«Астана» Саратовтың «Автодорына» қонаққа кетті

13.11.2019, 10:00    Оқылғаны: 677
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы өз алаңында өткізген сәтті ойындарынан кейін Саратовқа сапар шекті. Онда, 16 қараша күні жергілікті «Автодор» клубымен додаға түседі. Бұл ойында біздің команданың турнир кестесіндегі жағдайын нығайтып, ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымында түздегі алғашқы жеңісіне қол жеткізетін мүмкіндігі бар.

«Автодор» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Саратов қаласынан. 1960 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 1993/1994, 1996/1997, 1997/1998, 1998/1999
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 1995/1996
  • Еуропа кубогының жартылай финалына шыққан – 1997/1998
  • А суперлигасының чемпионы – 1996/1997, 1997/1998
  • Б суперлигасының чемпионы – 2008/2009
  • Суперлига чемпионы – 2013/2014
  • Суперлиганың қола жүлдегері – 2012/2013

Саратов командасының бас бапкері – көпшілікке танымал Ресей маманы, бұрынғы белгілі ойыншысы Евгений Пашутин. Ол саратовтықтарды биыл ғана жаттықтырып жүрген жоқ. Пашутин бұл қызметке 2007/2008 жылдар маусымында бекітіліп, италиялық Андреа Маццонаның ауыстырған болатын. Келесі маусымды Италияның «Канту» командасында бастағанымен, «Авторға» тез оралып, Сергей Мокинді алмастырған. Биылғы маусымда Евгений «автодорлықтардың» бапкерлері құрамын маусым басынан бері басқарып келеді. Сондай-ақ, Евгений Пашутиннің өз карьерасында «Спартак» (СПб), «Локомотив-Кубань», УНИКС және ЦСКА командаларының бас бапкері болғанын, сонымен қатар Ресейдің ерлер арасындағы құрамасының да тізгінін ұстап, ал қазір Ресей-U20 құрамасын қоса жаттықтыратындығын айта кетуге тиіспіз. Саратовтың қазіргі бапкері мен «Автодор» арасындағы байланыс сонау 1992 жылы басталған. Сол кезде Пашутин автодорлықтардың құрамында ойнап, жалпы алғанда, 6 маусым бойы «Автодордың» намысын қорғаған. Бұдан бөлек, ол сонау КСРО заманында «Спартак» (Ленинаград) сапында, одан кейін «Динамо» (Мәскеу), УНИКС және ЦСКА клубтарында, сондай-ақ Израильдің «Маккаби» командасында өнер көрсеткен. Евгений Пашутин ойыншы ретінде Әлем чемпионатының күміс, Еуропаның қола жүлдегері атанған. Ресей чемпионы да болып, 6 рет өз елінің күміс жүлдегесіне қол жеткізген. Жаттықтырушы ретінде Ресей чемпионы, ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы, екі дүркін Еуропа кубогының жеңімпазы және Ресей кубогының иегері атанды.

Былтырғы маусымға көз жүгіртіп, биыл Саратов клубы америкалық белді ойыншыларынан айырылып қалды деп, сенімді түрде айтуға болады. Олар – Тре Голден, Перрин Бьюфорд және Дэвид Кравиш. Жалпы, биылғы маусым аралығында команданың барлық легионерлері кетіп қалды. Атап айтқанда – тағы да екі америкалық ойыншы, яғни Энтони Айрлэнд пен Ди Джей Ньюбилл, сондай-ақ серб Борис Савович. Ал ресейліктерден былтырғы маусымды соңына дейін ойнаған Артем Забелин де кетті. Маусым аралығында төрт ойыншы ғана командамен өзара келісімшарттарын ұзартты, әрі олардың бәрі де – ресейліктер. Солардың бірі – ардагер Андрей Сепелев. Бірақ ол команда құрамына тіркелгенімен, ВТБ лигасында небәрі бір ойын ғана өткізді, оның өзінде, 2015/2016 маусымында екі минуттай ғана ойнапты. Қалған үшеуі жергілікті жастар – Антон Квитковских, Александр Петенев және Никита Михайловский.

Биылғы маусымда команданың негізгі құрамындағылар – түгелдей жаңа ойыншылар. Дәл қазір «Автодор» сапында 5 америкалық ойыншы бар. Алайда Рейвонте Райстың келгенінен кеткені тез болды. Ол алғашқы екі ойыннан кейін команда сапынан кетіп қалды. Қорғаушы Маркел Старкс Австралия мен Пуэрто-Рикода өнер көрсеткен, ал Еуропада Италия, Германия, Грекия, Түркии және Польша чемпионаттарында ойнап үлгеріпті. Биылғы маусымда Саратов командасы өткізген бес ойында да негізгі құрамда алаңға шықты. Шабуылшы Элджин Кук Германия мен Хорватиядағы ойындарын мақтан тұта алады. Тәжірибелі қорғаушы Орландо Джонсонның ойнамаған жері де, командасы да жоқ, тек ҰБҚ-ға тұрақтай алмаған. Бірақ «Индиана Пейсерс», «Сакраменто Кингз», «Финикс Санз» және «Нью-Орлеан Пеликанс» командалары сапында алаңға шыққан. Орландо Еуропада Испания, Босния және Герцоговина елдерінде ойнаған. Азияда Филиппи, Қытай және Ливияда өнер көрсеткен. Әрі ол ВТБ Бірыңғай лигасына алғаш рет келіп отырған жоқ. 2016/2017 маусымында УНИКС сапында 8 ойын өткізген. Биыл міне, Элджин мен Орландо «Автодор» өткізген бес матчта да алаңға шықты. Орталық шептегі Айзея Хикс ҰБҚ-дағы «Нью-Йорк Никс» клубында ойнаған. Енді Саратовта, соңғы екі ойында «Автодордың» намысын жыртты. Қорғаушы Тобин Карберри әзірше, тек Солтүстік Еуропа елдерінде ойнаған – Исландияда, Финляндияда және Данияда. Соңғысының, яғни Данияның чемпионы да болыпты. Әзірше команда сапында тіркеліп тұр, бірақ әлі алаңға шыққан жоқ. Орталық шептегі, француз Мухамаду Жайте негізінен Францияда өнер көрсеткен. Бірақ Саратовқа Италия командасынан келді. «Автодордың» маусым басындағы бес ойынында да алаңға шықты. Нигерия қорғаушысы Майкл Уме бұған дейін Германия, Испания, Италия, Израиль және Польша чемпионатитарындағы кәсіпқой командаларда ойнаған, Саратов командасының намысын соңғы екі ойынында қорғады. Латыш шабуылшысы Каспарс Берзиньш болса, Латвияда, Испанияда және Ресейде ойнаған. Әрі ВТБ Бірыңғай лигасына беймәлім ойыншы емес, әзірше «Автодор» сапында екі ойын өткізді, соңғы рет ЦСКА баскетболшыларымен додаға түскенде алаңға шықты. Ресейлік ойыншылардан, маусым аралығында келісімшартарын ұзартқандарынан бөлек, «Автодор» сапында Алексей Бабушкин, Егор Бестужев және Роман Баландин сынды жастар пайда болды.
 

Кездесулер тарихы: «Астана» мен «Автодор» өзара 13 рет кездесті. Бірінші ойын сонау 2013/2014 жылдар маусымында, Нестеров кубогы аясында өтті, онда саратовтықтар басым түсті. «Автодор» тек келесі маусымнан бастап қана ВТБ Бірыңғай лигасында ойнай бастады. ВТБ лигасынан бөлек, біздің команда мен Саратов ұжымы екі рет EuroChallenge додасында кездесті. Жалпы, «Астана» 13 ойынның 7-еуінде жеңіске жетіп, 6-уында ұтылды. ВТБ Бірыңғай лигасындағы өзара жалпы есепте де біздің жігіттер алда – 6:4.    

Турнир кестесіндегі жағдай: «Астана» өз алаңында шектен тыс шиеленісті үш ойын өткізіп, жанкүйерлерін біршама қобалжытып, үшеуінің де соңында жеңісті жұлып алды. Ал түзде өткізген екі ойында да Эмиль Райковичтің шәкірттері жеңілістің кермек дәмін татты. Дәл қазір, турнир кестесінде астана командасының ұпайы да, пайыздық көрсеткіштері де «Локо», «Нижний» және «Енисей» клубтарымен бірдей болып тұр. Бірақ қосымша көрсеткіштері бойынша, алдына тек ЦСКА мен «Химки» клубтарын салып, айбарлы үшінші орынға орналасқан. «Автодор» да бес ойын өткізді, бірақ біреуінде ғана жеңіске жетіп, турнир кестесінде 11-орынды қанағат тұтып тұр.

Қызықты деректер:
  • «Автодор» – «Астана» шығыршығына ең көп ұпай салған команда. Бұл 2015/2016 маусымындағы жүзеге асқан, онда саратовтықтар бірінші ойында 131 ұпай салып, екіншісінде 132 ұпай еншілеген болатын. Әрі бұл – «Астананың» ВТБ Бірыңғай лигасы тарихындағы ең нашар көрсеткіші.
  • «Астананы» қазіргі ойыншысы Коти Кларк 2017/2018 маусымында «Автодор» сапында ойнаған және ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионатының ең тиімді ойыншысы атанған.

Матч сенбі күні, яғни 16 қарашада Саратовтағы «Кристалл» Спорт сарайы аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 19:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»