Ұлттық лиганың финалындағы алғашқы жеңіс оңайшылықпен келген жоқ

08.05.2021, 10:00    Оқылғаны: 392
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Ұлттық лиганың финалдық додасындағы бірінші матч «Астана» баскетбол клубының жеңісімен аяқталды. Қонақтар лайықты деңгейде қарсылық көрсеткендерімен, астана командасы ойын тізгінін уысынан шығармай, чемпиондық атаққа қарай бір қадам басты.

Матч басында, ортада лақтырылған допты қонақтар іліп әкетті. Бірақ бірінші болып, біздің жігіттер доп салды – Джеремайя Хилл доға сыртынан лақтырған дәл соққысымен есеп ашты. Содан соң, Хилл тағы екі айып соққысын мүлтіксіз орындады. Қонақтар осыдан кейін ғана алғашқы ұпайларына қол жеткізді. “Астана” бірінші кезеңнің ортасына қарай 7 ұпай айырмасымен алда тұрды. Осы уақыт аралығында біздің команда сапынан Оярс Силиньш, Асқар Майдекин және Антон Пономарев доп салды. Онминуттықтың бел ортасынан кейін қонақтар қарқындарын үдетіп, ал біздің жігіттер доп сала алмай, пұшайман болды. “Атырау Барыстары” 4 минуттың ішінде есепті теңестіріп қана қоймай, бес ұпай айырмасымен алға да шығып кетті. «Астананың» нәтижелілігіне қайта жан бітірген біздің кэп Рустам Мырзағалиев болды. Ал Дмитрий Гаврилов іле-шала таразы басын теңестірді. Әйткенмен, бастапқы кезеңнің нүктесін атыраулықтар қойып, соны арқасында алға шықты – 21:23. Екінші кезеңнің басында қонақтар құйрық үзіп, алға озды. Бірақ Джеремайя Хилл ойын тізгінін тез арада “Астананың” уысына қайта салып берді. Жалпы, Хилл екінші кезеңнің бірінші жартысында құйындай орап соқты. Мәселен, ол бес минуттың ішінде 14 ұпай еншілеп, біздің команданы қайтадан алға шығарып, есеп айырмасын ұлғайта түсті де. Сондай-ақ оны Максим Марчук, Оярс Силиньш және Вадим Щербак қолдап, өз үлестерін қосты. Ал есеп айырмасы 12 ұпайға жетіп, біздің команда қара үзе бастады. Әйтсе де, қонақтар біздің команданың қарқынын баса алды, бірақ есеп айырмасын көп қысқарта алмады. Силиньш, Хилл, Майдекин, сонымен қатар Роберт Пан доп салып, біздің басымдығымызды 10 ұпай шамасында ұстап тұрды. Десек те, үлкен үзіліске командалар тек жеті ұпай айырмасымен шықты – 51:44.

Джеремайя Хилл

Шығыршық ауыстырған соң біздің жігіттер белсенді түрде прессинг қолдануға көшті. Асқар Майдекин “энд уан” орындап, іле-шала мұны Максим Марчук қайталады. Сары-көкшіл жейделілердің ұмтылысын Бажин мен Силиньш те қолдап, доп салды. Ал Джеремайя Хилл 6 ұпай еншіледі. Осының бәрі үшінші кезеңнің үш минутында жүзеге асты. Әрі астана командасының басымдығы 20 ұпайдан асып түсті. Алайда кезеңнің ортасында “Атырау Барыстары” ойын өрісін өзгертіп, есеп айырмасын қысқарта бастады. Осылай, қонақтар кезең соңына дейін есеп айырмасын екі еседен артық шамаға дейін қысқартты. Соңғы кезеңге дейін есеп айырмасы 10 ұпайға дейін кеміп, “Астана” алда тұрды. Әрі төртінші кезеңде доп додасының одан әрі қыза түсетіні белгілі еді. Өйткені, қонақтарымыз бұл ойында жеңісті жұлып алуға бекінген болатын. Төртінші кезеңнің бірінші жартысында “Атырау Барыстары” өздерінің бұл ойларын дәлелдеп, есеп айырмасын күрт қысқарта бастады. Ал осы уақыт аралығында біздің команда сапынан тек Оярс Силиньш доға сыртынан доп салды. Соңғы кезеңнің ортасына қарай дода көрігі мейілінше шиеленісе түсті – командалар арасын тек бір ұпай ғана бөліп тұрды. Бірінші болып, астана баскетболшылары батыл қадамдарға көшті – Николай Бажин қатарынан 6 ұпай еншіледі, оны Асқар Майдекин мен Рустам Мырзағалиев қолдап, есеп ұлғая түсті. “Астана” матчтың аяқталуына екі жарым минут қалғанда тағы да арқаны кеңге саларлық басымдыққа қол жеткізді – есеп айырмасы екі таңбалы санға жетті. Алайда “Атырау Барыстары” да еңселерін түсірмей, есепті қысқарту үшін өз мүмкіндіктерінің бәрін де мүлт жібермеуге тырысты. Ойынның аяқталуына 30 секунд қалғанда қонақтар небәрі 4 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Бірақ біздің команда илікпеді, ал осы матчта көшбасшы бола білген Джеремайя Хилл есеп қорытындысын тұйықтады – 95:89.

Салдары: «Астана» бұл ойында жеңіске жетті, бірақ  «Атырау Барыстары» намысты қолдан бермей, лайықты деңгейде тайталасты. Осылай, астана командасы үш жеңіске дейін созылатын финалдық додада 1:0 есебімен алға шықты.

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Джеремайя Хилл бүгін құйындай орап соғып, 31 ұпай жинады, 8 рет доп қағып алды, 4 пас беріп, 2 рет допты тартып әкетті. Оярс Силиньш 15 ұпай еншілеп, 2 рет доп қағып алды және 1 блокшот. Асқар Майдекин 10 ұпай еншілеп қана қоймай, 6 рет доп қағып алды, 3 пас беріп, 3 рет допты тартып әкетті. Ал Николай Бажин 10 ұпай жинап, 4 рет доп қағып алды, 3 пас және 1 блокшот.
  • «Барсы Атырау» – қонақтар сапынан бүгін үздік шыққандар: дабл-дабл авторы атанған Владимир Иванов – 14 ұпай, 11 рет доп қағып алды және Эдвард Картер III, ол 21 ұпай жинап, 3 рет доп қағып алды және 2 пас берді.


Келесі матч: Финалдық доданың екінші ойыны ертең, яғни 8 мамыр күні, тағы да «Астананың» алаңында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 15:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың басты бетінде және біздің YouTube арнамызда жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»