ВТБ Бірыңғай лигасы 2019/2020 маусымын мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдады

27.03.2020, 15:00    Оқылғаны: 700
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
ВТБ Бірыңғай лигасы Кеңесінің сырттай дауыс беру қорытындысы бойынша, COVID-19 вирусының эпидемиологиялық жағдайының өршуіне байланысты, 2019/2020 маусымын мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылданды.

ВТБ Бірыңғай лигасының Бас директоры — Илона Корстин:

«Жаңа ғана, Лига Кеңесінің сырттай дауыс беру нәтижесінің қорытындысын шығарғаннан кейін, көпшілік дауыспен ВТБ Бірыңғай лигасы маусымын мерзімінен бұрын аяқтау туралы ресми шешім қабылданды. Клуб басшыларының кешегі БАҚ-та жарық көрген пікірлерінің заңды түрде күші жоқ болатын. 

Қазіргі жағдайда, шекаралар жабылып, командалар баскетбол ареналарында жаттығу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігінен айырылып қалғанда, ал клубтар легионерлерін үйлеріне жіберуге мәжбүр болғанда, ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионатын одан әрі жалғастыру орынсыз болды. Дәл бүгін, COVID-19 нәубетінің Еуропа мен әлемге таралу қарқынын ескерсек, бізге бәрінен де ойыншылардың, олардың туыстарының, клуб қызметкерлерінің, әрине жанкүйерлердің денсаулықтары – әлдеқайда маңызды.

2019/2020 маусымындағы Лига чемпионы анықталмайды. Өйткені спорттық қағида сақталмады: қатысушы командалардың өткізген ойындары бірдей емес, чемпионаттың негізгі бөлігі аяқталған жоқ. Биыл Белов кубогы сарапқа салынбайды. Ал Ресей чемпионатының қорытынды жіктемесін кейінірек РБФ шығарады.

Біз енді клубтармен бірге қазіргі жағдайдың ВТБ Бірыңғай лигасының келесі маусымына ешқандай әсер етпеуі және оның командалар мен жанкүйерлерге үйреншікті мерзімінде басталуы үшін қолдан келгеннің бәрін жүзеге асыруға тырысамыз.

Баскетбол міндетті түрде ВТБ Бірыңғай лигасы ареналарына оралады. Бірақ бізге қазір дәрігерлер мен жедел штабтардың нұсқауларына құлақ асқан дұрыс.»


ВТБ Бірыңғай лигасының негізгі додасы аясында, маусымның тоқтатылғаны жарияланғанға дейін, «Астана» баскетбол клубы 18 ойын өткізіп үлгерген және турнир кестесінде 10-орынға орналасқан болатын. Еншісінде – 11 жеңіс.

Бүгінгі күні баскетболдан Қазақстан чемпионаты маусымын қайта жалғастыру мәселесі әлі шешілмей тұр. Оның аясында елорда командасы Ұлттық лигада өзінің чемпиондық атағын және Қазақстан кубогы иегері мәртебесін қорғап қалуы керек болатын. Естеріңізге сала кетейік, 13 наурыз күні Ұлттық Баскетбол Федерациясы басшылығы коронавирус жұқпасының таралу қауіпіне байланысты, баскетболдан Қазақстан Республикасының Чемпионаты мен Кубогы ойындарын және басқа да додаларын кейінге шегеру туралы шешім қабылдаған болатын.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»