Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы XXX Қазақстан Чемпионаты
Астана
Астана
Ұлттық лига, Тұрақты біріншілік
27.01.2022, 17:00 Бс
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
98:80
Негізгі уақыт
27:21 28:21 21:17 22:21
Ойын нөмірі: 40
Көрермен: 0
Атырау Барыстары
Атырау

«Атырау Барыстары» Нұр-Сұлтанда «Астанаға» төтеп бере алмады

28.01.2022, 10:00    Просмотров: 192
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы Ұлттық лига аясында «Атырау Барыстарынан» тағы да басым түсті. Бұдан бір күн бұрын біздің жігіттер атыраулықтарды ойсырата жеңгендіктен, бүгінгі ойында да басым түсетіндігіне күмән келтіру қиын еді. Дарко Руссо бүгін де легионерлерден Энтони Хики мен Скайлар Спенсерге сенім артты. Ал бастапқы бестік тура кешегіге ұқсас болды – Энтони Хики, Марк Тихоненко, Максим Марчук, Руслан Айтқали, тек Дмитрий Гавриловтың орнына Скайлар Спенсер шықты.

Ойынға ортада қосылған доп қонақтарға бұйырды, әрі олар алыстан лақтырып, есеп ашты. Энтони Хики біздің команда сапынан бүгін алғаш болып үш ұпай еншілеген ойыншы болды. Әрі бастапқы бес минутта “Астана” қоржынын ұлғайтып отырған тек сол болды. Ойынның басында “Барыстар” көсіле сілтеп, алда тұрды Бірақ Хики құйындай орап соғып, допты орта қашықтықтан да, алыстан да, айып соққысынан да салды. Әрі ол осы ойында бірінші рет есепті теңестіріп, бірінші рет “Астананы” алға шығарды. Десек те, бірінші кезеңнің ортасында оның күш-жігері де біздің команданың алда ойқастауына жеткіліксіз болды, қонақтар орта есеппен төрт ұпай алда тұрды. Одан кейін Максим Марчук біраз уақыт көзге түсіп, нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, бес ұпай еншіледі. Ал Марк Тихоненко айып соққысынан астана командасын қайтадан алға шығарды. Енді “Барыстар” қуып жетуге тырысумен болды. Біраз уақыт олар өкшемізді басып, қол созым жерде болды. Біздің басымдығымызды Хики мен Пан уысымыздан шығарған жоқ. Бірақ соңғы минутта біздің команда үстемдік құрды. Максим Марчук пен Марк Тихоненко салған доптардан кейін кезеңнің қорытынды есебі тіркелді – 27:21. Есеп айырмасы аса алшақ емес, бірақ бірінші кезеңді түйіндегендердің бәрі де екіншісінің басында да доп салды. Тихоненко мен Марчук үш ұпайдан еншілеп, “Астана” басымдығын екі таңбалы санға жеткізді. Кезеңнің бел ортасына дейін есеп айырмасы осы 10 ұпай шамасында тербеліп тұрды. Қонақтар оны қысқартуға тырысты-ақ. Осы уақыт аралығында өз еншілеріне Марк Тихоненко, Энтони Хики, Скайлар Спенсер және Николай Бажин ұпайлар қосты. Матчтың бірінші жартысының соңғы бес минутында Руслан Айтқали екі рет үш ұпайлық доп салды. Николай Бажин үш, ал Энтони Хики мен Роберт Пан екі ұпайдан еншіледі. Астана басымдығы қарыштап болмаса да, ұлғая берді. Ал командалар үлкен үзіліске шыққандағы есеп – 55:42.

Николай Бажин

Шығыршық ауыстырған соң “Астана” ойыншылары матчың екінші бөлігін аса жоғары қарқында бастап, есеп айырмасын тағы да 9 ұпайға арттырды. Доп салғандар – Максим Марчук, Николай Бажин және Энтони Хики. Бірақ осыдан кейін біздің жігіттер қонақтардың жеті ұпайлық ұмтылыстарынан көз жазып қалды. Сөйтіп, үшінші кезеңнің бел ортасында “Астана” 15 ұпай айырмасымен алда тұрды. Үшінші онминуттықтың екінші жартысында дода көрігі қыза түсіп, екі команда алма-кезек шабуылдаумен болды. Біздің сапымыздан Скайлар Спенсер, Максим Марчук, Энтони Хики және Марк Тихоненко доп салып, Николай Бажин өз еншісіне бес ұпай жазды. Бірақ осы уақыт ішінде біздің басымдығымыз екі ұпайға ғана артты. Ал соңғы кезең қарсаңында “Астана” қонақтарынан 17 ұпай артық жинады – 76:59. Есеп айырмасын алшақ емес деп айта алмаймыз, бірақ айқын басымдық деуге де келмейді. Бірақ “Барыстарға” жеңісті жқлып алу үшін шектен тыс шүмектетіп тер төгу керек еді. “Астана” өз басымдығын уысынан шығармай, қонақтардың жағдайды ушықтыра түсулеріне мүмкіндік бермеді. Ойынның осы жауапты бөлігінде Руслан Айтқали ерекше көзге түсіп, төртінші кезеңнің бірінші бес минутында 8 ұпай еншіледі. Сондай-ақ, Энтони Хики де өз үлесін қосып, екі ұпай олжалады. Ойынның соңғы бес “Астана” 19 ұпай айырмасымен алға ұзап кетіп, атыраулықтардың көмескі үміттері түпкілікті өшті. Соңғы бес минутта атыраулық ұжым дода көрігін қыздыра алмады. Ал “Астана” кезекті шабуылан сенімді түрде адымдай түсті. Доп салғандар Роберт Пан, Энтони Хики, Николай Бажин және Марк Тихоненко болды. Матчтың соңғы минутында Пан “энд уан” орындап, Дарко Руссо шәкірттері матч қорытындысында кезекті шабуылдарына қол жеткізді. Есеп – 98:80.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Энтони Хики бүгін де біздің команда сапындағы үздік ойыншы болып, дабл-дабл авторы атанды – 27 ұпай, 7 рет доп қағып алды, 11 пас және 3 рет допты тартып алды. Николай Бажин өз еншісіне 15 ұпай қосып, 7 рет доп қағып алды. Максим Марчук 15 ұпай жинап, 3 рет доп қағып алды, 2 пас берді. Руслан Айтқали 14 ұпай еншілеп, 5 рет доп қағып алды. Марк Тихоненконың еншісінде – 13 ұпай, 4 рет доп қағып алды және 3 пас. Ал Роберт Пан 10 ұпай олжалап, 6 рет доп қағып алды және 3 рет допты тартып алды.
  • «Атырау Барыстары» – қонақтар сапында америкалықтар тамаша ойын өрнегін көрсетті: Джордан Уатсон – (21 ұпай, 6 рет доп қағып алды, 5 пас және 2 рет допты тартып алды), Донте Ламонт МакГилл – (21 ұпай, 7 рет доп қағып алды, 2 пас және 2 рет допты тартып алды). Ал Роман Марчук 13 ұпай жинап, 4 рет доп қағып алды.


Салдары: “Астана” турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келеді. Ал “Атырау Барыстарының” біздің командадан енді – бес жеңісі кем.

Келесі матч: Дарко Руссоның шәкірттері енді ВТБ Бірыңғай лигасындағы түзде Польшаның «Зелена Гура» командасымен өтетін кездесуіне дайындалады. Бұл матч 31 қараша күні команданың өзі аттас қалада өтеді.  Ал Ұлттық лига аясында енді біздің жігіттер екі айдан кейін ғана алаңғ шығады – 23 және 24 наурыз күндері түзде «Каспиймен» додаға түседі.

Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2005 Клубтық түстері: ақ, жасыл
Мемлекет: Қазақстан Арена: AIROM ARENA
Қала: Атырау Сайт: www.bcbarsy.kz

Сипаттамасы

«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Атырау қаласынан.

«Атырау Барыстары» баскетбол клубы 2003 жылы құрылды. Бұған 2001 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясының құрылуы ұйытқы болды. 2003 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясы мен Атырау облыстық Туризм және спорт басқармасының және Орск баскетбол федерациясының күш-жігерлерімен «Атырау Барыстары» командасы құрылды.

Жетістіктері:
  • Қазақстан Чемпионатының жеңімпазы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан Чемпионатының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019, 2019/2020, 2020/2021, 2021/2022
  • Жоғары лигасының жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан Кубогының иегері: 2009, 2022
  • Қазақстан Кубогының күміс жүлдегері: 2010, 2011, 2012, 2016, 2017, 2018
  • Қазақстан Кубогының қола жүлдегері: 2020, 2021

Команданың жалпы суреті

Атырау Барыстары