Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы XXIX Қазақстан чемпионаты
Астана
Астана
Ұлттық лига, Плей-офф Финал
07.05.2021, 15:00 Жм
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
95:89
Негізгі уақыт
21:23 30:21 26:23 18:22
Ойын нөмірі: 12
Көрермен: 0
Атырау Барыстары
Атырау

«Астана» Ұлттық лиганың финалдық додасын өз алаңындағы екі ойынмен бастайды

06.05.2021, 18:00    Просмотров: 398
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубы Ұлттық лигадағы тоғызыншы чемпиондық атағына бір қадам қалды. Ал алтын медаль үшін тайталасатын бәсекелесі – өзінің негізгі қарсыласы, яғни «Атырау Барыстары». Үш жеңіске дейін созылатын финалдық доданың бастапқы екі ойыны 7 және 8 мамыр күндері Нұр-Сұлтанда өтеді. Екі матч та астана уақытымен 15:00-де басталады.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР! — Коронавирус нәубеті салдарынан, астанаға енгізілген шектеу шараларына байланысты, матч көрерменсіз бос трибуналарда өтеді.

«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіби баскетбол клубы, Атырау қаласынан. 2003 жылы Атырау облыстық Баскетбол федерациясының, Атырау облыстық Туризм және спорт басқармасының және Орск Баскетбол федерациясының қолдауымен құрылған.

Жетістіктері:

  • Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017
  • Жоғары лига жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан кубогының иегері: 2009
  • Қазақстан кубогының күміс жүлдегері: 2010, 2011, 2012, 2016, 2017, 2018
  • Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2020, 2021


Барсы Атырау баскетбол клубы

Астана ұжымы Ұлттық лиганың 9 маусымындағы финалында “Атырау Барыстарымен” 7 рет кездесті. Соның біреуінде олар чемпиондық атақты біздің командадан тартып алған. Биылғы маусымда бұл екі команда төрт рет баскетбол алаңында жолығып, олардың бәрінде де астана ұжымы жеңіске жетті. Әрі айқын басымдықпен үстемдік танытты. Биылғы маусымдағы ел кубогы додаларында екеуі әр түрлі топқа түсіп, жолдары түйіскен жоқ. Сондықтан, бұл жолғы додада «Астана» сөзсіз фаворит болып саналады.

Команда құрамындағы өзгеріс: 9 және 10 наурыз күндері өткен екеуара ойындардан бері Атырау ұжымының құрамында ешқандай өзгеріс жоқ.

Команда көшбасшылары: Қазақстан ойыншысы Владимир Иванов – біздің қарсыласымыз сапындағы ең тиімді ойыншы. Америкалықтар Эдвард Картер III пен Райан Кук бұл көрсеткіш жағынан Ивановтан мүлдем қалыспайды.  Ресейлік легионерлер Павел Сизов пен Евгений Маринин, сонымен қатар қазақ Рустам Өтеген де нәтижелі ойын өрнектерін көрсетіп жүр. Сондай-ақ Олег Балашов, Асқар Ахметжан және Әділхан Марат – негізгі құрам ойыншылары.

Ойындар 7 және 8 мамыр күндері Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Екі матчтың басталуы астана уақытымен 15:00-ге жоспарланған. Матчтардың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Ұлттық лиганың финалындағы алғашқы жеңіс оңайшылықпен келген жоқ

08.05.2021, 10:00    Просмотров: 388
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

Ұлттық лиганың финалдық додасындағы бірінші матч «Астана» баскетбол клубының жеңісімен аяқталды. Қонақтар лайықты деңгейде қарсылық көрсеткендерімен, астана командасы ойын тізгінін уысынан шығармай, чемпиондық атаққа қарай бір қадам басты.

Матч басында, ортада лақтырылған допты қонақтар іліп әкетті. Бірақ бірінші болып, біздің жігіттер доп салды – Джеремайя Хилл доға сыртынан лақтырған дәл соққысымен есеп ашты. Содан соң, Хилл тағы екі айып соққысын мүлтіксіз орындады. Қонақтар осыдан кейін ғана алғашқы ұпайларына қол жеткізді. “Астана” бірінші кезеңнің ортасына қарай 7 ұпай айырмасымен алда тұрды. Осы уақыт аралығында біздің команда сапынан Оярс Силиньш, Асқар Майдекин және Антон Пономарев доп салды. Онминуттықтың бел ортасынан кейін қонақтар қарқындарын үдетіп, ал біздің жігіттер доп сала алмай, пұшайман болды. “Атырау Барыстары” 4 минуттың ішінде есепті теңестіріп қана қоймай, бес ұпай айырмасымен алға да шығып кетті. «Астананың» нәтижелілігіне қайта жан бітірген біздің кэп Рустам Мырзағалиев болды. Ал Дмитрий Гаврилов іле-шала таразы басын теңестірді. Әйткенмен, бастапқы кезеңнің нүктесін атыраулықтар қойып, соны арқасында алға шықты – 21:23. Екінші кезеңнің басында қонақтар құйрық үзіп, алға озды. Бірақ Джеремайя Хилл ойын тізгінін тез арада “Астананың” уысына қайта салып берді. Жалпы, Хилл екінші кезеңнің бірінші жартысында құйындай орап соқты. Мәселен, ол бес минуттың ішінде 14 ұпай еншілеп, біздің команданы қайтадан алға шығарып, есеп айырмасын ұлғайта түсті де. Сондай-ақ оны Максим Марчук, Оярс Силиньш және Вадим Щербак қолдап, өз үлестерін қосты. Ал есеп айырмасы 12 ұпайға жетіп, біздің команда қара үзе бастады. Әйтсе де, қонақтар біздің команданың қарқынын баса алды, бірақ есеп айырмасын көп қысқарта алмады. Силиньш, Хилл, Майдекин, сонымен қатар Роберт Пан доп салып, біздің басымдығымызды 10 ұпай шамасында ұстап тұрды. Десек те, үлкен үзіліске командалар тек жеті ұпай айырмасымен шықты – 51:44.

Джеремайя Хилл

Шығыршық ауыстырған соң біздің жігіттер белсенді түрде прессинг қолдануға көшті. Асқар Майдекин “энд уан” орындап, іле-шала мұны Максим Марчук қайталады. Сары-көкшіл жейделілердің ұмтылысын Бажин мен Силиньш те қолдап, доп салды. Ал Джеремайя Хилл 6 ұпай еншіледі. Осының бәрі үшінші кезеңнің үш минутында жүзеге асты. Әрі астана командасының басымдығы 20 ұпайдан асып түсті. Алайда кезеңнің ортасында “Атырау Барыстары” ойын өрісін өзгертіп, есеп айырмасын қысқарта бастады. Осылай, қонақтар кезең соңына дейін есеп айырмасын екі еседен артық шамаға дейін қысқартты. Соңғы кезеңге дейін есеп айырмасы 10 ұпайға дейін кеміп, “Астана” алда тұрды. Әрі төртінші кезеңде доп додасының одан әрі қыза түсетіні белгілі еді. Өйткені, қонақтарымыз бұл ойында жеңісті жұлып алуға бекінген болатын. Төртінші кезеңнің бірінші жартысында “Атырау Барыстары” өздерінің бұл ойларын дәлелдеп, есеп айырмасын күрт қысқарта бастады. Ал осы уақыт аралығында біздің команда сапынан тек Оярс Силиньш доға сыртынан доп салды. Соңғы кезеңнің ортасына қарай дода көрігі мейілінше шиеленісе түсті – командалар арасын тек бір ұпай ғана бөліп тұрды. Бірінші болып, астана баскетболшылары батыл қадамдарға көшті – Николай Бажин қатарынан 6 ұпай еншіледі, оны Асқар Майдекин мен Рустам Мырзағалиев қолдап, есеп ұлғая түсті. “Астана” матчтың аяқталуына екі жарым минут қалғанда тағы да арқаны кеңге саларлық басымдыққа қол жеткізді – есеп айырмасы екі таңбалы санға жетті. Алайда “Атырау Барыстары” да еңселерін түсірмей, есепті қысқарту үшін өз мүмкіндіктерінің бәрін де мүлт жібермеуге тырысты. Ойынның аяқталуына 30 секунд қалғанда қонақтар небәрі 4 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Бірақ біздің команда илікпеді, ал осы матчта көшбасшы бола білген Джеремайя Хилл есеп қорытындысын тұйықтады – 95:89.

Салдары: «Астана» бұл ойында жеңіске жетті, бірақ  «Атырау Барыстары» намысты қолдан бермей, лайықты деңгейде тайталасты. Осылай, астана командасы үш жеңіске дейін созылатын финалдық додада 1:0 есебімен алға шықты.

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Джеремайя Хилл бүгін құйындай орап соғып, 31 ұпай жинады, 8 рет доп қағып алды, 4 пас беріп, 2 рет допты тартып әкетті. Оярс Силиньш 15 ұпай еншілеп, 2 рет доп қағып алды және 1 блокшот. Асқар Майдекин 10 ұпай еншілеп қана қоймай, 6 рет доп қағып алды, 3 пас беріп, 3 рет допты тартып әкетті. Ал Николай Бажин 10 ұпай жинап, 4 рет доп қағып алды, 3 пас және 1 блокшот.
  • «Барсы Атырау» – қонақтар сапынан бүгін үздік шыққандар: дабл-дабл авторы атанған Владимир Иванов – 14 ұпай, 11 рет доп қағып алды және Эдвард Картер III, ол 21 ұпай жинап, 3 рет доп қағып алды және 2 пас берді.


Келесі матч: Финалдық доданың екінші ойыны ертең, яғни 8 мамыр күні, тағы да «Астананың» алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2005 Клубтық түстері: ақ, жасыл
Мемлекет: Қазақстан Арена: AIROM ARENA
Қала: Атырау Сайт: www.bcbarsy.kz

Сипаттамасы

«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Атырау қаласынан.

«Атырау Барыстары» баскетбол клубы 2003 жылы құрылды. Бұған 2001 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясының құрылуы ұйытқы болды. 2003 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясы мен Атырау облыстық Туризм және спорт басқармасының және Орск баскетбол федерациясының күш-жігерлерімен «Атырау Барыстары» командасы құрылды.

Жетістіктері:
  • Қазақстан Чемпионатының жеңімпазы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан Чемпионатының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019, 2019/2020, 2020/2021, 2021/2022
  • Жоғары лигасының жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан Кубогының иегері: 2009, 2022
  • Қазақстан Кубогының күміс жүлдегері: 2010, 2011, 2012, 2016, 2017, 2018
  • Қазақстан Кубогының қола жүлдегері: 2020, 2021

Команданың жалпы суреті

Атырау Барыстары