Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы XXX Қазақстан Чемпионаты
Астана
Астана
Ұлттық лига, Тұрақты біріншілік
26.12.2021, 15:00 Жс
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
77:61
Негізгі уақыт
24:11 15:15 20:20 18:15
Ойын нөмірі: 29
Көрермен: 0
Ақтөбе
Ақтөбе

«Астана» «Ақтөбеге» дес бермеді және үшінші рет тізе бүктірді

27.12.2021, 10:00    Просмотров: 215
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы Ақтөбеден келген қонақтарына дес берер емес. Бүгін біздің жігіттер өз жанкүйерлеріне Жаңа жыл қарсаңында тағы бір сыйлық тарту етіп, қызыл-ақ жейделілерді кезекті рет тізе бүктірді.

«Ақтөбемен» өткен екі ойыннан кейін Джейлен Барфорд дем алып, бүгін матч хаттамасына тіркелген жоқ. Дарко Руссо легионерлерден Антонио Кэмпбелл мен Скайлар Спенсерге сенім артты. Сондай-ақ, екі ойын матч хаттамасына тіркелген Әлижан Ыдырысжан бүгін Ұлттық лигада алғаш рет алаңға шықты. Осы ретте, матчтар біздің алаңымызда өтіп жатса да, бүгінгі және ертеңгі ойындарда номиналды алаң иелері “Ақтөбе” екендігін атап өтеміз. Ал бастапқы бестікте бүгін алаңға Спенсер, Кэмпбелл, Тихоненко, Айтқали және Балашов шықты.

Бірінші болып шабуылға ақтөбеліктер шықты, бірақ шығыршыққа доп сала алмады. Әрі ұзақ уақыт бойы ұпай еншілей алмай қойды. “Астана” да матч басында нәтижелі ойын үлгісін көрсеткен жоқ. Скайлар Спенсер бастапқы үш минутта екі рет доп салды. Осыдан кейін ғана ақтөбеліктер алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Бірақ Антонио Кэмбелл екі мәрте үш ұпайлық добын дөп түсіріп, Олег Балашов үш айып соққысын мүлтіксіз орындап, бірінші кезеңнің ортасына дейін “Астана” құйрық үзе бастады. Скайлар мен Антонио кезең бел ортасынан ауғанда доп салып, Кэмпбелл кезекті рет қарсыласымыздың қорғанысын бұзып өткен соң, есеп айырмасы екі таңбалы санға жетті. Бірінші онминуттық аяқталғанша үш ойыншымыз осы матчтағы алғашқы ұпайларын еншіледі: Дмитрий Гаврилов – шығыршық түбінен, Рустам Мырзағалиев – айып сызығынан, ал Николай Бажин – үш ұпайлық доға сыртынан. Сөйтіп, астана командасы алғашқы он минут ойын уақытынан кейін екі еседен артық есеп айырмасымен алға озды – 11:24. Екінші кезеңде қызыл-ақ жейделілер жанкештілік танытып, терезесе тең дәрежеде додаға түсті. “Ақтөбе” алыстан екі соққысын дәл түсіріп, кезең басында есепті жеті ұпайға дейін қысқартты. “Астана” екі жарым минутқа жуық уақыт бойы ұпай қорын мүлдем өсіре алмай қойды. Десек те, бұдан кейінгі екі минутта көсіле сілтеді. Руслан Айтқали осы кезеңдегі есебімізді ашып, Дмитрий Гаврилов “энд уан” орындады, ал Скайлар Спенсер елорда басымдығын қайтадан он бес ұпайға жақындатты. Екінші кезеңнің ортасында Айтқали тағы екі ұпай еншілеген, бірақ осыдан кейін біздің жігіттер қайтадан екі минуттай шығыршыққа доп сала алмай, дал болды. Ал қарсыласымыз есеп айырмасын қайтадан қысқартуға көшті. Бірақ матчтың бірінші жартысының аяғында “Астана” есеп айырмасын қайтадан сол шамаға жеткізді. Доп салғандар – Балашов, Тихоненко және Кэмпбелл. Командалар үлкен үзіліске шыққанда, есеп 26:39 болды. Алда – астана ұжымы.

Скайлар Спенсер

Үшінші кезең Ақтөбе ұжымының үш ұпайлық дәл соққысымен басталды. Ал біздің жігіттердің жауабы бірнеше еселі һәм салмақты болып шықты. Вадим Щербак жылдам шабуылды данкпен түйіндеп, осы кезеңдегі алғашқы ұпайларымызды еншіледі. Іле-шала Антонио Кэмпбелл үш ұпайлық доп салды. Сәл кейінірек Марк Тихоненко да үш ұпайлық соққысын сәтті орындап, “Астана” басымдығын жиырма ұпайға жақындатты. Ақтөбеліктер де өз ойындарын сабақтай түсті, бірақ Дарко Руссоның шәкірттері олардың ұмтылыстарын тойтарып отырды. Николай Бажин екі мәрте үш ұпайлық доп салып, Дмитрий Гаврилов орта қашықтықтан екі ұпай еншіледі, ал Рустам Мырзағалиев айып сызығынан бір ұпай қосты. Үшінші кезеңнің аяғына дейін Гаврилов пен Бажин доп салды, ал ақтөбеліктер есеп айырмасын матчтың бірінші жартысы аяқталғандағы шамасына қайта жеткізді. Яғни, үшінші кезең тең аяқталып, “Астана” жалпы есепте бастапқыдағыдай, он үш ұпай айырмасымен алда тұрды – 46:59. Төртінші кезеңнің басында командалар алма-кезек нәтижелі шабуылдарымен алмасты. Бізден екі рет Скайлар Спенсер доп салып, Рустам Мырзағалиев доға сыртынан мергендік танытты. Бұдан кейін “алаң иелерінің” біздің қорғанысымызға азулары батпай, бес минуттай бірде-бір ұпай еншілей алмай қойды. Ал біздің шабуылымыз тізгін тартпай, есеп айырмасын ұлғайта берді. Бажин екі рет айып соққысын мүлтіксіз орындады, Спенсер жылдам шабуылымызды екі ұпаймен түйіндеді, ал Антонио Кэмпбелл алыстан лақтырған добымен есеп айырмасын жиырма ұпайға жеткізді. Ойын тағдыры шешіліп, жеңіске жететінімізге күмән келтірмеген соң, біздің бапкерлеріміз алаңға бірінші рет фарм-команданың ойыншысы Әлижан Ыдырысжанды шығарды. Ақтөбеліктер матч соңында есеп айырмасын аздап қысқартты. Әйтсе де, біздің сапымыздан Марк Тихоненко үш ұай еншілеп, Әлижан Ыдырысжан Ұлттық лигадағы алғашқы ұпайларын еншісіне жазды. Матч қорытындысында “Астана” үшінші рет жеңіске жетті. Есеп – 61:77.

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Скайлар Спенсер матчтың ең тиімді ойыншысы атанып, дабл-дабл авторы атанды – 13 ұпай, 15 рет доп қағып алды, 3 пас және 1 блокшот. Антонио Кэмпбелл ең көп ұпай жинаған ойыншы болды – 18, әрі 4 рет доп қағып алып, 2 рет допты тартып алды. Николай Бажин 12 ұпай жинап, 2 рет доп қағып және 2 рет допты тартып алды. Дмитрий Гаврилов өз еншісіне 9 ұпай қосып, 4 рет доп қағып алды және 1 блокшот. Марк Тихоненко 8 ұпай еншіледі, 4 рет доп қағып алып, 2 рет допты тартып алды. Ал Рустам Мырзағалиев 5 ұпай еншілеп, 6 рет доп қағып алды, 8 пас беріп, 2 рет допты тартып алды.
  • «Ақтөбе» – Александр Тихонин ақтөбеліктер сапында үздік шықты – 14 ұпай, 8 рет доп қағып алды, 2 пас және 3 рет допты тартып алды. Константин Двирный мен Александр Папшив 9 ұпайдан жинады.


Салдары: “Астана” әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрмей, турнир кестесінде көш бастап келеді.



Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2017 Клубтық түстері: ақ, қызыл
Мемлекет: Қазақстан Арена: СС «Қоныс»
Қала: Ақтөбе Сайт: https://www.instagram.com/bk_aqtobe

Сипаттамасы

«Ақтөбе» – Қазақстанның ерлер арасындағы баскетбол клубы, Ақтөбе қаласынан. 2017 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Қазақстан чемпионатының Жоғарғы лигасының жеңімпазы – 2018/2019
  • Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасының қола жүлдегері – 2021/2022
  • Қазақстан кубогының қола жүлдегері – 2022

Команданың жалпы суреті

Ақтөбе