«Астана» ВТБ лигасындағы келесі ойынын түзде «Химкимен» өткізеді

18.10.2019, 14:00    Оқылғаны: 167
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Алдағы демалысты «Астана» Президенттік баскетбол клубы Мәскеу облысында өткізіп, онда ВТБ Бірыңғай лигасында көш бастап келе жатқан «Химки» клубымен кездеседі.

«Химки» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Мәскеу облысынан, 1997 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуролига додасында бақ сынайды.

Жетістіктері:
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 2006, 2008, 2009, 2010, 2011, 2012, 2013, 2015, 2017, 2018, 2019
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2007
  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2008
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы – 2010/2011
  • ВТБ Бірыңғай лигасы Промо-кубогының күміс жүлдегері – 2008
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2014/2015, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019
  • ULEB Еуропа кубогының финалына шыққан – 2008/2009
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2005/2006
  • FIBA Еуролигасы «Төртеу финалында» додаға түскен – 2004/2005
  • ВТБ Бірыңғай лигасы «Төртеу финалында» додаға түскен – 2009/2010
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2011/2012, 2014/2015

«Химки» тарихының 20 жылды еңсергеніне көп бола қойған да жоқ, әйтсе де Мәскеу облысы командасы осы уақыт ішінде Ресей Федерациясының ғана емес, тіпті бүкіл Еуропаның үздік клубтарының біріне айналып үлгерді. Команданы өткен маусымдағыдай даңқты ойыншы және жаттықтырушы Римас Куртинайтис басқарады. Ол үш жылдық үзілістен кейін «Химки» клубының бас бапкері қызметіне қайта оралды.

«Химки» командасының биылғы маусымдағы құрамына толық бір мақала арнауға да болады. Сондықтан, Ресей басылымдарында маусым басталғанша «Химки ВТБ Бірыңғай лигасының алдағы маусымында қағаз жүзінде жеңімпаз атанып отыр» деген тақырыпты жаңалықтардың шығуы да бекер емес. Бірақ бәрін де өткен маусыммен салыстырумен емес, бірінші кезекте бір ойыншыға ерекше көңіл аударумен бастаған жөн. Себебі соңғы жылдары «Химки» дәл сол ойыншымен тығыз байланыстырылады. Атап, айтқанда, ол Ресейдің ең үздік ойыншыларының бірі – 2017 жылғы Еуропа чемпионатының ең үздік сұрмергені, ВТБ Бірыңғай лигасының соңғы екі маусымдағы ең үздік сұрмергені… иә, Алексей Швед. Спорттық мансабын «Химки» сапында одан әрі жалғастырады. Сонымен қатар, Мәскеу облысы клубы өткен маусымдағы маңызды легионерлерінің бірі, латыш Янис Тиммамен келісімшартқа қайтадан отырды. Одан бөлек, ресейлік бірнеше ойыншының да келісімшарттары ұзартылды: ардагер Сергей Моня, тәжірибелі Вячеслав Зайцев пен Егор Вяльцев және өрімдей жас Максим Барашков. Ал маусым аралығында кеткен ойыншыларының ішінде орны ойсырап қалғаны – америкалық Джордан Мики. Ол өткен маусымда «Химкидің» көшбасшыларының бірі болған. Сондай-ақ командадан америкалықтар Антонио Крокер, Малкольм Томас, Чарльз Дженкинс және ресейлік Андрей Зубков кетіп қалды.

Ал енді жаңа ойыншылар жайлы. Швед ойыншысы Йонас Жеребко – «Химкидің» биылғы маусымда құрамдарын нығайтқан ең басты тұлғаларының бірі. Ол соңғы 10 маусымды ҰБҚ-да өткізген. «Пистонс», «Селтикс», «Джазз» және «Уорриорз» клубтарында өнер көрсеткен. Сергей Карасев соңғы үш маусымды Петерборда өткізді, ал оған дейін ҰБҚ-да «Кавальерс» және «Нетс» клубтарында ойнап үлгерген. Америкалық Девин Букер және серб Стефан Йович «Химкиге» Бавария командасынан ауысып келді. Олар кейінгі екі маусымда дәл осы командамен екі мәрте Германия чемпионы болды. Энтони Гилл – америкалық баскетболшы, Американың студенттік лигасынан кейін өзінің кәсіби деңгейдегі алғашқы маусымын Түркияның «Йесилгиршун Билидье» командасында өткізді. Ресейлік Тимофей Мозгов – қазіргі кездегі Ресей баскетболындағы аңыздардың бірі. Бұл ойыншы өз карьерасын «Химки» клубынан бастаған десек те болады. Одан кейін ҰБҚ-да «Никс», «Наггетс», «Кавальерс, «Лейкерс» және «Нетс» клубтарында ойнады. Джереми Эванс – бұл да Мәскеу облысы клубының жаңа ойыншысы, әрі 2016/2017 жылдар маусымында «Химки» сапында болған. Сондай-ақ ҰБҚ-да «Джазз», «Маверикс» және «Хоукс» клубтарын сапында өнер көрсеткен. Ал латыш Дайрис Бертанс былтырғы маусымды ҰБҚ-дағы «Нью-Орлеанс Пеликанс» клубы сапында өткізді.
 

Кездесулер тарихы: «Астана» мен «Химки» өзара 21 рет кездесті, оның 19-ы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында өтті. «Астана» Мәскеу орблысы клубымен болған ойындардың тек үшеуінде ғана жеңіске жетті. Оның екеуіне елорда клубы тым ертеректе қол жеткізген – 2011/12 және 2012/13 жылдар маусымында. Соңғы Қазақстан жеңісі 2018 жылдың наурыз айында жүзеге асты.
Турнир кестесіндегі жағдай: “Химки” маусым басталғалы бері барлық командалардан да көп ойын өткізді – төрт матч. Әрі осы ойындардың бәрінде де жеңіске жетті, соның арқасында дәл қазір ВТБ Бірыңғай лигасында ең жоғарғы орынды иемденіп тұр. «Астана» болса, бір жеңіс және бір жеңіліспен осы кестенің бел ортасында тұр.

Қызықты деректер:
  • «Астананың» бас менеджері Валерий Тихоненко және «Химкидің» бас бапкері Римас Куртинайтис КСРО құрамасы сапында бірнеше рет бірге ойнаған және мына жетістіктерге бірге қол жеткізген: алтын, Еуропа чемпионата – 1985, қола, Еуропа чемпионаты – 1989, күміс, Әлем чемпионаты – 1986 және алтын, Олимпиада – 1988.
  • «Химки» өз алаңында «Астанадан» бірде-бір рет ұтылып көрген жоқ. Десек те, екі жыл бұрын, 2017 жылдың қазан айында, мұндай да бола жаздаған.

Матч жексенбі күні, 20 қазанда Химкидегі Мәскеу облысының Баскетбол орталығында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 18:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.


"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры

"Самұрық-Қазына Траст" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры