финалдық матчта қорғап қалу керек. Бұл ойын астанада, 19 қараша күні өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да.

Қостанайдың “Тобылы” 2020 жылғы Қазақстан кубогы басталмай тұрып-ақ, биыл ақпан айының басында, фавориттердің бірі болып есептелген. Олар сол кездегі ширек финалдық кездесулерде “Ақтөбені” екі рет тізе бүктіріп, жартылай финалға қиналмай шыққан. Бірақ одан кейін коронавирус нәубеті шығып, Қазақстан кубогы белгісіз мерзімге шегерілген болатын. Міне, сегіз айдан соң Қазақстан кубогының тағдыры ақыры шешілетін болды.

Қостанай командасының құрамы содан бері біраз өзгеріп, бірнеше белді ойыншысы ұжымнан кетіп қалған. Әйтсе де, “Тобыл” қандай жағдай болмасын, турнирдің фавориттерінің бірі екендігін дәлелдеді. Жартылай финалда “Атырау Барыстарынан” басым түсті. Астана командасының биылғы маусымдағы ресми матчтарда Қостанай ұжымымен жолы әлі түйіскен жоқ. Бірақ екі команда маусым басында жолдастық кездесу өткізген. Сол ойында “Астана” қарсыласына ешқандай да мүмкіндік бермей, ірі жеңіске жеткен. Онда біздің командамыздың сапында легионерлер ойнаған, ал алдағы ел кубогының финалында тек қазақстандық құрам болады. Матчқа дейінгі божам бойынша біздің ұжымның шоқтығы биіктеу, бірақ “Тобылдың” намысты қолдан бермей, айласын асыруға тырысары анық. Сонымен қатар, 2018/2019 жылдар маусымындағы “Астана” мен “Тобыл” арасындағы матчта біздің команда жеңісті бір ғана ұпай айырмасымен жұлып алған. Сондықтан, “Астананың” шоқтығы басымдау болғанымен, қарсыласын қалпақпен ұрып ала алмасы анық. Қазақстан кубогының жеңімазы атағын сақтап қалу үшін біздің командаға бар күш-жігерін салуға турат келеді.

Бейсенбі күні, 19 қарашада, астана уақытымен 19:30-да басталатын “Астана” мен “Тобыл” арасындағы негізгі матчтың алдында, дәл осы күні, Нұр-Сұлтандағы “Сарыарқа” велотрегі аренасында, 17:00-де басталатын матчта “Атырау Барыстары” мен “Каспий” үшінші орынды сарапқа салады. Матчтардың онлайн-трансляциялары біздің сайтымыздың басты бетінде жүргізіледі.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР! Коронавирус нәубетіне байланысты енгізілген сақтық шараларына байланысты ойындар көрерменсіз өткізіледі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

"Самұрық-Қазына Траст" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры