«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы ЦСКА командасын қабылдайды

06.02.2020, 10:00    Оқылғаны: 897
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Дүйсенбі күні, 10 ақпанда «Астана» Президенттік баскетбол клубы «Жекпе-Жек» спорт кешенінің жаңа аренасын сынап көріп, өз алаңында Мәскеудің ЦСКА командасын қабылдап, ВТБ Бірыңғай лигасының екінші айналымдағы кезекті ойынын өткізеді.

ЦСКА
 – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Мәскеу қаласынан, 1923 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында бақ сынайды.

Жетістіктері:

  • КСРО чемпионы − 1945, 1960-1962, 1964-1966, 1969-1974, 1976-1984, 1988, 1990
  • Ресей чемпионы – 1992-2000, 2003-2019
  • КСРО кубогының жеңімпазы − 1972, 1973, 1982
  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2005-2007, 2010
  • Еуропа чемпиондары кубогының жеңімпазы − 1960/1961, 1962/1963, 1968/1969, 1970/1971
  • NEBL чемпионы − 1999/2000
  • Еуролига чемпионы − 2005/2006, 2007/2008, 2015/2016 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы − 2009/2010, 2011/2012-2018/19
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2010/2011


Basketball club CSKA 2019/2020

Биылғы маусымда ЦСКА мен елорда командасы арасындағы бірінші матч 2019 жылғы 15 желтоқсан күні Мәскеуде өткен. Онда біздің жігіттер алаң иелерінен 13 ұпай айырмасымен ұтылып қалған. Бірақ лиганың қазіргі чемпионымен тайталасып, 90 ұпайдан асыра еншілеген – 104:91. Сол кездесуден кейін әскерилер клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында бес ойын өткізді. Әрі бесеуінде де түзде ойнады. Әуелі олар Таллинде жергілікті «Калев» клубын тас-талқан қылды. Одан кейін Минскіде «Цмоки-Минск» ұжымын үш ұпай айырмасымен әзер ұтып, жеңісті жұлып алды. Үйлеріне ең жақын жерде, Мәскеу облысында, «қызыл-көкшілдер» маусымдағы ең ірі жеңілістеріне ұшырап, «Химкиден» 16 ұпай айырмасымен ұтылды. Бұдан соң Димитрис Итудистің командасы Петерборда «Зениттен» есе қайтарып, басымдық танытты. Нижний Новгородтағы тартысты ойында да жеңіске жетті. Екі айға жуық уақыт ішінде – 5 матч. Бұл соншалықты тығыз ойындар күнтізбесі емес, бірақ Еуролига додасы да бар екенін ұмытпайық. ЦСКА онда тағы 10 ойын өткізді. Ал он біріншісі Нұр-Сұлтанда «Астанамен» өтетін матчтан төрт күн бұрын өтеді. Мәскеу командасы Қазақстан астанасына Грекиядағы сапарынан кейін келеді.

Турнир кестесіндегі жағдай: ЦСКА биыл көсіле сілтей алмай жүр. Егер осы маусымда екінші орынға жайғасқанын сәтсіздік деп бағалайтын болсақ, осылай айтуға болады. Әрі олар маусым басталғалы төрт рет ұтылды. ВТБ Бірыңғай лигасының бұған дейінгі бірнеше маусымында әскерилер клубының ең көп жеңілісінің саны осынша ғана болған. Бірақ ол маусымдар тарихқа айналған, ал биылғы енді қыза түсті. Ендеше, лиганың биылғы додасы аяқталғанша, жеңілістерінің саны арта түсуі де ықтимал. Оның үстіне, ЦСКА көшбасындағы «Химкиден» оңбай ұтылып жүр. Енді лига чемпионатының негізгі додасындағы турнир кестесінде оларды қуып жету қиын болады. «Астана» өз кезегінде, бір апта бұрын ғана бесінші орында тұрған. Бірақ Минскідегі мәнсіз ойындарының кесірінен «сары-көкшілдер» қазір – жетінші орында.

Команда құрамындағы өзгеріс: маусым басында, «әскерилер» сапында небәрі үш-ақ ойын өткізген және «Астанамен» болған ойында алаңға шықпаған америкалық шабуылшы Уилльям Клайберн Мәскеу командасымен өз келісімшартын ресми түрде биылғы жылғы 17 қаңтар күні ғана бұзды. Есесіне, өткен ойынмен салыстырғанда, команда құрамына жаңа үш ойыншы қосылды. Екеуі ресейлік жас шабуылшылар – Даниил Кочергин және Александр Ершов, екеуі де ЦСКА-2 ұжымынан. Алайда Даниил әзірше бір ойын өткізгенімен, Александр алаңда да, ойын хаттамасында да көрінбей жүр. Бәрінен қызығы, команда сапына Куба шабуылшысы Ховард Сент-Ростың алынуы болды. Кубалық ойыншы өз карьерасын Италия және неміс командаларында бастаған. Одан кейін Чехияның «Нимбурк» командасы сапында ойнап, ВТБ Бірыңғай лигасында төбе көрсеткен. Мәскеу командасына ол Грекияның «АЕК» клубынан келді. Өз карьерасында ол екі дүркін Чехия чемпионы болып, ЕуроКубок және FIBA Құрлықаралық кубогы жеңімпазы атанған. Ховард ЦСКА сапында, ВТБ лигасында әзірше бір-ақ ойын өткізді. Бірақ Еуролига додасында мәскеуліктердің намысын бес ойында қорғады. Әрі «Химкиден» басым түскенде, жеңіске сүбелі үлес қосқандардың бірі болды.

Команда көшбасшылары: ЦСКА командасының күмәнсіз көшбасшысы – қорғаушы Майк Джеймс, команданың ең тиімді және ең нәтижелі ойыншысы атақтары соған тиеслі. Коста Куфос – барлық ойындардың хаттамасына ілігіп жүрген жоқ, бірақ доп қағып алудан көш бастап тұр. Бұлардан бөлек, бастапқы бестікке ілігіп жүргендер – Дэрран Хиллиард, Никита Курбанов, Йоханнес Войтманн, осы жігіт өткен ойында «Астанаға» көп қауіп төндірген, Кайл Хайнс, Дэниэл Хэккетт, Андрей Воронцевич, Джоэль Боломбой және Янис Стриелникс, сонымен қатар, жаңа ойыншы – Ховард Сент-Рос. Яғни әскерилер клубында бәсекелестік – өте жоғары және ойын өрбісін өз қолына ала алатын ойыншылары да – жетерлік. Бірақ ВТБ лигасының ережесі бойынша, ЦСКА сапында, әрі басқа командалар сапында да, Ресей төлқұжаты бар алаңдағы ойыншыларының саны 6-дан кем болмауы керек. Сондықтан, алдағы матчта ЦСКА құрамынан біз осы легионерлерінің кейбіреулерін көре алмаймыз. Ал ресейлік ойыншыларынан Иван Ухов пен Семен Антоновты көруіміз әбден мүмкін. Бұл екеуі Мәскеуде өткен ойында біздің команданың жүйкесін әбден жұқартқан. Сонымен қатар, Михаил Кулагиннің немесе Андрей Лопатиннің ойнауы, тіпті жаңадан алынған жас ойыншыларының біреуі шығып қалуы да мүмкін. Бір анығы, Димитрис Итудисте таңдау баршылық.
 


Матч дүйсенбі күні, яғни 10 ақпанда Нұр-Сұлтандағы «Жекпе-Жек» спорт кешені аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сондай-ақ QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды. Сонымен қатар,  «Астананың» өз алаңымызда «Химки» командасымен  өтетін келесі ойынына да билеттер сатыла бастады. Бұл матч та 14 ақпан күні «Жекпе-Жек» спорт кешені алаңында өтеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»