ВТБ Бірыңғай лигасы 2020/2021
Астана
Астана
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
22.04.2021, 21:00 Бс
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
88:82
Негізгі уақыт
20:23 19:14 22:24 27:21
Ойын нөмірі: RS-153
Көрермен: 0
Зелена Гура
Зелена Гура

«Астанаға» қонаққа Польшаның «Зелена Гурасы» келді-ау… ақыры

21.04.2021, 18:00    Просмотров: 498
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының өз алаңындағы, ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы «Зелена Гурамен» өтетін ойыны маусым барысында екі рет кейінге шегеріліп, ақыры поляктар біздің жігіттермен қарымта матч өткізу үшін астанаға келді. Матч бейсенбі күні, 22 сәуірде өтеді. Басталуы – астана уақытымен 21:00-де.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР! — Коронавирус нәубеті салдарынан, астанаға енгізілген шектеу шараларына байланысты, матч көрерменсіз бос трибуналарда өтеді.

«Зелена Гура» – Польшаның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Зелена Гура қаласынан, 1946 жылы құрылған. Биылғы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Польша чемпионатында бақ сынайды.

Жетістіктері:

  • Польша чемпионатының жеңімпазы – 2012/2013, 2014/2015, 2015/2016, 2016/2017, 2019/2020
  • Польша чемпионатының күміс жүлдегері – 2013/2014
  • Польша чемпионатының қола жүлдегері – 2011/2012
  • Польша кубогының иегері – 2015, 2017
  • Польша кубогының күміс жүлдегері – 2016, 2018
  • Польша суперкубогының иегері – 2015


Баскетбольный клуб Зелена Гура 2020/2021

“Зелена Гурамен” өтетін ойын “Астана” үшін ВТБ лигасының биылғы маусымындағы соңғы екі ойынның бірі болады. Ал Польша командасымен екеуара бірінші ойын Жаңа жылға дейін, желтоқсан айында, олардың алаңында өткен болатын. Онда поляктар айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Содан кейін“Зелена Гура” 13 ойын өткізді. “Астанамен” өткен ойыннан соң түзде бірнеше маңызды ойын өткізіп, “Парма” және “Автодор” командаларынан айласын асырды. Ал УНИКСтен тек бір ұпай айырмасымен ғана ұтылды. Аса тартысты ойында “Цмоки-Минск” командасын да қапы қалдырды. Бұдан кейін “Автодорды” тағы да, бірақ бұл жолы өз алаңында тізе бүктірді. Содан кейін “Калевтен” түзде басым түсті. Бірінші ақпан күні азулы ЦСКА жігіттерімен Польшада додаға түсті. Бұл ойын “Зелена Гураның” көпшілікті таң қалдырған тарихи жеңісімен аяқталды. Алайда олар бұдан кейін “Нижний Новгородтан” өз алаңында ұтылып қалып, жаза басты. Алайда Мәскеу түбінде “Химкиді” сан соқтырып кетті. Наурыз айында “Парманың» қабылдап, жеңіске жетті. “Енисейді” ірі есепен етпетінен түсірді. Бірақ бұдан соң “Калевтен” ұтылып, “химкиліктердің” есе қайтаруларына мүмкіндік беріп қойды. Осы ойындардың тек үшеуінде ғана есеп айырмасы он ұпайдан артық болды, ал бұл үшеуінің екеуінде “Зелена Гура” жеңіске жетті.

Турнир кестесіндегі жағдай:

Маусымды сәтсіз бастап, төрт рет қатарынан жеңіліске ұшырағанымен, қазір “Зелена Гура” он үш рет жеңісімен және он жеңілісімен алтыншы орынды иемденіп тұр. Олар плей-офф додасында бақ сынау құқығына ие болып алған. Әрі бұл – олардың чемпионаттың негізгі бөлігіндегі соңғы ойындары. “Зелена Гура” енді жоғары көтеріле алмайды. Бірақ бүгінгі ойында жеңіске жету – олар үшін қте маңызды. Сонда ғана олар алтыншы орында қалады. Өйткені, олардың өкшесін басып келе жатқан “Химкидің” – поляктардан бір жеңісі ғана кем. Егер “Зелена Гура” елордада “Астанадан” ұтылып қалса, ал “Химки” өзінің соңғы ойынында жеңіске жетсе, онда Мәскеу түбіндегі ұжым турнир кестесінде поляктардың алдарын орап кетеді. “Астана” қазір он екінші орында тұр. Біздің жігіттер 22 ойынның тек бесеуінде ғана жеңіске жетті. Енді олар соңғы орынға түспейді, бірақ бір сатын жоғары өрлеу мүмкіндігі бар. Ол үшін осы ойында ғана емес, келесі матчта да жеңіске жету қажет. Әрі “Енисейдің” қалған екі ойынында ұтылғаны керек.

Команда құрамындағы өзгерістер:

Қаңтарт айының соңында командадан поляк Марцель Понитка кетіп қалған. Ол “Пармаға” ауысты. Америкалық Блэйк Рейнольдс ақпан айының соңында Польша командасынан Румыния ұжымына ауысып кетті. Ал дат жігіті Габриэль Лундбергті сол ақпан айының соңында Мәскеудің ЦСКА командасы өз құрамына қосып алды. Есесіне, “Зелена Гура” құрамын алты жаңа ойыншы толықтырды. Олардың екеуі – америкалық ойыншылар. Тәжірибелі қорғаушы Скайлер Броулин өз карьерасын толығымен Еуропада өткізген. “Топстар Кангурус”, “Гиссен Форти Сиксерс”, “Сайенс Сити Джена” және “c.Оливер Вурзбург” сынды командалар сапында тәжірибе жинап, Данияның “Хорсенс”, Австрияның “Уелс”, Швецияның “Сёдерлинг Кингз” ұжымдары құрамында шыңдалған. Ал биылғы маусымды ол Грекияның “Ираклис” командасы сапында бастаған болатын. Енді бір америкалық қорғаушы Адам Кинг те өзінің кісіби карьерасын тек Еуропада өткізіп жүр. Польша командасына дейін Италияның “Розето Шаркс”, “Ордзинуови”, “Орландино” және “Равенна” командаларында ойнаған. Сондай-ақ Францияның “Элан Шалон” және Түркияның “Сокар Петким” клубтарында өнер көрсеткен. Былтырғы маусым мен биылғы маусымның басын ол Грекияда өткізіп, “ПАОК” және “Ионикос” командаларында ойнады. Грек қорғаушысы Никос Паппас негізінен өз еліндегі командаларда өнер көрсеткен – “Панеллиниос”, “Колоссос Роду”, “ПАОК”, “Паниониос” және “Панатинаикос”. Соңғысымен бес рет Грекия чемпионы атанып, Грекия кубогының жеңімпазы да болған. Сондай-ақ Никос Испанияның “Бильбао” және “Реал Мадрид Б” командаларында ойнаған. Ал биылғы маусымды Израильдің “Хапоэль Иерусалим” клубы сапында бастады. Осы ретте, Паппастың U-18 санатындағы және U-20 санатындағы да Еуропа чемпионаттарында чемпион атанып, күміс жүлдегер атанғанын да айта кетуге тиіспіз. Әрі U-19 санатында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Команда құрамын толықтырған қалған үш ойыншы – Польша азаматтары. Тәжірибесі мол, орталық шептегі Кшиштоф Сулима бұған дейін тек Польшада ойнаса, жас қорғаушы Никодем Клоцек өз карьерасын енді бастап отыр. Ал шабуылшы Давил Брембли Германияда бірнеше маусым ойнаған. Әрі таң қалатын ештеңесі жоқ, оның екі азаматтығы бар – неміс және поляк. Негізі, ол ол сол Германияда туған. Бірақ карьерасын Польшада бастап, “Трефл Сопот” командасында ойнаған. Содан кейін 7 маусым бойы Германиядағы “Меди Байреутф”, “Ратеофарм Улм”, “Эйсбарен Бремерхавен”, “Миттлдеутчер” және “Крэйлсхэйм Мерлинс” командалары сапында ойнаған.

Команда көшбасшылары:

Дәл қазір Роландс Фрейманис пен Джеффри Гроселл команда көшбасшылары болып есептеледі. Сондай-ақ Крис Ричард пен Янис Берзиньш те ерекше көзге түсіп жүр. Әрі Адам Смит те командаға тез сіңіп кетті. Рас, бірақ ол ВТБ Бірыңғай лигасында әзірше екі ойын ғана өткізді. Сонымен қатар, Польша командасының негізгі құрамына Сисиль Уилльямс пен Лукаш Кошарек те кіреді. Скайлер Боулин, Давил Брембли және Кшиштоф Сулима үшеуі де команданың ойын өрнегіне тез бейімделіп кетті.


Матч бейсенбі күні, 22 сәуірде Нұр-Сұлтандағы «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында өтеді. Басталуы – астана уақытымен 21:00-де. Матчтың онлайн-трансляциясы біздің сайтымыздың Ойын орталығы бөлімінде, сонымен қатар QazSport телеарнасында тікелей эфирде жүргізіледі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

«Астана» ұзақ-сонар жеңілістерін тәмамдап, өз алаңында Польшаның «Зелена Гурасын» ұтты

23.04.2021, 10:00    Просмотров: 600
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» баскетбол клубының барлық жанкүйерлерін көптен күткен жеңісімізбен құттықтаймыз! Бүгін біздің жігіттер жан-тәндерін салып ойнап, өз алаңымызда «Зелена Гурамен» өткен өте тартысты матчта жеңіске жетті.  Бұл ойында да біздің команданың бас бапкері Эмиль Райкович және жаттықтырушылары Марко Величкович пен Евгений Исаков болған жоқ. Олар әлі карантинде, бірақ сауығып келеді. Өткен жолғыдай, бүгін де бас бапкердің міндетін Сашо Тадоровски атқарып, оған тағы да біздің академияның жаттықтырушысы Деян Парежанин көмектесті. Сондай-ақ ойын хаттамасына ойыншыларымыздан Майкл Томпсон пен Адонис Томас ілікпеді, ал осының алдындағы матчта жарақат алып қалған Эрик Бакнер, бүгінгі доданы трибунадан тамашалады.

Ойын басында, ортада лақтырылған допты Асқар Майдекин іліп әкетіп, біздің команда бірінші шабуылында-ақ есеп ашты. Джеремайя Хилл айып соққыларын орындау мүмкіндігіне ие болып, оларды мүлтіксіз орындап шықты. Алайда қонақтар да қарап қалмады, көп сөзбай таразы басын теңестірді. Хилл тағы да айып сызығынан мергендік танытып, “Астананы” қайтадан алға шығарды. Бұдан кейін “Зелена Гура” бірінші болып, алыстан шығыршықты дәл көздеп, алға шықты. Аскар Майдекин мен Николай Бажин еншілеген ұпайлардан соң есеп қайта теңесті. Бірінші кезеңнің ортасында поляктар көсіле шауып, «+6» айырмасымен алға озды. Аскар Майдекин екі шабуылды нәтижелі аяқтап, есеп айырмасын екі ұпайға дейін қысқартты. Кезеңнің соңына дейін “Астана” қонақтарын қуып жетуге тырысты: Оярс Силиньш біздің командадан бірінші болып, үш ұпайлық соққысын дәл түсірді, сондай-ақ Руслан Айтқали осы ойындағы алғашқы ұпайларына ие болды. Бірақ бұл кезеңде біздің жігіттер қонақтарын бәрібір қуып жете алмады – 20:23. Екінші онминуттықтың басында Хилл мен Айтқали әдемі аллей-уп орындады, ал Силиньш доға сытынан допты дәл түсірді. Бірақ “Астана” әлі ұтылып жатты. Содан соң Бажин есеп айырмасын екі ұпайға дейін қысқартып, Майдекин таразы басын теңестіріп, ал Хилл осы матчта алыс қашықтықтан алғашқы ұпайларын олжалап, біздің команданы қайтадан алға шығарды. Дегенмен, қонақтар таразы басын тағы да өздеріне қарай аударып алды. Бірақ Оярс Силиньш есепті қайта теңестірді. Матчтың бірінші жартысының соңғы үш минутында командалар үш шабуылды сәтті аяқтады, оның екеуін біздің жігіттер жүзеге асырды. Доп салғандар Рустам Мырзағалиев пен Руслан Айтқали болды. Осының арқасында “Астана” үлкен үзіліске сәл ғана басымдықпен шықты – 39:37.

Джеремайя Хилл

Шығыршық ауыстырған соң Джеремайя тағы бір үш ұпайлық соққысын дәл түсірді, іле-шала аллей-уп орындаған Максим Марчукке пас берді. Қонақтар біздің команданы қуып жетуге тырысты, бірақ Николай Бажин мен Максим Марчук салғкан доптардың арқасында олар “Астананы” қуып жете алмады. Үшінші кезеңнің ортасында Қазақстан командасының басымдығын ұлғайтуға Хилл мен Силиньш өз үлестерін қосты. Десек те, “Зелена Гура” сары-көкшіл жейделілердің қара үзіп кетулеріне мүмкіндік бермеді. Тіпті қайсыбір сәтте олар ойын тізгінін өз қолдарына алып, есепті теңестіріп қана қоймай, алға да шығып кетті. Біздің жігіттер бұған дер кезінде әрекет етіп, қарсы шаралар қолданды – Максим Марчук есепті теңестіріп, іле-шала Хилл “Астананы” алға шығарды. Алайда үшінші кезеңдегі соңғы нәтижелі шабуылды қонақтар жүзеге асырып, есепті теңестіріп кетті – 61:61. Соңғы кезеңді біздің капитанымыз, яғни Рустам Мырзағалиев екпінді бастап, үш ұпайлық добын шығыршыққа дөп түсірді. Ал Дмитрий Гаврилов өзінің алғашқы ұпайларын айып сызығынан еншіледі. Сөйтіп, біздің команда бес ұпай айырмасымен алға озды. Бірақ қонақтар да тізгін тартпады, оларды үш ұпайлық екі шабуылдары бұл сөздерімізге дәлел бола алады. “Зелена Гура” тіпті алға да шықты. Кезеңнің бел ортасында дода көрігі қыза түсіп, командалар екі реттен алға шықты. Ал есеп бірнеше рет тең болды. Бұл додада біздің команда сапынан Джеремайя Хилл, Николай Бажин және Оярс Силиньш үшеуі қоржынымызға ұпайлар қосты. Осыдан кейін ойынның шешуші сәті жүзеге асты. Әуелі Хилл үш ұпайлық соққысын сәтті аяқтады, одан кейін “Зелена Гура” командасы көшбасшыларының бірі және “Астананың” бұрынғы ойыншысы Джеффри Гроселл бесінші рет ескерту алып, матчтың соңғы үш жарым минутын қосалқы құрам орындығынан тамашалады. Осы ойын сәтінен кейін Майдекин мен Марчук доп салып, есеп айырмасын алты ұпайға дейін ұлғайтты. Матчтың аяқталуына үш минут қалған. Қонақтардың жаттықтырушылары тайм-аут алып, бұл оларға өте тиімді болып шықты. Польшадан келген меймандар бір минуттың ішінде есеп айырмасын бір ұпайға дейін қысқартты, әрі дода көрігін мейілінше қыздыра түсті. Максим Марчук өте маңызды ұмтылыс жасап, оны нәтижелі аяқтады. Әрі қарай командалар бірнеше рет қателесті. Ал матчтың аяқталуына бір минуттан да аз уақыт қалғанда, есеп айырмасы екі ұпайды ғана құрады. Гроселлсіз қонақтардың шабуылдағы ойын өрнектері үйлеспей қойды. Сондықтан оларға тактикалық тұрғыда ойын ережесін бұзуға тура келді. Бұл тұрғыда олардың “таңдауы”  Джеремайя Хиллға түсті. Себебі ол бұған дейін 10 айып соқысының 6-ын сәтті орындаған болатын. Бірақ Хилл оларға енді ешқандай сый жасаған жоқ. Матч соңында 4 айып соққысын да мүлтіксіз орындап, ойынның қорытынды есебін түйіндеді – 88:82.

Салдары: Бұл ойында “Зелена Гура” үшін жеңіс өте маңызды еді. Ал бүгінгі матчта “Астананың” тілеуін тек біздің жанкүйерлер ғана емес, Мәскеу түбіндегі “Химки” жанкүйерлері де тілеп отырды. Себебі, біздің команданың жеңісінің арқасында “Химки” турнир кестесінде алтыншы орынға көтерілу мүмкіндігіне ие болды. Ол үшін “химкиліктерге” енді, жексенбі күні, өз алаңында “Автодорды” ұту керек. Сонда олар Польша ұжымын алтыншы орыннан ысыстырады. Ал поляктарға енді осы ойынның нәтижесін сарыла күтуге тура келеді, өйткені олар өз ойындарының бәрін өткізіп болған. “Астана” бүгін “Химкиге” көмектесіп қана қоймай, өзі де бір саты жоғары өрлеу мүмкіндігін сақтап қалды. Өйткені біздің жігіттер ұпай саны бойынша “Енисеймен” теңесті, тек өзара кездесулер нәтижелері бойынша ғана жол беріп тұр. Ал енді, 11-орынға көтерілу үшін біздің командаға  “Цмоки-Минск” жігіттерін ұту керек. Әрі “Енисей” өз алаңында “Калевтен” ұтылуы керек.
 


Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – матчтың ең үздік ойыншысы Джеремайя Хилл болды, ол алаңда 38 минут ойнап, дабл-дабл авторы атанды – 26 ұпай, 7 рет доп қағып алды, 11 пас және блокшот. Біздің команданың енді бір көшбасшысы Николай Бажин болды – 16 ұпай, 4 рет доп қағып алды және 2 рет допты тартып әкетті. Оярс Силиньш те нәтижелі ойын өрнегін көрсетті – 14 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 2 пас және блокшот. Максим Марчук 10 ұпай жинап, 5 рет доп қағып алды және 5 пас берді. Ал Асқар Майдекин бүгін 9 ұпай еншілеп, 4 рет доп қағып алды, 2 пас беріп, 2 блокшот қойды.
  • «Зелена Гура» – қонақтардың көшбасшылары бүгін де нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Роландс Фрейманис 21 ұпай жинап, 7 рет доп қағып алды, 4 пас беріп, 4 рет допты тартып әкетті және 3 блокшот қойды. Ал Джеффри Гроселл бүгінгі матчта соңына дейін ойнамаса да, 16 ұпай еншілеп үлгерді және 4 рет доп қағып алды.


«Астананың» бас бапкері міндетін атқарушы Сашо Тодоровски:
– Көптен күткен жеңісімізге де қол жеткіздік – біз бүгін жеңіске лайықты ойын үлгісін көрсетік. Команданы құттықтаймын. Ойыншылардың бәрі де аянбай тер төгіп, барлық күш-жігерлерін алаңда сарқ етті. Әрі жас ойыншыларымыздың алаңда көп уақыт ойнағандарын да атап өткім келеді. Келесі ойында біздің жаттықтырушылар құрамы толық құрамда боады деп үміттенемін.

«Зелена Гураның» бас бапкері Жан Табак:
– «Астананы» жеңісімен құттықтаймын. Олар ойынның басынан бастап, жан-тәндерін салып ойнады, әрі бәрінен біздің алдымызды орап кетіп отырды. Шынымды айтсам, ВТБ лигасының соңғы ойындарын неге осылай ойнап жүргенімізді түсіндіре алмаймын. Бүгін біз алаңға қажетті күш-жігермен шықпадық.
 


Келесі матч: Астана командасы ВТБ Бірыңғай лигасының негізгі додасындағы соңғы ойынын жексенбі күні, 25 сәуірде, өз алаңында Беларусь елінің «Цмоки Минск» командасымен өткізеді. Бұл ойын «Астана» үшін осы Лиганың биылғы маусымындағы соңғы матч болады.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1946 Клубтық түстері: ақ, жасыл
Мемлекет: Польша Арена: Зелена Гура Холл
Қала: Зелена Гура Сайт: www.basketzg.pl

Сипаттамасы

«Зелена Гура» – Польшаның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Зелена Гура қаласынан, 1946 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Польша Чемпионатында бақ сынайды.

Жетістіктері:
  • Польша Чемпионатының жеңімпазы − 2012/2013, 2014/2015, 2015/2016, 2016/2017, 2019/2020
  • Польша Чемпионатының күміс жүлдегері – 2013/2014, 2020/2021
  • Польша Чемпионатының қола жүлдегері – 2011/2012
  • Польша Суперкубогының жеңімпазы – 2015, 2020, 2021
  • Польша Кубогының жеңімпазы – 2015, 2017, 2021
  • Польша Кубогының күміс жүлдегері – 2016, 2018

Команданың жалпы суреті

Зелена Гура