23 желтоқсанда «Астана» Президенттік баскетбол клубы тарих қойнауына еніп бара жатқан жылғы соңғы матчын өткізіп, түзде ВТБ Бірыңғай лигасындағы қарсыластарының бірімен, яғни Польшаның «Стелмет Зелена Гура» командасымен додаға түседі. Ойын жексенбіден дүйсенбіге ауған түні, астана уақытымен 00:30-да басталады.
«Стелмет Зелена Гура» – Польшаның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Зелена Гура қаласынан, 1946 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Польша чемпионатында бақ сынайды.
Жетістіктері:
Бас бапкер:
Биылғы маусымда Польша командасын хорват маманы Жан Табак жаттықтырып жүр. Жанның ойыншы ретіндегі карьерасының қызығы мен шыжығы мол болды. Ол орталық шепте ойнаған, әрі өте бойшаң адам – 213 см. 1985 жылдан бастап ойнап, югославиялық «Югопластика» командасының намысын қорғаған. Осы ұжыммен 3 рет Еуролига чемпионы, 4 мәрте Югославия лигасының чемпионы болып, 2 рет Югославия кубогының жеңімпазы атанады. Хорвтияның 2 дүркін чемпионы болады. «Югопластика» сапындағы 7 маусымнан кейін Италияға барып, екі маусым өнер көрсетеді. Одан кейін Табак мұхит асып, карьерасын ҰБҚ-да жалғастырады. Онда «Торонто Рэпторс», «Бостон Селтикс», «Индиана Пейсерс» және «Хьюстон Рокетс» клубтары сапында ойнап шығады. Соңғысымен Жан Табак 1994/1995 маусымында Ұлттық Баскетбол Қауымдастығының чемпионы болған. ҰБҚ командалары сапындай ойнап жүрген кезіндегі үзілісте ол түріктің «Фенербахче» командасы сапында өнер көрсеткен. Ал ойыншы ретіндегі мансабын Испаниядағы «Реал Мадрид» және «Ховентуд» клубтары сапында тәмамдайды. Ең соңында Жан «Унихака» командасымен Испания кубогын жеңіп алады. Сонымен қатар, Хорватия құрамасы сапында Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанады. Бапкерлік карьерасын 2006 жылы Испанияда «Реал Мадрид» командасының жаттықтырушылары құрамында бастап, Испания чемпионы және ЕуроКубок жеңімпазы атанады. Хорват маманы бұдан кейін Испанияның «Кахасоль» командасының бапкерлері құрамына кіреді. Жан бірінші рет бас бапкерлік қызметке 2011 жылы тағайындалып, Испанияның «Жирона» командасын жаттықтырады. Бұдан кейін Польшаның «Трефл Сопот» командасының тізгінін ұстап, Польша СуперКубогын жеңіп алады. Одан соң Испанияның «Каха Лабораль» командасына бас бапкер болады. Ал осыдан кейін Хорватия құрамасы бас бапкеріне көмекші болады. Әрі «Реал Мадрид» клубының бас бапкеріне көмекші болып, осы ұжыммен ЕуроЛигада топ жарып, Испания чемпионатын және екі рет кубогын жеңіп алады. «Реалдан» соң ол Испаниядағы «Фуэнлабрада» командасын жаттықтырып, «Маккаби» (Тель-Авив) клубымен Израиль чемпионы атанып, «Севилья» клубының жаттықтырушылары құрамын басқарады. Қазіргі кезде Жан Табак «Зелена Гура» клубымен қоса Словакия құрамасын да жаттықтырады.
Команда құрамы:
Маусым аралығында Польша командасынан бас бапкерімен бірге ойыншыларының көбісі, яғни барлық легионері мен жергілікті ойыншыларының жартысы кетіп қалды. Олардың ішінде орны толмас ойыншылар ретінде америкалықтарды атауға болады. Атап айтқанда – Маркел Старкс (биылғы маусымда «Автодор» сапында ойнап жүр) және Коди Джастис. Сондай-ақ Хорватияның екі жігітін Желько Савич пен Дарко Планиничті де осы тізімге қосуға болады. Бұлардан бөлек, америкалықтар Гейб ДеВо, Куинтон Хосли және Майкл Хамфри де командадан кеткен. Польша ойыншылары ішіндегі орны ойсырап қалғандары Михал Соколовски мен Адам Хричанюк болды. Сонымен қатар, Ярослав Мокрос пен Филип Матчак та қазір команда сапында жоқ. Былтырғы құрамнан тек төрт ойыншы ғана қалды, әрі бәрі де – Польша азаматтары. Шабуылшы Пржемислав Замойски – Польшаның 9 дүркін чемпионы, 3 дүркін Польша кубогы және 2 дүркін Суперкубогы жеңімпазы. «Ассеко Проком» (қазіргі «Арка») және «Трефл Сопот» командалары сапында ойнаған. Соңғы 6 жылда «Зелена Гура» намысын қорғап жүр. Қорғаушы Лукаш Кошарек – 4 дүркін Польша чемпионы, 3 дүркін Польша кубогы және 2 дүркін Суперкубогы жеңімпазы. Ол «Полония», «Туров», «Анвил», «Трефл Сопот» және «Ассеко Проком» командалары сапында ойнаған. Сонымен қатар, Лукаш Италияның «ЮвеКазерта» клубында өнер көрсеткен. Сондай-ақ, биылғы маусымда командадан екі жас ойыншы кетіп қалды – қорғаушы Кацпер Трачик және шабуылшы Кацпер Маковски.
Маусым аралығында команда құрамын үш америкалық ойыншы толықтырды. Орталық шептегі Дрю Гордон өз карьерасын Сербияның «Партизан» клубында бастап, одан кейін Италия мен Түркияда ойнаған. Содан соң АҚШ-қа қайтып барып, «Филадельфию Севенти Сексерс» клубы мен оның фарм-командасы «Делавэр Эйти Севенерс» сапында өнер көрсеткен. Бұдан кейін Дрю Франция мен Литвада ойнап, ал 2017/2018 маусымын ВТБ Бірыңғай лигасында, «Зенит» сапында өткізген. Былтырғы маусымда «Лонг-Айленд Нетс» клубының намысын қорғады. Шабуылшы Тони Мейер өз карьерасын Австралияда бастап, содан соң Еуропаға ойысып, Португалия, Польша, Грекия және Чехияда ойнаған. «Нимбурк» сапынеда Чехия чемпионы болған. Қорғаушы Джо Томассон баскетбол ойнауды Румынияда бастап, ҰБҚ-ның D-Лигасында бірнеше маусым өнер көрсеткен. Содан кейін Польшада және Ресей Суперлигасындағы «Буревестник» (Ярославль) сапында ойнаған. Хорват шабуылшысы Ивица Радич өз карьерасында Хорватия, Италия, Португалия, Венгерия және Бельгия командалары сапында ойнап үлгерген. Швеция қорғаушысы Людвиг Хакансон карьерасының басым бөлігін Испанияда өткізген, ал 2015/2016 маусымында Латвияның ВЭФ командасы сапында ВТБ Бірыңғай лигасының көрігін қыздырған. Команданың осы жаңа ойыншыларының бәрі – легионерлер, қалған ойыншылары – Польша өкілдері. Шабуылшы Ярослав Зисковски өз карьерасын түгелдей Польша командалары сапында өткізіп келеді. Миколай Витлински болса, өз елінің командаларынан басқа Италияда ойнаған. Ал Джулиан Ясински өз карьерасын бастан-аяқ Германияда өткізген. Қорғаушы Марсель Понитка «Зелена Гураға» қайтып келді, ол соңғы екі маусымды «Ассеко Проком» сапында өткізген. Сонымен қатар, команда тізіміне жас қорғаушы Милош Горенчук ілікті.
Команда көшбасшылары: Биылғы маусымда «Зелена Гура» сапында небәрі 10 ойыншы ғана алаңға шықты. Команданың қозғалтқыш күші бастапқы бестіктегі ауыспас ойыншылары – Дрю Гордон, Людвиг Хакансон, Ярослав Зисковски, Тони Мейер және Джо Томассон. Ал команданың ең нәтижелі ойыншысы – Гордон. Ол орта есеппен әр матчта 13,8 ұпай еншілеп жүр. Сонымен қатар, ол қайтқан допты қағып алудан да алда келеді, орта есеппен әр матчта – 8,6. Сондай-ақ, команданың сұрмергені және ең үздік ассистенті Хакансонды да бөле-жара атап өтуге болады. Оның үш ұпайлық көрсеткіші – 50%, әрі орта есеппен әр ойында 4,3 пас беріп келеді.
Турнир кестесіндегі жағдай: «Астана» дәл қазір үш жеңісімен және алты жеңілісімен турнир кестесінің 11-сатысында тұр. Ал «Стелмет Зелена Гура» қазір жетінші орындға орналасқан. Еншісінде 4 жеңіс және 5 жеңіліс бар. Поляктар маусымды түзде «Химкиден» және өз алаңында «Зениттен» ұтылып бастады. Бұдан кейін олар Саратовта «Автодорды» тізе бүктірді. Бірақ өз алаңында ЦСКА баскетболшыларынан ойсырай ұтылып қалды. Бұдан кейін екі рет жеңіске жетіп, өз алаңында «Парманы», ал Нижний Новгородта жергілікті «НН» клубын сан соқтырып кетті. Түздегі «Локомотив-Кубань» және УНИКС клубтарымен өткен матчтарда «Зелена Гура» жеңіліске ұшырады. Ал соңғы ойында, өз алаңында «Цмоки Минск» клубынан овертаймда басым түсті.
Кездесулер тарихы: «Астана» мен «Зелена Гура» небәрі екі-ақ рет кездесті. Әрі екеуі де ВТБ Бірыңғай лигасының былтырғы маусымында өткен болатын. Екі матчта да біздің жігіттер жеңіске жетіп, Польшада 9 ұпай айырмасымен басым түссе, Қазақстанда 14 ұпай айырмасымен ұстемдік танытқан.
Қызықты деректер:
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры |
Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» |