ВТБ Бірыңғай лигасы 2019/2020
УНИКС
Казань
ВТБ Бірыңғай лигасы, Тұрақты біріншілік
06.10.2019, 21:00 Жс
Арена: Баскет Холл (Казань)
81:72
Негізгі уақыт
21:13 16:14 20:21 24:24
Ойын нөмірі: RS-9
Көрермен: 3168
Астана
Нұр-Сұлтан

«Астана» ВТБ лигасының жаңа маусымдағы алғашқы матчында УНИКС-тен ұтылып қалды

07.10.2019, 10:00    Просмотров: 39
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионатының жаңа маусымдағы алғашқы матчын өткізді. Елорда баскетболшылары Қазанға қонаққа барып, жергілікті УНИКС клубымен кездесті. Ойын алаң иелерінің жеңісімен аяқталды.

Ойын басталған бетте қазандықтар алға шығып, жанкештілік танытты. Олар тіпті есеп айырмасын екі таңбалы санға да жеткізіп, көсіле сілтеді. Бірінші кезеңде 13 ұпай айырмасымен қара үзіп кеткен сәттері де болды. Бірақ «Астана» намысты қолдан бермей, алғашқы онминуттықтың соңына дейін есеп айырмасын 8 ұпайға дейін қысқартты. Екінші кезеңнің басында Эмиль Райковичтің шәкірттері қарсыластарына қарағанда өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, есепті қысқартты. Тіпті таразы басын өздеріне қарай аударды да. Бірақ, өкінішке қарай, «Астана» жеңісті есепті уыстарында ұстап тұра алмады. Әрі үлкен үзіліске дейін 10 ұпай айырмасымен ұтылып қалды.

Үшінші кезеңде УНИКС өз басымдығын уысынан шығармауға тырысты. Бірақ біздің команда тағы да олардың жүйкелеріне тиіп, есеп айырмасын 3 ұпайға дейін қысқартты. Десек те, Қазан командасы бұл қауіптің де бетін тойтарып, матчтың аяқталуына 10 минут қалғанда 9 ұпай айырмасымен алға шықты. «Астана» төртінші кезеңде жағдайды шиеленістіре түсіп, матч соңына дейін небәрі 5 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Алайда Қазанда жеңісті жұлып алудың орайы келмеді. Матч алаң иелерінің жеңісімен аяқталды – 81:72 (21:13, 16:14, 20:21, 24:24).

Астаналықтар ұтылып қалғандарымен, намысты қолдан берген жоқ. УНИКС біздің командамен додаға түскенде, шүмектетіп тер төгуге мәжбүр болды. Статистикалық деректер бойынша, «Астана» қарсыласына есе жіберген жоқ деуге де болады. Тек шығыршықтан қайтқан допты қағып алуда ғана біздің жігіттер олармен тайталаса алмады. Ал бұл екінші мүмкіндіктен ұпай еншілеуге тікелей әсер етті. «Астана» бұл көрсеткіш бойынша, бірде-бір ұпай еншілей алмай, жаза басты, ал УНИКС-тің еншісінде – 11 ұпай. Дәл осы жаңсақтық «Астананың» жеңіліске ұшырауына себеп болды.
 

Ең көп ұпай еншілегендер:
Негізгі жүктеме «Астана» легионерлеріне түсті. Олар бұл ойында команданы алға сүйреумен болды. Душан Ристичтың еншісінде дабл-дабл — 20 ұпай және 11 рет доп қағып алды. Джеремая Хилл де нәтижелі ойын өрнегін көрсеті – 17 ұпай және 6 нәтижелі пас. Малкольм Хилл 17 ұпай еншілегенімен, бес рет ескерту алып, матчты соңына дейін ойнай алмады. Коти Кларк өзінің бұрынғы командасына қарсы ойнап, 12 ұпай еншіледі. Ал біздің қарсыласымызға тоқталар болсақ, бізге көп қауіп төндірген Қазан легионерлері болды. Олар: Эрик Макколлум – 21 ұпай жәнеи Джамар Смит – 19 ұпай және 9 рет доп қағып алды.

УНИКС клубының бас бапкері Димитрис Прифтис:
— Биылғы маусымда ВТБ лигасында ойнау қиын болатын сияқты. Өйткені барлық командалар да – бәсекеге қабілетті. Бүгін біз алаңға жеңіске жетуді ғана ойлап шығып, қорғаныста сауатты ойын өрнегін көрсеттік. Бізге осы бетімізден қайтпай, ойнай беру керек. Қосарым, бізге доптан көз жазбауға көңіл бөліп, командалық баскетбол ойыны үлгісін жетілдіре түсу қажет.   

«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— Бүгін УНИКС бізден асып түсті. Біз олардан қалыспауға тырыстық, әрі бізде өрнекті ойын үлгісін көрсеткен бірнеше мүмкіндік болды да. Біз құрамымыз әлі толық жасақталған жоқ. Бізге әлі ойыншылар қажет. Өйткені, ВТБ лигасында төрт легионермен ойнап, өзгелермен тайталасу өте қиын. Нақты ойын жайлы айтар болсақ, УНИКС шығыршықтан қайтқан допты қағып алуда дес бермеді. Матч соңында Джамар Смит пен Эрик Макколлум өз шеберліктерінің жоғарылығы арқасында көптеген мүмкіндіктерін мүлт жібермей, жүзеге асырды.

«Астана» келесі ойынын өз алаңында өткізіп, 12 қазан күні ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионаты аясында Краснодардың «Локомотив-Кубань» клубын қабылдайды. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құлылған жылы: 1991 Клубтық түстері: ақ, жасыл
Мемлекет: Ресей Арена: Баскет Холл
Қала: Казань Сайт: www.unics.ru

Сипаттамасы

УНИКС – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қазан қаласынан, 1991 жылы құрылған.
 
Жетістіктері:
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері − 2001, 2002, 2004, 2007
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері − 2000, 2003, 2005, 2009−2011, 2013/2014, 2018/2019
  • Ресей кубогының жеңімпазы − 2003, 2009, 2014
  • FIBA Евролига чемпионы − 2003/2004
  • Еуропа кубогы жеңімпазы − 2010/2011
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2013/14 
  • NEBL чемпионы − 2002/2003
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2009/10, 2011/12, 2015/16 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері − 2010/11, 2018/2019

Команданың жалпы суреті

УНИКС