Ерлер арасындағы Қазақстан Республикасының Кубогы 2022
Астана
Астана
Қазақстан Кубогы, Тұрақты біріншілік
06.02.2022, 19:30 Жс
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
94:59
Негізгі уақыт
20:13 20:19 30:13 24:14
Ойын нөмірі: 4
Көрермен: 0
Каспий
Ақтау

Дарко Руссо шәкірттері ел кубогында екінші рет жеңіске жетіп, «Каспийден» үстем түсті

07.02.2022, 10:00    Просмотров: 335
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы Қазақстан кубогы 2022 додасында екінші жеңісіне қол жеткізіп, «Каспийден» үстем түсті. Ақтаулықтар кеше “Атырау Барыстарынан” ұтылып қалғандықтан, бүгін астана ұжымы сөзсіз фаворит болды. Алайда, матчтың бірінші жартысында ақтаулықтар намысты қолдан берген жоқ, бірақ екінші жартысында Дарко Руссо шәкірттері алаңда үстемдік құрып, ірі жеңіске ие болды. Естеріңізге сала кетейік, Кубок жолындағы матчтарда барлық команда, оның ішінде, біздің клуб та, алаңға тек Қазақстан төлқұжаты бар ойыншыларын шығара алады.

Біздің команда ойынды алыстан “атқылаумен” бастап, үш рет қатарынан үш ұпайлық соққыларын нысанаға дөп түсірді. Екеуін Рустам Мырзағалиев салып, біреуін Вадим Щербак жүзеге асырды. Осы уақыт аралығында ақтаулықтар екі ұпай еншіледі. Ал Николай Бажин олардың қорғанысын бұзып өтіп, біздің басымдығымызды екі таңбалы санға жақындатты. Бірақ бұдан кейін біздің нәтижелігіміз төмендеп кетті. “Каспий” ойлы да, сайлы ойын өрнегін паш етіп, лайықты деңгейде қарсылық көрсете бастады. Кезеңнің ортасына дейін Олег Балашов команда қоржынына үш ұпай қосты. Ал ойын басында қол жеткізген басымдық сол күйі өзгермей тұрды. Бұдан кейін Вадим Щербак ақтаулықтырдың қорғанысын бұзып өтіп, доп салды. Әрі айып сызығынан да мергендік танытты. Роберт Пан да айып соққыларын мүлтіксіз орындап, екі ұпай еншіледі. Сөйтіп, есеп айырмасы бірінші рет екі таңбалы санға жетті. Алайда, “Каспий” біздің команданы алысқа ұзатпады. Әрі кезең соңына дейін есепті жеті ұпайға шейін қысқартты – 20:13. Екінші онминуттықта Рустам Мырзағалиев үш айып соққысын сәтті орындап, Дмитрий Гаврилов екі ұпай еншіледі. Бірақ ақтаулықтар да қарап қалмады, біздің шабуылдарымыз жауапсыз қалған жоқ. Кезеңнің ортасына дейін есепті тек Рустам Мырзағалиев жаңартумен болды – қорғанысты бұзып өтіп, екі және айып сызығынан екі ұпай. Бірақ “Каспий” де қалыспады. Мәселен, екінші кезеңнің бес минутынан кейін біздің команда небәрі алты ұпай айырмасымен алда тұрды. Николай Бажин мен Роберт Пан екі шабуылымызды сәтті аяқтап, біздің басымдығымыз қайтадан екі таңбалы санға жетті. Алайда, Олег Балашов тағы екі ұпай еншілегенімен, үлкен үзіліске екі минут уақыт қалғанда, Ақтау командасы небәрі бес ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Матчтың бірінші жартысының соңына дейін Руслан Айтқали екі ұпай олжалап, айып сызығынан Николай Бажин мен Рустам Мырзағалиев те команда қоржынына ұпайлар қосты. “Астана” ойынның бірінші жартысында басым түскенімен, есеп айырмасы арқаны кеңге саларлықтай болмады – 40:32.



Матчтың екінші жартысында бірінші болып, “Каспий” доп салды. Әрі осы екі ұпайдан бөлек, үшінші кезеңнің бастапқы бес минутында олар тағы екі ұпай еншіледі. Ал біздің команда шығыршық алмастырған соң көсіле сілтеді. Дмитрий Гаврилов қатарынан алты ұпай еншіледі. Рустам Мырзағалиев тағы үш ұпай олжалады. Ал Максим Марчук әуелі үш ұпайлық доп салып, іле-шала екі ұпай қосты. Дмитрий Гавриловтың кезекті ұпайларынан кейін біздің басымдығымыз жиырма ұпайдан асып түсті. Бір минуттан кейін, Вадим Щербак пен Олег Балашов салған доптардан соң, командалар арасы жиырма бес ұпайға жетті. “Каспий” біразға созылған голсыз іркілісін үзген, бірақ Мырзағалиев бірден үш ұпайлық соққысымен жауап берді. Ал Бажиннің төрт ұпайынан кейін “Астана” отыз ұпай айырмасымен қара үзді. Ақтау ұжымы үшінші кезеңнің аяғына дейін есепті біраз қысқартқан. Бірақ соңғы кезең алдындағы есепті Роберт Пан түйіндеді – 70:45. Біздің жеңіске жететінімізге енді шүбә келтіру мүмкін емес еді. Әйтсе де, біздің жігітер тізгін тартқан жоқ. Астана баскетболшылары төртінші кезеңнің бастапқы бес минутында құйындай орап соғып, ақтаулықтар үш ұпаймен ғана шектелді. Осы уақыт аралығында бізден Вадим Щербак, Дмитрий Гаврилов, Максим Марчук, Олег Балашов және Руслан Айтқали доп салды. Ал біздің басымдығымызға тағы он төрт ұпай қосылды. Роберт Пан мен Максим Марчуктің кезекті ұпайларынан кейін астаналық гандикап қырық ұпайға жетті. Әрі әлі төрт минуттан артық уақыт қалған. Роберт Пан мен Руслан Айтқали команда қоржынына айып сызығынан тағы да бірнеше ұпайлар қосты. Ал соңғы екі минутта Дарко Руссо алаңға фарм-команда сапындағы жас ойыншыларды шығарды. Олар доп сала алмағандарымен, “Астана” бәрібір ірі жеңіске қол жеткізді – 94:59.



Ең көп ұпай еншілегендер: 

  • «Астана» –  Рустам Мырзағалиев тағы да ең көп ұпай жинаған ойыншы болды – 20, әрі 4 рет доп қағып алды, 3 пас беріп, 2 рет допты тартып алды. Вадим Щербак 18 ұпай еншілеп, 4 рет доп қағып алды, 1 блокшот. Дмитрий Гаврилов 13 ұпай олжалап, 3 рет доп қағып алды және 2 рет допты тартып алды. Роберт Пан өз еншісіне 10 ұпай қосып, 7 рет доп қағып алды, 2 рет допты тартып алды және 1 блокшот. Николай Бажиннің еншісінде – 10 ұпай, 4 рет доп қағып алып, 4 пас берді, 2 рет допты тартып алды. Максим Марчук 9 ұпай ғана еншілегенімен, матчтың ең тиімді ойыншысы болды – 6 рет доп қағып алды, 6 пас, 7 рет допты тартып алды және 1 блокшот.
  • «Каспий» – ақтаулықтар сапында Константин Нефф үздік шықты – 11 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 2 пас. Владимир Курочкин 12 ұпай жинап, 3 рет доп қағып алды және 2 рет допты тартып алды.


Салдары: “Астана” екінші рет қатарынан жеңіске жетіп, бас бәйгеге тағы бір қадам жақындай түсті. Сондай-ақ, “Атырау Барыстары” да бүгін жеңіске жетіп, бәсеке көрігін қыздыра түсті.
 


Келесі матч: Ертең біздің жігіттер тынығып, шешуші екі ойын алдында күш-жігерлерін толықтырып алу мүмкіндігіне ие болады. Маңызды екі матчтың біріншісін сейсенбі күні, яғни 8 ақпанда Қостанайдың «Тобылымен» өткізеді. Басталуы – астана уақытымен 19:30-да. Ойынның онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде және қазақстандық INSPORT спорт арнасы эфирінде жүргізіледі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2008 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Қазақстан Арена: Халық Арена
Қала: Ақтау Сайт: www.bccaspiy.kz

Сипаттамасы

«Каспий» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Ақтау қаласынан.

«Каспий» баскетбол клубы 2008 жылы сәур айында Маңғыстау облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен құрылған.

Жетістіктері:
  • Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2014/2015, 2016/2017
  • Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2012, 2013, 2017

Команданың жалпы суреті

Каспий